БАЙЛЫҒЫМЫЗДЫҢ ҚЫЗЫҒЫН БҮГIН КӨРЕЙIК

БАЙЛЫҒЫМЫЗДЫҢ ҚЫЗЫҒЫН БҮГIН КӨРЕЙIК

БАЙЛЫҒЫМЫЗДЫҢ ҚЫЗЫҒЫН БҮГIН КӨРЕЙIК
ашық дереккөзі
257

Путин Ұлттық қорға ауыз салды

Бұған дейiн «Болашақ ұрпақ қоры» деп аталған Ұлттың болашақ дәулетi қорынан халықтың тұрмысын жақсартуды ұсынды. Бiр сөзбен айтқанда, мұнай-газ саласынан түскен пайда Ресей азаматтарының бүгiнгi тұрмыс қажеттiлiктерiне жұмсалмақ.

Ресейлiк ақпарат құралдары «Путин халыққа соңғы Жолдауын жариялады» деп дабырлап жатыр. Бiрақ осы соңғы Жолдауым екен деп сасқан Путин-екең жоқ, бәз-баяғынша салмақты, байсалды қалпынан танбады. Борис патшаның қайтыс болуына байланысты Жолдау мәтiнi бiраз өзгерiске ұшараған. Мәтiндi оқымас бұрын Путин бiрiншi президенттi бiр минуттық үнсiздiкпен еске алуға шақырды. Ельцин туралы пiкiрдi бiр-ақ ауыз сөзбен: «Бүгiнгi өзгерiстердiң iргетасы сол алмағайып тоқсаныншы жылдары қаланған болатын» деп бiлдiрiп өттi. Ресейдi тоталитарлық жүйеден демократия жолына жетектеп алып келген Ельцинге берiлген саяси баға осы.

Путин мұнай-газ тасымалынан түскен пайданы халықтың бүгiнгi қажеттiлiгiне жұмсауға шақырды. Мысалы, көппәтерлi үйлердi күрделi жөндеуден өткiзудi меншiк иесiнiң мойнына арту мемлекеттiгiмiзге сын дедi. «Мұнай-газ қорының есебiнен түскен пайдасы көп мемлекет өз азаматтарының жатақтарда тұруына жол бере алмайды!» дедi ол әр сөзiн нығарлай айтып.

Жалпы, сарапшылар осы жолғы Путиннiң Жолдауы нақты экономикалық жоспарларға бай екендiгiне назар аударды. Тiптi, тап осы мәтiн президенттiк сайлауалды бағдарламасындай халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты шаралардың жоспарына бай.

Сөзiмiздiң дәлелi ретiнде, Путин ұсынған зейнетақы реформасын мысал етелiк. Путин зейнеткерлiк жасты ұлғайтуға үзiлдi-кесiлдi қарсылық бiлдiрдi. Оның үстiне, зейнетақы көлемiн алдағы үш жылда алпыс пайызға өсiрiп, қосымша зейнетақының түсiмiн арттыру мақсатында әрбiр мың рубльге мемлекет өз есебiнен мың рубль қосып үстемелемек. Ұлттың болашақ дәулетi қорынан осы мақсатқа 470 млрд. рубль бөлмек.

Автокөлiк жолдарын жөндеуге 100 млрд. рубль жұмсалмақ. Оның 60 млрд.-ы түгелдей Мәскеу-Дон жолын жөндеуге, ал 20 млрд.-ы көпiрлерге, қалған 20 млрд.-ы әл-ахуалы нашар қалалардағы жолдарды жөндеуге бағытталмақ.

Путин алдағы сайлаулар тақырыбына да айрықша тоқталды. Дума сайлауына тек саяси партиялар ғана қатысады, ал сайлауда жеңiске жеткен партиялар болашақта мемлекет қоржынынан қаржыландырылатын болады.

Путин идеологиялық құндылықтарды назарынан тыс қалдырған жоқ. «Бiздiң iшкi мәселелерiмiзге араласқысы келетiндер шетелден көптеген қаржы әкелiп жатыр» дедi. Ұлтаралық, дiнаралық қақтығыстардың алдын алу үшiн экстремистiк әрекеттерге тыйым салатын заңға өзгертулер енгiзудi сұрады.

«Мемлекет халқы туған тiлге, өзiндiк мәдени құндылықтарға, ата-баба рухына, отандық тарихтың әрбiр бетiне құрметпен қарағанда ғана, ғаламат ұлттық мәселелердi шеше алады» дедi. Путин жоғарыда санамалаған құндылықтарды ұлттық байлық деп атады.

Биылғы жыл орыс тiлiнiң халықаралық жылы. Бұл туралы газет бетiнде бiрнеше мақала жариялаған болатын. Путин орыс тiлiн шын мәнiнде халықтар арасындағы қарым-қатынас тiлi деп тағы бiр рет атап өттi. «Орыс тiлiне жасалған қамқорлық пен Ресей мәдинетi ықпалының өсуi — өте маңызды әлеуметтiк және саяси мәселе» дей келiп, орыс тiлi мен әдебитiнiң әлемде кең таралуына жағдай жасау керектiгiне көңiл бөлдi.

Путин Ресей халқының есiнде қанға бөккен Шешенстан елесiмен немесе тақырбас тасырлардың сойқандығымен емес, халықтың тұрмысын жақсартуға талпынған әрекеттерiмен, саяси реформаларымен, экономикалық табыстармен еске қалуға талпынған сыңайлы. Бiздiңше, ол ең әуелi Ресей мүддесi үшiн дос-жардың қабағына қарамайтындығын танытқандығымен тарихта қалмақ. Тап осы Путиннiң тұсында Кремль энергетикалық қорларын қызғыштай қорып, ұлттық пайданы жоғары қоятынын байқатты. ТМД-дағы отандастарды Отанға қайтарамын деп жаһанға жар салды. Ендi, мiне, Ұлттық қордағы ақшаны бүгiнгi ұрпақтың пайдасына жұмсауға бекiнiп отыр. Путин дәуiрiнiң тәжiрибесiнен жиренерiмiз де, үйренерiмiз де бар…

Өз дәуренiнiң аяқталып қалғанын мойындай тұра, Путин өзiн әлi саяси сахнадан кетуге құбыл еместiгiн ашық айтты. «Саяси мұрагерлiк мәлiмдеме жасауға маған әлi ерте» дедi ол.

P.S. Негiзi, Ресейдегi көптеген әлеуметтiк-саяси өзгерiстердiң көп ұзамай бiзде де қайталанатындығына етiмiз үйренiп қалды. Тiптi, бұған қалыпты жаңдайдай қарайтын болдық. Оның бiр мысалы, мемлекет қаржысына арзан үйлер салуды көздеген Тұрғын үй бағдарламасы, болашақ ұрпақ игiлiгi үшiн ашылған Ұлттық қор, зейнетақы реформасы… Тiптi, 2007 жылды халықаралық орыс тiлi жылы мен Қазақстандағы қазақ тiлi жылы деп жариялануы да тұспа- тұс келдi. Кездейсоқтық па? Әйтеуiр, игiлiк болса болар.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары