АЙЫРҚАЛПАҚТЫЛАРДЫҢ «АЙТЫСЫ»

АЙЫРҚАЛПАҚТЫЛАРДЫҢ «АЙТЫСЫ»

АЙЫРҚАЛПАҚТЫЛАРДЫҢ  «АЙТЫСЫ»
ашық дереккөзі
450

Елден де, билiктен де береке кеткен қырғыз ағайындардың ауылындағы дүрбелең басылар емес. Билiк пен оппозиция арасындағы текетiрес соңы сансыз шеру мен наразылық шараларына ұласуда. Ал түрiктер жерiндегi қырғыздар Атажұрттағы қандастарын наразылық шерулерiн тоқтатуға шақырды.

Осыдан оншақты күн бұрын Қырғызстан президентi Құрманбек Бакиев қоғамдық телеарналар арқылы елдегi кез келген заңсыз әрекеттер мен тәртiпсiздiктердi ұйымдастырушылар заң алдында жауап беретiнiн айтып, ескерту жасаған болатын. Алайда отандастары оның сөзiне құлақ асар емес. Сейсенбiде Бiшкектегi орталық алаңға жиналған мыңға жуық шерушi президенттiң отставкаға кетуiн талап еттi. Алаңға 100-ге жуық киiз үй тiккен олар көктемнiң төпелеген нөсерiне де мойымады. Ал бакиевшiл билiкпен «бастары бiр қазанға» сыймай жүрген қырғыз оппозициясының өкiлдерi кеше Қырғызстанның жаңа Конституциясының жобасын әзiрлеу мақсатында бiрiккен отырыс өткiздi. Олар «егер Бакиев қоғамда саяси реформаларды жүргiзуге ниеттi әрi мүдделi болса, тақтан тайдырмауға болады» деген үмiт жетегiнде жүр. Елдегi саяси дағдарысты сан-саққа жүгiрткендердi сынға алған қырғыздардың жаңа премьерi А.Атамбаев: «Иә, бiзде тұрақсыздық етек алған. Бiрақ бұл тұрақсыздық тау өзенiндей, таза судай. Ал бiздiң кейбiр көршiлерiмiздiң тұрақтылығы жарылғыш зат тәрiздi. Ол жарылып кетсе, анау-мынауыңа бой бермейдi. Қазандағы буды кейде шығарып тұру қажет» деп «ағынан жарылды». Атамбаевтың «көршi елдерi» кiмдердiң елi екенi, кiмнiң «қазанындағы будың шығарылмай жатқаны» белгiсiз. Бiрақ «бас басына би болған өңшең қиқымның» билiкке таласам деп жүрiп, елдiң берекесiн қашырып алғаны анық. Қоғамда белең алған осы дүрбелеңге алаңдаушылық танытқан Түркиядағы этникалық қырғыздар қандастарын елдегi сансыз шерудi тоқтатуға шақырып, хат жолдады. Хамид Өзген, Осман Кәрмен, Ахмет Таскенттер қол қойған ашық хатта: «Қырғыз елiндегi кейiнгi кездердегi заңға қайшы әрi адамгершiлiк қағидаларға жат әрекеттер, кейбiр саясаткерлердiң тұтқынға түскен жастарға деген күмәншiл көзқарасы мен қарым-қатынасы бiздi, яғни, Таяу Шығыстағы этникалық қырғыздарды шынымен-ақ ашындырды. Феликс Кулов, Өмүрбек Суаналиев, Темiр Сариев, Қабай Қарабековтердiң Бiшкектегi Ала-Тоо алаңында ұйымдастырған шеруiнде олар Қырғызстан азаматтарының құқықтарына түзетулер енгiзiп, оны өздерiнiң көңiл-күйiне қарай бейiмдеп, ешқандай негiзсiз айыптауларға жол бердi» деп оппозиция өкiлдерiне кiнә тағады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары