«ӨЗ-ӨЗIҢДI ЖАТТАЙ СЫЙЛА...»

«ӨЗ-ӨЗIҢДI ЖАТТАЙ СЫЙЛА...»

«ӨЗ-ӨЗIҢДI ЖАТТАЙ СЫЙЛА...»
ашық дереккөзі
387

Жарты миллион доллардан астам қаржысын балаларға қуаныш сыйлауға жұмсаған түрiк меценаты көз жұмды. Ол бақилық сапарға аттанғанымен, артында өшпес iз қалды. Мыңдаған баланы сауатсыздық пен кедейшiлiк қамытынан құтқарған осынау мейiрiмдi жанның игi iстерi қазақтың қалталы азаматтарына да тән болса екен деген тiлек бар бiзде. Әсiресе, қазақ қоғамындағы аялы алақан мен жүрек жылуына, қаржылай қолдауға зәру жандарды кейiнгi кезекке ысырып қойып, жарнама мен сый-құрметке онсыз да кенде емес әрi қазаққа «үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын» «Битлзге» ескерткiш орнатуға құлшынып жүргендерге.

Түркия халқы қара жамылды. Өткен аптада мыңдаған баланы қайырымдылық пен мейiрiм шапағатына бөлеген түркиялық азамат Қадыр Хас дүние салды. Стамбұл қаласында 86 жасқа қараған шағында талқаны таусылған меценатты соңғы сапарға шығарып салуға Түркия премьер-министрi Реджеп Тайип Ердоған, экс-президент Сүлеймен Демирелмен бiрге көптеген шенеунiктер, түрiктiң ауқатты байлары қатысты.

Көзi тiрiсiнде Қадыр Хас түрлi қайырымдылық шараларына 600 мың доллардан астам қаржысын жұмсаған екен. Атап айтқанда, меценаттың ақ-адал маңдай терiмен тапқан ақшасына 25 мектеп пен лицей, балаларға арналған демалыс және көңiл-көтеру бақтары, универститет, мешiт пен жиырмаға жуық ауруханалар салынған. Мал табуды әкесiмен бiрге Адана қаласында жүк көлiктерiн сатудан бастаған Хас көп ұзамай-ақ байып, Түркияның ең бай адамдарының бiрi – Сабанджымен бiрлесiп «Ақ банкiнiң» негiзiн қалады. 1960 жылы Аданадан Стамбұлға қоныс аударған ол «мерседес» пен «пежо» көлiктерiн шығарып, Түркияда алғаш рет «Coca-cola»-ның фабрикасын ашқан. Арада жиырма жыл өткенде қайырымдылық шараларын қолға алады. Алғашында бастауыш мектептердiң құрылысын салуға, кiтапханалар мен институттар ғимараттарын күрделi жөндеуден өткiзуге көңiл бөлген меценат бiртiндеп түрiктер елiндегi аса қат ауруханалар мен бiлiм ошақтарының құрылыстарын тұрғызуға ден қояды. Қадыр Хастың қалтасынан шыққан жарты милионнан астам доллар бәлкiм бiреулер үшiн ауыз толтырып айтуға болмайтын сома болар. Әсiресе, бiздiң «өзiм дегенде өгiз қара күшi бар» ағайындар үшiн. Бiрақ қара басының ғана құлқыны мен қарнын ойлаумен шектелмеген түрiк меценатының игi iсi мен көрегендiлiгi қазақтарға да тән болса деген тiлек бар. Сонда жарнама мен сый-құрметке онсыз да кенде емес «Битлзге» ескерткiш орнатуға құлшынып жүрген қалталы азаматтарымыз Қазақ елiндегi түрлi мұқтаж жандарға қаржылай көмек көрсетудi шындап қолға алар едi. Бұл ендi бiздiң «армандауға болмай ма?» дегеннен туындаған есек дәме ғой. Әйтпесе, әрбiр қандас атам қазақтың «өз-өзiңдi жаттай сыйла, жат жанынан түңiлсiн» деген қасиеттi сөзiн қаперiнен шығармаса, ұтылғанымыздан ұтқанымыз көп болар едi. Ал сол азаматтардың «Битлзге» емес, Париждi тамсандырған Әмiре Қашаубаевқа ескерткiш орнатуға кiрiсерi анық…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары