БАСЫ АУЫРМАСТЫҢ БАЛТЫРЫ СЫЗДАМАС

БАСЫ АУЫРМАСТЫҢ БАЛТЫРЫ СЫЗДАМАС

БАСЫ АУЫРМАСТЫҢ БАЛТЫРЫ СЫЗДАМАС
ашық дереккөзі
517

БАНКТЕРДIҢ ҰЛТҚА ЖАНЫ АШЫМАЙДЫ немесе ауыл шаруалары үшiн халықаралық банктер отандық банктерден де ыстық

Жақында бiр қиғаштау жағдайға тап болдым. Мәселе — екiншi дәрежелi банктер туралы. Банктердiң ауыл шаруашылығын несиелеуiн, яғни, аграрлық салаға тартқан қаржысын зерттеуге ауаным ауып жүрген. Банктерге хабарласып, сайттарын ашып, ақпарат iздеудi бастап жiбергем…

…Сөйтсем, бiздiң банктер ауыл шаруашылығын мүлде несиелемейдi екен. Тек халықаралық қаржы ұйымдарының ауыл шаруашылығына тартқан қаржысын аграрлық сала шаруаларына бөлiп берумен ғана айналысатыны байқалады.

Ауылда халықтың 43 пайызы тұрады деймiз. Сол халықтың денi мемлекет құраушы ұлт өкiлдерi. Яғни, қазақтар. Ауылда тұратын қазақтардың ауыл шаруашылығынан үмiт күтетiнi белгiлi. Ал ауылшаруашылығы қазiр қаржыға сусап отыр.

Жалпы, ауыл шаруашылығына қаржы бағыттайтын үш көз бар десек:

Бiрiншiсi, мемлекеттiң ақшасы. Яғни, аты бар да заты жоқ, көп бағдарламаның аясында бөлiнетiн трансферттер, субсидиялар мен дотациялар;

Екiншiсi, коммерциялық банктердiң несиесi;

Үшiншiсi, халықаралық ұйымдардың несиесi;

Қисынға сүйенген жан ауыл шаруашылығын алғашқы екеуi: мемлекет пен коммерциялық банктердiң қаржысы жарытып жатқан болар деп ойлауы да мүмкiн. Ал бiздiң айтарымыз: олай ойласаңыз өте қатты қателесесiз. Негiзiнен қазақтар тұратын ауылдық жерлерге ақша тартумен бүгiнгi күнi халықаралық ұйымдар шұғылданады дер едiк.

Таратыңқырап жазсақ: Мемлекеттiң ақшасы жарытымды емес. Соңғы 10 жылда оншақты басшысы ауысқан Үкiметтiң ауыл шаруашылығын көтеремiз деп бiрнеше бағдарлама қабылдап тастағаны белгiлi. Алайда, 2003-2005 жылдарға арналған «Мемлекеттiк азық-түлiк бағдарламасы» да, «Ауыл жылдары» бағдарламасы да, «Ауылдық жерлердi дамыту» бағдарламасы да ауыл шаруашылығын ұшпаққа шығарған жоқ. Бөлiнген ақша құдды буға айналып кететiндей. Қаржының аса қажет жерге жетпеуi, әр бөлiнетiн трансферттiң тұсында мықты лоббистерiнiң болуы, қаржының игерiлмей қалуы, түптiң түбiнде көктемгi егiс пен күзгi орақ кезiнде бөлiнетiн жанар-жағар майдың сапасыз арзан жанармаймен алмастырылуы… Мұның бәрi де ауылдағы шаруаларға таныс жағдай. Мемлекет қабылдайтын бағдарламалардың ауылдағы шаруаларға жетемiн дегенше тиiмдiлiгiн азайтатындығын Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Амангелдi Таспиховтың сөзiмен бейнелесек: «Ауыл халқы үш-төрт iрiлi-уақ малымен күн көредi. Оның өнiмiн, сүтiн, етiн өткiзетiн жер жоқ. Бiз сол ауыл халқының қолындағы мал өнiмдерiн сатып алу мақсатында аумақтық бағдарлама бойынша, «Мал өнiмдерi» деген акционерлiк қоғам құрып едiк. Ауылдың өнiмдерiн сатып алсын деп бюджеттен қаржы бөлгiзгенбiз. Ал олар өнiмдердi ауылдардан алмайды, облыс орталықтарындағы ет комбинаттарынан берi қайтады. Алған өнiмдерiн Қытайға апарып сатып, коммерциямен айналысып жүр». Коррупцияның жеткен жерi, мiне, осы.

Коммерциялық банктер де ауыл шаруаларының аузынан ақ май ағызып отырған жоқ. Ағызбайды да. Жiбiтiңкiреп жазсақ, «Өйткенi, банктер ауыл шаруашылығын несиелеуге аса бейiл емес. Аграрлық салаға салған ақшасын керi қайтара алмаймыз ба деп қорқады. Ауыл шаруашылығын жоғары тәуекелге бел буатын сала ретiнде көредi». Ал анығын жазсақ, пайдасы бар жердi ғана жағалайтын банктер ауыл шаруашылығынан пайда таба алмаймыз ба деп ойлайды. Тек 1998-1999 жылдары ғана «Мемлекеттiк азық-түлiк бағдарламасы» бойынша, банктер осы саланы аздап несиелей бастаған. Бiрақ, 2004 жылдан берi ауыл шаруашылығын несиелеу көрсеткiшi қайтадан күрт құлдырады. Қазақстандағы Бүкiләлемдiк банктiң экс-өкiлi Лу Брефор «Банк секторы Қазақстандағы ауыл шаруашылығында үлкен рөл ойнайды. Бiрақ, оның ықпалы iрi- iрi деген кәсiпорындармен шектелген. Сондықтан, майда шаруашылықтарға барынша көңiл бөлу керек» деген едi. Оның айтқан алғашқы сөйлемiне таласымыз бар. Өйткенi, банктер ауыл шаруашылығында үлкен рөл ойнайды деуге аузымыз бармайды. Алайда, сол банктерден бағытталатын ақшаның өзi жерi көп латифундистерден берi келмейтiндiгiмен келiсуге болады.

Бүгiнгi күнi қаржылық ұйымдар ауыл шаруашылығын несиелеудiң лизингтiк жүйесiн ғана қолға алып отыр. Лизингтiң пайызының жылдық мөлшерi 23 пайызға дейiн жетедi. Яғни, жыл сайын лизингке алынған техниканың ширегiне жуық сомасын пайыздық көрсеткiш ретiнде банкке төлеуi тиiс ауыл шаруасы 4 жылдан кейiн өзi лизингке алған дүниесiнiң сомасын екi есе етiп қайтаруға мәжбүр болады. Алайда, назар аударатын дүние: банктер бұл лизингтi қаржыландыратын ақшаның өзiн халықаралық ұйымдардан алады. Бүгiнгi күнi Бүкiләлемдiк банк пен Еуропалық Қайта Құру және Даму банкiнiң бөлетiн несиелерi ауыл шаруалары үшiн отандық банктердiң несиелерiнен де ыстық көрiнетiн шығар.

Алайда, халықаралық ұйымдардың несиесi ауыл шаруашылығына бағыттталған негiзгi қаржы көзi болғандығына қарамастан, ол қаржыны жүзеге асыратын операторлар рөлiн коммерциялық банктер атқарады. Онан қалса, халықаралық қаржы ұйымдарының қаржысына Ауыл шаруашылығы министрлiгi ортақтасады. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлiгi мен Бүкiләлемдiк банк арасында 1998-2003 жылдар аралығында «Ауыл шаруашылығын жекешелендiруден кейiнгi қолдау» жобасының аясындағы бiрiншi жоба игерiлдi. Осы жоба аясында екiншi дәрежелi банктерге 14,3 млн. АҚШ доллары несие ретiнде бөлiндi. Несиенiң орташа ставкасы 12 пайыз, мерзiмi 2,7 жылды құрады. Осы жоба жалғасын да тапты. 2006 жылдан бастап, 5 жыл iшiнде жобаның екiншi кезеңi жүзеге асырылып басталған. Жобаны игерушiлер ретiнде 10 банк таңдалынып алынып, 60 млн.АҚШ доллары көлемiнде несиелiк линия ашылған. Несие доллар күйiнде 10,5 пайыз көлемiнде 10 жылға берiлген. Бұл коммерциялық банктер несиесiмен салыстырғанда, ауыл шаруашылығына тиiмдi болу жолы деп қарастырылған едi. Бiрақ, парадокс сол: бұл несиенi беру iсi коммерциялық банктердiң мойнына жүктелдi.

Қазақстан Үкiметi қандайда бiр бағдарлама қабылдаса да оны қаржыландыруға келгенде, иә болмаса, Бүкiләлемдiк банкке, иә болмаса, Еуропалық Қайта Құру және Даму банкiне қол жайып қалады. Мәселен, 2005 жылдың қараша айында Бүкiләлемдiк банк «Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өнiмiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру үшiн» қабылданған жобаны қаржыландырып бастады. 2005-2009 жылдар аралығында жүзеге асатын жобаның құны 83.15 млн.АҚШ доллары. Еуропалық қайта құру және Даму банкi де ауық-ауық Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң жобаларын қаржыландырып, коммерциялық банктерге несие берiп отырады. Ал олар өз кезегiнде ауыл шаруаларын қымбат несиеге жегiп қояды.

Мiне, бiздегi ауыл шаруашылығын несиелейтiн банктердiң әрекетi. Банктердiң топ-менеджерлерiнде әсiлi отаншылдық сезiм, сайып келгенде мемлекетшiлдiк сезiм жоқ екен деген ойға келдiм. Отандық сезiмi бар адам, халықтың 43 пайызының ауылдық жерлерде тұратындығын бiлуi тиiс едi. Ол 43 пайыз халықтың денi осы мемлекеттi мемлекет етiп ұйытып отырған ұлт өкiлдерi екенiн түйсiнуi тиiс едi.

Мейлi, ғаламдық тұрғыдан берi келмейтiн банкирлер ең болмаса, ұлтты емес, елдiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн ойлаған күнде де де ауыл шаруашылығына қаржының аса қажеттi екендiгiн байқар едi. Дәлiрегiнде, дамыған елдерде ауыл шаруашылығы өнiмi ұлттық қауiпсiздiкке әсер ететiн өнiм ретiнде қарастырылады. Мәселен, Құрама Штаттары азық-түлiк өнiмiнiң маңызды рөлiн ескере отырып, ауыл шаруашылығына басым рөл берген.

Ал бiздiң банктер тек ғана халықаралық ұйымдардың несиесiн таратуға ғана шебер.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары