АЛМАТЫНЫҢ 7 КЕРЕМЕТI

АЛМАТЫНЫҢ 7 КЕРЕМЕТI

АЛМАТЫНЫҢ 7 КЕРЕМЕТI
ашық дереккөзі
1932

Бәрiмiздiң де сүйiктi қаламыз болып отырған Алматының бүгiнгi тұрғындары әлдебiр жаңа идея төңiрегiне топтасып, қаламыздың мәдени мұраларын ерекше қастерлеуге жаңа қадам жасауы қажет деп есептеймiз.

Қазiргi уақытта әлемдiк деңгейде 7 кереметтi қайта қарастыру бастамасы қызу жүрiп жатқаны мәлiм. Оның нәтижесi 07.07.07 жылы айқындалады. Бiрақ кереметтер неге тек әлемдiк деңгейде ғана болуы керек? Адамзат баласы қоныстанған жердiң бәрi де кереметтерге толы. Оның қатарында бiздiң Алматы қаласы да бар. Осыны негiзге алып, Алматы қаласының архитектурасы мен қала құрылысы департаментi (С.Қ.Баймағамбетов мырза) және осы идеяны қолдаған бiр топ ынта-ықылас танытушылар — 2006 жылғы қараша айының басында, бейресми жағдайда "Алматының 7 кереметiн анықтау" жобасын ешбiр ың-шыңсыз, дабыра көтермей бастап кеттi. Қосымша кестеде берiлiп отырған сауалнама қорытындысы Алматы қаласының адамдар көп жүретiн орындарында, оқушы-студенттер мен қала қонақтары арасында жүргiзiлдi. 2007 жылдың басында сұрау салудың бiрiншi бейресми қорытындысы жасалып, онда қала тұрғындары таңдаған (сауалнама иелерiнiң —7 кереметтi толық атай алмағандары да есепке алынды) ең әйгiлi және атақты ғимараттардың iшiнен "Алматының жетi кереметi" деген атаудың тұңғыш тiзiмi анықталды. Сонымен керемет атануға лайықты 20 жүлдегердiң iшiнен көп тер төге отырып сұрыптау арқылы негiзгi жетi үмiткер iрiктелдi. Олар барлық сұрау салушылардың аузына бiрiншi iлiнiп отырған "Медеу" мұз айдынынан басқа, "Қазақстан" қонақ үйi, Алматы орталық мешiтi, "Көктөбедегi" телемұнара, Кафедралды собор ғимараты, ерiксiз таң қалысымызды тудырған Есiк қорғанынан табылған "Алтын адам" және шығыс үлгiсiмен салынған "Арасан" моншасы болды. Сөйтсе де демеушiлердiң болмауы себептi, аяққа тұсау болған қаражат тапшылығынан ең баста ойға алған көп iстер жүзеге асырылмай қалғанын айтып өткiмiз келедi.

XXI ғасырдың басында Алматының 7 кереметiн таңдау — әуелде қиын да жұмсалатын еңбекке татымайтын тiрлiк болып көрiнгенi рас. Бұрынғы уақытта ұшан-теңiз адам қиялдарының өзi жете бермейтiн ғажайыптар бүгiнгi қала тұрғындарының "көз алдында" жүзеге асып жатқанда, оларды таңдандырудың сәтi түсе қоймас деген ой да келген. Бiрақ соған қарамастан, сүйiктi қаламыздың кереметтерiн анықтау туралы жүргiзген сауалнамаларымыз көпшiлiктiң көкейiнен шығып, соңғы бiрнеше ай бойы бiздердi өз иiрiмiне батырып әкеткенiн байқамай да қалыппыз.

Әуелде "шамамыз келгенше" деп қолға алған бастамамыздың негiзгi мақсаты — Алматы қаласының өткенi мен бүгiнiне қатысты ғимараттардың тұрғындарды қандай қасиеттерiмен өзiне баурайтынын және несiмен ғажайып болып саналатынын анықтау болды. Алматының жетi кереметi қала тұрғындарына түсiнiктi болуы үшiн олардың әрқайсысын келешекте Алматы қаласының архитектурасы мен қала құрылысы департаментiмен бiрлесе отырып, түрлi-түстi фото суреттермен безендiрiлген буклет етiп шығаруды жоспарлап отырмыз. Танымдық мәнi зор аталмыш буклетте "керемет" деп танылған архитектуралық құрылыстың қысқаша тарихы мен авторлары туралы ақпарат болады.

Алматының жетi кереметiнiң қатарына, — өткен уақытта және осы шақта өзiнiң техникалық немесе көркемдiк шешiмдерiмен Алматы қаласы тұрғындарының таңданысы мен орынды мақтанышын тудырып келе жатқан туындылар ғана кiредi.

Қазiргi уақытта қала тұрғындары "қапы қалдық" демес үшiн ең лайықты жетi орынды анықтау жолында ең соңғы белсендi жұмыстар жүргiзiлуде. Алматының жетi кереметiн таңдауға қатысқысы келген қала тұрғындары "Түркiстан" газетiне хабарласуына болады. Егер лайықты демеушiлер табылып жатса, бұл жобаны "Интернеттiң" немесе SMS-хабарламаның көмегi арқылы кең жолға қойып, бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткiзуге болар едi.

Бастамашыл топтың мүшелерi:

Қ.Ә.Қамбар, М.Билiбай, К.Тасболатова және т.б.

Байланысу тел.: 8-327-233-24-06, 8-701-405-0424, 8-705-209-3584

Электронды пошта: wb06@mail.ru, gmc_kaldar@mail.ru

Серіктес жаңалықтары