ЖАҺАНДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР – ТӨРДЕ, ҰЛТТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР — ДӘЛIЗДЕ ҚАЛДЫ...

ЖАҺАНДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР – ТӨРДЕ, ҰЛТТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР — ДӘЛIЗДЕ ҚАЛДЫ...

ЖАҺАНДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР – ТӨРДЕ, ҰЛТТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР — ДӘЛIЗДЕ ҚАЛДЫ...
ашық дереккөзі
258

Өткен жылдың өзiнде-ақ сыр берiп қалған медиа-форум биыл тiптен сылбыр өттi. 2006 жылғы медиа-форумда iшiмiз жиынның екiншi күнi пысып едi, биылғы жиында көзiмiз бiрiншi күнi-ақ iлiне жаздады. Әрине, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың медиа-форумға қатысқаны оған саяси салмақ бергендей болды. Бiрақ саяси аренада тек қана өткен күннiң елесi болып қалған өзге де қонақтар, былайша айтсақ, кiлең «экс»-тар мен бұрынғы басшылар жиынға ешқандай серпiлiс әкеле алмады. Папараццидан қашуға машықтанып қалған «экс» айдарлы Примаковтар, Холбруктар мен Перлдар журналистерден тиiп-қашып жүрдi, ал журналистер оларды тырқырата қуған да жоқ. Алты жыл қатарынан айналдырған бiрнеше адамнан сұхбат алу кiмге қызық дерсiз?!

«Ойбай, әлемнiң 50-60-қа тарта елiнен 500-ге жуық делегат келдi» деп жар салғандар «қонақтардың» көбiсiнiң Қазақстаннан болғанын жасырып қалғандай. Медиа-форумға келген қонақтардың тiзiмiнде 494 адамның аты белгiленген. Бiр қызығы, олардың жартысына жуығы, яғни 174 адам – өз елiмiзден екен. Шетелдiктер демекшi, аса көп шетелдiк мамандарды да байқамадық. Оның үстiне жылдағы үрдiс тағы қайталанды. Жаһандық мәселелер – төрде талқыланса, ұлттық мәселелер – дәлiзде сөз болды. Сол баяғыша – баспасөз-хабарламаларының денi орысша басылып, журналистерге таратылып жатты. Ал, қазақтiлдi журналистер қазақша пресс-релиздерге зар болып, бiр шетте қалды. Өткен жылы орыстiлдi журналистердiң жиынын Астанада өткiзу ұсынысымен аяқталған медиа-форум биыл да қазақ журналистерiн жарылқай қоймады. Есесiне әрқилы секцияларда спикерлерге қазақша сұрақ қоюға бел байлаған қазақ журналистерiнiң бетi бiрден қайтты. Мәселен, «Қазақстан 2009 жылы ЕҚЫҰ-ны басқара ма?» атты тақырыпта өткен жиында Семейден келген журналист, «ТВК-6» телеарнасының төрағасы Омарбек Байуақов сұрағын қазақша қоя бастап едi, залдан бiр пысықайлар шығып: «Переводчиков нет» – деп дүрсе қоя бердi. Сонда Қазақстанда өтiп жатқан медиа-форумда қазақша сұрақ қою дөрекiлiк пе?! Омарбек аға да кiдiрмедi: «Ну, тогда я вынужден задавать вопрос на русском» – деп сауалын орысша қоюға, шынымен-ақ, «мәжбүр» болды.

Бұл медиа-форум несiмен ерекшелендi? Қонақтарды айтсақ, шетелден келген жоғары лауазымды тұлғалардың бiрi – Иранның бұрынғы басшысы Хаттами мырза болды. Жаңа ғана айтып өткенiмiздей, ол да «экс»-президент. Медиа-форумға кiлең «экс»-басшылардың ғана келуi – форумның әлемнiң саяси аренасындағы орнының мүлдем аздығын аңғартпай ма?! Биылғы форумда Ресейдiң экс-премьерi Примаков өз кiтабының тұсаукесерiн жасады. «ОРТ» телеарнасына сұхбат берсе де, жергiлiктi журналистерге мұрнын шүйiре қараған 76 жастағы Примаковқа қарап, шовинизмнiң тереңде жатқанын түсiндiк. Бұл, әрине, оның жеке басының проблемасы.

Иә, сонымен биылғы жиын несiмен ерекшелендi? Сол баяғы Батыс пен Ресейдiң теке-тiресi тағы да жалғасын тапты. Батыс спикерлерi мен мамандары Ресейдiң қытығына тиюге тырысса, Ресей жағы да қалыспай, әсiресе американдықтардың ар-ожданына тиюге тырысып бақты. Ал, Қазақстан жағы – артқы фон, сахна декорациясы сияқты бiр шетте еленбей қалды.

Қазақстан үшiн медиа-форумда талқыланып жатқан тақырыптардың алыстығы соншалықты, тiптi, арнайы баспасөз-мәслихаттарында журналистердi қазақша баспасөз-хабарламаларының мәселесi, тiптi, оң рульдi автомобильдерге тыйым салу проблемасы қызығырақ болды. Сауалдар да осындай бағытта қойылды. Әрине, елiмiздiң өз iшiнде проблемалар шаш-етектен. Сондықтан миллиондаған қаржыны сырттағы проблемаларды талқылауға жұмсағанша, бұл медиа-форумның қазаққа да оң қабақ танытып, жергiлiктi мәселелердi жоғары мiнберден неге талқыламасқа?! Отандық журналистиканың күйi мәз емес. Қазақ журналистерiнiң проблемалары, латын әлiпбиiне көшу мәселесi, отандық телеарналардың рейтингiн көтеру, қоғамдық телеарна құру сияқты проблемалар баршылық. Түркия латын әлiпбиiне қалай көшкен? Ең алдымен, баспасөздiң арқасында. Бiр түннiң iшiнде бүкiл түрiк басылымдары латын әлiпбиiнде шыққан екен. Отандық телеарналардың рейтингi неге сын көтермейдi? Нелiктен орыстар түгiлi қазақтарға дейiн ресейлiк телеарналарға құмар? Бұл мәселенi қалай шешуге болады? Қашан қоғамдық телеарна құрылады? Сауалдар көп. Бiрақ мұндай мәселелер – медиа-форумның төрiнде талқыланбайды. Себебi елiмiз әлi күнге дейiн өзiнiң iшкi мәселелерiн халықаралық форумдарда талқылай алмайды. Бiзге өзгенiң қотырын қасу өзiмiздiң проблемаларымызды ашып айтудан әлдеқайда оңай.

Өткен жылы Астанада орыстiлдi журналистердiң халықаралық жиыны өткенi белгiлi. Оған Ресейден тыс аймақтарда жұмыс iстейтiн журналистер келiп, өз проблемаларын талқыға салған едi. Қазақ жерi мұны да көтердi. Бiрақ осының басы-қасында жүрген медиа-форум ұйымдастырушыларына өкпесi қара қазандай қазақ журналистерi: «Сендерсiз-ақ, қазақ журналистерiнiң құрылтайын өткiземiз» – деп бұртиып отырғандай. Бұл жайында төменгi әңгiмеде.

Сейiтқазы МАТАЕВ, Қазақстан Журналистерi одағының төрағасы:

ҚАЗАҚТIЛДI ЖУРНАЛИСТЕРДIҢ ҚҰРЫЛТАЙЫ ДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ БОЛУЫ ТИIС

– Өткен жылғы медиа-форум Астанада орыстiлдi журналистердiң халықаралық конгресiн өткiзумен аяқталған едi. Сiз бiр сөзiңiзде: «Егер биыл қазақтiлдi журналистер мәселесi көтерiлмесе, бұл жиынды өзiмiз-ақ өткiземiз» – деген едiңiз. Мұның арты не болмақ?

– Иә, бiз бұл мәселенi бiрнеше рет көтердiк. Өкiнiшке қарай, бұл медиа-форум журналистикадан алшақтау тақырыптарды талқылап келедi. Халықаралық қатынас, политология мәселелерi көп көтерiлiп жүр. Бiздiң ойымыз – күзде қазақ журналистерiнiң құрылтайын өткiзу. Өткенде «Жас қазақ», «Түркiстан», «Ана тiлi», т.б. басылымдардың бас редакторлары жиналып, Иманғали Нұрғалиұлымен кездескенiмiзде, ол кiсi құрылтай Алматыда өтсе, қолдан келгенше көмек берерiн айтты. Бiр жағынан, бiздiң намысымызға тиерлiк дүниелер бар ғой, өткенде Астанада орыстiлдi журналистердiң конгресi өттi… Соған қарап, бiз де мәселе көтерiп жатырмыз. Қазақтiлдi журналистердiң құрылтайы да халықаралық деңгейде болуы тиiс. Бiзге түскен ақпаратқа сенсек, қазiр қазақ баспасөзi Қытайда, Моңғолияда, т.б. елдерде жұмыс iстейдi. Тақырыптарды да алдын-ала екшелеп алу керек. Қазiр қазақ тiлiнiң мәселесi, латын әлiпбиiне өту, т.б. күрделi мәселелердi көтерген жөн.

– Соңғы кездерi медиа-форумның актуальдiлiгi төмендедi дейдi…

– Рас, бұлай айтылып жүр. Ол – уақыттың талабы. Менiң ойымша, медиа-форумның бiр ерекшелiгi – Батыс пен Шығыстың арасында көпiр сияқты болды. Менiңше, арабтiлдi журналистер Америкаға барып, мұндай жиынды өткiзе алмайды. Сол сияқты Батыс журналистерi араб елдерiнiң бiрiне барып, мұндай форум өткiзе алмас. Сондықтан оның екi ортада осындай көпiр қызметiн атқарғаны рас.

– Жылда байқайтынымыз, мұнда ресейлiк сарапшылар мен Батыс сарапшыларының теке-тiресi орын алып тұрады. Қазақстанға түк қатысы жоқ мәселелер де көп талқыланады…

– Иә, мұны қазақтiлдi басылымдардың өкiлдерi жиi айтады. Бiз де секциялардың бiрiнде ел мәселесi айтылса дегенбiз. Бiрақ тақырып мәселесiн Алматыдағы офис қана шешпейдi. Лондон мен Гонг-Конгта да бұлардың офистары бар.

– Ал, келесi жылы медиа-форумның жалғасы болуы мүмкiн бе?

– Болады… Болатын шығар деп ойлаймын. Алматы – әдемi қала. Болуы керек сияқты.

Омарбек Байуақов, «ТВК-6» телеарнасының директоры:

АЙМАҚТЫҚ БАСПАСӨЗДIҢ ҮЛКЕН ПРОБЛЕМАСЫ – ЖУРНАЛИСТЕР ТАПШЫЛЫҒЫ

– Өткен жылы Астанада 60-тан астам елдерден келген орыстiлдi журналистердiң жиыны өттi. Сiздiң ойыңызша, қазақтiлдi журналистердiң жиынын өткiзу қажет пе?

– Бiз өзiмiз де кiшi-гiрiм құрылтай өткiзiп тұрамыз. Өзiм де арнайы ұйымда мүшелiктемiн. Онда көбiне тiл мәселесiн көп көтеремiз. Тiл мәселесi де – күрделi мәселе ғой. Оған бiржақты қарауға болмайды. Тiлге де, дiнге де, ұлтқа да жаны ашып қарайтын адамдардың бiрiмiн. Әйтеуiр «Көш жүре түзеледi» демекшi, күндердiң бiр күнi тiл мәселесi де шешiлер деп үмiттенемiн. Бiрақ тiлдi көтеру үшiн, ең алдымен, ауылды көтеру керек. Ауылдың экономикалық жағына да көп көңiл бөлу керек. Мәдениет те, тәрбие де – ауылда.

Мен тiл мәселесi көтерiлгенде, «Ертiс өңiрi» деген қазақ газетiн шығара бастадым. Өте салмақты, сабырлы басылым. Менiңше, әрбiр адам сөзден iске көшiп, iс жүзiнде тiл мәселесiн шешуге атсалысуы керек.

– Телеарнаңыздағы тiлдiк талаптар орындалып жүр ме?

– Бiз оны асыра орындап жүрмiз. Бiзде орысша хабарлардың редакциясы деген атымен жоқ. Бiр ғана редакция бар. Ол – қазақ редакциясы. Тек қана аты орысша болып тұр. «ТВК-6» дегеннiң өзi – бренд. Оны ауыстыру оңай емес. Брендтiң өзi – ақша.

– Аймақтық, ауылдық қазақ баспасөзiнiң қандай проблемалары бар?

– Ең қиыны – аймақтық баспасөзге журналистер жетiспейдi. Жақсы журналистер орталыққа – Алматы мен Астанаға кетiп жатады. Жас журналистердi тәрбиелеп өсiрсек, олар кейiн «өсу керек» деп қалаға ұмтылады. Оның үстiне жалақы мәселесi тағы бар. Аймақтық журналистердiң жалақысы 20 мың теңгеден аспайды. Бiрақ, екiншi жағынан, «өсем, қалаға кетем» деген журналистердiң жолына бөгет болуға болмайды. Әйтпесе олар бiр орында тұйықталып қалады. Олардың өскенi бiзге де абырой.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары