ҚАРЖЫ САЛАСЫНЫҢ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙТIН УАҚЫТЫ ЖЕТТI

ҚАРЖЫ САЛАСЫНЫҢ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙТIН УАҚЫТЫ ЖЕТТI

ҚАРЖЫ САЛАСЫНЫҢ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙТIН УАҚЫТЫ ЖЕТТI
ашық дереккөзі
250

Соңғы кездегi елеулi жаңалықтардың бiрi ретiнде Елбасының елдегi iрi қаржыгерлермен, Ұлттық банктiң Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және бақылау агенттiгiнiң, Алматы қаласындағы аймақтық қаржы орталығының қызметiн реттеу жөнiндегi агенттiктiң басшыларымен кездесуiн атауға болады.

ОТАНДЫҚ ИНВЕСТИЦИЯ — ОТАНДЫҚ ӨНЕРКӘСIПТI ДАМЫТАДЫ

Екi кездесудiң де мақсаты айқын — елiмiздiң экономикасына отандық қаржыгерлердiң құяр инвестициясы мен салар қаржысы, елдi шикiзаттық мемлекет деңгейiнен iрi өндiрiстiк державаға айналдыру. Дәл осы мақсаттың үдесiнен шығу үшiн отандық бизнесмендердiң қаржысын пайдаланудың жөнi басқа. Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейiн елiмiзде шетелдiк инвесторлардың үлес салмағы анағұрлым басым болды. Ел экономикасын сауықтыру үшiн кейде олардың орынсыз талаптарына бас июге де тура келдi. Шетел инвесторларын тайраңдатып қойғанымыздың салдарын қазiр көрiп те жатырмыз.

15 жыл аз уақыт емес. Яғни, елiмiздегi қаржыгерлердiң ел экономикасына белгiлi деңгейде үлес қосатын кезi жеттi. Өткен аптаның соңына қарай, Елбасының қатысуымен өткен iрi жобаларға инвестиция құю жөнiндегi кеңесте қазiрдiң өзiнде қазақстандық қаржы топтары инвестициялық жобаларды қолға алуға дайын екендiктерiн мәлiм еттi. Олардың қолға алғалы отырған жобаларының жалпы құны — 40 миллиард АҚШ долларына тең келедi. Аталған кеңесте 30 корпоративтi көшбасшылар тобын жасақтауға билiк пен жеке сектор бiрлесе қимылдайтындықтары айтылды. Елбасы:

– Кездесуiмiз тағы бiр тарихи кездесу деп айтқым келедi. Барлықтарыңызды көрiп отырғаныма қуаныштымын. Көп жылдан берi қарай дайындалып, өсiрiп, барлықтарыңызды осындай халге алып келдiк. Ендi қаражат қор жинағаннан кейiн, Қазақстан экономикасын көтеруге сiздердi шақыратын кез келдi. Дайынсыздар ма, дайын емессiздер ме, осы мәселенi жинақтап алуымыз қажет. Бiздiң үлкен бизнестер iшiнде жинақталған қаражат, тәжiрибе дүниежүзiлiк бизнесмендермен бiрдей жұмыс iстейтiн деңгейге жеттi. Барлық жағдайымыз бар. Бәсекеге қабiлеттi елу елдiң қатарына кiру үшiн көп жұмыс iстеуiмiз керек, мемлекеттiң бұл жөнiнде бағдарламасы бар. 30 корпоративтi лидерлердi дайындау мәселесiне, Қазақстанды индустрияландыру мәселесiне атсалысатын кез келдi. Тапқан қаражаттарыңызды елге, Отанға, халыққа қайтаратын заман келдi, — дедi.

Мемлекет басшысының сөзiне қарағанда, отандық кәсiпкерлердiң жалпы қаржы қорының мөлшерi елдiң iшкi жалпы өнiмiне сай келедi екен. Мәлiметтерге қарасақ, «Қазына» қорының қоржынында — 10 миллиард доллар, Ұлттық қорда 16 миллиард доллар бар көрiнедi. Бiрақ, бұл қаржыларды дамыған елдерде сұранысқа ие өнiмдер шығаруға жұмсау жағы ақсап жатыр.

Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң сөзiне қарағанда, соңғы жылдары отандық бизнесмендердiң елге салған инвестициясы шетелдiк инвесторлардың салған қаржысынан асып кетiптi. Мәселен, тәуелсiздiк алғаннан берi елiмiзге 60 миллиард доллар шетел инвестициясы құйылса, отандық инвесторлар қаржысының жалпы сомасы 80 миллиард доллардан асқан. Жеке сектордың қаржылық қолдауына ие болуы қажет салалар тiзбесi: инфрақұрылымдар салу, жоғары технологияны дамыту, электр энергетикасы, ауыл шаруашылығы, бiлiм беру, дәрi-дәрмек өндiру, машина жасау, логистика, құрылыс өнеркәсiбi, мұнай-химия секiлдi салаларды қамтиды.

— Егер, бiз 2015 жылы дамыған елу елдiң қатарына енудi жоспарласақ, жалпы iшкi өнiмнiң 300 миллиард долларға жетуi керек екен. Бұл үшiн қалай жұмыс iстеу қажет екенiн өздерiңiз түсiнесiздер. Мемлекет сiздердiң бизнестерiңiздiң қарқынды дамуына мүдделi, ал сiздер де елдiң мүддесiн ескерулерiңiз керек, — деп Президент сөзiн аяқтады.

ИНФЛЯЦИЯ АУЫЗДЫҚТАЛАДЫ

Ал, осы аптаның басында Алматыда Ұлттық банктiң, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және бақылау агенттiгiнiң, сондай-ақ, Алматы қаласындағы аймақтық қаржы орталығының қызметiн реттеу жөнiндегi агенттiктiң басшылары мемлекет басшысына былтырғы жылдың жұмысын қорытындылап, есеп бердi. Бұл басқосуда қаржы нарығын дамыту мәселесi талқыланды. Алматы қаржы орталығы былтыр күзде құрылған едi. Содан берi жалпы құны 41 миллион долларлық 24 сауда жасалды.

Алматы қаласындағы аймақтық қаржы орталығының қызметiн реттеу жөнiндегi агенттiк төрағасының орынбасары Дархан Нұрпейiсов:

— Екi айдың iшiнде сауда алаңынан көп күтуге де болмайды. Бiрақ, қазiр онда 17 бағалы қағаз сатылды. Осы жылдың аяғына дейiн бiз оның көлемi 1 миллиард теңгеге жетедi деп ойлаймыз, — дегендi айтты.

Құнды қағаздардың сатылу деңгейiн аталған сомаға жеткiзу мақсатында «Қазына», «Самұрық» «Қазагро» секiлдi холдингтер құрамындағы iрi компаниялар саудаға шығарылады. Мемлекет басшысы қор нарығының жұмысына халықты белсене тарту қажеттiгiн баса айтты. Ол үшiн әрине, тұрғындардың қаржы нарығы туралы сауатын көтеру керек. Қор нарығын дамыту стратегиясын қабылдап, оның инфрақұрылымын жасақтау да басты шаруалардың бiрi.

Елбасы алдында есеп берген Ұлттық банкi төрағасы Әнуар Сәйденов елдегi инфляция деңгейiнiң былтыр мамыр айынан берi 9%-дан 7,8%-ға түскендiгiн айтты. Дегенмен, инфляция әлi де шарықтау үстiнде екенiн жасырған жоқ. Бұрын оған азық-түлiк бағасы әсер етсе, ендi ақылы қызмет түрлерi — электр қуаты мен су бағасы да әсер ететiндiгiн ескерттi. Ұлттық банкiге тапсырылған басты мiндет –инфляцияның қазiргi қарқынын ұстап тұру. Елбасы Әнуар Сәйденовке Үкiметпен бiрлесiп, жыл аяғына дейiн инфляцияға қарсы жүйелi саясатты жолға қоюды тапсырды. Ол үшiн қаржы нарығының ахуалын нақты болжап отыру қажет. Сондай-ақ, басқосуда сыртқы қарыздардың өсiп бара жатқандығы да әңгiме өзегi болды. Былай қарасаң, мемлекеттiң өзiнiң сыртқы қарызы болмашы ғана, бiрақ, екiншi дәрежелi банктер мен жеке компаниялардың шетелден алған несиелерi күрт көбейген. Бұл елдiң қаржылық тұрақтылығын әлемдегi қаржылық ахуалға тым тәуелдi етiп жiберетiн көрiнедi. Президент:

— Қазақстанның банк жүйесi ең жоғарғы деңгейге көтерiлiп, ТМД мемлекеттерi алдында алға шығып отыр. Банк жүйесiнiң жұмысына Қазақстанның барлық экономикасы байланысты. Егер бұл жерде кемшiлiктер жiберiп алатын болсақ, бүкiл экономикаға нұқсан келтiрiп аламыз. Қазақстанның банк жүйесi, қаржы жүйесi барлық экономикамызды көтерiп жандандырып, жаңғыртып келе жатыр. Бұл өте негiзгi күрделi жұмысты осы отырған сiздерге тапсырып отырмыз, — дедi жиын соңында.

Қадап айтатын бiр мәселе — Президент Қазақстанның банк саласын қазақшаландыру мәселесiне қатты назар аударды. Банк терминдерiн қазақшаландыру мәселесiне ерекше мән берген ол кейбiр халықаралық терминдердiң аударылуына қарсы екендiгiн де танытты. Сондай-ақ, банк құжаттары орыс тiлiнде дайындалып, қазақ тiлiне аударылуға тиым салыну керек. Яғни, қаржы саласының қазақша сөйлейтiн уақыты жеттi.

Президент тапсырмасын үнемi аяқасты ететiн Үкiмет бұл жолы қалай қимылдайтыны бiзге беймәлiм. Мәлiм нәрсе бiреу-ақ, ол — тәуелсiз елдiң қаржы саласы мемлекеттiк тiлде жүргiзiлуi тиiс. «Ештен кеш жақсы» дегендей, кеш те болса уақыт жеттi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары