КIМ КIМГЕ ҚАРЫЗДАР?

КIМ КIМГЕ ҚАРЫЗДАР?

КIМ КIМГЕ ҚАРЫЗДАР?
ашық дереккөзі
282

Бойына анасының сүтiмен дарыған туған тiлiн кейiнгi кезекке ысырып қойып, жанашырлар мен жыртысын жыртатындарға онсыз да кенде емес орыс тiлiне араша түскен, одан қала бердi "депутаттар арасында көп әйел алушылар мен қызтекелер бар" деп "ағынан жарыламын" деп әрiптестерiнiң қатаң сынына ұшыраған Ерасыл Әбiлқасымов тағы да "Айды аспанға бiр-ақ шығарды". Оның пiкiрiнше, қазақтар кеңестiк империя кезiндегi 70 жыл бойы көрген "жақсылығын" ұмытпауы тиiс екен. Анығырақ айтқанда, коммунистердiң "күн көсемi — Ленин" бұрынғыдай "үйiмiзде, төрiмiзде портретте" тұрмаса да, оның орны — Астананың қақ ортасында. Тiптi, Елорданың орталығынан Владимир Ильичтiң ескерткiшiн тұрғызуға қаржыны да тапқан. "Қазақтарға жасаған жақсылығы үшiн"…

Әлқисса, Елордадағы қоқыс алаңында күл-паршасы шыға қирап жатқан Ленин ескерткiшiн көрiп төбе шашы тiк тұрған Әбiлқасымов қандастарының "кеңестiк кезең кезiндегi жақсылықтарды тез ұмытып кеткенiне" өкпелi көрiнедi. "Бiз қазiр қазақ халқының тарихына тiкелей қатысы бар хандардың, билердiң, батырлардың, ақындардың, әншiлердiң аттарын қайта жаңғыртып, тарихтың ақтаңдақ тұстарын көтерiп жатырмыз. Бұл өте дұрыс та. Өйткенi бiздiң бабаларымыз өзiнiң болашағы үшiн кең байтақ жердi қорғауда өмiрiн қиды, қаны мен терiн төктi. Ендi бiз елiмiздiң Кеңес Одағы құрамында болған және КПСС басқарған 70 жылдық тарихымызды да осылай құрметтеуiмiз керек. Көбiне адамзат санасы жақсылықты тез ұмытып, жамандықты есте сақтайтыны өкiндiредi" деп "ағынан жарылған" Әбiлқасымов пролетариаттардың "күн көсемi" Ленин ескерткiшiнiң Астананың қақ ортасынан ойып тұрып орын алғанын армандайды. Сол себептен ҚР Президентi Н.Назарбаевтың атына арнайы хат жолдады. Елбасы бұған не деп жауап берерi әзiрге белгiсiз. Есесiне, "тарих әдiлдiгi үшiн ескерткiштi көрнектi жерге қайта орнату керек. Ол қазақтың хандары мен батырларынан кем болмауы керек" деп аттандаған депутат өзiнiң партияластарымен бiрге ескерткiштi қайта орнатуға қаржылай көмек беретiн демеушiлердi де тауып қойғанын мәлiмдеп отыр.

70 жыл бойы бодан болған санамызды құлдық психологиядан арши алмай жатқанда бұрылыстардан бұра тартатындар көп қазақ қоғамында. Оған етiмiз үйренiп кеткен. Тiптi, "ұлы Ресей империясын қалпына келтiруге қызмет етуiмiз керек" деп сенетiн iрiлi-ұсақты қандас шенеунiктердiң кертартпа әрекеттерiне де кейде көз жұмуға бейiлмiз. Өз жерiнде өгейдiң күйiн кешiп, түрлi деңгейдегi ресми және бейресми шараларда "жабықтан сығалаумен" шектелетiн ҚАЗАҚ ТIЛIНЕ араша түсе алмай, дәрменсiздiк танытатын кездерiмiз де көп. Сондықтан шығар, бiздiң Парламенттегi коммунистердiң кеңестiк дәуiр мен Лениндi ұлықтауға қатысты айтқан пiкiрiне уәж бiлдiрген ешкiм болмады. Мәжiлiсте де, қоғамда да. Әрине, елдегi заң шеңберiнде бекiтiлген сөз бостандығын шектеуге құқымыз жоқ: "ауыз өзiнiкi, айта берсiн". Бiрақ қылышынан қан тамған қызыл империя кесiрiнен салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптан, ғасырлардан тамыр тартқан ұлттық құндылықтардан ажырай жаздаған қазақ өзiне екiншi сортты ұлт ретiнде төбесiнен мүсiркей қараған кеңестiк кезеңге не үшiн алғыс айтуы тиiс? Әлде 15 одақтас республикалардың барлығын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Кремльге тек шикiзат көзi болғаны үшiн бе?

Отандық саясаттанушылардың көпшiлiгiнiң Қазақстанды бұрынғы КСРО-ның "мини макетi" ретiнде қарастыруы тегiн емес шығар, сiрә…

Айтпақшы, апта басында бiздiң мәжiлiсмендердiң басым көпшiлiгi кремльдiк саясаттың сойылын соғатындықтарын тағы да бiлдiрiп алды. Мәжiлiстегi 54 депутат эстониялық әрiптестерiнiң орыс әскерiнiң қола мүсiнiн Таллиннен аулақ орналастыруға қатысты шығарған шешiмiне қарсылықтарын бiлдiрiп, оларға ашық хат жолдады. Негiзгi бастамашылар — Серiк Әбдiрахманов пен Ерасыл Әбiлқасымов. Мұндай саяси әрекет өзге елдiң iшкi iсiне қол сұғушылық болып табылатынын айтып, әрiптестерiн ақылға шақырған Амангелдi Айталы да, ресейлiк бұқаралық ақпарат құралдарына сүйене отырып хабар таратқан "Егемен Қазақстан", "Казахстанская правда", "Хабар", "Еларна" секiлдi отандық БАҚ-тың Эстонияда арнайы тiлшiсi жоқтығын, сондықтан шынайы ақпарат алу мүмкiн еместiгiн ескерткен Әлихан Байменов те, Айталының көкейге қонымды пiкiрiне қосылатындығын және өзге депутаттардың ашық хат туралы ұсынысын қолдамайтындығын айтқан Тоқтар Әубәкiров те айқайға аттан қосқан топқа тосқауыл бола алмады. Тағы бiр маңызды жайт, бiздiң депутаттар көп ұзамай кiндiктерiн Ресейден бiржолата ажыратып алуға жанталасып жатқан Польша мен Венгрияға да осындай ашық хат жолдауы ғажап емес. Өйткенi, олар да елдерiндегi кеңестiк кезеңге қатысты барлық ескерткiштердi орталықтан жыраққа көшiруге мүдделi. Мүмкiн бұл да кейбiреулер үшiн көкейге қонымды шара болар. Бiрақ оны Эстония, Польша, Венгрия секiлдi тәуелсiздiгiн әлдеқашан алған егемен елдер дұрыс түсiнсе жақсы. Оның үстiне, дәл осындай белсендiлiктi депутаттар өзгеге есесiн жиi жiберiп алатын қазақ пен қазақтың ұлттық құндылықтары үшiн аса маңызды мәселелердi шешуде көрсетсе ғой…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары