ТӘУЕЛСIЗ КОСОВО НЕМЕСЕ БАЛҚАН ТҮБЕГIНДЕ САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ҚАШАН ОРНАЙДЫ?

ТӘУЕЛСIЗ КОСОВО НЕМЕСЕ БАЛҚАН ТҮБЕГIНДЕ САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ҚАШАН ОРНАЙДЫ?

ТӘУЕЛСIЗ КОСОВО НЕМЕСЕ БАЛҚАН ТҮБЕГIНДЕ САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ҚАШАН ОРНАЙДЫ?
ашық дереккөзі
308

«Косово қашан және қалай еуропалық дербес мемлекетке айналады?» Дәл осы сұрақпен америкалықтар мен батыстықтар бас қатыруда. Ал Кремльдiң бүгiнде «iшкенi – iрiң, жегенi – желiм». Өйткенi, егер Косово көптен аңсаған тәуелсiздiгiне қол жеткiзсе, Ресейдiң Чешенстаннан айырылып қалу қаупi бар.

«АШ ПӘЛЕДЕН ҚАШ ПӘЛЕ»

Қазiргi таңда Еуропадағы күн тәртiбiнен түспей жүрген әрi дағдарысқа кеп тiрелген проблема – Косовоның тәуелсiздiгi. 1999 жылы Американың басқаруымен Солтүстiкатлантикалық альянсқа тиесiлi әскери ұшақтар 78 күн бойы әскери соққы берiп, Косовоны сербтiк билiктiң құрығынан босатып алған. Негiзi заң бойынша Косовоның тағдырын шешуге тiкелей құқылы – БҰҰ. Осыдан сегiз жыл бұрын бұл шешiмдi Ресей де жақтаған болатын. Бiрнеше жылға созылған дағдарыстан кейiн АҚШ, Ұлыбритания мен Бiрiккен Ұлттар Ұйымы келiссөздердi қорытындылайтын кез келдi деп шештi. Осы аптада өткен басқосудан соң олар Косовоны тәуелсiз ел ретiнде тану керек деген мәлiмдеме жасады. Оның үстiне, косоволықтардың басым бөлiгi албандықтар екенiн ескерсек, олардың Сербия құрамына қайтып бармайтыны анық. Косоводағы 2 миллионға жуық халықтың 90 пайызы – албандықтар. 1999 жылдан берi бұл аймақ заң жүзiнде БҰҰ-ның қол астына қарағанмен, iс жүзiнде Сербияның құрамында. Сондықтан көптен берi албандықтар Сербиядан бөлiнудi және Косовоны тәуелсiз ел ретiнде тануды талап етуде. Алайда қасарысып отырған екеу – Сербия мен Ресей бұған оңайлықпен келiсе қоймайды. Себептер әртүрлi. Косовоны егемен ел ретiнде тануға құлықсыз сербтер өздерiнiң ұлттық мақтанышына айналған кейбiр дiни және тарихи тұрғыда қасиеттi саналатын тұлғаларының ескерткiштерi мен мазарларының Косово жерiнде қалатынын сылтауратады. Косовоның тәуелсiздiгi – Сербияның ұлттық қасiретi, демографиялық ахуалының әлсiреуi және геосаяси ахуалының күрт өзгеруi. Сонымен қатар сербтер қоғамында қалыптасқан сандары аз албандықтарды менсiнбейтiн, олармен санасқысы келмейтiн астамшылық та жоқ емес. Әрине, Сербия бостандық беру мәселесiн әлi де соза түсуге мүдделi. Бiрақ бұл ел iшiндегi қантөгiске тосқауыл бола алмайды. Ал орыстар ұстанған саясат ше? Ресей БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiнде Косово тәуелсiздiгiне вето жариялау арқылы егемендiк мәселесiне балта шабуға қауқарлы. Әзiрге Мәскеу саяси ұпайды барынша пайдаланып қалуға тырысып, уақытты созумен келедi. Алайда, Путиннiң жақын арада тиянақты шешiм қабылдауына тура келерi айқын. Кремльдiң Косовоға сонша шүйлiгуiнiң астарында не жатыр? КСРО күйреп, Ресейдi экономикалық және қаржылық дағдарыс меңдеп алған кезеңде орыстардың сербтерге жаны ашығансып, «ұлттық мақтаныштарын» «қорғағаны» өздiгiнен түсiнiктi болатын. Есесiне, бүгiнде энергоқорларының көмегiмен әлемдiк саясатта «ұр тоқпақтық» бағытты ұстанып отырған Мәскеудi алаңдатқан басқа нәрсе. Өйткенi, Ресей мен Сербиядан басқа елдер Косовоны бұрынғы Югославияның негiзгi құрамдас бөлiгi ретiнде қарастырады. Демек, КСРО құлағаннан кейiн тәуелсiздiгiн алған Қазақстан, Грузия, Армения сияқты егемендiк алуға Косовоның да құқығы бар. Бiрақ Косово ешқашан да югославиялық республика емес, белгiлi бiр деңгейде автономиялық үлесi болғанымен, Сербияның бiр бөлшегi боп қала бердi. Ресми мәртебе жағынан Косовоны Ресейдiң құрамындағы Чешенстанмен, Грузия құрамындағы Абхазиямен және Молдованың қол астындағы Преднестровьемен салыстыруға болады. Демек, Ресейдiң Косово мәселесiне «бас қатыру» себебi өздiгiнен айқындалады. Табиғи заңдылық – егер Косово тәуелсiздiгiн алса, Чешенстанға орыстар неге бостандық бермейдi? Әрине, орыстардың энергоқорына тәуелдi әрi бiр емес, бiрнеше рет Ресейдiң энергетикалық бопсалауына ұшыраған Батыс кремльдiк саясатқа келгенде «аш пәледен қаш пәле» саясатын ұстануға мәжбүр. Еуропаның Чешенстандағы бостандықты аңсаған соғыс пен орыстар тарапынан болып жатқан қантөгiстерге «лаңкестiк әрекеттерге тосқауыл қою» ретiнде қарауы да сондықтан.

ҮШIНШI ДҮНИЕЖҮЗIЛIК СОҒЫС БОЛА МА?

Косовода әлi күнге дейiн албандықтар мен сербтер арасындағы бiр-бiрiне сенбеушiлiк орын алған. 1999 жылы басталған жер дауы шешiмiн таппаса, Балқанды саяси тұрақтылықпен қамтамасыз ету әсте мүмкiн емес. БҰҰ-дағы косоволық мәселенi шешу жөнiндегi арнайы өкiл (Финляндияның бұрынғы президентi) Мартти Ахтисаари «Косовоның өз қолы өз аузына жеткенше, тәуелсiздiк мәселесi БҰҰ-дан Еуропалық Одақтың бақылауы мен Солтүстiкатлантикалық альянстың қорғауына өтуi керектiгiн» айтты. Әрине, Косоводағы сербтердiң емiн-еркiн, ешқандай қағажусыз өмiр сүруi, шiркеулер мен ғибадатханалардың аман сақталуы – қойылатын басты талаптардың бiрi. Бұл ұсынысты албандықтар қуана құптағанымен, косоволық сербтер мен Белград әзiрге қарсы. Үстiмiздегi жылдың мамыр айында Вашингтон мен Лондон өз шешiмдерiн БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiне Қарар ретiнде ұсынбақ. Олардың пiкiрiнше, осы уақыт аралығында Еуропалық Одақ Сербиямен жаңа қатынастар орнатуы тиiс. Батыспен ынтымақтастықтың елге пайда әкелетiнiне көзi жеткен Белград Еуроодаққа мүшелiкке өтуге мүдделiлiк танытуы мүмкiн. Әрине, негiзгi проблемалар мұнымен бiтпейдi. Себебi, БҰҰ өкiлiнiң ұсынысын Еуроодаққа мүше елдердiң барлығы қолдап отырған жоқ. Мысалы, әу баста Испания, Словакия мен Греция тәуелсiздiктi қолдауға аса құштарлық танытпаған. Бiрақ Еуропалық Одақ Косовоға қатысты кесiмдi жауабын айтпаса, БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiндегi дауысқа салуда Ресей тәуелсiздiк мәселесiне вето жариялауы мүмкiн. Егер балқандық проблеманы шешуге БҰҰ қауқарсыз болса, тығырықтан шығар жолды табуға басқаларды тағайындайтынын орыстар ашық айтты. БҰҰ ұсынысына балама ұсыныс жоқ екендiгiн ескерсек, қашан да «буынсыз жерге пышақ ұруға құмар» Кремльдiң кертартпа әрекетiнiң кесiрiнен Балқанда соғыс өртi қайта тұтану қаупi бар. Әрине, бұған өзiмшiл орыстар аса бас қатырғысы келмегенмен, Еуропадағы тұрақсыздықтың белең алуына мүдделi емес. Косовода биылдың өзiнде бейбiт шеру кезiнде қаншама адам көз жұмды. Ал Мәскеудiң «бұл мәселенi шешетiн кез әлi ерте» деген мәлiмдемесi көпшiлiк тарапынан сынға ұшырады. Оның үстiне, Ахтисааридiң айтуынша, ЕО iшiндегi пiкiрдiң екiге жарылуы Еуропаның бiртұтастығына керi ықпал етiп, Косовоны екiге бөлу туралы талаптар мен жаңа қантөгiстердiң туындауына себеп болуы мүмкiн. Сiрә, арнайы өкiлдiң осы сөзi әсер еттi ме, бұған дейiн қасарысып отырған Словакия мен Испания райларын тез қайтып, өздерi үшiн Еуропаның бiртұтастығы аса маңызды екендiгiн жеткiздi. Сарапшылар пiкiрiнше, осыдан бiрнеше жыл бұрын албандықтар көңiлiнде егемендiк жайлы үмiт тұтатқан Батыс бiр жағынан ұзақмерзiмдiк жоспар құрмағанына кiнәлi де. Бұл албандықтардың дербестiкке ұмтылғанмен, өз бетiнше жұмыс iстеп, шешiм қабылдауда қателiктерге ұрынып жатқанын жуып-шаяды.

Бұған дейiн Балқан түбегiндегi саяси ахуалға аса қызықпаған Вашингтон бүгiнде қолынан келген бар қайранын жасап бағуда. Жуырда америкалық басылымдардың бiрiнде Босниядағы соғысты тоқтатуға септiгiн тигiзген Дейтондық келiсiмдi жасаған америкалық дипломат Ричард Холбруктiң Балқандағы жағдай Еуропаның қауiпсiздiгi мен тұрақтылығына, сондай-ақ, Ресей мен АҚШ-тың ара-қатынасына тығыз байланысты екендiгiн айтқан мақаласын жариялады. Американың мемдепартаментiмен тығыз байланыстағы Холбруктiң бұл пiкiрi тек жеке басының емес, АҚШ-тың саясаты екендiгiн бiлдiредi. Демек, бұл пiкiрдiң астарында «егер Ресей БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiнде Қарарға вето жарияласа да, Косово тәуелсiздiгiн алатын болады. Ал Америка бұл егемендiктi бәрiбiр таниды. Көптеген мұсылман мемлекеттер Американың соңынан ередi» деген доқ жатыр. Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, үстiмiздегi жылдың ақпанындағы мюнхендiк конференцияда АҚШ-ты қатаң сынға алған Ресей тағы да астамшылдық пен өзiмшiлдiкке басса, Үшiншi Дүниежүзiлiк соғыстың туындап кетуi мүмкiн. Әрине, мұндай пiкiрлерге қарсы уәж айтқандар да көп.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары