«ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ЖАППАЙ ТЕКСЕРIЛСIН!»

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ЖАППАЙ ТЕКСЕРIЛСIН!»

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР  ЖАППАЙ ТЕКСЕРIЛСIН!»
ашық дереккөзі
427

Денсаулық сақтау саласында әлi де шешiлмей жатқан даулы мәселе көп. Ол былтырдан берi Шымкенттi дүр сiлкiндiрген ВИЧ-тен басталып, құрт ауруына шалдыққандар санының артуымен тiкелей байланысты. Одан бергi жер-жердегi аудандық аурухана мен емханалардың жабылу үстiнде шақ тұрғаны да кiм-кiмдi де алаңдатпай қоймайды.

Шымкентте ВИЧ жұқтырған балалардың ауыр халiн қанша жерден жанымыз ауырып, сай сүйегiмiз сырқырап айтсақ та, әзiрге қолдан келер шара жоқ. Тiптi, бiздегi тозығы жеткен медицинаның қауқары жетпейдi. БАҚ өкiлдерi ғасыр iндетiнiң ошағы күннен-күнге көбейiп жатқандығын әу бастан-ақ шарқ ұрып жария еткенмен, осы уақытқа дейiн Денсаулық сақтау министрлiгiндегiлер аурудың алдын алып бiлек сыбана кiрiскен жоқ. Өкiнiштiсi сол, бәз баяғы статистикалық мәлiмет айтып, тапсырмамен шектелумен қалады.

Кейiнгi кезде қазақы жұрт тығыз шоғырланған Оңтүстiк өңiрдi түп-тамырымен жаулап бара жатқан ВИЧ iндетi жайлы мәселе Үкiмет, Парламент отырыстарында да жиi көтерiлiп жатыр. Апта басында депутат Бекболат Тiлеухан арнайы отырысқа келген Денсаулық сақтау министрi А.Дерновойға күтпеген жерден ұсыныс жасады. Ол өз сөзiнде «СПИД-ке байланысты жас сәбиден бастап егде тартқан қартқа дейiн жаппай тексерiлсiн!» – дедi, министр Дерновойға қаратып. «Мұның бiзге қажеттiлiгi бар. Өйткенi, қан құрамын тексеру кезiнде оның қаны қай топқа жататындығы да анықталады. Егер әлдекiмге аяқ астынан қан құю қажет болса, ақ халаттылар дереу оның қаны қай топта екенiн бiлiп, жедел көмек көрсете алады. Сол себептен де қазақстандықтарды тегiн тексеру тиiс. Бұған Үкiметтiң қаражаты да, жағдайы да жетедi», – дейдi халық қалаулысы.

– Егер Қазақстан жұрты СПИД-ке байланысты жаппай тексеруден өтетiн болса, пайдасы көп болар едi. Оның үстiне бұл әрқайсысының құжатында анықтама ретiнде енгiзiлсе, бiраз мәселенi шешуге септiгi бар. Былай қарағанда, бұл аса бiр қиын шаруа емес. Елiмiз электронды үкiметке көшiп жатқан кезде бұл түк те емес. Арнайы бюджеттен қаражат бөлуге болады. Қысқасы, бұған толық мүмкiндiк бар.

Менi М.Трошихин, А.Айталы қолдады. Алайда Дерновойдың мойнына бiраз мiндеттердi жүктегенмен, ол ештеңе деген де жоқ. Байқауымша, ол айтқанымның кейбiрiн түсiнiп, кейбiрiн түсiнбедi-ау деймiн.

Жан-жақты мәлiметке қарағанда, елiмiзде iндет ошағы болып тұрған Атырау мен Қызылорда облысы екен. Мұнда құрт ауруы, қатерлi iсiк секiлдi аурулар ерекше көбейiп кеткен. Мiне, ВИЧ те қалың қазақ ұйысып жатқан Шымкент өңiрiне ауыз салды. Депутат А.Айталының «Бұл тек Оңтүстiк Қазақтан облысының ғана емес, бүкiл Қазақстанның проблемасы. Сондай-ақ медициналық емес, әлеуметтiк жағы басым мәселе. Дегенмен, Үкiмет бұл iндеттi әлеуметтiк деңгейге дейiн көтермей отыр» деген сын айтты. Өте дұрыс пiкiр. Мына өмiрде адамнан асқан қымбат ештеңе жоқ екендiгiн неге түсiнбеймiз?

Түптеп келгенде, денсаулық сақтау саласында жемқорлық басым. Мәселен, ел бюджетiнен құрт ауруын емдеу үшiн бiр адамға шамамен 5,6 мың доллар қаражат бөлiнедi. Бiрақ ол бәзбiреулердiң қалтасын қампайтуға кетедi. Егер осы дiттеген жерiне нақ жетсе, бiзде туберкулез қалмаған болар едi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары