БАСҚАРДЫҢ КYЛКIСI – БАСҚАША КҮЛКI

БАСҚАРДЫҢ КYЛКIСI – БАСҚАША КҮЛКI

БАСҚАРДЫҢ КYЛКIСI – БАСҚАША КҮЛКI
ашық дереккөзі
420

Басқар БИТАНОВ қыршын кеттi. Күлкiсiнiң көмбесi түгел ашылмады, әзiл-қалжыңы түгел шашылмады. Соның өзiнде қаламының қытығының қаншалықты қуатты, ал күлкiсiнiң қаншалықты шуақты екенiн аңғартып үлгердi. Ылғи жымиып жүретiн сықақшының әңгiме-өлеңдерi де ерiксiз езу тартқызатын, мезгiлсiз мырс еткiзетiн. Жаратылысынан әзiл үшiн, қалжың үшiн туған Басқардың қылық-әрекетi де күлкiге толы болушы едi. Оның күлкiсi оқыстан келетiн басқаша, тосын күлкi болатын. Қалжыңы да тосын болатын. Өмiрден де мезгiлсiз, тосын кеттi.

Басқар Битановтың әзiл-сықақтарын күлкi құмар қауым ойын-сауық бағдарламаларынан, әсiресе «Тамаша» арқылы, «Егемен Қазақстан» мен «Халық кеңесi» газеттерiндегi «Мүйiзтұмсық», «Қандауыр» секiлдi сын-сықақ шошалары арқылы жақсы бiледi. Тiршiлiкте ұқыпты, қағазға, жазуға тиянақты Басқардың артында қалған қолжазбалары да тiрнектеп жинап жүрген жанашырдың еңбегiнiң нәтижесiнде ұзатылатын қыздай, баспаға әзiр тұр екен. 1 сәуiр – Күлкi күнi қарсаңында сол қолжазбалардан алынып, назарларыңызға ұсынылып отырған әңгiмелерi көпшiлiктiң көңiлiнен шығып қана қоймаса керек, өз өмiрлерiнiң көлеңкелi, күлкiлi көрiнiстерiн бiр сәт көз алдыларыңызға әкелерi сөзсiз.

ҚОНАҚ

Екi күн өттi, дүкенде дүрiлдеген сатушы болып тұрмын. Үшiншi күнi үп етiп басыма бiр ой-үмiт ұшқалақтап келiп қона қалғаны. Меңгерушiнi үйiме шақырып, мейман етсем қайтедi осы? Мейiрiмiн төге жүрсiн деймiн ғой, баяғы…

Бiрiншi апта аяқталысымен мүләйiмсiп меңгерушiнiң кабинетiне кiрдiм. Мелшиiп тұрдым.

– Бiрдеме айтқыңыз келе ме? – дедi меңгерушi тiлiмнен тартпаса тiс жарып, сөз айтпайтынымды сезген соң.

– Иә… Б-бүгiн… бiздiң үйге бiр қонақ…

– Сұранып тұрсыз ба?

– Иә…

– Жарайды бар, бара бер.

Ыржалақтап ытып шықтым. Азынатып отырып үйге келдiм де бiр тоқтыны тобықтан қағып түсiрiп, кеңiрдегiн қидым да тастадым. Әйелiм аң-таң.

– Әй, не болды сонша?

– Ой, сұрақтың астында қалғыр, қимылда тез! Солай да солай, меңгерушiнi мейманға шақырдым.

– А-а?

– Ой, А-ның астында қалғыр, бол ендi? Дастарқан жағын дайында!

Тоқты деген не тәйiрi, ары кетсе 10 – 12 мың теңге. 10 – 10 мың теңгенi ерегiссем екi-ақ күнде табамын. Тек меңгерушiнiң қабағы ашық болса болғаны…

Кеш түстi. Үстелдiң үстiн үйiп-төгiп, дастарқанды даладай етiп жасадық. Бес баланың төртеуiн тентiретiп, көршiнiң үйiне жiбердiк. Шуылдап мазаны алмасын.

Түн болды. Екi көз – есiкте. Қазанда тоқтының етi бұрқ-сарқ. Қонақ жоқ.

– Әй, қонағың қайда? – дейдi әйелiм онсыз да әңкi-тәңкiсi шығып отырған басты қатырып.

– Уай, жапшы аузыңды, түге! Келедi қазiр.

Осылай адам жарылардай болып отырғанда әйелдiң пысықсына қалатын әдетi ғой. Бiрақ ол бишара бiрдеменi бiлген екен. Қонақ келмедi. Түн ортасы ауғанда түс көрiп жатқан төрт баланы түртiп оятып, үрпитiп алып келiп, тоқтының етiн жабыла жедiк. Көзi ақшиып, тiлi салақтаған бас маған тидi, әрине. Бiзден қалғанды ит жедi. Әйтеуiр тауыстық. Қайтемiз ендi…

Екiншi аптада меңгерушi менiң сыртымнан сын көзбен қарап жүргенiн сездiм. Ойпырмай, әнеу күнi мәшинесi жолда маңқиып, әуре болмаса неттi, деп ойладым.

Меңiрейiп меңгерушiге тағы келдiм.

– Бiрдеме дегiңiз келе ме?

– Иә… б-бүгiн бiздiң үйге бiр қонақ…

– Өтiнiп тұрсыз ба?

– Иә…, иә …

– Жарайды, барыңыз!

Бәсе, айтып ем ғой, өткен жолы мұның мәшинесi бұзылған деп. Әйтпесе, келмей албасты басып па?!

Зырылдап үйге келдiм. Тобықтан қағып үйренген аяқ бiр тоқтыны ыңқ еткiздi. Тоқты деген не, тәйiрi, әрi кетсе 10 – 12 мың теңге. Ерегiссем…

– Әй, ендi кiмдi шақырдың?

– Соны.

– Соның кiм?

– Уай, соның… астында қалғыр, қимылда тез!

…Кеш түстi. Қонақ жоқ! Күте-күте екi көз төрт болды. Қашанғы күтемiз, бұл жолы тоқтының етiн тоңазытпай, нанын қаязытпай жалап-жұқтап жеп алдық.

Үшiншi аптада меңгерушi маған тiптi үн шығарудан қалды. Ала көзiмен атады да кетедi.

Жасаған-ай, не жазып қалып ем? Бiр емес, екi шақырдым, шалжиып келмеген өзi. Жоқ, ер кезегi үшке дейiн дей ме екен?.. Бiр тоқты деген не, тәйiрi, әрi кетсе қызылқұлақтың он – он екiсi. Ерегiссем…

Мүсәпiрсiп меңгерушiге тағы келдiм.

– Не? – Бастығым баж ете қалды.

– Б — бү — гiн… бiздiң үйге бiр қонақ…

– Әй, ұят бар ма өзiңде? Бiздiң үйге бiр қонақ кеп қалды деп бiр сұрандың – жiбердiм. Бiздiң үйге бiр қонақ кеп қалды деп екi сұрандың – жiбердiм. Неғылған таусылмайтын қонақ? Слушай, iстесең iсте, iстемесең – шагом марш!

О, тоқты тобығымнан қақсың менi! Мiңгiрлеп жүрiп…

ӨШIР ДЕЛБЕЗЕРДI…

Көршiлердiң үйiн көктей етiп, көз байлана өз босағасын аттаған Болбыр шешей төр алдында бүк түскен шалын түртiп оятты.

Әй, Әптiш, ұйқы басқыр тұр ендi. Әлгi қаладағы балаң «Бүгiн делбезерден ойын қоямын, көрiңдер» деп дiлгiрам ұрыпты. Көршiлердiң бәрiне айтып, көпiрiп қайтқанша уақыт құрғыр болып та қалыпты ғой, түге… Қағыңды келгiр, әлгi Қанат қайда кеттi, делбезердi қосатын… Әй, Қанат…

Шалы тұрып шамды жаққанша қалбалақтап келiп қалған қара домалақ бала апасын қағып кете жаздады.

– Ии, өлеме-ей мынау, ә?! Әртiс әке жалғыз осында бардай-ақ асығуын… Бала күнiнде әу деп аузын ашпаған әкең қалаға барып қағынды ғой. «Әртiспiн» деп мақтанады, әйтеуiр. Құлақтың құрышын қандырса көремiз қазiр…

Болбыр шешей бөстегiне жайғасқанша жақ жаппады. Түкке түсiнбеген шалы шамасы бiрдеме сұрағысы келдi бiлем, иегiн көтере берiп едi, «тиыш отыр» деген белгiсiн берiп тиып тастады.

Көп ұзамай көгiлдiр экраннан күткен концерт те басталды. Сахнаға жүгiре шыққан балеринаны қуалап тұра ұмтылған Қанаттың әртiс әкесiн көргенде кемпiр кебiсiне жармаса бердi. Әлденеге кейiсе кебiсiн «жүгiртiп» алатын әдетi.

– Әй, анау… сенiң әкең бе?

– Иә, анау – папам, ал анау – Тәтия тәтей. Балет деген осы болады.

– Менiңше, балет емес, нәлет деген осы болады!

Ойбу-у, бетiм-ай, жалаңаяқ-жалаңбас… жартылай жалаңаш. Сенiң шешең де оңбайды, клубқа шалбарын кигiзiп жiберуге жарамағаны ма, ит-ай…

– Ой, апа, балетте шалбарын шешiп тастайды.

– Е, жанында жалаңаш әйел жүрсе шалбарын шешiп тастамағанда қайтедi, ендi, – деп әңгiмеге шал араласты.

– Көршiлердiң бәрiн ақтап шығып ем, қап, әттеген-ай, көзтүрткi етiп күлетiн болды-ау… Әртiспiн дегенге ән айтады екен десем… ешкi қуған бөрiдей, арсалаңдап жүгiрiп жүр ғой!

– Ана қыз да оңбаған ғой, – деп шал да жандыра түстi, – үн-түнсiз олай-бұлай қаша бергенше айғайды салып жұрт жинамай ма?!

– Е, балаң сотталып кетсiн дейсiң бе! Онысы несi-ай мұның. Апырмай десеңшi, қалдырақтай қылқиған мына шиборбайдың қай жерiне қызығып жүр? Оның қасында мынаның шешесi таранған қаздай ғой.

– Ту-у, апа, қойыңыздаршы ендi, жөндеп көрейiк. Олар билеп жүр ғой, – деген баланың басынан нұқып қалған Болбыр шешей баж ете қалды:

– Әй, ноқай! Билейтiн адам жалаңаш қызды тырқырата қуып жүрiп билей ме екен?! Бәсе, өткен жолы келгенде келiннiң қабағы неге түсiңкi десем… Ойбу-у, масқара-ай, ел-жұртқа не бетiмдi айтам…

…Экрандағы жiгiт қызды басынан асыра көтердi де иiлiп келiп, қайта түсiрiп жiбердi. Шаққа отырған шал күйiп-пiстi:

– Ынжық! Күш жұмсап көтерген соң жерге бiр-ақ ұрмай ма, түге.

– Ой, ата, папам рольде ойнап жүр ғой ендi.

– Үрледе ойнаймын деп ойраны шығады әлi. Дәл қазiр ана лыпасының iрезеңкесi үзiлiп кетсе ғой, етегiн жаба қоятын ең болмаса шапаны да жоқ…

– Ту-у, сiздерге дауа жоқ екен, өздерiңiз-ақ көрiңiздершi, – деп шамданған бала үйден шыға жөнелдi.

– Әй, Әптiш, – дедi Болбыр шешей де орнынан ұшып тұрып, – ана қояншық балаң бiрдеменi бүлдiрмей тұрғанда өшiр делбезердi! Мен көршiлердiң делбезерiн өшiртiп келейiн. Әртiс балаңа рахмет, құлақтың құрышын қандырды! Келсiншi осында, кебiспен кеудесiне екi салайын…

ҚАЛПАҚ

Бәттақтың бұ қалпағы қайда бармаған, не көрмеген қалпақ. Бәттақ бастық боп тұрғанда жұрт оның денесiнiң жалпағына емес, осы қалпағына қарайтын. Осыны сезе ме, Бәттақ жаздың күнi шiлде де қалпағына бас «қамайтын», яғни, басынан тастамайтын. Анда-санда самайынан сорғалаған терiн сүрту үшiн қалпағын қолына алғанда түрiк моншасының есiгi ашылғандай буы бұрқ ете қалатын едi-ау!..

Бұ қалпақ таудай-таудай дөкейлердi көрiп жүрдi, талай-талай мықтыларға ерiп жүрдi. Кейде солардың қалпақтарымен қатар iлiнiп те қалатын. Е-е, несiн айтасың, әлгi қалпақтардың егелерi былқылдап пiскен марқа етiне тойып, денелерi былқ-былқ етiп, күлкiлерi сылқ-сылқ етiп, бiреуi кекiрiп, ендi бiреуi оған жекiрiп шыққанда қызық болатын. Бәттақтың бұл қалпағы жаңағы дөкейлердiң бiрiнiң басына барып қапталып қалатын. Ондайда оңтайын тапқан жағымпаздар жалп етiп: «Басеке-ау, сiздiң қалпағыңыз анау емес – мынау» деп бәйек боп, асты-үстiне түсетiн.

Мұны көргенде Бәттақтың Медеудiң мұзындай жалтыраған төбесi көкке төрт-ақ елi жетпей, екi езуi құлағына кететiн. Қасына отырмақ түгiлi қолына су құюға жарамайтын, қалың нөпiрiне iлескенiне мәз болған дөкейдiң басынан қайтқан қалпағын қағып алып, ырым қылып бiр киiп, бiр сүйiп, жаны жай таппайтын едi.

Сонымен, бұрынғының жолымен Бәттақ Бәттақтығын жасап, қалпақ қалпақтығын жасап жүрiп жатыр едi. Бiр ауылдың бiлдейiне татыр едi. Бiр-ақ күнде жiгерi құм болды. Баяғы күн мұң болды…

Жаңа тәртiп бойынша өткен сайлауда жағасы жайлауда жүрген Бәттақ бастықтыққа өтпей қалды. Оны орнына қайта қоюға тырысып, қолпаштаған қолдаушылардың да шамасы жетпей қалды. Бәттақ күрт түсiп кеттi. Сосын… күйiктен iшiп кеттi.

Ендiгi күйi мынау. Бәттақты адам емес, айуан дерсiң. Бөтелкелестерiмен кездесе кетсе қайран қалпағын төсенiш етiп отыра кететiндi шығарды. Аяғынан әл кетсе ғана құламай мұны да батпаққа батыра салатынды шығарды. Карта ойнай қалса астына пұлын салады, ортасындағы ойығына темекiнiң күлiн салады. Не керек, бұ қалпақ бүгiнде бас киiм емес – кебенек.

Өткенде төрт-бесеуi жиналып «жұтып» отырып, сосын бiреуi Бәттақты тақымға басып мытып отырып, басындағы қалпағын жұлып алып, доп орнына тепкенде бұрынғы қалпы бұзылып, тоз-тозы шығып мыжылып қалды. Сонда ғой, Адыраңбай деген албастының басында кеткенi. Ол былай нетiп… үйiне қисалаңдап жеткен соң лақтырып жiбергенi. Содан Адыраңбайдың әйелi алжасып, түн iшiнде түртiнектеп жүрiп, дөңгеленiп жатқан қалпақты итаяқ екен деп күшiгiне көже құйып бергенi.

Бiрақ жол болмаған жалғыз осы қалпақ па? Бiрi тексерген болып, ендi бiрi қатардағы қарапайым еңбекшiлердiң жай-күйiн ескерген болып, ауыл-ауылды аралап, қазаннан қазан көтерiп жүргенде қаз-қатар iлiнiп тұра қалатын қалпақтардың бүгiнде басы қосылмайтын болды. Тәйiрi-ай десейшi, бiр қалпақтың жолын күтiп он қалпақ тұрушы едi. Одан соң оған ерiп жиырма қалпақ жүрушi едi. Әр қалпақтының астында бiр-бiр машина, ерсiлi-қарсылы текке ағылғанда сабылған сабаздар жұртты жұмысынан қалдырдық демедi ғой тiптi.

Қазiр қарап отырсақ, қалпақтарға жалтақтар жан сиредi. Қалпақты басқа қонған бақ-кие деп бiлетiн, белден басуды бiрден-бiр жүйе деп бiлетiн ахуал астаң-кестең күйредi. Қалпақтардың әкiмгершiлiк пен бюрократтар бұйрығын таратушы «iндетiн» атқармай, тек бас киiм ретiндегi мiндетiн атқарып жүргенi қандай жарасып тұр. Ендеше дүкенде тұтынушылар қалпақтарға таласа берсiн, күнқағарларыңыз өздерiңiзге жараса берсiн, ағайын!..

Серіктес жаңалықтары