ҚҰБЫЛАСЫН IЗДЕУМЕН ӨТКЕН ҒҰМЫР

ҚҰБЫЛАСЫН IЗДЕУМЕН ӨТКЕН ҒҰМЫР

ҚҰБЫЛАСЫН IЗДЕУМЕН ӨТКЕН ҒҰМЫР
ашық дереккөзі
248

«Өмiрдегi ұстазың кiмдер?» деген сұрақ қойылса, мен әуелi Садықбек Хангелдиннiң атын атар едiм. Ол кiм дерсiз? Ол — ақын. Қайраткер. Азамат. Үш сипаты да бойына сыйып тұрған жан.

Садықбек Хангелдин туралы оның «Құбыласы» арқылы сөйлегенiмiз дұрыс болатын шығар. «Құбыла» — бiр адамның өмiрiнен жазылған деректi роман. Тақырып-тақырыптарға бөлiнген, әр тақырып бiр тараудың жүгiн көтерiп тұр.

Садықбек Хангелдиннiң өмiрi оқырманға нендей рухани азық бередi дерсiз? 37-нiң ызғары қақап тұрған шақта өмiрге келiп, балалық шағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келген адамның жалған дүниеде көргенi де, көңiлге түйгенi де көп болса керек. Кiтапты оқып отырып, бұған әбден көз жеткiзесiң.

Әдетте, бiр айтары бар адам өмiрiнiң басты белестерiнен өткен соң, бiр тыныстап, өткен жолын сараптап, ой қорытуға отырады. Пифогорға салсақ, адам әр күнi аяқталғанда, ұйқыға кетерден бұрын өз-өзiне есеп берiп отыруы керек. Сонда ғана адамның өмiрi мазмұнды болатын көрiнедi. Бiрақ қарабайыр тiршiлiгiмiз бұған көбiне мойын бұрғызбайды. Әлденеден құр қалғандай асығамыз да жүремiз, аптығамыз да жүремiз. Бүгiнiмiздi аяқтамай жатып, ертеңгi күндi сабырсыздана күтемiз. Жалғанның өткiншi болатыны да сондықтан шығар.

«Құбыла» осы тұрғыдан алғанда автордың ең алдымен өз-өзiне есеп беруi сияқты көрiндi. «Мен өмiрде не тындырдым?» дейтiн қатал да ащы сұраққа жауап iздеу. Қатал болатыны, өмiрдiң «көбi кетiп, азы қалғанда» әлдеқалай бұл сұрақтың жауабына көңiлiң толмаса, не қыласың? Ащы болатыны, жастықтың албырттығымен болсын, жетiмдiктiң азарымен болсын, тәжiрибесiздiктiң салдарынан болсын, өмiрде жiберген қандай да бiр қателiктердiң қай-қайсысын ұрпақ алдында ашық мойындай бiлу керек. «Өткенге өкiнбе» дейдi тағы ғұламалар. Бұл да көбiне қолдан келе бермейтiн тiрлiк.

Хош, сонымен, «Құбыланың» әрi авторы, әрi кейiпкерi Салдықбек Хангелдин кiм? Балалық шағынан ауыр тауқыметтi арқалаған, бiрақ сонысын өзi ауырсынбаған, жетiмдiктiң дәмiн ерте «татқан», сөйтсе де, оқып-тоқуға ұмтылып, қоғамдық жұмысқа ерте араласқан, қызметтегi сәттiлiктi де, сәйкессiздiктердi де көп көрген адам. Жұмыр басты пенденiң басына Жаратушысы бұйыртқан қуаныш-қайғының бәрiн дерлiк көрген, бiрақ адами шүкiршiлiгiнен айрылмаған азамат. Осының бәрiн ақындық талантымен ұштастырып, қаламмен суреттей бiлген шығармашылық иесi.

Автордың өзiн сөйлетсек, «Мен кiм едiм? Кездейсоқ нәубеттер тап қылған кедейлiктiң темiр құрсауынан сығалап, көрiнгеннiң кесесiне көз сүзiп, көкiрегi қобыздай саранған мүскiн едiм. Мен кiм болдым? Жұдырықтай жүрегiнiң жұтымдай жылуын жүгiрiп жүрiп, жұртының қажетiне жаратқан әпендiнiң бiрi болдым. Ат үстiнде жүргенде өз ортама пiр едiм. Ендi мiне, өткен күнiн памдаған, болашағын барлаған, жайсаң жанға сезiм сырын сарнатқан сыны бiтпес сыр болдым». Бұдан артық айту қиын шығар.

Ұстазымнан үйренерiмнiң бiрi – «Құбыланың» тiлi едi. Тiлiнiң қазақы шебер орамын жоғарыдағы үзiктен-ақ байқаған боларсыздар. Бұлай болмасқа болмас едi. Өйткенi, автордың шыққан жерi – қазақтың қаймағы бұзылмаған Қызылорда, тәлiм-тәрбиесi ежелден аңыз болған Сыр елiнiң жыр мұрасы. Өзi – атаның үмiт қылған жалғыз ұлы, әженiң мейiрленiп, баурына басқан ерке ұлы. Бiр әулет бетiне қарап, болашағынан таудай үмiт күткен баланың басқаша болуы мүмкiн емес-тi.

«Құбыла» тек өткендi сараптау ғана емес. Көзi ашық, көкiрегi ояу азаматтың елiнiң тағдырына елгезек көзқарасын, тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi өзгерiстердi жiтi қадағалап, ертенiңе алаңдап отырған адал ниетiн бiлдiру бар. Бiрақ бүгiнгi егемендiгiмiздiң қадiрiн сараптай бiлген автор өзiнiң өткенiне өкiнбейдi, оны жатсынбайды. Менiңше, «Құбыланың» тұздығы осында.

«Мен туғанда Елiм Кеңестiк жүйенiң шарттарымен өмiр кешiп жатқан. Мен сол жүйеден тәлiм алып, сол жүйенiң шеңберiнде өсiп-өндiм.

Мен Кеңестiк жүйе құлдырап, жаңа дәуiр есiгiн ашқанда аң-таң болып, әдепкiде оны мойындай алмай, әжептәуiр абыржығанмен, мәселенiң мән-жайын барынша байыптай келiп, естен тана қуанғанымды көрсең. Осы күй Елiмiзде көп адамды шарпығанын анық сезем».

«Құбыланың» тағы бiр құндылығы – әркiмнiң-ақ бойынан табыла бермес, бiрақ шығармашылық адамы үшiн мiндеттi қасиет – шынайылық, шыншылдық.

Өткендi тiзбелей отырып, автор өмiрлiк оқиғаларды бұрмаламаған. Әдетте, тарихты тiзiп отырған жылнамашыларының өзi кейде оқиғаны әсiрелеп не бұрмалап жiберетiнi бар ғой. «Құбыланың» авторы олай етпейдi. Ешкiмдi аямайды. Өзiн де. Болғанды болған күйiнде жазады. Күйiнiшiн күйiнiшiндей, сүйiнiшiн сүйiнiшiндей жеткiзедi. Барлық тарих осылай жазылса, ақтаңдақ беттердi әлдеқашан ұмытқан болар едiк-ау. Шыншылдық дегенде, шындықты сипақтатып, әйтеуiр ақиқаттан алыстамау емес, тұп-тура шырқыратып отырып шындықты айтудың нақ өзi. Сөз қадiрiн бiлген адам бұған ренжiмес. Өйткенi, өзi үшiн ғана емес, өткен ғұмыры, заманы үшiн есеп берiп отырған адамның басқаша қылуға қақысы жоқ.

Садықбек Хангелдин өзi өмiр сүрген заман туралы да шындықты аяусыз айтады: «Тарихтан белгiлi бұл әрекеттi әңгiме қылғанда менiң есiме келетiнi ел аузында жүрген жантүршiгерлiк аңыздар едi. Ешқандай алдын-ала дайындығы жоқ жапан далаға қыстың көзi қырауда мыңдаған адамдарды кеңес өкiметiнiң әр түкпiрiнен әкелiп шашып жiбергенде, қазақ даласы қып-қызыл майдан даласына айналған. Қақаған суықта баспанасыз, төсек-орынсыз, iшер ас, киер киiмсiз, тым болмаса жұмыс жасар құрал-сайманы сай емес, жалаң ұранның жемтiгi болып, тағдыр тәлiкегiне түскен Құдайдың кiнәсiз пенделерi қазақ елiнiң етiне өшпес таңба салған, өздерiн де аямаған. Қызу насихатпен өңкерiлiп келiп қалған қызба жастар отқа түскен көбелектей күн кешкен. Келгендердiң iшiнде ойдан қашқандар мен қырдан қашқандар, қылмыскерлер мен қызық көргендер қиын сынға төзбей әуелi бiрiн-бiрi түтiп жесе, келе-келе жергiлiктi қонақжай қазақ жұртына да қырғидай тиген. Қолдан тудырған өрт көбейген. Тiптi, тамтығы қалмай жанып кеткен елдiмекендер болған. Кiсi өлтiру ушығып кеткен. Басшылар амалсыз армияны пайдалануға мәжбүр болған».

Шығармашылық адамының шындығы жайлы: «Оңашада өзiңмен қалғанда, алдыңа қағаз жайып, қолыңа қалам алғанда, сан жылдан берi жаныңды шымшып, жүрегiңдi тербеп, сезiмiңдi түрткiлеп жүрген ойлар жентектелiп келе бередi екен. Жарық дүниеден орын ала алмай, кеудеңде қыстығып жүрген керқұла сөз бұлқынып жүректi жарып ұшып, жөңкiле бередi екен, еңкiлдеп, серпiле бередi екен. Өзiмдi-өзiм ұмытып, екпiнiмдi баса алмай, елiге бердiм, егiле бердiм.

Сөйтiп, алты жылда алты кiтап әзiрлеп әрең басылдым. Алтыншысын өзiмнiң 50 жылдығымның қарсаңында шығаруға әзiрлегем. Сол 60 жылдығымның қарсаңында әрең шықты.

Мiнеки, кiтап шығарудың қазабаты осы. Бiрақ жазғандарыма әдiл бағасын алармын деген үмiтiм ақталмады. Менiң творчеством туралы ешкiм аузын ашыпғ анау екен немесе мынау екен деген жоқ. Бұл не? Iлiп алар ештеңе таппағаны ма, әлде кемшiлiгiн асырып, жақсылығын жасыра алмағаны ма? Ау, биттiң қабығындай алғашқы екi кiтабым да назардан тыс қалған жоқ едi ғой. Сапасына қарай пiкiр туған жоқ па едi? Мен оған қуанған жоқ па едiм. Маған сол қуаныш қазiр керек едi ғой. Болмаса жазғыштар көбейiп, сыншылар жетпей, кезекте тұрмын ба? Әлде сынның сыры кетiп, сыншылар самарқау тартты ма? Қалай да қайранмын. Осы үнсiздiктен шошынам».

Барша мұсылманның Құбыласы – Мекке ғой. Оған дау жоқ. Метафорамен айтқанда, әр ғұмырдың өз Құбыласы бар. Бiреу өз құбыласын табар, бiреу таппас. Бұл жөнiнде әркiм өзiне ғана есеп берсiн.

«Құбыланың» басында автор бұлай дейдi: «Мүмкiн, әлдебiр уақыттан кейiн тарихқа табынған бiр пендеге мен өмiр сүрген заман қызық көрiнiп, соның сырын ашуға талпынар. Сонда менiң жазбаларыма жолығып, өзiне керектi мысқалдай мәлiмет тауып, ол мұның мен өмiр сүрген қоғамның сипатын жасауға қалтқыдай болса да кәдесiне жарап жатса, мен тағдырыма ризамын. Iздегенi алдынан шықсын!».

Автор шежiрешiге қойылар талаптың барлығын орындайды: дәлдiк, шыншылдық, суреткерлiк.

Ендеше, кешегi заманның шежересi «Құбыла-кiтап оқырманын таба берсiн.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары