286
Марат ТӘЖИН: ҚАЗАҚСТАН ОБСЕ-НI БАСҚАРУҒА ЛАЙЫҚ
Марат ТӘЖИН: ҚАЗАҚСТАН ОБСЕ-НI БАСҚАРУҒА ЛАЙЫҚ
Қатердiң алдын алуды қарастыратын, дағдарыстан шығудың жолын iздейтiн ұйым ОБСЕ-ге (Еуропадағы Ынтымақтастық және Қауiпсiздiк Ұйымы) төрағалық етуге Қазақстан 2003 жылдан берi талпынып келедi.
Австрия астанасы Венаға барған сапарында Сыртқы iстер министрi Марат Тәжин «Қазақстанның ОБСЕ-нi басқаруға толықтай лайық екендiгiне» еуропалықтардың көзiн жеткiзуге тырысты. Негiзiнде, ОБСЕ деген атауды көп мемлекет жақтыра бермейдi. Тiптi, оны әзiрейiлдей көредi десек те болады. Өйткенi, ОБСЕ демократиялық сайлау, сөз бостандығы, азаматтық қоғам қалыптастыру деген ұғымдарды қатар алып жүретiн ұйым. Ал көптеген елдердiң билеушi элитасы үшiн бұл ұғымдардың «билiк эликсирiнен» алшақ екендiгiн түсiнедi. ОБСЕ орналасқан ғимараттың тарихи құны бар екен. Ол сұлу Венаның қақ ортасындағы архитектуралық ансамбльдiң бiр бөлiгiн алып жатыр. Дәлiрегiнде, Австрия императоры Францисконың қамалын иеленген. Осы ғимаратта Марат Тәжин сөз сөйлеуi тиiс ОБСЕ Тұрақты Кеңесiнiң Арнайы жиылысы өтетiн зал сол күнi адамға лық толы болды. ОБСЕ-нiң 56 қатысушы мемлекетi ұйымда бiр-бiрден Тұрақты өкiл-Елшiсiн бекiткен болса, соның барлығы да соңынан қосшыларын ертiп, Марат Тәжиннiң баяндамасын тыңдауға жиылыпты. Негiзi, бұл ұйымның құрылымы, мәселенi талқылау формасы ерекше екен. Мәселен, кез келген мәселенiң жiлiгiн шаға талқылап, нүкте қояр кезде «алтау ала болмай, төртеу түгел болуы тиiс». Егер де мәселенi дауысқа саларда 55 мемлекет қолдап, 1 мемлекет қарсы түрегелсе, мәселе қабылданбай қалады. Ал Қазақстанның ОБСЕ-ге 2009 жылы төрағалық ету ниетiн әзiрше 53 мемлекет қолдап, Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания секiлдi 3 мемлекет қарсы шығып отыр. Байқап отырғандарыңыздай, аузын айға бiлеген мемлекеттер. Сондықтан да болар, министр Тәжин ОБСЕ-дегi тұрақты елшiлерге «Егер де бiздiң кандидатурамыз өтпей қалатын болса, онда бұл бiздi қолдаған ОБСЕ-ге мүше көптеген мемлекеттерге көрсетiлген сенiмсiздiк пен құрметсiздiк деп бағаланауы мүмкiн» деп тоқетерiн айтты. Естерiңiзге сала кетсек, елдiң экс-Сыртқы iстер министрi Қасым-Жомарт Тоқаев та осы ұйымға елiмiздiң төрағалық ету жолында бiраз маңдай терлеткен. Алайда, Қазақстанның 2008 жылы ОБСЕ-ге төраға болуы жөнiндегi тапсырысы қолдауға ие болмады. Сондықтан, ендiгi ретте мемлекет ОБСЕ-нi 2009 жылы «тiзгiндеуге» үмiт артып отыр. 1970 жылдары БҰҰ-ның (Бiрiккен Ұлттар Ұйымы) Жарғысымен құрылған ОБСЕ-нiң бүгiнгi күнгi абыройы мықты. Тiптi, БҰҰ-ның өзi соңғы жылдары осы құрылымдас бөлiгi ОБСЕ-нiң «қолына су құятындай күйге түстi» десек, қателеспеймiз. Болмаса, кейбiр мәселелерде ОБСЕ-нiң принципшiлдiгi, айнымастығы, империялардың соңынан жегiле қоймайтындығы оның деңгейiн БҰҰ-ның деңгейiнен де арттырып жiбердi десек те болар. Әрине, ОБСЕ-нiң жұмысына көңiлi толмайтындар да жеткiлiктi. Мәселен, Ресей соңғы кезде ОБСЕ-нiң сынына сынмен жауап берiп жүр. Өзiне қарата сын бағытталған сайын қарама қарсы позицияға көшу көршiмiздiң әдетi емес пе? Ал Қазақстанның ОБСЕ-ге төраға болуға құлшынуына негiзiнен мынадай анықтама беруге болар. Бiздiң мемлекеттiң саяси жарнаманы жаны сүйетiндiгi белгiлi. ОБСЕ-ге төраға болу дегенiмiз мемлекеттi жарнамалаудың таптырмас мүмкiндiгi. ОБСЕ-ге төраға болу арқылы бiз «бiздiң елде демократиялық құндылықтардың жолға қойылғандығын, ол құндылықтар жөнiнен кез келген мемлекеттi шаң қаптыра алатынымызды Еуропа елдерiне мойындатамыз». Анықтамамызды бұлай деп түйiндеуiмiздiң себебi, «Бiздiң елдiң кандидатурасын қолдау арқылы, өзге елдер өзiнен өзi (автоматты түрде) бiздiң мемлекеттiң артықшылықтарына сенiм артады. Бата бередi». Бiр сөзбен, елдiң нақты тура жолда, ешбiр кiнәраты жоқ екендiгiне еуропалықтар «виза соғып бередi». Алайда, министрiмiз Тәжин еуропалықтарға Қазақстанның ниетiн «ОБСЕ-ге төрағалық еткiмiз келгенi бiздiң шектен тыс амбициямыз бен жеке мақсатымызды айғақтамайды. Елдiң саяси-экономикалық дамуындағы кезектi сатысы» деп түсiндiрдi. Әрине, шетелдiктер алдында мемлекетшiлдiк танытқан да дұрыс шығар. Министр Тәжиннiң ОБСЕ елшiлерiне қарата айтқандары өте сенiмдi шықты. «Ұйым өзiмшiл сенiмдiлiк, «қырғи-қабақ соғыс» пен 90-жылдардың қалдықтарынан арылуы керек» дейдi ол. Тәжин еуропалықтарды Қазақстанның 2009 жылы ОБСЕ-ге төрағалық ету жолында жасаған тiрлiктерiнен хабардар еттi. Дәлiрегiнде, Қазақстанның саяси реформаларды жасай бастайтындығы, оның аясында партиялардың рөлiн арттырып, парламенттегi фракциялардың ықпалы мен өкiлеттiгiн кеңейтетiндiгiне тоқталды. Тiптi, Қорғаныс министрлiгi мен Iшкi iстер министрлiктерiн азаматтық кәсiп иелерiнiң басқаруы да ОБСЕ-ге бiр табан болса да жақындауымызға себеп ретiнде көрсетiлдi. Б.Мұхамеджанов пен Д.Ахметовтiң бұл министрлiктердi бiрден көтерiп жiбердi деу артық болар, бiрақ осы фактордың өзi Қазақстанда құқық қорғау органдары мен күш құрылымдарын азаматтық бақылаудың күшейтiлгенi деп қарастырылды. Жалпы, Тәжиннiң сөздерi өте нақты, айқын шықты. Әйтеуiр, бұрындары кәсiби дипломаттардың сөздерiн өзiмiздiң ұғымға аударып барып түсiнетiн болғандықтан ба, алдымен позициясының басын ашып алатын Тәжиннiң сөзiн аударып әуреге түскен жоқпыз. ОБСЕ-ге қатысушы елшiлердiң әрқайсысының өз елдерiнiң позициясын бiлдiретiнi белгiлi. Бұл жолы да сол елшiлердiң бiразы, дәлiрегiнде, немiстер, канадалықтар, ноpвегиялықтар, армениялықтар Тұрақты Кеңестiң Арнайы отырысында белсендi болды. Қазақстанның экономикалық көмегiне риза болған болуы керек, көршiмiз Қырғызстанның позициясы «жан пида» дегенге сай болды. Ресейлiктер де Қазақстанның тiлеуiн тiлеп отыр. Ресейдiң ОБСЕ-дегi тұрақты өкiл елшiсi, Алексей БОРОДАВКИН:— ОБСЕ-ге Қазақстанның төрағалық ету мүмкiндiгiн қалай бағалайсыз?
— Қазақстанның мүмкiндiгi мол. Өйткенi, қазiр, 56 елдiң 53-i Қазақстанның кандидатурасын қолдап отыр. Осыдан-ақ, Қазақстанның мүмкiндiгiн есептей берiңiз. — Менiң түсiнуiмше, мұндағы келiсiмнiң барлығы да консенсусқа келумен шешiледi. Егер, бiрде бiр ел қарсы болса, онда шешiм қабылданбайды… — Иә, шындығында да солай. Бiрақ, бiздiң есептеуiмiзше, мүшелерiнiң басым бөлiгi Қазақстанның 2009 жылы төрағалық етуiне қарсы емес. Екiншiден, бұл ТМД ден түсiп отырған ұжымды кандидат. Мұнымен де санасу керек. Үшiншiден, Қазақстанға қарсы болудың негiзi жоқ. Өйткенi, ОБСЕ құжаттарында «Егер де төраға болғысы келсе, Қазақстан мынадай талаптарды орындауы керек» деген шарт жоқ. Әр елдiң құқығының тең екендiгiн ескерсек, Қазақстанның төраға болуына толық құқысы бар. Әрi, сол жылы 2009 жылы Қазақстаннан өзге төрағалыққа ұсынылып отырған өзге мемлекет жоқ. Соңынан, Қазақстанның төраға болуы бұл ұйымның өзiне де тиiмдi. Ұйым қазiр дағдарыста жүр. Бәлкiм, Қазақстан бiр жаңалықтар алып келер. — Ресей неге өзiн ОБСЕ-ге төрағалыққа ұсынбайды? — Өйткенi, АҚШ пен Ресей арасында кезiнде бұл ұйымға төрағалық етпеймiз деген ауызша келiсiм бар едi. Әрине, уақыт өзгергенiмен сол келiсiм әлi күшiн жойған жоқ. Бәлкiм, уақыт өте ондай бастама жасалатын да шығар. Ал АҚШ-тың ОБСЕ-дегi елшiсi Дж. Финлиге соңғы арнаулы отырыс аса әсер етпеген секiлдi. Ол «Бiз Брюссельде айтқан позициямызда қаламыз» дейдi. Естерiңiзде болса, америкалықтар Қазақстанға «алдымен саяси реформаларды жүргiзгеннен кейiн ғана бұл орынға иек арта алатындығын меңзеген едi» Сонымен, ОБСЕ-ге төрағалық ету-етпеуiмiз осы жылдың 30-қарашасында белгiлi болады. Оған дейiн, Сыртқы iстер министрлiгi 30 шақты дипломаттың басын әртүрлi топтарға құрап, ұйымның iшiнде дайындық жұмыстарын жүргiзбек. Ал Сыртқы iстер министрi Тәжин ОБСЕ-ге төрағалық ететiнiмiзге шүбә келтiрмейдi. «Бiз өз кандидатурамызды өтпей деп есептесек, онда бастаманы мүлде көтермеген болар едiк. 2009 жылы Қазақстан ОБСЕ-ге төрағалық етедi деп ойлаймыз. Ол үшiн бүкiл мүмкiндiгiмiз бар» дейдi ол. Мұның астарынан саяси сауданың әлi де жалғасатындығын түсiнуге болады.