САРКОЗИ МЕ, РУАЯЛЬ МА?

САРКОЗИ МЕ, РУАЯЛЬ МА?

САРКОЗИ МЕ, РУАЯЛЬ МА?
ашық дереккөзі
421

Сайлау учаскелерi жабылуға 3 сағат қалғанда француздардың 80 пайызға жуығы дауыс берiп үлгерген. Мұндай белсендiлiк соңғы рет 1965 жылы Шарль де Голь жеңiске жеткен саяси додада болған екен. Халықтың бұл жолы 2002 жылы өткiзiлген президенттiк сайлауға қарағанда тым белсендiлiк танытуы нелiктен? Сарапшылар қауымы Францияда кейiнгi кездерi жиiлеп кеткен әлеуметтiк әдiлетсiздiктер мен қақтығыстардан шаршаған халықтың ел игiлiгi үшiн жұмыс iстеуге бейiл үмiткердi таңдауға ұмтылғанын айтады.

БАП ПЕН БАҚТЫҢ ТАЛАСЫ

Президенттiк тақтан дәмелi 12 үмiткердiң iшiнен алға суырылып шыққан екеу — Францияның бұрынғы сыртық iстер министрi Николя Саркози мен Социалистiк партия өкiлдерi қолдайтын Сеголен Руаяль 6 мамырға белгiленген сайлаудың II кезеңiнде күш сынаспақ. Әзiрге «бап шаба ма, бақ шаба ма?» деген сауалдың төңiрегiнде өрбiген болжамдар сан алуан. Бiрақ саясаттанушылар мен саясаткерлердiң көпшiлiгi Жак Ширак өзiнiң iзбасары ретiнде таныған Саркозидiң мүмкiндiгi молдау екендiгiн көлденең тартады. Руаяль — француздар тарихында президенттiк бәйгеде жеңiске жетуге мүмкiндiк туған алғашқы әйел. Конституциялық сот ресми түрде сайлау қорытындысын 25 сәуiр күнi жариялағанмен, ең көп дауыс жинаған екi үмiткер тойлауға жексенбi күнi-ақ кiрiсiп кеткен.

Жалпы сайлау негiзi жексенбi күнi өткiзiлгенмен, Гваделупа, Мартиника, Француздық Гвиана, Сен-Пьер, Микелона мен Француздық Полинезия тұрғындары сағат айырмашылығына байланысты сайлау учаскелерiне сенбi күнi, яғни бiр күн бұрын барды. Бұл Франциядағы әр сайлауға тән үрдiс.

Бұл жолы сайлаушыларға әдеттегiдей 12 бюллетень таратылды. Дауыс берушi солардың iшiнен өзi iштартатын үмiткердiң аты-жөнi жазылған конверттi бақылаушылардың көзiнше сайлау жәшiгiне тастайды. Үмiткерлердiң бәрiне бiрдей қарсы дауыс беруге заң жүзiнде тыйым салған.

Бүкiл Франция бойынша ресми түрде дауыс беруге құқылы 44,5 млн. сайлаушы тiркелген. Олардың 3,3 миллионы дауыс беру процесiне алғаш рет қатысты. Олардың арасында кәмелеттiк жасқа толғандармен бiрге елдiң саяси өмiрiне бұған дейiн мүлде араласпағандар да бар. Сайлаушылар санының күрт артуын сарапшылар мемлекеттегi кедей-кепшiктер шоғырланған аудандардағы азаматтардың өздерiнiң әлеуметтiк ахуалын жақсартуға мүдделiлiк танытуы мен жастардың және этникалық азшылықтың саяси белсендiлiгiнiң оянуымен байланыстырады.

«КIМГЕ ДАУЫС БЕРЕСIҢ?»

Дауыс беру барысында алғаш рет электрондық автоматтар қолданылды. Автоматтардың сенiмдiлiгiне күмән келтiрген социалистер мен оппозиция өкiлдерi әп дегеннен-ақ қарсылық танытқан. Алайда, сайлауды ұйымдастыруға жауапты сыртқы iстер министрлiгiндегiлер үмiткердiң аты-жөнi бiр емес, бiрнеше рет таңдалатынын, сондықтан кездейсоқ қателiктерге жол берiлуi мүмкiн еместiгiн айтты. Көздерi нашар көретiндерге арнайы бағыт сiлтейтiн арнайы құрал берiлдi. Бiр қызығы, сайлауға 1 күн қалғанда жүргiзiлген әлеуметтiк сауалнама нәтижесiнде миллиондаған француздың өз дауысын кiмге беретiнiн әлi бiлмейтiндiгi анықталған. Негiзi 12 үмiткердiң iшiнен тек төртеуi ғана Саркози, Руаяль, Франсуа Байру мен Жан-Мари Ле Пен) екiншi кезеңге өтуге мүмкiндiктерi барлығын мәлiмдеген. Ал нақты iстен гөрi айқай мен аттанға сүйенген солшылдардың көпшiлiгi алғашқы кезеңде-ақ шаң қауып қалды. Мамандар саяси доданың екiншi бөлiгiнде Ле Пеннiң жақтастары өз дауыстарын Саркозиге беруi мүкiн дейдi. Бiрақ бұл да анық емес. Өйткенi, сайлаушылардың көпшiлiгi дәуренi өтiп бара жатқан Жак Ширактың «мұрагерлiгiнен» бас тартып, экономикалық реформалар жүргiзуге уәде берiп отырған Саркозиге де, әлеуметтiк әдiлеттiлiкке қол жеткiзуге құлшынған Руаяльға да онша сенiңкiремейдi. Сондықтан сайлаушылар арасында «кiмге дауыс бересiң?» деген сұрақ кезiп жүр. Бiрақ қоғамдық пiкiрдi талқыға салған кейбiр әлеуметтанушылар екiншi кезеңде Саркозидiң 54 пайыз, ал Руаяльдiң 46 пайыз дауыс жинайтынын айтады. Жалпы ел сенiмiне оңшылдар мен солшылдар арасындағы түпсiз тұңғиықты жоюға уәде берген Байру да, иммиграция мен патриоттыққа қатысты проблемаларды шешем деп белсенген Ле Пен де ие бола алмаған. Есесiне, халықтың басым бөлiгi Ширак билеген 12 жылдың iшiнде елдiң экономикалық тұрғыда азып кеткенiн, сол себептен реформаға деген зәрулiктiң барлығын сезiнедi. 31,11 пайыз дауыс жинаған Саркози сайлауалды науқанда: «Мен Франциядағы адамдардың барлығын, шыққан тегi мен ұстанған көзқарасы қандай болса да, маған дауыс беруге шақырамын» деп ұрандаған. Одан 25,84 пайыз дауыс жинаған Руаяль да қалыспады: «Бүгiнгi таңда бiздiң қатарымыз, Францияны ақшаға ғана бағынатын ең күштi, ең қатiгез адамдардың билегенiн қаламайтындар қатары өстi». Саяси додада кiмнiң мерейi үстем болатыны 6 мамыр күнi кешкiлiк белгiлi болады. Әрине, Франциядағы саяси науқан мұнымен бiтпейдi. Өйткенi, 3-10 маусым аралығында парламенттiк сайлау өткiзiлмекшi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары