ТЕҢГЕНIҢ НЫШАНЫ АНЫҚТАЛДЫ

ТЕҢГЕНIҢ НЫШАНЫ АНЫҚТАЛДЫ

ТЕҢГЕНIҢ НЫШАНЫ АНЫҚТАЛДЫ
ашық дереккөзі
232

Қаржыгерлер бұл теңге позициясының күшеюiне ықпал етедi деген ойда

Өткен аптада Ұлттық банкi теңге нышанына қатысты жариялаған конкурсының қорытындысын жариялады. Конкурс былтырғы жылдың қараша айында жарияланған болатын. Әлемдегi тұрақты валюталардың өзiне тән нышандары барлығы белгiлi. Былайғы жұрт валютаның атын айтпай-ақ осы нышандарынан танып бiледi. Ұлттық банкiнiң ұстанған саясаты да осы теңгенi әлем жұртшылығына нышаны арқылы, айтқызбай-ақ таныту. Бұл бiздiң ұлттық валютаның тегеуiрiнiн қатайтып, позициясын нығайтатын көрiнедi.

Қаржыгерлер жалпыұлттық конкурс деп атаған бұл байқауға мыңнан астам дизайнерлер қатысқан. Конкурстың шарты бойынша жұмысын байқауға жiберген үмiткерлер тек суретiн ғана салып қоймайды, сондай-ақ, жiберген суретiнiң мазмұнын тәптiштеп жазуға мiндеттi. Қазылар алқасы жiберiлген жұмыстардың iшiнен 3 жұмысты үздiк деп бағалаған. Бас бәйгеге – 1 миллион теңге тiгiлiптi.

Сонымен теңге нышаны ретiнде ежелгi түркi жазуындағы Т таңбасы таңдалып алынды. Аталған жұмыстың авторлары Әмiрханов Санжар мен Давиденко Вадим. Олардың түсiндiруi бойынша «Т» әрпiмен теңге сөзi ғана басталмайды, сондай-ақ, «тәңiрi» сөзi де осы әрiптен бастау алмақ. Ал, «тәңiр» немесе «көк аспан» бүкiл түрiк жұртының әулиесi саналғаны белгiлi. Сол себептен бұл белгi ұлттық валютамыздың тұрақтылығын, жоғары мүмкiндiгiн, Қазақстан экономикасының даму динамикасын бiлдiретiн болады. Сөйтiп, жұрт күткендей теңге нышаны қарапайым әрi «Т» таңбасына негiзделдi.

Ал, ұйымдастырушылар «Кәсiби конкурс» деп атаған бұл номинация бойынша тағы екi қатысушы 1 мың АҚШ долларымен марапатталды. Олар астаналық Дамир Байсағатов және алматылық Перцев Александр.

Сондай-ақ, бұл конкурс аясында «Халықтық» және «Балалар» байқауы да өткiзiлiптi. Балалар байқауының жеңiмпазын интернет-сайтта дауыс беру арқылы анықтаған. Оған 28 мыңдай оқушы қатысып, 2 мыңдайы оқытушылар сүзгiсiнен өткен. Сол 2 мың жұмыстың үздiгiн интернет арқылы анықтап, жеңiмпазға «Альянс Банк» акционерлiк қоғамы ноутбук және бағалы сыйлық тарту еттi. Жеңiмпаз – Көкшетау қалалық 5 сынып оқушысы Мирас Мүбараков. Ал, халықтық конкурстың жеңiмпаздары – қарағандылық Козлов Алексей, ақтөбелiк Бейiсов Тимур және астаналық Мұсаев Ерлан.

Серіктес жаңалықтары