КIМДIКI ДҰРЫС, КIМДIКI БҰРЫС?

КIМДIКI ДҰРЫС, КIМДIКI БҰРЫС?

КIМДIКI ДҰРЫС, КIМДIКI БҰРЫС?
ашық дереккөзі
340

Алматы мен Астана қаласы iргесiндегi елдiмекен мен шағын аудандардың басына күн сайын бұлт үйiрiлiп барады. Өйткенi, бәзбiреу алаяқ пен алыпсатардың арбауына ерiксiз алданып қалған аңғал халық соның зардабын әр қадам аттаған сайын тартып-ақ келедi. Тiптi, осындай сорлап қалғандардың саны кешегi Премьердiң жерге қатысты айтқан қадау-қадау ойларынан кейiн мүлдем көбейiп кететiн түрi бар. Әуезов ауданына қарасты «Ақбұлақ» елдiмекенiндегi АЗТМ ауылына былтыр жеткен суыт хабар бiраз уақыт тыншығандай едi. Ендi мiне, ақбұлақтықтарға жеткен жер, баспана мәселесi сотта қаралып, қайта өршiп отыр.

Негiзi «Ақбұлақ» елдiмекенiн Үкiмет 1990 жылы «Қазақ соқырлар қоғамының» құзыретiне берген. Бiрақ олар 1996 жылы аталған мекендi тастап кеткенде, сау-тамтығы қалмаған үйлердi елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен келген жетпiс шақты отбасы қолдарынан келгенше жөндеп, әжетке жаратып, сонда тұра бастаған. Солай күнелтiп жүргенде, шамамен үш айдан соң, «Мен осы жердiң қожайынымын…» деп Қазболат Байдуков деген азамат келiп, «Осы соқырлар қоғамында қызмет iстедiм, сол бiр қиын-қыстау уақытта тастап кеткенбiз, ендi сiздер маған жалға тұратын боласыздар» деген. Содан бұған көнген тұрғындар ай сайын айтқан сомасын төлеп, оны түбiртек арқылы растап отырған екен. Бiрақ ол зымияндық танытып: «Осы жерде он үш мүгедек тұрады. Соларды жәй қарауыл ретiнде отырғызғанмын» деп басшыларын алдап соғып жүрiптi. 2000 жылы бұл азамат кетiп, орнына Нышанбек Омаров келедi де, жетпiс отбасы мұнымен де өзара келiсiп, жалға төлеп тұра бередi. Бiрақ тұрғындардың көкейiн «Жекеменшiкке айналдырып, сатып алсақ» деген ой мазалап, бұны арнайы басқосуда талқылап, ақырында оңтайлы шешiм қабылданады. Алайда, төлем түбiртегi мен кепiлдеме хат қолға тигенмен, сату, сатып алу жөнiндегi басты құжатты бермей, халықты әбiгерге түсiрiп, соттан сотқа сандалтқаны өз алдына. Қысқасы, кейiннен зағиптар бастапқы айтқан ойынан айнып, «Тұрғындар баспананы заңсыз иемдендi…» деп сотқа шағымданған. Бәрiнен де сорақысы сол, «Олар әу баста өз тараптарынан жекешелендiру жасамай-ақ, жер мен баспананы жаппай сатуға кiрiскенiне кiм жауап бередi?», – дейдi тұрғындар.

Редакцияға жергiлiктi тұрғындардан «Бiздi үйiмiзден шығарайын деп жатыр» деген хабар түстi. Қашан да, қазақтың көзi ашылғалы берi тартып келе жатқан жер, баспана мәселесiне бей-жай қарай алмадық. Өзi тас жолға қашықтау жерден орын тепкен бұл қоныс көрген көзге жұпыны, құдды бiр инфрақұрылымнан жұрдай, шалғайда жатқан күйбең қазақы ауылға ұқсайды. Осы мекендi он алты жылдан астам тұрақтаса да, әлi күнге ауыз су мен жарық көзiне зәру болып отырған халықта тек баспанамнан қуып шықпаса деген қылтима ой жатыр ма дерсiң. Әсiресе, мұндағы мектепке баратын екi жүздей оқушының үш шақырым жердегi мектепке қатынайтыны жаныңды ауыртпай қоймас. Ал екi мың екiншi жылдан бастап өмiрге бейқам келiп жатқан балғындардың ата-анасы жәрдемақы түгiлi, туу туралы куәлiгiн де ала алмай табан тоздырып жүр. Мектеп жасына дейiнгi тоқсан балаға балабақшаның есiгiнен сығалау тiптi арман. Жарық көзiн ұмытқан олар әуелгi кезде бұрын соқырлар жаққан жарық құнына, екi, жарым миллион теңге төлеген. Бас-аяғы он жыл iшiнде олар зағиптардың он үш миллионға жуық жиналған қарызын төлеп әуре-сарсаңға түскен екен.

Райхан ата, ауыл тұрғыны:

– 1996 жылдан берi тұрып келемiн. Орталық соқырлар қоғамы басқармасының президентi Б.Әубәкiровтiң өзi Н.Омаровты ертiп кеп, «Жер алыңдар, үй салыңдар. Сосын бәрiңнiң құжаттарыңды бiр-ақ жасап берем» дедi. Н.Омаров бiзге: «Егер келiссеңдер жекешелендiрiп берем!» деп қажеттi ақшасын түгелдей жинап алды. Бiрақ ол қолымызға тек төлем түбiртегi мен кепiлдеме хатты ғана бердi. Ауылға барып, екi жылдан кейiн үй салайын деп қайта келсем, баяғы Омаров жоқ. Қысқасы, олар жер бағасы қымбаттағаннан кейiн қайта үстiнен ақша дәметкен сияқты. Кейiннен Әубәкiровтiң: «Мен ештеңеге қол қоймадым. Әр бөлменi жетi мың доллардан сатам» дегенi төбемiзден жай түсiрдi. Мұндай қаражаты бар халық жаңа баспана сатып алар едi ғой сол кезде?! Ақыр аяғында, соттың қайта қараған шешiмi бұрмаланып, Қазақ соқырлар қоғамының пайдасына шешiлдi. Ендi келiп, Алматы қалалық соқырлар қоғамының жаңа басшысы Марат Бақтыбаев келiп, «Босатыңдар!» деп сес көрсетудi бастады. Алайда, 2006 жылы Әубәкiровтiң төрағалығымен «Қазақ соқырлар қоғамы» орталық басқармасы президиумының отырысында «Қазақ соқырлар қоғамының өндiрiстiк сауда кәсiпорын» директоры Н.Омаровқа кәсiпорын жайлары мен жер телiмдерiмен қосып тұрып жатқан тұрғындарға беруге рұқсат етiлгенi туралы 2002 жылғы шешiмi қабылданса да, берген уәдесiнде тұра алмағандығы қынжылтады.

Света Байбақова, ауыл тұрғыны:

– Бiз жылжымайтын мүлiк орталығынан маман шақырғанда, ең төменгi үшiншi сұрыптағы үй деп бағалап, бар-жоғы екi жарым миллион теңге болатынын айтса да, бiз сол кезде-ақ төрт миллион ақша құйып қойған екенбiз. Сонда осы ақша қайда кеттi?

Мына сот орындаушылары он сегiзiншi сәуiр күнi келiп, бiр дүрлiктiрдi. «Сiздерге соңғы мүмкiндiк беремiз, өз ерiктерiңiзбен мекендi босатыңыздар» дедi. Ендi келiп қазiргi қожайыны – Марат Бақтыбаев қайта-қайта зәремiздi қашыратын болды.

Бiз бұл көштен кейiн қалып қойған ауылға 20 сәуiр күнi сот орындаушыларының кезектi «шабуылына» тұспа-тұс бардық. Жиналған тұрғындар «жауымыз жағадан алса да, өлiспей берiспеймiз» деген тоқтамға келген. Жұрт әрi-берi дабыра көтерiп, даурығып жатқан кезде сот орындаушылары да сол ортаға аяңдап жақындай бастады. Талғат есiмдi жiгiт бастаған сот шешiмiн орындаушылар тұрғындардың мынадай ашынған кейпiн көргеннен-ақ, ашу-ыза шақыра алмаған сияқты. Алайда, ол: «сотқа орындауға тиiс жиырма бес сот шешiмi келiп түстi. Негiзi бұл даулы мәселе сотқа 2006 жылдың 23-қазанында өтсе, заң күшiне ағымдағы жылдың 27 ақпанында ендi. Осы екiншi келуiм. Бәрiбiр сот шешiмiн орындатпай қоймайды» дегендi бiлдiрген.

Ал, Әуезов ауданының әкiмшiлiгiне хабарласқанда, олар: «Соттың шешiмiне қарсы тұра алмаймыз. Өйткенi, арнайы заң бар ғой» деп заңға жүгiнетiндiгiн айтып, қысқа қайырды. Айтпақшы, бiр-екi күндiкте Парламент отырысында да жер- жердегi осындай иесiз қалған үйлердi жөндеп тұра бастаған тұрғындардың мәселесi қозғалды. Қысқасы, олар заңға өзгерiс енгiзудi ұсынып отыр.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары