314
ЕЛЬЦИН ЕНДI ТАРИХҚА АЙНАЛДЫ
ЕЛЬЦИН ЕНДI ТАРИХҚА АЙНАЛДЫ
Жаңа тұрпатты Ресей Федерациясының алғашқы президентi Борис Николаевич Ельцин Кремль қақпасына жеңiмпаз ретiнде 1991 жылдың 21 тамызында енген. Ал Кремльден өз еркiмен кетерiнде ол өзiнiң сансыз сыншылары мен қарсыластарына, билiк құмар түрлi iзбасарларына билiктен де биiк ұғымдар: бұзылмауға тиiс заң, Ельцин кезеңiнде ғана адамдар шын мәнiн түсiне бастаған демократия талаптары бар екенiн танытып кеттi.
Борис Николаевич Ельцин қайтыс болды! Орыс халқының «Еңсегей бойлы ер Ельцинi» мәңгiлiк сапарға аттанды. Ендi ол туралы естелiктер жиi айтыла бастайды, оны жеккөрушiлер өздерiнiң өшпендiлiгiн одан әрi өршiте түсер, қолдаушылары қандай ұлы адамнан айрылғандарын терең сезiнер. Әлемдiк тарихтың 1985 жылғы қайта құрудан, КСРО-ға өзгерiс әкелген демократиялық реформалар жылдарынан басталатын жаңа кезеңi дүниежүзiнiң ғалымдары мен зерттеушiлерiне ХХ ғасырдың соңғы он бес жылын «Ельцин дәуiрi» деп атап, айдар тағуға мүмкiндiк берген. Мәңгiлiк мызғымастай көрiнген КСРО-ның адамдар күткендегiден гөрi жылдам ыдырауына мүмкiндiк жасаған, әдiлiн айтсақ, тiкелей ықпал еткен, 1993 жылы Ресейде басталып кете жаздаған қанды азамат соғысының қаупiне жол ашқан әрi оның бетiн қайтарған, сөйте тұра, қантөгiстi шешен соғысына себепшi болған әрi қазiр «ельциномика» аталатын таңғажайып саяси құбылыстарға мұрындық болған тарихи тұлға туралы шындықтар әлi көп жылдарға дейiн түбегейлi айтыла қоймайтыны да сөзсiз. Ол үшiн белгiлi бiр кезең, тарихи уақыт керек. Өйткенi, қазiргi күннiң ашылмауға тиiстi көптеген шындықтары, «аса құпия» белгiсi соғылатын құжаттардың түпнұсқалары, мемлекеттер мен билiк жүйелерiнiң қауiпсiздiгiне тiкелей ықпал жасайтын астыртын саяси қадамдар мен iс-әрекеттердiң түп негiзi, жiптiң бiр ұшығы уысында да болғаны сөзсiз. Ол билiктен қол үзiп, қарапайым зейнеткерлер қатарына қосылса да, өзi Ресей билiгiн Владимир Путин бастаған жастар қолына табыстаған, адамдық пен трагедиялық сарындарға толы әйгiлi тележолдауынан кейiн адамдар жадынан ұмытыла бастағанмен мүлдем тасада қалып көрген жоқ. Ельцин құбылысының тарихи мән-маңызына шынайы, толық баға беру, сөз жоқ, болашақтың, адал да әдiл зерттеушiлердiң еншiсiнде. Уақыт бәрiне төрешi делiнетiнi сондықтан. Өткен оқиғалар мен қисынсыз көрiнетiн құбылыстарға уақыт пен кеңiстiктiң биiгiнен қарау қажеттiгi осындайдан туындаса керек. Расында ХХ ғасырдың соңғы он бес жылында есiмi адамзат аузынан түспеген Борис Николаевич Ельциннiң бейнесiн бiрер сөзбен сипаттап беру тарихшылар мен зерттеушiлерге оңай соқпасы аян. ХХI ғасыр басталғалы тұрған алғашқы күндерде өз еркiмен билiктен қоштасқан адамның жанын қандай мәселелер тербейтiн, нендей жайттар жүрегiнен орын алатын? Өзiнiң уақытынан бұрын билiктен кетуiне қандай адамдар мен тарихи оқиғалардың тоғысуы ықпалын тигiздi? Тiптi, осыған дейiн ешкiм бiлмейтiн барлаушы, әйгiлi темiр ханым – АҚШ-тың Мемлекеттiк хатшысы Мадлен Олбрайт «Who is mister Putin?» деп таңданған Владимир Путиннiң Ресей билiгiне келуiне себеп болған не екенiне, Ресейдегi соңғы жылдары орын алған оқиғалардың саяси мәнiне нақ жауап бере алатын Б.Н.Ельцин ғана едi. Осы ретте, сахна, шоу-бизнес пен саясат сайқымазақтары, екiншi жағынан бостандықты идеал тұтқан романтик серiлер, жаңа Дон Кихоттардың қарама-қайшы көзқарастары, саяси айқастары жаңа Шекспирдiң қаламына сұранып тұрғаны кәмiл. Әсiресе, Борис Ельцин тағдыры. Иә, тоқсан ауыз сөздiң мәнiн тобықтай түйiнге сыйғызып айтатын қайран қазақтың: «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнар» дейтiнiндей, Ельциннiң шынайы бейнесi Максим Галкин мен Михаил Задорнов сияқтылардың, сансыз сайқымазақтардың ойлағандары мен сомдағандарынан әлдеқайда биiк, терең әрi күрделi. Осыдан бiр жылдан астам уақыт бұрын, өткен жылдың 1 ақпанында Ресейдiң бiрiншi президентiнiң туғанына 75 жыл толуына орай «Түркiстан» газетiнде «Борис Ельцин: Ақиқат пен аңыз» атты мақала жазып, онда: «Тiптi, өз уақытынан ерте туған қаһарманның торығудан шарап iшкенiнде тұрған не бар? Әсiлi, айналадағы мешеулiк пен тайыздық, әдейi аяқтан шалу, түсiнбестiк пен адал адамды өмiрден баз кештiрер қараулық, жеңiстiк бермейтiн санасыздық қажытпай ма? Әлем тарихындағы көптеген ұлылардың өмiрi, аянышты тағдырлары осыған дәлел ғой. Тiптi, Абай атамыздың «Мен iшпеген у бар ма?» деуiнiң iшкi мәнi де осындай торығудан туған болса ше?» – деп жазған едiк. Жаңа тұрпатты Ресей Федерациясының алғашқы президентi Борис Николаевич Ельцин Кремль қақпасына жеңiмпаз ретiнде 1991 жылдың 21 тамызында енген. Ал Кремльден өз еркiмен кетерiнде ол өзiнiң сансыз сыншылары мен қарсыластарына, билiк құмар түрлi iзбасарларына билiктен де биiк ұғымдар: бұзылмауға тиiс заң, Ельцин кезеңiнде ғана адамдар шын мәнiн түсiне бастаған демократия талаптары бар екенiн танытып кеттi. Өзiн-өзi сыйлау мен, тiптi, адамның жақсы аты болатынын үлгi етiп, өз еркiмен билiктен бас тартты. Иә, жаңа заманда ешбiр елге азаттық идеясы мен демократия көптiк етпейтiнiн дәлелдедi Ельцин. Өз кезiндегi Ресей елi басқа, қазiргi ұлыдержавашыл, ұлыорысшыл, шовинистiк, империяшыл пиғыл әр iс-әрекетiнен айқын сезiлiп тұрар Ресей мүлдем басқа. Бiр кездерi Ельциндi аямай сынайтындардың, саяси ұпай жинаудың қандай да арзан әрекеттерiнен бас тартпайтын қарсыластарының, демократия туын ұстаушы болып танылғысы келетiндердiң қазiр Ресейде үнi өшкен. Путин – Ельцин емес. Путин басқа, сондықтан да демократия идеалдарынан жылдам бас тартып, «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнiм» деушiлер қарақұрым. 14-15 көкекте Мәскеу мен Санкт-Петербургтегi «Келiспейтiндер маршының» милиция күшiмен басып-жаншылғаны билiктiң айтқанына көнiп, айдауына жүргiсi келмейтiндер, өзiндiк идеалдары мен принципi барлардың бүкiл әлемнiң көз алдында жазалаушы күштiң темiр сойылына ұшырауы Ресейдегi Ельцин демократиясының оты өшкенiн бiлдiретiн белгi. Ежелден «шапағатты әрi қатал» патшаны пiр санап, ғасырлар бойғы қатал тиранияның шексiз әрi аяусыз езгiсiне үйренiп алған Ресейдi тарихи жаңа жолға бастау үшiн Ельцин сияқты ойы азат, бостандық сүйгiш, шынайы демократия принциптерiне адал азаматтардың ерiк-жiгерi, табанды ұстанымдары қажет едi. Өзiнiң атына сансыз сын айтылуына, бейнесi мазақтамаларға айналғанына ол алаңдаған жоқ. Ең бастысы, көзi тiрi билеушiнiң атына ешқашан сын айтылмайтынына үйренген жұрттың бойындағы жаңа өзгерiстерге қуанды, адамдардың жаңа ұстанымдарды мойындағанына, қоғамды шырмаған ғасырлар бойғы қорқыныш, үрей мен жағымпаздықтың бұлты сейiле бастағанына шаттанды. Қазiргi уақыт биiгiнен қарасақ, өз кезiнде Б.Н.Ельцин сайқымазақ маскасын әдейi киiп, президент үшiн тосын көрiнер талай түсiнiксiз әрекеттердi әдейi ұйымдастырған сияқтанады. Тiптi, оны кезiнде «Шайтанға жанын сатқан» деушiлердiң шығуы, кейiнгi жылдары «Ельцин әлдеқашан өлген (өлтiрiлген), оның орнына жасанды адам жүр» деген қауесеттердiң таратылуы да осындай аңыз тудырушылықтың тiкелей әсерi. Борис Ельцин туралы аңыздар көп. Соның бiрi, Свердловск облысының Талицк ауданы, Бутка селосында 1931 жылдың 1 ақпанында дүниеге келген Борис Николаевич өмiр бойы коммунистердi, Совет өкiметiн иттiң етiнен жек көрдi деген аңыз. 1931 жылы атасы кулак ретiнде сотталып, жер аударылған, ал өз әкесi 1937 жылы «совет өкiметiне қарсы үгiт-насихат жүргiздi» деген айыппен түрмеге қамалғаны осындай аңыздың тууына себеп болған шығар. КПСС-тiң Бас хатшысы М.С.Горбачевпен пiкiр таластары, өмiрлiк ұстанымдарының қайшылықтары мен ұзаққа созылған әрi аса күрделi тартыстары да сол уақыттың аңызға бергiсiз шындығы. Әсiресе, Коммунистiк партияның аузын айға бiлеген хатшысы Егор Лигачев жолдастың мәртебелi жиында төзiмi таусылып, сабырынан айырыла: «Борис, ты не прав!» дегенi де миллиондаған адамдар үнемi қайталайтын қанатты сөзге айналды. Екiншi бiр аңыз және ең басты айып – Ельцин Ресей мүдделерiн сатты және елдi ортағасырлық мешеу жағдайға жеткiздi деу. Расы керек, Борис Николаевич керiсiнше 1990-жылдары бiржолата тұйыққа тiрелiп, ыдырау алдында тұрған Ресейдi сақтап қала бiлдi. Демократиялық жаңарулардың алғашқы жылдары кейбiр жалған әсершiлдiктiң уы бойларын жайлаған патриотсымақтар Орал мен Сiбiрдi жеке бөлiп алуға ұран тастағаны, Солтүстiк Кавказдағы республикалар да бөлiнуге талап қылғаны мәлiм. Сонда баһадүр Борис Ельцин «Егемендiк қанша керек болса, сонша алыңдар», деген сөзi жаңа тәуелсiз мемлекеттердi ғана емес, алып елдiң өз iшiндегi республикаларды сабасына түсiрген. Адамзат тарихындағы кейбiр қайшылықты саяси тұлғалардың адами ауыр тағдыры, үстiрт қарағанға қисыныз көрiнетiн тосын шешiмдерi һәм iс-әрекеттерi өз замандастары, әсiресе, отандастары үшiн үздiксiз қателiктер мен пенделiк кемшiлiктерiнiң ащы жемiсi көрiнедi ылғи. Сандаған ғасырлар бойы сансыз рет қайталанып келе жатқан мұндай адасушылық адамзатқа сабақ болуға тиiс-ақ сияқты. Б.Н.Ельцинмен қоштасу рәсiмi өткiзiлiп жатқан Құтқарушы Христ храмында («Храм Христа Спасителя») келушiлердi бастан-аяқ тексерiп, жарылғыш заттар iздейтiн арнайы қондырғылар қойылды. Террористермен күрес деген желеумен. Осының өзi-ақ Ресейде жаңа жағдай қалыптасқанын көрсетедi. Борис Ельциннiң бейбiт, демократияшыл Ресейi ендi тарихқа айнала бастағандай.Жаңабек ШАҒАТАЙ