«АТЫҢ ШЫҚПАСА ЖЕР ӨРТЕ» МЕ?

«АТЫҢ ШЫҚПАСА ЖЕР ӨРТЕ» МЕ?

«АТЫҢ ШЫҚПАСА ЖЕР ӨРТЕ» МЕ?
ашық дереккөзі
371

Соңғы жылдары бiзде «ерекше ұлтшыл» топ пайда бола бастады. Шетiнен әсiребелсендi, әсiресауатты қазақтардан құралған топтар. Қашан, қайда болсын, олар 1917-жылғы Қазан төңкерiсiн және 1945-жылғы Жеңiстi түп-тамырымен жоққа шығаруға құмар. Оның екеуiн де қазаққа тек сор, қасiрет әкелген құбыжық құбылыс деп түсiндiруге тырысады.

Қазан төңкерiсi қазаққа шынымен қасiрет болды ма?

Ресейлiктер жер-көкке сыйғызбай дәрiптеп жүрген I-Петр патша өздерi билiк жүргiзiп тұрған құрлықты түгелдей орыстандыру, славяннан басқа нәсiлдi халықтарды құлдықта ұстау жөнiнде ресми қарар қабылдап, оны iске асыруға шұғыл кiрiскен. «Ұлы» патша өзге ұлттар мен ұлыстарды, оның iшiнде «азияттарды» қара жұмысқа ғана жарайтын тобыр, жаратылысынан ой еңбегiне қабiлетсiз, мәдениеттен мақұрым деп бiлген. Олардың жерлерiн иемденiп, өздерiн христиан дiнiне кiргiзiп, аты-жөндерiн орысшалап, ататегiн ұмыттыру сияқты отаршылдық саясатты өршiттi. Ресейге «Еуропаның терезесiн ашқан» ол патша құрылықтың солтүстiгiндегi және шығысындағы аз халықтарды «тоқаш пен тоқпақтың» күшiмен шоқындырып, аты-жөндерiн орысшаға көшiрiп, ендi Орта Азияға көз тiккенде, «Түркiстан» газетiндегi «Қазақ қалай мәңгүрттендi?!» мақаласында профессор Мекемтас Мырзахметұлы айтқандай, бұл жақтағы «терезесi» Қазақстан екенiн бiлiп, қазақ жерiне ауыз салды. «Ғылыми экспедиция» жалауымен әскери жасақтар ұйымдастырып, жерiмiздi жан-жағынан қамалмен қоршалады да, қанқұйлы ермактарын, қарашекпендiлерiн қаптатты. Әскери жасақтары әдеттерiнше поптарын ала жүрiп, алдап та, күштеп те шоқындыра бастады. Ол кесапатқа алдымен жем болған –бүгiнгi Ресейдiң құзырындағы Алтай өлкесiнiң қазағы.

I-Петрден кейiнгi патшалар империялық-отаршылдық саясатты одан ары үдеттi. II-Николай патшаның шоқындыруға көнбегендердi үрiм-бұтағымен құртып жiберуге бұйрық бергенi мәлiм.

Патшалы Ресейден тауқымет тарта бастаған қазақтың ең әуелi тарихи атақонысынан қалай айрылғанын мұрағатжайды ақтармай-ақ анық бiлгiмiз келсе, ортамызда аман-сау жүрген қарт қаламгерiмiз Сапабек Әсiп соңғы он шақты жылда жазған мол деректi кiтаптарды оқылық. «Соқырға таяқ ұстатқандай» еңбек!

Орыстың озық ойлы перзенттерi, әрине, патшаның отаршылдық саясатын қолдаған жоқ. Мысалы, Лев Николаевич Толстой I-Петрдiң «Еуропаға терезе ашқан» қадамын құптап, жаңашыл патша туралы роман жазбақ болған. Бiрақ iле-шала ол ойынан қайтқан. Өйтуiне дерек жинауға кiрiсiп, етқызумен бiрнеше тарауын жазып, одан кейiнде елдiң, халықтың тiршiлiгiмен, билiктiң саясатымен кеңiрек танысқан соң жаңылыс басқанын түсiнуi себеп болған. Жазушының шығармашылық қырларын зерттеген М. Храпченко былай дептi: «Человеческие начала, изображению которых писатель придавал такое важное значение как составной части исторического повествования, отходили на задний план, стушевывались. Не желая, по-видимому, писать обличительный исторический роман, Толстой отказывается от осуществления своего замысла, вступившего в столкновение с реальным материалом истории» («Лев Толстой как художник», Москва, 1978 г.). Ал жазушының өзi I-Петрдiң iс жүзiнде боярлармен ғана қақтығыспай, халықты ауыр халге ұшыратып, шаруаларды күйзелтiп, бүкiл халықтың наразылығын, қарсылығын тудырғанын көрiп-бiлген соң патшаны нөкерлерiмен қоса: «…самозванцы, разбойники, раскольники» деп түңiлдi, жирендi (Шығармалар жинағы, 62-том).

Егер отарлауға дәнiккен патшалы Ресей сол бетiмен екпiндей берсе, қазақ жерiн ары кеткенде 20 жылда толық иемденiп, халқын шоқындырып, бүгiнде бiз Ивановтың, Сидоровтың… ұрпағы болып, тарихи елiмiз де жоқ, жерiмiз де жоқ, ата-бабамыздың дiнiнен де, тiлiнен де мақұрым бiреулер боп жүретiн едiк. Ресейдiң отаршылық саясатын 1917-жылғы Қазақ төңкерiсi тоқтатпағанда осындай тағдырға тап болатынымыз даусыз-ды. Тарихымызды нақты зерттеушi ғалымдар менiң бұл ойымды терiстей қоймас.

«Тағдыр етсе Алла, не көрмейдi пәндә» (Абай) деп, күнi кеше СССР деген ел болдық. Оның билiгi де «тоқаш пен тоқпақты» кезек ұсыну едi. Қазақ немесе басқа аз халықтар ғана емес, көп санды орыс халқы да сан зұлматты көрдi. Бiрақ, гитлершiл фашистер тұтқиыл соғыс ашып, ел шетiне басып кiргенде, «совет халқы» делiнген көпұлтты жұрт басқыншыларға қарсы қол ұстаса бiрге аттанды. Өйтпегенде ше? Гитлер: — Орыстарды қырып-жоямын, басқаңа тиiспеймiн, — деген жоқ қой? Дегеннiң өзiнде де, мысалы, ата-бабасы: «Көршi хақысы – тәңiр хақысы» деп өткен қазақ ғұлама жиенiмiз Лев Гумилев жазғандай, Ұлы дала мен Русь заманынан берi көршi, туыс орыс халқын жау оғының өтiнде жалғыз қалдырып, жайлауда жата беруi керек пе едi? КСРО құрамындағы басқа халықтар да тағдыр бiрлiгiне тәнтi болып, фашизмге қарсы көтерiлдi.

Гитлер «Барбаросса» жоспарын жасағанда ертең-ақ бүкiл әлемнiң әмiршiсi болатынына шүбәланбаған. Ол қарулы соғыстың ғана емес, «асыл нәсiлдi немiстердiң басқаларды құл етуге тиiстiгi туралы» да жоспар жасатқан. Ол жоспардың негiзi құлдарды аңға айналдыру едi. Егер кiмде-кiм көрген болса, есiне түсiрер: бұдан 20 жыл шамасы бұрын Мәскеуден, одақтық теледидардан фашистердiң бiр ғылыми лабораториясы жөнiнде деректi кинотаспа әлденеше рет көрсетiлдi (қалай аталғаны есiмде қалмапты). Онда билiктiң тапсыруы бойынша бiрнеше жыл бойы ғылыми iзденiс жұмысын жүргiзген бiр топ ғалымның бiр дәрi жасап шығарғандары, ол дәрi күретамырына құйылған кiсiнiң ақыл-естен айрылып, адамша киiнудi, адамша тамақ iшудi ұмытып, малша шөп жеп жүре беретiнi телеэкраннан бадырайтып тұрып көрсетiлдi. Денi дұп-дұрыс кешегi кiсi –бүгiн кәдiмгi мал! Гитлершiлдер басқаларды солайша күш-көлiкке айналдыруды анық жоспарлаған. Әлде бiздiң қазаққа тиiспей, құда болысып, құйрық-бауыр жесiсiп жүрмек пе едi? Мамырдың 9-шы күнiн Жеңiс күнi демей, қаралы күн деудi уағыздаушы «ерекше ұлтшыл қазақтар» тым болмаса осыны неге ойламайды? Алдыңғы жылы 9-шы мамырда Өскеменде болғанымда жасы сексен алтыдағы жауынгер ақсақал Уәжiп Жексенұлы: — Қарағым, Жеңiс күнiн «қазақ үшiн қаралы күн» деп айтып, жазып жүрген анау үлкен-кiшi шiркiндерге айта баршы, не әке-шешелерiн, не өздерiн гитлершiл фашист жауыздардан қорғап қалған бiздiң там-тұм жүйкемiздi жұлмаламасын, 5-10 жыл шыдай тұрсын, бiз өлiп таусыламыз, содан кейiн сүйегiмiздi көрден алып, итiне тастаса да ерiктерi! –деп налығанда бетiммен жер басқандай күй кештiм.

Ұлы Отан соғысын, ондағы жеңiстi мансұқтап, гитлершiлдердi жақтап, лаң салушылар бiраз елде пайда бола бастады. Ресейдегi тақырбастар ма, Балтық жақтағы өжеттер ме, әртүрлi аталатын топтар тiптi жеңдерiне, туларына фашизмнiң «бүйiсiн» (свастикасын) жапсырып алып, нәсiлшiлдiк құртын қоздырып, басқа ұлттарды кемсiтiп, кiсi өлтiрiп те жүр. Санкт-Петербургтағы ол сұмырайлардың көшеде келе жатқан бейтаныс, жазықсыз қазақ қызын қазаға ұшыратқандары кеше ғана емес пе?!

Елiн, жерiн фашизмнен азат еткен совет жауынгерлерiне орнатылған ескерткiштердi ластау, қирату сияқты өрескелдiк те кездесiп жатыр. Гитлершiлдердiң қаскөйлiгiн көрген, түсiнген немiс халқы өздерiн де, жер жүзiн де фашизм обасынан арашалап қалған совет солдатына Берлинде орнатылған ескерткiшке тиiспейдi, ал Ресейде, Балтық елдерiнде қиратады. Мәселен, совет солдатына Эстония астанасында қойылған қола мүсiндi құртуға тiптi елдiң парламентi деңгейiнде әрекет етушiлер бар. Сонда олар, егер фашизм жеңген күнде, эстондардың ұшпаққа шығатынына көздерi жеткендер ме? Қайдан-ау! Әлдебiр желiк баяғы.

Өзгенiң өнегеге татымас қиямпұрыстығына өзеурейтiндердiң бiзден де табыла салатыны өкiнiштi!

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары