ТАFЫ БIР ТЕАТР...

ТАFЫ БIР ТЕАТР...

ТАFЫ БIР ТЕАТР...
ашық дереккөзі
329

Өткен аптаның соңында Шымкентте опера және балет театрының тұсаукесерi болып өттi. Дәлiрегi, бұл осы iс-шараға арнайы шақырылған танымал театр режиссерi Болат Атабаевтың сөзiмен айтқанда «осындай театр ашсақ» деген идеяның тұсаукесерi едi.

Режиссермен облыстың жаңа басшылығы өткiзiп жатқан «Оңтүстiк – ұлысымның ұйытқысы» акциясының аясында да кездесу болып өткенiн атап кеткен жөн. Қойылымның бiрiншi жартысында қазақ операларының, екiншi жартысында әлемдiк операның iнжу-маржандарынан үзiндi көрсетiлдi. Тұсаукесер екiұдай пiкiр қалдырды. Бұны сол Атабаев мырзаның өзi де мойындады. Жиын соңында шығып сөйлеген ол: «Қазақтың белгiлi ақын қызы Ханбибi Есенқараева айтқандай дәл бiрiншi жартыдағыдай болса, бұндай операның бiзге қажетi жоқ, ал, екiншi бөлiм көңiлден шықты» дедi. Өнердiң бұл екi өкiлi залда қатар отыр едi, сiрә, пiкiр алысқан болуы керек. Дегенмен, режиссердiң өз ойын ашық айтпай, ақынның артына жасырынғаны онша қолайлы көрiнген жоқ.

Ниет – керемет. Бiз Түрiкменстан емеспiз, сондықтан өнердiң ешқайсысы бiзге жат емес. Оның үстiне әлемде екi әншi халық болса соның – бiрi, бiреу болса – өзi қазақ екенiн де бiлемiз. Өзiмiз бiлемiз, әлем бiлмейдi. Бiлмейтiнi қазақтың талантқа кемдiгiнен емес, Кеңес кезiнде орыстың iшi тар, ұлтшыл саясатының кедергi келтiргендiгiнен. Тәуелсiздiк алғашқы он бес жылы бәрiмiз күткендей қарық қыла жаздаған нарықтың өтпелi кезеңiне тұспа-тұс келдi де, ел ендi-ендi ғана есiн жиып, етегiн жаба бастады. Және бұл заманның ең ауыр гүрзiсi өнер мен мәдениеттiң төбесiне тигендiктен, театрлар одан тiрi шыққанының өзiне шүкiршiлiк деуде. Сол себептi ана жылдары Астанада опера театрын ашамыз дегенде Дүйсен Қасейiнов секiлдi мамандардың: «Екiншi театр ашуға бiз әлi дайын емеспiз, өнерпаздарымыз да жетiспейдi, лайық ғимарат та жоқ» деп шырылдағаны есте. Бiрақ, бiзде өнердiң қай саласының қалай дамуы керек екенiн қашанда сол саланың мамандары емес, саяси басшылар шешетiн жаман әдет бар емес пе, бұл жолы да сол шиырдан шыға алмағанымыз тағы да мәлiм. Мамандар бүгiн Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайы да операға лайықталып салынбаған десе де, оған құлақ асып жатқан билiк тағы жоқ.

Мiне, еккiұдай пiкiр осыдан келiп туады. Бұл толғағы жеткен мәселе ме өзi? Оңтүстiк операны «тууға» дайын ба? Бiр жағынан жас әншiлер тiреп тұр ма? Екiншi жағынан майталман мамандар жеткiлiктi ме? Соңғы жылдарда сыртқа кетiп қалған талантты әншi-бишiлердi қайта алып келуге мүмкiндiк бар ма? Олардың iшiнде елден ертеректе кеткен, бүгiнде әлемге мойындалған Алтынай Асылмұратова секiлдi асылдарымыз тарихи отанына аз уақытқа болса да оралып, тәжiрибе бөлiсуге келiсе ме? Өнерпаздарымыздың опера орталықтарына, балет бастауларына оқып-үйренуге баруы, ол жақтардан соқталы ұстаздар бiзге келуi жағы шешiлмесе жастарымыз қалай өседi, шеберлiгiн қайда, қалай шыңдайды? Жоқ әлде, өз қазанында өзi қайнап жата бере ме?

Бiздi қашанда жарға жығатын нәрсе – қай мәселеде болсын жүйелi iстiң жоқтығы. Оңтүстiк операсын дамытуға бағытталған бес жылдық, он жылдық нақты жоспарлар жасалып қойған болса, қанеки. Драма театрымыз көрермен мәселесiн шеше алмай дымы құрып жүргенде операға елдi қандай құдiреттiң күшiмен келтiремiз? Студенттердi топырлатып тегiн кiргiземiз де отырамыз ба? Осы сияқты көптеген мәселелерде қай жерге жетiп жығылатынымызды ойластырып алмай тұрып, облыс әкiмiнiң опера туралы игi бастамасын қашанғы қазақы әдетiмiзбен лап етiп көтерiп ала жөнелсек, оның аяғы немен бiтедi? Виктор Черномырдиннiң қанатты сөзiндегiдей: «Хотели как лушче, получилось как всегда» болып жүрмей ме? Басшы құтаймай жүрген облыстық мәдениет департаментi әлi иi қанбаған дүние болса жоғарыдағылардың бетiне тiке қарап «асықпай тездетейiк» деп айта ала ма? Әкiмнiң аяғына тiреу, арқасына сүйеу бола ала ма? Бола алса жақсы, алмаса тағы да ертең ұятқа қалатын берiсi облыстың басшысы, арысы облыстың халқы болары хақ қой…

Өмiрзақ АҚЖIГIТ

Серіктес жаңалықтары