“САМҰРЫҚ” ПЕН “ҚАЗЫНАНЫҢ” САУДАСЫНА ПАРЛАМЕНТ АРАЛАСА АЛМАЙДЫ

“САМҰРЫҚ” ПЕН “ҚАЗЫНАНЫҢ” САУДАСЫНА ПАРЛАМЕНТ АРАЛАСА АЛМАЙДЫ

“САМҰРЫҚ” ПЕН “ҚАЗЫНАНЫҢ” САУДАСЫНА ПАРЛАМЕНТ АРАЛАСА АЛМАЙДЫ
ашық дереккөзі
381

Газетiмiздiң өткен нөмiрiнде бiз мемлекеттiк маңызы жоғары активтердiң жекешелендiрiлетiнi жайлы жазған едiк. Сол тақырыпқа қайта оралып отырмыз. Шындығында, бiздiң мемлекетте саудаға салынбаған актив те қалып жарымаған. Ең соңғы мемлекеттiк мүлiк, немесе ұлттық компаниялар осыдан бiр жыл бұрын «Самұрық» пен «Қазына» мемлекеттiк холдингтерiнiң қарамағына берiлген едi. Ендi, премьер-министр Мәсiмов холдингтер басшыларына акцияларын сатуға болатын компаниялардың тiзiмiн тез арада нақтылауды тапсырып отыр. Бiр қызығы, мемлекет мүлiгi бiртiндеп саудаға салынбақшы болып отырғанда, өз мандаттарын халықтан алған Парламент өкiлдерi қимылсыз. Тiптi, әу дейтiн бiрi жоқ. Кейбiрi бұл мәселеден тiптi, хабарсыз болып шықты.

Депутат Амангелдi Таспихов: «Саудаға салынып жатыр дейсiз бе? Бұл мәселенi мен сiзден бiрiншi рет естiп тұрмын. Бәлкiм, бiз оны өз жоспарымызға, фракцияның жоспарына кiргiзетiн шығармыз. Мен «Самұрықтың» басшысы Сауат Мыңбаевтан не үшiн саудаға салмақшы болып жатқандарын сұрайыншы. Ал жалпы, халыққа сатудың астарын компанияларды халықтың бақылауына беруi деп түсiну керек шығар.

— Бiрақ, оны сатып алуға халықтың жағдайы жете бермейдi. Мәселен, «Қазақтелеком» компаниясының жәй акциясы 400 АҚШ долларынан сатылған…

— Менiң айтайын дегенiм мынау едi: бiзде Қор нарығы дамымағандықтан, жұрттың бәрi ақшаны тұрғын үй саласына салады. Ал Қор нарығы дамыса, биржадан әр компанияның акциясын сатып ала алады. Шетелде компаниялар өздерiнiң ашық екенiн акцияларын Қор нарығына шығару арқылы дәлелдейдi.

Депутат Тоқтар Әубәкiров: Мен қарсымын. Бүкiл халықтың жетiстiгiн бiреуге бере салады. Халық оған қатыса алмайды. Акцияларды кiм сатып алады? Қайтадан байлардың тасы өрге домалайды. Мұны әдейi iстеп отырған лоббистер бар. Ақшалы лоббистердiң қолында билiк те бар. Не iстегiсi келедi, соны iстеп жатыр. Ешкiм оны тоқтата алмайды.

— Ал Парламент тарапынан қарсы шаралар ұйымдастыруға болмай ма?

— Парламент не iстей алады? Түк те iстей алмайды. Қарсы шығуға күшi жоқ. Парламентке «компанияларды жекешелендiрейiк деп едiк» деп ешкiм келмейдi де. Барлық мәселе Үкiметтiң қабырғасында шешiлiп кетедi.

— Ендi мемлекеттiк активтер жеке қолға өтiп кете бара ма?

— Парламент депутатының құқығын қараңызшы. Үкiмет мұнда тек өзiне қажеттi заңдарды өткiзу үшiн келедi. Бiттi.

Депутат Әлихан Бәйменов: «Самұрық» пен «Қазына» ма? Жалпы, олар басында мемлекеттiк институт ретiнде құрылды. Бiз қазiр ол холдинг құрамындағы компаниялар акцияларын сатып алуға халықтың мүмкiндiгiнiң аз екенiн есептесек, жер байлығын пайдаланатын компаниялардың үлесiн зейнетақы қорларына сату керек. Олар Қазақстан қор биржасына өз акцияларын саудаға шығармайды. Ал мемлекеттiк холдингтердегi сауданы белгiлi бiр деңгейде келешек бiр сұрақтардан қорғану үшiн ұйымдастырылған шара деп айтар едiм. «Қазақтелекомның» үлесiн өткенде сатты. Бiрақ, соның үлесiне ие мемлекет дұрыс жұмыс iстеп отыр ма деген сұрақ туады. «Қазақтелекомның» жекеменшiк акционерлерi қарапайым халық емес. Олар, осы компанияда мемлекеттiң үлесi бар деген атты пайдаланып, әдiлетсiз түрде табысқа кенелiп отыр. Магистральдi желiлердi пайдалануда. Соның кесiрiнен, Қазақстан байланыс үшiн әлемде ең қымбат ақша төлейтiн мемлекеттiң бiрiне айналды. Негiзiнен, бұл шараны қорғаныш әрекетi деп айтар едiм.

Белгiлi бiр адамдардың жекешелендiруi мүмкiн деген теорияны да жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, ұлттық компаниялар өте жабық институттар. Жариялылықты сол компаниялардан бастау керек.

— Ұлттық компанияларды бiртiндеп саудаға шығару жөнiнде Парламент алдына келiп ешкiм есеп берген жоқ. Бермейтiн де болар. Сонда сiздердiң араласуға еш мүмкiндiктерiңiз жоқ па?

— Парламенттiң құзыры бiзде Конституциямен бекiтiлген. Парламент мұндай iстерге араласуы керек. Бiрақ, ол үшiн мәселе Конституцияға келiп тiрелетiндiктен, конституциялық реформа қажеттiгi аңғарылады. Мына бiр парадоксқа назар аударыңыз. Парламент бюджеттi бекiтедi. Ал ұлттық компаниялардың тағдыры, мемлекеттiк активтер бюджеттен де кең ұғым. Өйткенi, мемлекеттiк активтердi басқару арқылы бюджетке кiрiс кiредi ғой.

ХАЛЫҚТЫҢ «САУАТЫН» АШУҒА САУАТ МЫҢБАЕВ ҚАРСЫ НЕМЕСЕ МЕМЛЕКЕТТIК ҚЫЗМЕТКЕР ДЕГЕНIМIЗ КIМ?

Мемлекеттiк активтердi шоғырландырған холдингтердегi сауданы әу баста, Мәсiмов Үкiметi «халықтың сауатын ашатын қадам» деп түсiндiрген едi. Алайда, «Самұрықтың» атқарушы директоры Сауат Мыңбаев активтер саудасына өз наразылығын бiлдiрiп үлгiрдi.

Ол: «Сатуға болмайтын мемлекеттiк маңыздылығы жоғары активтер бар. Мәселен, «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан Темiр Жолы» секiлдi компаниялардың активтерiн сатуға болмайды. Үкiмет осы компаниялардың активтерiн саудаға салу жайлы қаулы қабылдаған едi. Бiз сол қаулының күшiн жоюды сұраймыз» дедi. Яғни, Мәсiмов Үкiметi ұлттық компаниялардың сыртынан тон пiшiп жiберген. Демек, бұл арада Мәсiмов айтқандай, «активтердiң саудаға шығуы халықтың Қор нарығы туралы сауатын ашуға» емес, керiсiнше, дүние бөлiсi үшiн жасалынып отырған тiрлiк. Мыңбаев «Ұлттық компаниялар қарсы» деп тектен текке айтпаса керек. Демек, ұлттық компанияларға көз тiгiп отырған екiншi бiр күш бар.

Дегемен, ұлттық компаниялар өз наразылығын ендi ғана бiлдiрiп, депутаттар «Самұрық» пен «Қазына» және «ҚазАгроның» саудасы жайлы депутаттар ендi ғана хабардар болып жатқанда Мәсiмов бастаған Үкiмет бiраз мәселенi шешiп тастады. Мұнда да бiр қайшылықтың iзi аңғарылады. Мәсiмовке ақыл берушiлер: «Компания активтерiн мемлекеттiк қызметкерлердiң иеленуiне жағдай жасау керек» дедi. Сонда, мемлекеттiк қызметкер дегенiмiз кiм? Министр де мемлекеттiк қызметкер болып есептелiнедi. Активтердi министрлердiң сатып алуға мүмкiндiгi болуы мүмкiн. «Самұрық» пен «Қазынаға» мемлекеттiк қызметкерлер армиясының құрамындағы қарапайым жандардың қайдан тiсi батсын? Банктердi иеленiп не болмаса, ауқымды корпорациялардың Директорлар Кеңесiне мүше болғанда, сол мемлекеттiк қызметкерлер «Мемлекеттiк қызмет туралы» Заңды, «Ар Ождан» кодексiн белiнен басып кете бередi. «Самұрық» пен «Қазынаның» құрамындағы компаниялардың акцияларын иеленгенде де дәл сондай қадамға барудан бас тартпайтын секiлдi.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары