МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ ДА ҚЫЛМЫСКЕР МЕ?!

МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ ДА ҚЫЛМЫСКЕР МЕ?!

МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ ДА  ҚЫЛМЫСКЕР МЕ?!
ашық дереккөзі
298

Бiрде әдеттегiдей күнделiктi автобусыма отырдым. Жолаушының бiрi жұмысқа, ендiгi бiрi сабаққа асығып барады. Алдыңғы қатардағы орынға жайғасқан бiр топ жасөспiрiмдер мiнiп-түсiп жатқан қария кiсiлерге «құрмет» көрсететiн түрi жоқ. Әуелгi кезде оларды бiр жоғары оқу орнында оқитын студент екен дедiм. Сөйтсем… Әңгiмелерiнiң ауаны мектептiң оныншы сынып арасында болған төбелестен басталып, мынадай сарынға ұласты. «Бiз кеше пәленшенi аямай ұрдық, соқтық. Ертең разборка болады. Олардың сыныбындағы анау Марат ше, маған ұнамай жүр. Бiр күнi оның әкесiн жақсылап таныту керек!», – деп қояды. Жолаушы көлiгiнде өздерi ғана отырғандай, жан-жағына қарамайды, ештеңеден тайсақтамайды. Бар мәселе бiреу – ертеңгi күнгi «разборканың» жоспарын құру. Ал «бүгiн мынадай сабақ болады, есеп шығардың ба?» деген сөз әдiрем қалған. Отырғаннан басталған төбелес тақырыбы автобустан түскенше аяқталмады-ау. Бүгiнгi мектеп оқушысы, ертеңгi ел тiзгiнiн ұстайтын ұрпақ осындай ма едi? Бiз елдiң болашағын қатiгез, кесiршiл пиғылда тәрбиеленiп жатқан жастарға сенiп тапсырмақпыз ба? Өзi де оңы мен солы ендi ажыратылып жатқан елiмiзде, қордаланған, күрмеуi қиын мәселе көп. Ол мемлекеттiк тiлден басталып, әлеуетi төмендеп кеткен қазақтың шешiлмей жатқан түрлi түйткiлiне барып тiреледi. Сонда, мұны кiм шешпек? Тағы бiр мысал. Нұрлан атты ағам қолы бос уақытта, жеңiл көлiгiмен жолаушы тасып, күнделiктi нан-пұлын айырып жүретiн. Әйтеуiр басымыз қосыла қалса болды, қарап отырмай, ананы-мынаны айтып, сөз қыламыз. Бәрi де сананы улап, жастарды жаулап жатқан қоғамның керi кеткен жағдаяттары. Әңгiме арасында ол бас салып қазiргi заманның оқушысын өз тұсындағы оқушымен салыстыра, айырмашылығын екшелей кеттi. «Қазiр оқушы оқушы емес, құдды бiр қылмыскер дерсiң!» дедi әңгiмесiн неден бастарын бiлмей, ойын жинақтай алмастан. Бiз де әр жерден : «Неге олай дейсiз, себебiн айтсаңшы?!», – деп жамырасып қалдық. Ол бұдан әрi кiдiрместен өзi куә болған оқиғаны жалғай бастады.

– Кешке таман көлiгiммен қала кездiм. Алдымнан шыққан көлiк тығынынан жүйкемдi тоздырып әрең өттiм-ау дегенде, артыма бiр жеңiл көлiк түсiп алды. Айнадан қарасам, шетелдiң ең қымбат «иномаркасының» бiрi. Iшi тола жас жiгiт. Сiрә, студент болар дедiм топшылап. Олай емес, кәдуiлгi мектеп оқушылары екендiгiне көзiм жеттi. Жолдың шетiне шықсам, олар да көлiгiн айғайлатып тұрып, солай бұрады да ауық-ауық келiп жанамалай бередi. Тiптi шыдамым таусылған соң, жайбарақатқа салынып, белгiленген жылдамдықпен жүрiп отырдым. Бiресе озады, бiресе iзiмнен қалмайды. Әбден ығырыма тиiп бiттi. «Бұларға менен не керек,а!?» деп iлгерiрек жол шетiне тоқтай қалдым да, өне бойымды ыза кернеп әлгiлердiң көлiгiне жақындадым. Есiгiн ашпақшы болып, қолымды ұмсына бергенде, төрт бiрдей «жiгiтсымақтар» атып шығып, қолындағы пышағын кезей бастады. Қайдан бiлейiн, мүмкiн олар есiрткi егiп немесе шегiп алған нашақорлар ма? Дереу керi бұрылып, жанымның барында үйiме оралайын дедiм, қорқыныш билеп-төстеп алған мен сасқанымнан. Көрдiң бе, қазiр атжалман қылмыскер тұрмақ, мектептегi оқушың да жұртты қорқытпақшы болып қалтасына суық қару-жарақ салып жүредi. Олар мұнысымен жәй қорқытпақ ниетте болса бiр сәрi ғой. Әйтеуiр, ойын түбiнен от шығып, ерегiске нақ салынса, пышақты абайсызда сұғып алуы да ғажап емес»,–деп бәрiмiзге терең ой салған әңгiмесiн аяқтады. Бiзде «Құдай сақтасын» деп жағамызды ұстағаннан басқа амал қалмады.

Жасөспiрiм, яғни, оқушылар мектеп қабырғасында жүрiп-ақ небiр бұзақылық әрекеттерге әуес. Шынында да, жасөспiрiмдер қызу қандылыққа салынып, қатiгез боп бара ма? Оған не түрткi болды? Бұрын-соңды естiп-көрмеген құлақ түршiгерлiк жәйттерге қазiр таңқалуға болмас. Өйткенi, жасөспiрiмдердiң көретiнi ұр да жық шетелдiң атыс-шабыс киносы, тыңдайтыны шетелдiң жын-ойнақ музыкасы. Одан қала бердi олар бұған дейiн бос уақытын ойын автоматы сынды сананы улайтын мекенде өткiзетiн-дi. Бұдан кейiн бала қандай тәрбие алсын?! Айта берсек, мысал жетерлiк. Мектепте жүргенiмiзде, жоғары сыныптың ұлдары өзiнен кейiнгiлердi қорқытып, ақшасын тартып алып немесе бiр жерге зорлықпен жұмсап жататын. Әйтеуiр, таяқтың астына қалмайын деген төменгi сынып оқушысы айтқанын екi етпей, орындайтын. Бiрақ қазiргiдей қару-жарақ қолданып, ақыр аяғы өлiммен бiтетiн жағдайлар болған емес. Ауыл-ауыл, көше-көше, топ-топ боп бөлiнiп, төбелесiп жатқанмен, бүгiнгiдей «жасөспiрiмдер соғысына» әкелген жоқ. Мұндай жағдайға оларды не итермелейдi? Соңғы кезде, әсiресе, Шымкент, Семей, Батыс Қазақстан өңiрiнде жасөспiрiмдер қылмысының өсуi көп байқалған. Жуырда Семей қаласының Iшкi iстер басқармасының кәмелеттiк жасқа толмағандар iсi жөнiндегi бөлiмнiң бастығы Лариса Новикова «Kazakhstan Today» агенттiгiне 2007 жылдың басынан берi жасөспiрiмдердiң жасаған 46 қылмысы тiркелгендiгi жөнiнде ақпарат бердi. Бұл көрсеткiш өткен жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға артық. Бiр өкiнiштiсi, кәмелет жасқа толмаған қыздардың қылмыс жасауы жиiлеп кеткен. Мәселен, 16 жасар оқушы қызбала өз үйiнде пәтер жалдап тұрған әйелге ас үй пышағын сұғып алғандығы жөнiнде факт тiркелген. Қылмыс спирттi iшiмдiк iшкеннен басталып, ерегiстiң тууынан болған екен. Осыған қатысты ҚР Қылмыстық кодекстiң 96-бабы бойынша (адам өлтiру) iс қозғалыпты. Қысқасы, 2007 жыл табалдырығымызды аттағалы берi, Семей полициясының бөлiмiне кәмелеттiк жасқа толмаған 446 бала жеткiзiлген, олардың бiразы – әкiмшiлiк құқық бұзғаны үшiн, 28-i алаяқтық, тонау және ұрлық қылмысы үшiн ұсталған. 300-ден астам жасөспiрiм есепте тұрады. Ал Шымкентте 9-сынып оқушысы 11-сынып оқушысын мылтықпен жаралаған. Жәбiрленушiге ауыр хал үстiнде шұғыл операция жасаған. Ал қылмысты өз қолымен жасаған 9-сынып оқушысы «Маған үнемi тиiсетiндiктен қорқытпақ болдым. Досыммен бiрге көлiкте келе жатқанда оны көрдiм де, мылтықты кезедiм. Осы кезде көлiк қатты шайқалып кеткендiктен оқ атылып кеттi» деген шалажансар түсiнiктеме берiптi. Алайда, оқушы тұтқындалып, үстiнен қылмыстық iс қозғалған. Мұндай оқыс оқиға соңғы үш жылда Ақтау қаласында да жиiлеп кетiптi.

Бiр сыныптың 15 шақты оқушысы туған күндi сылтауратып әрi үйде ересек адамның жоқтығын пайдаланып жынды суды көбiрек сiлтеген. Спирттi iшiмдiктiң буына масайған жасөспiрiмдердiң iс-әрекетi төбелеске жалғасып, нәтижесiнде 9-сынып оқушысы қаза болған. Оқиға болған жерге жедел жеткен Iшкi iстер бөлiмiндегi құқыққорғаушылар болса, баласын түн мезгiлiнде бақылаусыз жiберiп, олардың немен шұғылданып жүргенiнен бейхабар ата-ананы кiнәлайды. Ал жасөспiрiмнiң бiреуiнiң үстiнен Қылмыстық кодекстiң №103 бабы бойынша (адам өлтiру) тексеру амалдары жүргiзiлiп жатыр.

Iшкi iстер бөлiмiнде қылмыстың небiр түрiне байқаусызда мойынсұнып кеткен бұзақы жасөспiрiмдердi уақытша қамауға алып, тәрбиелейтiн «Балалар бөлмесi» бұрын да болған. Бүгiнге дейiн Алматы қаласында кәмелетке толмағандар iсiмен айналысатын бөлiмдегi 66 қызметкердiң әрқайсысына 5, 6 мың жасөспiрiмнен келетiн. Сонда орташа есеппен үш жүз он бес мың баланы бар-жоғы 66 қызметкер бақылауға алған. Ал қаладағы бiлiм ұяларына 25 учаскелiк мектеп инспекторы бөлiнсе, оның бiреуi кем дегенде 2 мектептi бақылауға алуға тиiс.

Алматы қалалық Iшкi iстер департаментiнiң кәмелеттiк жасқа толмағандар iсi жөнiндегi бөлiмнiң бастығы Айгүл Шөпшекбайқызының айтуынша, қаладағы жасөспiрiмдер қылмысы алдыңғы жылдармен салыстырғанда 12 пайызға төмендеген. Мәселен, 2005 жылы жасөспiрiмдер арасындағы қылмыс түрi 32,3 пайызға бiр-ақ өршiп кеткен болса, былтыр осы уақытта 91, ал жаңа жылдан берi 80 қылмыс тiркелдi. Демек, 1 пайызға түскен. Осы қылмыстың жетпiсi алдау, арбау, яғни өтiрiк айтуға жатады. Қазiр мектептегi оқушылар:«Ұялы телефоныңды бере тұршы…» деп өтiрiк алдап, алып қашуды әдетке айналдырған. Бiр көңiлге демеу боларлығы, елiмiздiң басқа аймағында орын алып жатқан кiсi өлтiру оқиғасы, тонау, зорлау фактiсi тiркелген жоқ. Тек қаңтардан берi үш мектепте газ баллонын апарып, жанындағы достарын улаған балалар есепке алынды. Әлгi газ баллонды «анау-мынаудан сақтансын» деп ата-анасы алып бергенмен, ойын баласы емес пе, қоңырау кезiнде бiлместiкпен бiр-бiрiне сепкен. «Ойын түбiнен от шығарған» бұл оқушылар әкiмшiлiк жауапқа тартылды.

«Баяғыда мектеп инспекторына көмектесетiн милицияның жас досы (ЮДМ) деген ұйым болды ғой. Қазiр Әуезов ауданындағы №157 мектепте жоғары сынып оқушыларынан құралған полицияның көмекшi жасағы енгiзiлдi. Олар сабаққа келмейтiн, қоңырау кезiнде темекi тартатын немесе былапыт сөзге, бұзақылық әрекетке ерiк берген оқушыларды өз бөлмесiне шақырып бiр-бiрiне ақыл айтып, жөнге салады. Мiне, осы жасақ жұмыс iстегелi берi аталмыш мектепте қандай да бiр қылмыс түрi тiркелген жоқ. Ендi бiз қалған мектеп директорларына да: «Осы сынды ұйым ашсаңыздар, оқушы өздi-өзiн тәрбиелейтiн болады» деген ұсыныс жасадық. Демек, оқушыдан құрылған жасақты, ұйымды көбейтсек, жасөспiрiм арасындағы қылмысты бiржола жоймасақ та, бiр қалыпта тұрақтандырар едiк. Әзiрге мұндай ұйым тек осы мектепте ғана. Мұны тiптi республика бойынша енгiзуге болады», – дейдi кәмелеттiк жасқа толмағандар iсi жөнiндегi бөлiм бастығы.

Шынында да, әлi күнге дейiн қаладағы мектепте мектеп инспекторы жеткiлiксiз. Осыны ескерген қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов ағымдағы жылдың 25-қаңтар күнi арнайы қаулы қабылдады. Дәлiрегiнде, Алматы қаласындағы 178 мектепте соншалықты мектеп инспекторы болады деген ұйғарымға келдi. Соған байланысты жоғары педагогикалық немесе заң жүйесiнен толыққанды бiлiмi бар мамандарға iрiктеу жүрiп жатқан көрiнедi.

P.S. Ата-ана баласын мектепке шығарып салғаннан кейiн, оның кiммен араласатынын, немен шұғылданатынын, тiптi, қайда баратынын бiле бермейдi. Әйтеуiр «Сабаққа кеттiм» деп таңертең шығып кеткен бала, қас қарайғанда оралады. Күнделiктi күйбең тiрлiгi бар ата-ана бұған оншалықты елең-алаң болмауы да мүмкiн. Есесiне, мол мүмкiндiктi пайдаланған жасөспiрiм бәзбiреу бұзақы топқа қосылып, бейберекетсiз әрекетке бет бұрып, саналы өмiрiнiң басын саудаға салады. Ал баласының айтқанын екi етпей орындап, әбден безбүйрек, жалқау етiп тәрбиелеген ата-ана бәрiн кеш бiлiп қалады да, бармағын тiстейдi. Айналып келгенде, баласының жаман жолға түсуiне дер кезiнде қадағаламаған ата-ананың өзi кiнәлi емес пе?!

Сондай-ақ, жасөспiрiмдер арасында қылмыстың өршiп кетуiне отбасындағы әлеуметтiк жағдайдың күрт төмендеуi септiгiн тигiзбей қоймайды. Жоқшылықтан әбден езi болған бала оңай жолмен ақша табуға бел буып, ұрлық-қарлық, тонау қылмыстарына ерiксiз қол жұмсайды. Екiншiден, оқушыларға қолы бос кезде айналысатын жұмыс жоқ. Балаларға арналған тегiн спорт кешендерi жоқ. Бiр спорт түрiмен шұғылданам десең, ақша төлеуiң керек. Бұрын Алматы қаласында шамамен 51-дей аула клубтары жұмыс iстеген болса, қазiр оның 28-i ғана iлiнiп-салынып бүгiнге жеткен. Оған қала жасөспiрiмдерiнiң тек 1,2 пайызы ғана кiре алады екен. Онда да олар бос уақытын мұндай салауатты өмiрге жетелейтiн ортада емес, бүкiл жан-тәнiн улайтын, психикасына зардап әкелетiн мекенде өткiзгендi артық санайтын сияқты. Түптеп келгенде, бұл Үкiмет қолға алатын мәселе. Әйтпесе, басқа көршi елдегiдей Қазақстан да «жасөспiрiмдер соғысы» табалдырығының алғашқы баспалдақтарына өрмелеп келедi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары