ЖАЗУШЫЛАР ПЛЕНУМЫ ЖӘНЕ ТЕМIР ТАҒАЛЫ ПОЛИЦЕЙЛЕР

ЖАЗУШЫЛАР ПЛЕНУМЫ ЖӘНЕ ТЕМIР ТАҒАЛЫ ПОЛИЦЕЙЛЕР

ЖАЗУШЫЛАР ПЛЕНУМЫ ЖӘНЕ ТЕМIР ТАҒАЛЫ ПОЛИЦЕЙЛЕР
ашық дереккөзі
247

Өткен жұмада, 6 сәуiр күнi Қазақстан Жазушылар одағының кезектi IV Пленумы өз жұмысын аяқтады. Соңғы рет шақыртылған мұндай алқалы жиыннан берi бiршама уақыт өткендiктен болар, қалам иелерi – ақын-жазушылар үйреншiктi самарқаулықты сырып тастап, әдеттегiден гөрi ұйымшылдықпен бас қосқан. Күн тәртiбiнде маңызды екi мәселе: Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2007 жылғы Қазақстан халқына Жолдауын талқылау және Қазақстан жазушыларының кезектi сьезiн шақыру мен оның өтер күнiн белгiлеу.

Мiнберге шыққан көрнектi әдебиетшiлер, аға буын ақын-жазушылардың бiрсыпырасы келiсiп алғандай-ақ өз сөздерiн: «Мен мына жерге шығып, сөз сөйлейiн деген жоқ едiм, бiрақ… » (Одан әрi шығып сөйлеуiнiң себептерi айтылады), – деп бастаған шақта, залда отырған тыңдаушылардың бiрқатары: «Апыр-ай, жүректен шықпаса жүрекке жетпеушi едi. Сөйлегiсi келмесе, айтары болмаса әуре боп мiнберге бекер шықты-ау», – деп аяушылық бiлдiре сыбырласқан.

Сөз алғандардың басым бөлiгi осынау қасиеттi ордада – Жазушылар одағының әдемi залында халықтың, ұлттың мүддесi айтылуы керек екенiн, көпшiлiктiң мұңы сөз болуға тиiстiгiн айтып, келелi кеңеске шақырып, нарық заманында бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаруға, ортақ кәсiп иелерi – ақын-жазушыларды ауызбiрлiкке, татулыққа үгiттеуге күш салды.

Түркiстаннан осы жиынға арнайы келген көрнектi сыншы Құлбек Ергөбеков: «Елге қонаққа келген ақын-жазушылардың кейбiрiн аудан әкiмдерiмен, лауазымды адамдармен таныстырсаң бiттi, кейбiрi әлгi әкiмдi сөзбен ұлы адам жасап, өзi кiсiлiгiн ұмытып жалпақтайды. Жағымпаздығына, жадағайлығына жаның күйзеледi», – деген мәнзелде ащы пiкiр айтып, қаламгерлер қауымына өкпе-назын бiлдiрдi, жанды жараның аузын тырнады. Белгiлi сатирик Есенжол Домбаев кезiнде Д.Қонаевтың Ресей қарамағына өтiп кеткен алты ауданды қайтарып алуға өлшеусiз еңбек сiңiргенiн тiлге тиек ете келiп, Батыс аудандардың бiрiн Қонаев атына беру туралы орынды ұсыныс жасады. Бұлардан басқа да талай шешен өздерiн толғандырған келелi мәселенi сөз еткен. Өкiнiшке қарай, аса маңызды жайт, соңғы күндерi жұртшылықты алаңдатқан ауыр оқиға туралы сөз қозғалар түрi жоқ. Әлде ол мәселенiң қазаққа, әсiресе, қазақ жазушыларына қатысы жоқ па? Қысқа сөз сөйлеуге , дәлiрегi ұсыныс айтуға мүмкiндiк берулерiн өтiнiп Пленум төралқасына тiлдей қағаз жiбердiм…

«Қазақ әдебиетi» газетiн, «Жұлдыз», «Ара», «Простор» журналдарын Жазушылар одағының қарауына қайтару мәселесi де қозғалды. Дұрыс, өтпелi кезеңнiң ауыр өткелегiнде – экономика дағдарысқа ұшыраған қиын шақта аталмыш беделдi газет-журналдарды сақтап, шығарып тұруға ешкiмнiң жеке қалтасынан жарты күреш тиын шығын болмаса, жеке меншiкке өтiп кетпесе неге қайтармасқа?! Тек, нарықтың ауыр сынағынан аман алып қалу үшiн бойдағы күш-қуатын сарыққан, аянбай тер төккен азамат, көп жылдар бойы «Қазақ газеттерi» АҚ-ның президентi қызметiн атқарған Жұмабек Кенжалин мырзаға шын жүректен алғыс айтуды ұмытпаған ләзiм шығар.

Он бес шақты ақын-жазушы, әдебиет сыншылары өздерiн толғандырған, әрбiрi өзi маңызды деп санайтын түрлi мәселелер туралы ой бөлiстi. Тiптi, қызу қанды ақынның кейбiрi дүрiлдетiп өлеңiн оқысын. Бiрақ, өзiм күткен сөз әлi айтылар түрi жоқ. Шынымен қазақ қаламгерлерi әдебиет майданының сарбаздары – ақын-жазушылар өмiр шындығы, қоғамда орын алып отырған қайғылы оқиғалардан мақұрым, бейтарап қалғаны ма? Ұлттың намысын жыртып, халықтың сөзiн сөйлеудi басты парызы санайтын ойпаздар дәп Алматының iргесiнде болған трагедиядан тыс қалмақ па? Болып өткенiне әлi бiр ай да тола қоймаған, адамдардың қайғылы өлiмiне әкелiп соққан қанды оқиға олардың жанын жеп, жүрегiн ауыртпағаны ма? Әлде қоғамда соңғы жылдары жиi айтыла бастаған, кейбiр ақпарат құралдары алақайлай жалаулатып жүрген «Зиялы қауым ба, зиянды қауым ба?» деген риторикалық сұрақ қаламгерлер қауымының шын бет-бейнесi болғаны ма?!

Шыдамсыздана орнынан тұрып: «Құлдан да бiр сөз, қысқа сөйлеймiн, тiптi ұсыныс десе де болады», – деп тағы да дауыстап қайталадым өтiнiшiмдi. Менiң кезегiм кейiнге қалдырылды әрi көп ұзамай-ақ жазушылардың кезектi Пленумы тарқады…

Пленумда не айтылмай қалып едi? Ең өкiнiштiсi, өткен наурыз айының 18 күнi Маловодныйдан басталып, Қазаткомда бес адамның өмiрi қиылуымен аяқталған аса ауыр оқиға болмағандай-ақ ақын-жазушылар жақ жармады. Өздерiнiң көзқарастарын, бұл оқиғаны қалай деп бағалауға болатынын сөз еткен де жоқ. Ал қоғамда бұған әркiм өз әлiнше баға беруге тырысуда, БАҚ-тар да өздерiнiң ой-пiкiрлерiн жеткiзуден тыс қалмай отыр, елдiң арасында қауесет көп.

Қазақстандағы БАҚ-тардың көбiсi осы мәселенi, шетiн де, аса нәзiк жағдайды жазып, көрсетуде салқынқандылық, сабырлылық танытқанын билiк те мойындайды, құқық қорғау орындары да iштей риза.

Бiрақ, қоғамымызда мұндай оқиға нелiктен орын алды, қанды оқиғаның осыншама өршуiне не себеп болды деген сұраққа түбегейлi жауап табылғанша мұны сан-саққа жүгiрту өршiмесе, кеми қоймасы аян. Бұл ұлт аралық дүрдараздық емес, осыған дейiн қордаланған кикiлжiң де емес, тек тұрмыстық төбелес қана, әлеуметтiк теңсiздiк салдарынан адамдардың ашу-ызасы туындап, бой бермей кеткен деп тiгiсiн жатқызуға болатын да шығар. Сөйтсе де, мұндай төбелестер, екi жiгiттiң жаға жыртысуы елiмiздегi кез келген қала, елдi мекенде болуы ықтимал, күнделiктi болып та жатқаны күмәнсiз, бiрақ оның бәрi осындай трагедияға ұласқан жоқ, ұласпайды да. Ал нелiктен Қазаткомда бұл оқиға жаппай тәртiпсiздiк, адам өлiмiне әкелiп соқты?

Яғни, анығы бiреу – Қазаткомдағы жергiлiктi ұлт өкiлдерiнiң ашу-ызасы шырқау шегiне жеткен және бұдан әрi адам төзгiсiз жағдай қалыптасқан.

Өткен жылғы Атыраудағы құрылысшылардың төбелесi, одан кейiнгi Шелектегi оқиға, Қазатком трагедиясына ортақ бiр жайт бар және ең өкiнiштiсi – ол елiмiзде тұрақты тенденцияға айнала бастаған сияқты. Осы үш кикiлжiңнiң өзара ұқсастығы сол, оқиға, жанжал әуелi қазақ азаматын ұрып-соғып, азаптап, намысын қорлаудан басталған бейбастақтық өзiнiң жазасыздығына мейлiнше сенiмдiлiктен туындайтын сияқты. Яғни, жәй ғана төбелес, тiптi, күшi жеткендердiң жабылып ұрып-соғуы ғана емес, «Маған (бiзге) түк те iстей алмайсыңдар!» дегендi әдейi атап көрсетiп, адамды қорлаудан басталып, одан әрi шиеленiсе түседi.

Шелектегi оқиғада шектен шыққан бейбастақтар, зәбiр көрген бейкүнә жiгiттiң құлағын кескен. Интернет материалдары осылай дейдi. Ел iшiндегi ұзынқұлақ та. Оқиға осыдан кейiн ғана ырық бермей, жаппай төбелеске ұласқан көрiнедi. Тағы бiр қауесетке қарағанда, сол зәбiр көрген жiгiт кейiнiрек намысқа шыдай алмай, өзiн-өзi дарға асқан-мiс. Олай болмауы да, намысқой азаматтың аман-сау жүруi де ықтимал, ләйiм солай болсын, бiрақ оның бұдан былайғы өмiрiнде, жеке тағдырында үлкен өзгерiстер орын алғаны даусыз. Iшкi жан-дүниесiнде, өмiрге көзқарасында. Ол азаматқа психолог дәрiгерлердiң ғана емес, «адам жанының инженерлерi» – ақын-жазушылардың да көмегi ауадай қажет шығар.

Қазатком трагедиясы да, Бауыржан Сәлiмбаевты жәй ғана аяғынан атудан бастала қоймаған, мәселе одан гөрi тым тереңiректе. Иә, бұл оқиғада қылмыстық реңк басым екенiне ешкiм шәк келтiрмейдi. Мұны Алматы облыстық Iшкi iстер департаментiнiң бастығы, генерал-майор Бағдат Майкеев мырза да мойындайды. Генерал мырза оқиға туралы берген түсiнiктемесiнде: «После ссоры в кафе Тахир Махмаханов ранил своего соперника Бауржана Салимбаева в ногу из травматического пистолета «Оса». Потом Тахир организовал импровизированное сафари: вместе с двоюродным братом на джипе гонял раненого по поселку, как зайца», – («Караван газетi, №12, 2007 г.) деп асқан қатыгездiктiң шындығын ашты. Жоқ, Тахир Махмаханов пен оның немере бауырына өздерiнiң қарсыласын жаралау аз болған, мiндеттi түрде намысын қорлап, жаралы адамды машинамен бастырмалатып, қараңғы көшелермен безiлдете қуалау қажет әрi мұны адамдар бақылап тұруға тиiс көрiнген. Азаматты ақсақ құландай көрiп, өздерiн хан ұлындай сезiну керек болған. Сонда, соңынан абажадай джип машинасы қуып келе жатқанда, жаралы аяғынан қан саулап, тән мен жаны шыдатпай ауырған қараңғы түнде қазақ азаматы не күйде болды екен, миында қандай ойлар шарпысты? Шарасыздығына қорланып, ызадан, намыстан көзiне жас алды ма, өз туған Отанында осындай қорлық көргенiне қапаланды ма? Басқалар оны бiле алмайды…. Тек «Ақсақ құлан» күйiнiң қайғылы әуендерi ызыңдайды құлақта. Осыдан кейiн көшеге жиналғандарды, кек алғысы келгендердi тұяқ серiпкендерi үшiн айыптаудың өзi де ыңғайсыздау. Елбасы Н.Назарбаев дүйсенбi күнi тележурналистермен кездесуiнде: «Бiздiң елiмiз – ортақ, дегенмен қазақтар этникалық тұрғыдан көпшiлiктi құрайтындықтан, олар үлкен жауапкершiлiкке ие… Қалған этностар, әсiресе жер аударылғандар кезiнде қазақтардың оларды қонақжайлықпен қарсы алғанын ұмытпауы керек»,– деп ерекше мән берiп айтты. Елiмiзде ұлтаралық жанжалға жол жоқ, бiрақ қазақтар өздерiне деген құрмет күтуге құқылы.

Әрине, заң бар, бiрақ адам, жiгiт намысын қайда қоямыз?! Осы орайда көрнектi ұлт қайраткерi, алаштың арысы Смағұл Садуақасов өткен ғасырдың сонау жиырмасыншы жылдары жазған «Қостанай-Торғай» атты мақаласындағы жантүршiгерлiк суреттер көз алдыға қайта оралады. Онда Қостанай қазақтарының ауыр хәлi суреттелiп, совет өкiметiнiң орыс пен қазақты алалап отырғаны айыпталады. «…Бiз не қайрат қылушы едiк? Қазақ… Қазақты бiлесiз. Қазақтың қолынан не дәрмен келедi? Қойша айдаған жаққа жүре беру! Қырса, үндемей қойша қырыла беру! Бiз – мал емес пе? Бiз…

Тағы да бiр нәрсе айтқалы келе жатыр едi, мен кейiп:

– Малмын деп қырыла бересiңдер ме? – дедiм.

– Қырыла бермегенде қайтемiз. Қырыла беремiз-дағы…

«Бiз мал емес пе? Қырса, қырыла беремiз-дағы…»

Бұл сөздi айтып келе жатқан мына қасымдағы қазақтың ойы әбден өзiнiң малдығына үйренген, әдеттенген. Оның ойлауынша, һәм әдеттенген сенiмiнше, қазақ – мал, казак-орыс – қасқыр. Қазақ қырылу керек, казак-орыс қыру керек.

«Қырыла беремiз-дағы» – деген сөз жүрегiме оқтай тидi. Бұл не деген жуастық, өлiмге мойынсұнғандық? Бүйте берсе қашан бұл қазақ адам болады?», («Қазақ» газетi, №14-15, 2007 ж.) – деп жүрегiнен қан тамып жазыпты қайран арыс Смағұл Садуақасов.

Қазiр жаңа ғасыр, Әнұранында:

«Ежелден ер деген,

Даңқымыз шықты ғой,

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой»–,

деген асқан жолдар жазылған Тәуелсiз мемлекетке өз атын берiп отырған қазақтың ұл-қыздары түбегейлi өзгерген. Олар – намысшыл! Бiрақ, қазақты бұрынғы жуас, көнбiс қалпында ғана көргiсi келетiндер де көп бүгiнгi қоғамда. Басынан таяқ арылтпасақ дейдi. Темiр тағалы полицейлердiң Қазаткомдағы кей әрекеттерi қалыптасқан осындай келеңсiз жағдайды анық байқатты. Осы оқиғаны бүге-шiгесiне дейiн жасырмай көрсеткен телеарналардың бiрiнде еш қарсылық танытпай, басын қолдарымен бүркеп құлап жатқан жас жiгiттi (көргендер «сiрә, қазақ жiгiт-ау», дестi) аямай ұрып-соғып, темiр тағалы етiктерiмен тепкiлеп жатқан үш-төрт тәртiп сақшыларын көрсеттi. Темiр дулыға киiп, қалқан ұстаған әлгi полицейлер құрбандықтарын соншалық өшпендiлiкпен, ата дұшпанынан кек алғандай өршелене тепкiлеген сұмдық әрi қорқынышты көрiнiс болатын. Егер әлгi жiгiт тәртiп бұзушы, құқық қорғау қызметкерлерiне қарсылық танытушы болған күннiң өзiнде де ол жерге құлағаннан кейiн қолына кiсен салып, тұтқындауға болатын едi ғой. Онсыз да ашынған адамдарға осыншалық тағылық, қанiшерлiк көрсету қандай адамшылыққа жатады? Егер әлгi полицейлер қазақ болса, олардың бойына осыншама өшпендiлiк пен жауыздық қайдан бiттi, егер басқа ұлт өкiлi болса, олардың мұнысы қалай?! Олар заң аясында әрекет еттi ме, әлде бiреудiң жөнсiз бұйрығын орындаушылар ғана ма? Соншалықты қатыгез бұйрықты кiм бердi? Айтпақшы, Қазаткомда көшеге шыққан кейбiр адамдар жергiлiктi және басқа да құқық қорғау адамдарына сенбейтiнiн бiрден мәлiмдеген болатын теледидардан. Мұндай сенбеушiлiктiң астарында не жатыр? Полицейлер демекшi, 25 наурызда ағайынды үш тәртiп сақшысы Алматы-II вокзалының жанындағы «Бодрум» кафесiнде бiр адамды өлтiрiп, екi адамды ауыр жаралаған. Әлгi полицейлердiң бiрi – Алматы облыстық Iшкi iстер департаментiнiң оперативтi қызметкерi Маловодныйда болған және кейiн де тапаншасы өзiмен бiрге жүрген көрiнедi. Тағы да Смағұл Садуақасовтың жазғаны айна-қатесiз қайтып оралғандай. «Ел iшi болса, дiкiлдеген, оң мен солға қарамайтын продагенттер, дөңкiлдеген ұзын шашты милициялар. Iстегендерi зорлық, зомбылық: қиянат, қырып кету, жойып кету», – деп күйзелген едi қайран арыс! О Тоба, 80-90 жылдан соң қазақтардың басына баяғы қара күндер қайта оралып жүрмегей. 2006 жылы Iшкi iстер министрiлiгнде 182 коррупциялық қылмыстың бетi ашылды. Iшкi қауiпсiздiк департаментiне полицейлердiң үстiнен 9200 арыз-шағым келiп түскен. 673 шағым негiзiнде Iшкi iстер органдарының 1745 қызметкерiне тәртiп шаралары қолданылған. Иә, мұның бәрi мұзтаудың көзге көрiнер жағы ғана сияқты, жазаланбай жүргенi қаншама?!

Махмахановтар отбасының иелiгiнде 600 гектар жер және ауыл iргесiндегi су қоймасы болғаны анықталған едi. Кейбiр ақпарат құралдары кикiлжiңнiң өрiстеуiне әлгi жер мәселесi түрткi болған дегендi сыздықтатып жеткiзуге әуес. Әдiлiн айтсақ, әңгiме жерде емес секiлдi, өйткенi одан да көлемдi жерлерге ие боп отырғандар жетерлiк. Ал су қоймасының жөнi бөлек, суармалы жерлерде сусыз қалған танаптардан түк өнiм алынбайтыны тайға таңба басқандай. Дүрдараздықтың өршуiне осы су қоймасы мәселесi себеп болған жоқ па? Жалпы суармалы жерлерде су қоймаларын жеке меншiкке беру қаншалықты қисынды? Мұның соңы болашақта да осындай талай кикiлжiңдерге ұласуы мүмкiн екенiн ұмытпау және тез арада ескеру керек шығар.

Оған қосымша құқық қорғау, тергеу орындары ескерер аса маңызды жайт бар сияқты. Заңды аяққа таптау, қантөгiс қай сәтте басталды? Тас, таяқпен ғана қаруланған топ қоқан-лоққы жасағанда ма, әлде алғашқы оқ атылған сәтте ме? Алғашқы оқ атылмаса жиналғандар шулап-шулап тарқасып кетуi мүмкiн едi ғой. Кейбiр дерек көздерiне қарағанда, қарақұсынан оқ тиiп өлген қазақ жiгiтi жиналғандарды тәртiпке, тарқауға шақырып тұрғанда қаза тапқан көрiнедi. Бәлкiм, оның сөздерi әсер етiп, жиналғандар шешiмдi қимылға кiрiспей тарқар ма едi?! Қалай болғанда да, солай болуы ықтималдығын жоққа шығару мүмкiн емес.

Тағы бiр сорақы жайт қоғамды ерiксiз алаңдатып отыр. Мәселен, осынау қайғылы жағдай, шетiн де нәзiк оқиғаға кейбiр орыстiлдi БАҚ-тар әлден-ақ өзiмбiлермендiк, ожарлықпен ат қойып, айдар тағып үлгергенi қалай? Өткен аптада «Караван» газетi «Трагедия Казаткома: это была провокация» деген тақырыппен мақала жариялады. «Как теперь выясняется, среди тех, кто штурмовал дом Махмахановых, местных жителей было не более десятка. Остальные прибыли из Алматы, Каскелена и даже Шымкента, из сел Қайрат, Акчи и Шелек.

По сути, речь идет о заранее спланированной преступной акции, в которой местным жителям была уготована роль козлов отпущения», – деп көсiледi мақала авторы Олег Губайдулин.

Губайдулин мырза әлден, мәселенiң ақ-қарасы толық ашылмай жатып-ақ бұл трагедияның күнi бұрын жоспарланып қойылған «қылмыстық акция» екенiне сенiмдi және жиналған қазақтарды ашық айыптап отырған сияқты. Қаскелең, әсiресе, Шымкенттен келiп үлгеру мүмкiн емес, ал Шымкентте туып-өскен азаматтар болуы ықтимал. Ең сорақысы сол, егер ол кикiлжiңге Ресейде туғандар, тiптi, өзге де мемлекетте өмiрге келгендер қатысса Ресейден,алыс шет елдерден де «арандатушылар» келдi демек пе? Жалпы жеке азаматтың намысын қорғауды өз намысымды қорғау, сол арқылы ұлт намысын қорғау деп бiлетiндердiң бәрiн «арандатушылар» деу қисынды ма? Қазаққа келгенде өзге тiлдi басылымдар, өзге ұлт өкiлдерi нелiктен айтқыш, қалай батыр?.. Бiз ше?.. «Бiз – мал емес пе?»

Сонда қалай, Қазаткомдағы жергiлiктi ұлт өкiлiнiң тағдыры Қостанай қазағын ойлантпауға тиiс пе, Жамбыл облысы, Талас ауданының қарапайым, момын қазағына талдықорғандықтар жан ашырлық танытса мұны да «арандату» деймiз бе?! Барша қазақтың намысы бiр деп ойламайтын Олег Губайдулин сияқтылар орыс патшаларының «Бөлiп ал да, билей бер!» деп ұстанымынан әлi күнге арыла алмай жүрген болар?! Сұрақ көп, уақыты келгенде оларға да жауап берiлер. Осындай, жұртты алаңдатқан басқа да сансыз сұрақтарға жауап iздеп, Жазушылар одағының арнайы комиссиясы Қазаткомға барса, жергiлiктi халықтың жағдайымен танысып, сөйлессе, қоғамды мазалаған сұрақтарға елмен бiрге жауап iздесе деген ұсыныс айтқым келген едi Пленумда. Сөз тимедi… Ал қазақ қаламгерлерi, ақын-жазушылар бас қосқан сол алқалы жиында халықтың, ұлттың сөзi айтылмай қалғандай көрiндi маған. Әлде, айтылды ма?!.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары