“САМҰРЫҚ” пен “ҚАЗЫНА” IШIНАРА САУДАҒА САЛЫНБАҚ

“САМҰРЫҚ” пен “ҚАЗЫНА” IШIНАРА САУДАҒА САЛЫНБАҚ

“САМҰРЫҚ” пен “ҚАЗЫНА” IШIНАРА САУДАҒА САЛЫНБАҚ
ашық дереккөзі
435

Мемлекеттiк компаниялардың акцияларын басқару үшiн құрылған мемлекеттiк холдингтер ендi ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кететiн секiлдi. Себебi, премьер-министр Мәсiмов Үкiметтiң селекторлық жиынында «Самұрық», «Қазына», «ҚазАгро» мемлекеттiк холдингтерi басшыларына бiр аптаның iшiнде өз қарамағындағы компаниялар арасынан саудаға салынатын компанияларды iрiктеп, тiзiмiн Үкiметке ұсынуды тапсырды. Сөйтсек, бұл шара Қазақстандағы Қор биржасының өркендеуiне әсер етедi-мiс.

Сонда қор биржасының қанат жаюына мiндеттi түрде мемлекеттiк компанияларды саудаға салу қажет пе екен? Мәсiмов мырзаның анықтамасы езу тартқызады. Ал бiз мұның астарынан көлеңкедегi мүлiктi жарыққа шығару акциясының iзiн байқадық. Естерiңiзге сала кетсек, «Мүлiктi жариялауға байланысты рақымшылық жасау» акциясы осы жылдың тамыз айына дейiн созылды. Бұған дейiн мемлекеттiк компанияларға көлеңкеден пәрмен жүргiзiп жүргендер ендi акция аясында сол компания акцияларын қанжығаға байлауы мүмкiн.

«Самұрық», «Қазына», «ҚазАгроның» уысына Қазақстан экономикасының негiзгi бөлiгi шоғырланған. «Самұрық» дегенiмiз: «Қазақтелеком», «Қазпошта», «Кегок», «ҚазМұнайгаз», «Қазақстан Темiр Жолы». Бұл компаниялардың ел экономикасындағы рөлiнiң айрықша екенi белгiлi. Ұзын-саны 25 компанияның акциясы осы «Самұрықтың» қанатының астына шоғырланған.

«Қазына» елдегi даму институттарының басын бiрiктiрген холдинг.

«ҚазАгро» аграрлық секторды дамыту үшiн құрылған компаниялардың жиынтығы;

Ендi бұл үш холдинг те «қор биржасының өркендеуi» үшiн құрбандыққа шалынбақ. Мемлекеттiк компанияларды саудаға салу үшiн оларды «Қор биржасын өркендету мақсатында» деген схеманың аясында қарастырудың қажетi де жоқ едi. Өйткенi, қор биржасын дамыту үшiн коммерциялық компаниялар да толып жатыр емес пе? Қазақстан Қор биржасында тiркелген компаниялардың саны қазiр 20-дан астам. Яғни, биржадан акция сатып алғысы келетiн кез келген жанның таңдау мүмкiндiгi бар. Қор биржасының ойыншысы болуына кедергi жоқ. Сондықтан, «Самұрық» пен «Қазынаны», «ҚазАгроны» құрбандыққа шалмай-ақ, Қор биржасын дамытуға мүмкiндiк бар. Бүйтiп саудаға салатыны бар, бұл компанияларды мемлекеттiк холдингтердiң аясына шоғырландырудың не қажетi бар едi?

Бiз сарапшыларды сөзге тарттық:

Қанат БЕРЕНТАЕВ:

— Мұның астарында мемлекеттiк компанияларды жекешелендiруге деген мүдде бар. Менiң түсiнбейтiнiм: бұл мемлекеттiк компаниялардың акцияларын сатудың не қажетi бар едi? Бюджетте дефицит жоқ. Керiсiнше, профицитпен шығып жатыр. Салық төлемдерiн төлеу де жолға қойылған. Артығымен түспесе, бiр кемшiнi жоқ. Мемлекетте қазiр ақшаға деген сұраныс жоқ. Өз ақшасы өзiне жетедi. Үкiмет «Халық акцияларды сатып алады» деп түсiндiрмек болады. Халық ол акцияны сатып ала алмайды. Мәселен, «Қазақтелеком» акцияларының бағасы ұшып тұр. Жай ғана акциясының өзi 400 АҚШ долларына тең. Бұл компаниялардың Қор биржасына шығуымен биржада бiр ерекше жағдай орнайды деп айта алмаймын. Сондықтан, Үкiметтiң бұл шешiмiнiң астарынан тек жекешелендiру фактiсiн ғана көрiп отырмын.

— Бұл сауданың астарынан мүлiктi жариялауға байланысты рақымшылық жасау акциясын көруге бола ма?

— Жоқ, акцияның бұл арада қатысы жоқ

Тоқтар ЕСIРКЕПОВ:

— Осыдан бiр жыл бұрын «Самұрық», «Қазына» холдингтерiнiң құрылуының өзi жақсы ойларға жетелейтiн. Мемлекет мүддесiнен гөрi, корпоративтi мүддеге сай жұмыс iстеудi дағдыға айналдырған ұлттық компанияларды мемлекет қарамағына қайта шоғырландыруды бiз жақсы ырымға балап едiк. Ендi холдингтердi саудаға шығарып жатыр. Бiздiң Үкiмет қаншама жылдардан берi мемлекеттiк компаниялар акцияларын тек сатумен келедi. Тiптi, базардағы сатушыны еске түсiредi. Алайда, осыған дейiн саудаға шығарған компанияларының ешқайсысы да Қор биржасына шығып жарытпаған. Яғни, ол саудаға салынған мемлекет меншiгi қор рыногiн дамытуға, мемлекет мүддесiне сай жұмыс iстемеген. Айтпақшы, былтыр ұлттық мұнай-газ компаниясының құрамындағы еншiлес компанияның 40 пайызы Лондон Қор биржасында сатылып кеттi. Дамыған елдерде компанияның 70-80 пайызы мемлекет қолында болады. Ал бiзде мемлекет қолындағы акциялар бiртiндеп саудаға салынуда.

— Бұл сауданың астарынан мүлiктi жариялауға байланысты рақымшылық жасау акциясын көруге бола ма?

— Иә, әрине. Бұл сауда сол акцияның аясында жүзеге аспақ.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары