Депутаттық мәлiмдеме ТIЛДI МЕНСIНБЕУ – ҰЛТТЫ МЕНСIНБЕУ

Депутаттық мәлiмдеме ТIЛДI МЕНСIНБЕУ – ҰЛТТЫ МЕНСIНБЕУ

Депутаттық мәлiмдеме ТIЛДI МЕНСIНБЕУ – ҰЛТТЫ МЕНСIНБЕУ
ашық дереккөзі
282

Депутат мырзалар!

Өздерiңiзге белгiлi, Парламент Мәжiлiсiнде заңдарды талқылау кезiнде қаралып отырған мәселеге орай сол саланың министрлерi баяндама жасайды. Әрине, олардың едәуiр бөлегi мемлекеттiк тiлде шатып-бұтып зорға сөйлейдi. Содан қашқақтайтын болуы керек, министрлердiң көпшiлiгi Парламентке өздерiнiң орынбасарларын жiбередi. Мәселен, Парламент Мәжiлiсiнiң өткен жолғы жиынында «Құрылыстағы еңбек қауiпсiздiгi мен еңбек гигиенасы туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнiнде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау вице-министрi Айдар Әрiпханов мырза баяндама жасады. Бiрақ вице-министр депутаттардың мемлекеттiк тiлде қойған бiр де бiр сұрағына мемлекеттiк тiлде жауап бере алмады. Әрi онысына, яғни өз ана тiлiн бiлмегенiне ыңғайсызданып тұрса бiр сәрi ғой, керiсiнше мемлекеттiк тiлдi менсiнбейтiн сыңай танытты. Осы саланың министрi Гүлжан Қарағұсова тележурналистерге берген сұхбатында «мен казакча биледи» деп екiлене үн қатқанымен оның қазақшасының қандай деңгейде екенi жұрттың бәрiне аян. Жағдайы анадай болған соң, сол Қарағұсова ханым тым құрыса өзiне орынбасарлыққа екi тiлдi бiрдей бiлетiн адамды таңдауына болатын едi ғой. Бұрынғы мәлiмдемелерiмнiң бiрiнде нақ осындай жағдайдың Парламентте Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрi Қайрат Әйтекенов мырзамен болғанын әңгiмелегенмiн. Республикамыздағы қаншама министрлердiң, әкiмдердiң, олардың орынбасарларының, департамент басшыларының iшiнде, тiптi Парламент депутаттары арасында өз ана тiлiне, яғни мемлекеттiк тiлге тұмсығын көтере қарайтын қазақтар аз ба? Бұл феноменге мемлекеттiк тұрғыда баға беретiн кез әлдеқашан жеттi деп бiлемiн.

Жуырда Астана қаласында орыс, казак және славян қоғамының Қазақстандағы мемлекеттiк тiлге қарсы бағытталған II республикалық конференциясы өткен. Онда «Лад» қоғамының төрағасы И.Климошенко мырзаның баяндамасында iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзуге қарсылық бiлдiрiлген. Жоғарыда аттары аталған ұйымдар, тiптi атышулы «Лад» қоғамы да Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрамына кiредi. Бұл ағайындардың ашықтан-ашық мемлекеттiк тiлге қарсы шығуы – тiкелей Қазақстан Республикасының ұстанып отырған мемлекеттiк саясатына қарсы бас көтеруi емес пе? Басқа елде болса Конституцияда атап көрсетiлген мемлекеттiк тiлге қарсы шыққаны үшiн әлгiндей оспадарсыз әрекеттерге қылмыстық iс қозғалар едi…

Қазақстан халықтары Ассамблеясы басшылары мен мүшелерiнiң өздерi айтып, жазып жүргенiндей мемлекеттiк тiлге бет бұрғаны шын болса, онда неге өз құрамындағы «Лад» қоғамын тәртiпке шақыруға дәрменсiз? Егер ата тарихымызға үңiлсек, патшалық Ресей отаршылдарының қол астында өткен 200 жылдан астам уақыт iшiнде қазақ халқын тiлiнен, дiнiнен айыру тұрғысында төбе шашыңызды тiк тұрғызарлықтай iс-әрекеттер жасалды. Сондағы кейбiр жантүршiгерлiк қантөгiстер қазiргi «Лад» қоғамы жалғасы боп есептелетiн казак әскери құрылымдарының қолы арқылы iске асырылғанын қазақ халқы ұмытқан жоқ.

Олар қазiр билiк құрылымдарына қайта-қайта хат жолдап казактардың әскери киiмiне қоса қару-жарақ алып жүруiне рұқсат сұрауда. Бұл Қазақстан заңына мүлде қайшы. Кезiнде орыстың ұлы гуманист-ойшылы Лев Толстой да казак әскери құрылымдарының зұлымдылығын әшкерелеген. Қаза берсек, елiмiздегi казак әскерлерi тарихында жүрегiңдi сырқыратар оқиғалар аз емес. Бұл әңгiменi осымен доғаралық. Бiрақ «Лад» қоғамы қашанға дейiн жұрт iшiнде лаң туғыза бередi? Осы сұрақты Ассамблея төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко мырзаға қоюға қақылымыз.

Тiлiн сыйламаған адам ұлтын сыйлауға қабiлетсiз. Республикамыздағы барлық ұлт пен ұлыс өкiлдерiнiң тiлiне, рухани байлығына, салт-санасына құрметпен қарауға мiндеттiмiз. Бiз еларалық, ұлтаралық қатынастар арасында үлкен қызмет атқарып жатқан орыс тiлiне де ешқашан қарсы дауыс көтерген емеспiз. Олай ету кещелiк, көргенсiздiк болар едi. Қазiргi таңда қазақ халқының тең жарымынан астамы өз ана тiлiнде оқи алмайтын, жаза алмайтын жағдайда тұр. Мiне, бiз осыған алаңдаулымыз. Тiл – әр ұлттың ең ұлы анасы. Тiл жойылған сәтте ұлт жойылады. Әлемдегi өркениетi дамыған елу мемлекеттiң құрамына ену идеясын бiз де қуаттаймыз, қолдаймыз. Бiрақ елуiншi емес, нөмерi бiрiншi мемлекетке айналсақ та тiлiмiз бен рухымыздан айрылсақ ол бiз үшiн өлiммен тең. Өз тiлiн, яғни өз анасын сыйламаған адам өзге ұлттың да абыройын асқақтата алмайды. Бұл әлемдiк деңгейде дәлелденген қағида. Әлде «Лад» қоғамы бiздi ұлт ретiнде жоғалып, тарих сахнасынан ерте өшуiмiздi қалай ма? Барлық өркениеттi елдер ұстанып отырған саясат негiзiнде мемлекеттiк тiлдi қорғау және дамыту жолындағы iсiмiзде ешқандай әсiре ұлтшылдық жоқ екенi даусыз. Сондықтан да гуманистiк рухтағы басқа ұлт өкiлдерiнiң бәрi бiздi түсiнетiнiне сенемiз.

Мемлекеттiк тiлге көшудi құбыжыққа айналдыру ешкiмге абырой әпермесе керек. Бұл саланың өз механизмi бар. Мемлекеттiк мекемеде, халық пен қоян-қолтық араласатын орындарда жұмыс iстейтiн адамдар белгiлi деңгейде мемлекеттiк тiлдi үйренуi және оған құрметпен бет бұруы ләзiм. Ал өзге ұлт өкiлдерiн мемлекеттiк тiлде сөйле деп ешкiм зорламайды. Қайта олардың өз ана тiлiн, салт-дәстүрiн ұмытпауын қадалағап отыруымыз қажет.

Серіктес жаңалықтары