ГЕНДЕРЛIК САЯСАТ НЕНI КӨЗДЕЙДI?

ГЕНДЕРЛIК САЯСАТ НЕНI КӨЗДЕЙДI?

ГЕНДЕРЛIК САЯСАТ НЕНI КӨЗДЕЙДI?
ашық дереккөзі
339

Ең алдымен, қазақтар бүгiнгi таңда өз елi, өз жерiнде қандай қабiлет-қасиетке ие, сондай-ақ, ол қандай қауiптермен бетпе-бет келiп тұр, бүгiнгi тұрпаттағы қазақ ХХI ғасырда жер бетiнде аман-сау қалуы үшiн қандай сан мен сапаға қол жеткiзуi керек деген сұрақтарға жауап iздеген жөн болар.

Жалпы исi қазақты өзгелердiң аяғына жығып беру, жүгенсiз шеттету, шектеу, ноқталау не үшiн, кiм үшiн тиiмдi? Осы тұста басын ашып алатын мәселе: жалпы қазақтың басындағы жағдай қазақ жерiнде бiрге өмiр кешкен басқа ұлт-ұлыстар өкiлдерiнiң ешқайсысында, тiптi ТМД елдерiнiң бiреуiнде де жоқ. Айталық, қазақ халқы өзiнiң тарихи даму сахнасында сан рет еселенiп өлу, сансырау мен мұрттай қырылу үрдiсiн бастан кешiргенмен, жаңа бiр серпiлiске түсуге, еселенiп көбеюге мүмкiндiгi болмай, отырғаны белгiлi. Әлбетте, кешегi орыс империясы қазаққа қорлық-зорлықтың өлшеусiз уын iшкiзiп, жүгенсiз азап пен тозақтың түтiнiне талай тұншықтырды. Нәтижесiнде елi, жерi, ұл-қызы үшiн адал туып, шын мәнiнде ат үстiнде жарық жұлдыздай жарқырап жүрер жанкештi, халықшыл қауымынан айрылып, оның орнына екiжүздi сатқын, жағымпаз, мәңгүрт тобыр көбейдi.
Қазақ арбауға алданбас күн туа ма?
 

Батыс Еуропалық елдердiң тек азғаны мен тозғанына мәз болып, сырты жылтырақ бiткеннiң бәрiне қызығушылық және оны қоғамдық өмiрiмiзге зорлап енгiзуге тырысушылық бiздi қайда апарады?!

Өртше қаулаған сол жылтырақтардың iшiнде қандай құпиялы сыр, сиқырлы қыр бар? Бүгiнгi және ертеңгi ұрпаққа қандай ұтымды пайда әкеледi? Ең алдымен, оның пайдасы басым ба, әлде апатты аждаһасы басым ба? «Сырын бiлмеген аттың сыртынан жүрме!» демекшi, әлгi жылтырақтың iшiне жан-жақты үңiлiп, зерттеп, сараптап, оның ұтымды не ұтылыс тұсын айқындап жатқан ойлы азаматтар тiптi аз. Iшiнде итi ұлыған сұрқияның қашанда сырты бүтiн, iшi түтiн боларын ұғатын уақыт жеттi деп ойлаймыз. Иә, бiлiгi мықты, жүрегi түктi, тектi көреген азаматпен ақылдаспау, санаспау ең зор қасiрет! Сыбайластықпен билiк тiзгiнiне жеткендер өтiрiктi шындай, ақсақты дыңдай етiп, саяси ұпай жинаудың әдiс-тәсiлiн керемет меңгерген. Олар даңғаза дабыра жасау арқылы елге естi жиғызбауға аса бейiм. Бiр күндiктен әрi аса алмас ойы жетiмдер халықтық мүдденi, әсiресе ұлттық мүдденi тәлкекке салумен әлек. Ұлттық мүдденi жоюға қосқан үлесiн ерлiк санап билiкке жеткен заман орнықты. Өйткенi, олар үшiн ұлт, ұл-қыздың бағасы көк тиын. Соңғы кезде билiк басындағыларды арбау арқылы үлкен бiр жымысқы күш гендерлiк деп аталатын зұлым саясатын қалай болғанда да жедел түрде санаға сiңiрiп, оны қоғамға күшпен енгiзу үшiн жанталасып жатыр. Оған қарсы тұрудың орнына қолтықтан демеп жiберуге ұмтылып жүргендер көп. Сонда егемен елдiкке ұмтылу дегенiмiз кез келген көлденең көк аттылардың идеясымен қазақтың есiн де, ұлттық байлықтың иесiн де тезiрек түбегейлi жою ма? Айталық, Л.Васильева «Гендерлiк саясат: жетiстiктер мен кемшiлiктер» («Алматы ақшамы» №149 (3781) 28 желтоқсан, бейсенбi 2006 жыл) атты мақаласында: «Еркектер мен әйелдердiң тең құқықтылығы мен бiрдей мүмкiндiктерi дегенiмiз қоғамдағы гендерлiк теңдiктi бiлдiредi» деп, қалай болғанда да қазақты iштей iрiтуге жол көрсеткендей болады. Осындай ой-идеямен қазақтың ақыл-есiн, етек-жеңiн жидырмауы үшiн, жоғын түгендеуге жеткiзбеуi үшiн, ұлттық мүмкiндiктер мен ұтымдылықтарды қайта қалпына келтiрмеуi үшiн, жасампаз бастамашылықты (инициатива) қолына мүлде бермеуi үшiн ең ұтқыр жол – ерлi-зайыптылардың арасына сына қағу, шаңырақты ортаға түсiру, ұлттың тамырына балта шабу жанталасы жаңаша өрiс алмақ. Өйткенi, сыртқы қара күштер бiздегi билiк те, зиялысымақ тобыр да өзiнiң туған халқына, оның тiлi, дiнi, дiлiне немқұрайлы қарайтынын жақсы бiледi. Олар және қазақтың көбiн (билiктi де) алдап-арбау, айтақтап құтырту арқылы өз халқына, өз ұл-қызына қарсы пайдалануға келгенде өте тиiмдi екенiне аса айрықша сенiмдi. Қазақ баланы еселеп туса көбеюi, тумаса тезiрек өшуi – аксиома. Ал қазақтың өз қолымен өзiнiң тұқымын, демографиялық өсiмiн түбегейлi өшiрудi саясатқа айналдыру – ең апатты жоспар. Себебi көкейiн тескен қазақ жерiндегi орасан зор байлық шетелдiк алпауыттарға ұйқы бермейдi. Қазақтың байлығын аңсап, ашкөзiн тiгушiлер күннен-күнге күшеюде. Өйткенi, қазақта «әй дейтiн ажа, қой дейтiн қожа жоқ» екенiне көзi әбден жеткен. Құдайым-ау, қазақ өз елi, өз жерiнде тым қорғаусыз болса, ол сонда қайтып көбеймек?! Қазақтың негiзгi ұлттық байлығы – басқаның шайлығына айналды. Мұндай қауқарсыз, дәрменсiз ұлт аждаһалы саясатқа қалай қарсы тұрмақ?! Әрине, еркектер мен әйелдердiң табиғатында ерекшелiк барын ешкiм жоққа шығармайды. Ал ақыл-ой және рухани даму жағына келсек, Алла Тағала кемелдену және Құдайға жақындауда, қоғамды көркейтудегi ұлағатты қызметтерде еркектерге де, әйелдерге де бiрдей құқықтар, мүмкiндiктер сыйлады. Исламда, әсiресе қазақ қағидасында әйел ең құрметтi, әрi ең қасиеттi орынға ие. Әйел ең алдымен отбасында тектi Отағасын хан тұту арқылы нағыз ардақты ана, тектi ханша болуға жаралғаны үшiн бақытты. Қазақ қызын арға, ұлын нарға балаған, iзеттiлiгiн келiнiнен, татулығын абысыннан тапқан. Қазақ қызын үкiлеп ұстап, алақанында аялаған. Адамзаттың бақыты да, жұмағы да әйелдiң табаны астында деген де сөз бар. Оның ең негiзгi мiндеттерiнiң бiрi – бала туу, өнегелi тектiнi тәрбиелеу. Әлемде одан асқан бақыт болуы мүмкiн бе?! Ұлттың ең орасан зор байлығы да, бақыты да – Бала болса, ал Ана болып бала туу – теңдессiз бақыт. Сондықтан да жас ұрпақты тәрбиелеу қарадүрсiн немесе оңай шаруа емес. Қоғамның рухани ахуалы, ұлттың қуаты мен ұлылық құдiрет деңгейi дәл осы iске тiкелей байланысты.
Батыстық дүбәралыққа құлшыну – қазақты апатқа жығу
 

Еуропалық батыс қоғамында әйел бостандығы мен құқықтары туралы бұрыс көзқарас орын алуда. Ондағы феминистiк қоғамдар әйелдерге деген шектен шыққан әдiлетсiздiк пен қанаушылықтан туындаған. Шындыққа жүгiнсек, жалпы әйелдердiң артта қалуына, әрi қорлық-зұлымдыққа ұшырауына, әрi жабайы (жезөкшелiк) құрдымға жығылуына ең алдымен озбыр үстемдiкке құштар батыс идеологиясы мен дүбәра мәдениетi кiнәлi. Бұл – бiр.

Екiншiден, еуропалық елде ортақ ұлттық мүдде деген ұғым да, ұлттық патриот деген түсiнiк те жоқ. Олар – ортақ жатақхана деген ұғым аясында уақытша тоқайласуды, қазықсыз, отансыз, опасыз үрдiс пен дәстүрдi қалаған ел. Бiздiңше, бұндай елдiң де, мемлекеттiң де келешегi күмәндi. Өйткенi, ерте ме, кеш пе, әйтеуiр түбiнде өзiн-өзi жоятыны сөзсiз. Сондай-ақ өзге елдiң жерiне, байлығына үнемi жүгенсiз озбыр басқыншылық жасауға, әсiресе, АҚШ–тың аса құштар мүдделiкпен құлшынуының ақыры, әлемдiк әдiлет пен тәуелсiздiк үшiн күрескен сыртқы ғаламат қаһарлы күштердiң жұдырықтай жымдаса бiрiгуiне, сөйтiп қарақшы опасыз елдi, мемлекеттi тезiрек түбегейлi жоюға мәжбүрлейтiнi хақ. Ал, бiзде қазақ елiнде әйелдердiң ерлермен тең құқылы екендiгi Ата заңда тайға таңба басқандай айқындалған. Бiр не екi баладан артық тумас әйелдердiң (қоғамдық, мемлекеттiк тұтқалы iсте белсендi) саны жалпы қызметкердiң 60%-ын құрайды. Бұндай ерекше артықшылық пен басымдылық басқа шетелдiң ешбiреуiнде де жоқ. Ең өкiнiштiсi сол, өз елi, өз жерiндегi санының өте аздығынан қазақ көптеген ұлттық байлығынан да, ұрпағынан да, басқа да өзектi дiнiнен айрылды. Олай болса, бiзге ең өзектi мәселе: жедел түрде ұлттық асылды ардақтап, етек-жеңдi жинастыру, жоғымызды түгендеу, ұлттық құндылықтар мен шоқтығы биiк ұтқыр өзгешелiктi қайта қалпына келтiрудi қолға алу жөн. Әйтпесе, бiздi жаһандану, ғаламдану, ДСҰ (ВТО) т.б. жойқын саясаттар бiртiндеп жұтып қояды. Бұл аталған күштердiң бiздiң елдегi ықпалы да, қуаты да ерекше. Неге? Өйткенi, бiз, қазақ ең негiзгi өмiрлiк өркендеу тiзгiнiн босатып алғандаймыз. Жалпы бiз қандай саясат ұстансақ та, оған ең алдымен халықтық, ұлттық мүдде, ұлттық қауiпсiздiк тұрғысынан қарауымыз керек. Бiз – кешегi империялық озбыр саясаттың, үстемдiкке құмар қитұрқы идеологияның қанды балақ қақпанына түсiп, тежеусiз аз санға құлдыраған, азып-тозу тозағына ұшыраған халықпыз. Сондықтан да бүгiнгi қазаққа тек ұлттық идеология, ұлттық құндылық ауадай қажет. Сол себептi отбасы бақытының ең басты кепiлi – ерлi-зайыптылардың өз мiндеттерi мен құқықтарын жетiк меңгеруiнде болса керек. Бiрақ бұларды бiлумен шектелу шаңырақ бақыты мен береке-бiрлiгiн сақтай ала ма? Олай болса, ерлi-зайыптылардың құқықтары мен мүмкiндiктерiн, сонымен қатар олардың кемшiлiгi мол, ұлағаты зор сыйластықтарын санаға шегелеп сiңiру құдiретiн шыңдай түсу абзал.
Аузы күйген үрiп iшедi
 

Кешегi Кеңестер үкiметiнiң тең праволы идеологиясынан қазақ не ұтты? Сөз жоқ, тек қана ұтылды. Қайта бас көтере алмас халге тақады. Қазақтың отбасын иесiз жасау ұтқыр тәлiм-тәрбиенi құлатты. Ұлттық құндылық пен ұлылықты, озық дәстүр мен шоқтығы асқақ өзгешелiктi жойды. Батысқа елiктеп, отағасының қадiр-қасиетiн жою арқылы, қызымызды көкек етiп, тастанды балалар мен жетiм қарттардың санын көбейттi. Өкiнiштiсi сол, қазiр қазақты қорлау, оған қарсы қастандық жасаудан ешкiм қорықпайтын сияқты. Өйткенi қазақтың құқығын қорғар саяси билiктiң босаңсығанына олардың көзi жеткен. Әйелi желiгiп азған елдiң болашағы жоқ. Осынау ащы сабақтан билiк басындағы бүгiнгi қазақ қандай қорытынды жасады? Бұл да белгiсiз.

Абзалы бiз, қазақ жұрты жан-жақты жаппай оянып, жымдасқан жұдырықтай жұмылып, қайткенде де осынау гендерлiк саясатқа қарсы шыққанымыз жөн болар. Әйтпесе, қазақ дербес тәуелсiздiктен, азат еркiн елдiктен, ұлт есебiнде еселенiп, өсiп-өнуден, тiптi өзiнiң Атамекенi – алтын қазықты тұғырынан айрылып қалуы әбден мүмкiн. Заң сараптаудан өтпесе де, қолданыс жарығына шықпаса да, гендерлiк саясатты қалай болғанда да өте пәрмендi түрде қоғамға күштеп сiңiру жоспары жасалынып, оны жүзеге асыру iсi әлдеқашан нақты жүйеге түскен. Айталық, бұқаралық ақпарат құралдары мен баспаларға қатысты тендер өткiзу науқанында гендерлiк саясатты ерекше басымдылықпен жедел түрде жүзеге асыру мақсаты тайға таңба салғандай айшықталған. Мәселен, 2006-2016 жылдарға арналған кешендi мемлекеттiк бағдарламадағы №44,45 және 97 лоттарда көрсетiлген жанталасты iс-шаралардың Алатауды жығардай екпiнi бұған толық куә. Демек, қазақтың көпбалалы болуға ынтық ықыласын iс-жүзiне жедел де мiнсiз асыру қақында Елбасы үнемi әрi ұйытқы, әрi қорғаушылық құдiретiне айналса деймiз. Ұлттық әл-ауқаты мен қуат-жiгерiн тек аса айрықша мүдделi басымдылықпен жедел түрде күшейтпей, шын мәнiнде нағыз қазақ мемлекетi болу, елдiктi жөнге түсiру мүмкiн емес. Шын мәнiнде, ұлт үшiн шын адал, нағыз әдiл тұлғаға лайық туған 1-шi балаға 1 мың $, 2-2 мың, 3-3 мың, 10-10 мың $, сондай-ақ 7 жасқа толғанша ай сайын 300-500 $ берiп, басқа да көптеген (баспана, дәрi-дәрмек, ем-дом, жолақы, коммуналдық, жарық, телефон т.б.) қызмет түрiн Ана мен Бала үшiн аса қатаң түрде тегiн қамтамасыз етуге бiзде мүмкiндiк асып артылады. Сондай-ақ, әйелдiң кешегi 50-55 жаста шығар зейнеттiк демалысы жедел қайта қалпына келуi қажет. Түйiн сөз. Әйелге қатысты дәстүрлi тiрлiктi бұзу – ұлттық мемлекеттiктi өшiру, ұлттық тамырға балта шабу, азат еркiн елдiктi жою. Бүгiнгi билiк қазақ ұлттық мүддесiне жанқияр түрде мiнсiз қызмет етпейiнше, iс оң үрдiстi өркендеу қадамына ешқашанда бағыт алмайды. Жүгенсiз идеологяидан бас тартатын кез әлдеқашан келдi. Кешегi қаһарман халқымыз өзiн де, өзiнiң алтын мұрасы мен асыл үрдiсiн де қызғыштай қорғаштап күресiп жүрiп, бүгiнге жеткiздi. Оның асылымен жасығын ажыратып саралау – ең алдымен бiздiң ұрпақтың мiндетi.
Молдағали МАТҚАНҰЛЫ, жазушы  

Серіктес жаңалықтары