"АТТАНҒА — АЙҚАЙ..."

"АТТАНҒА — АЙҚАЙ..."

"АТТАНҒА — АЙҚАЙ..."
ашық дереккөзі
267

Қаншама қыршын көктей солған кеңестiк кезеңге наразы эстондар басқыншының ескерткiшiн аулаққа апаруға шешiм шығарып едi, өзгелерге шекеден қарап үйренген орыстар қорасына қасқыр шапқандай өре түрегелдi. Тәуелсiз әрi өздерiмен терезесi тең мемлекеттiң iшкi iсiне қол сұққанымен қоймай, "Қола әскер" мәселесiне саяси реңк беруге жанталасқан кейбiр кремльдiк саясаттың қолшоқпарлары арандатушылық әрекеттерiн жүзеге асырып та үлгердi. Өкiнiшке қарай, арандап қалғандар арасында қазақ депутаттар да бар.

"ДАУДЫҢ БАСЫ…"

Эстондық билiк Таллиннiң орталығындағы кезiнде кеңестiк басқыншылардың жеңiсiнiң куәсi ретiнде салынған қызыл әскердiң қола мүсiнiн орталықтан аулақ орналастыруға шешiм шығаруы мұң екен, өзгеге келгенде ұр да жық саясатты ұстанатын Мәскеу байбаламға басты. Тәртiп сақшылары жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастырғандарды заң алдында жауапқа тартуға талпынып едi, бiр үзiм нанын эстондар жерiнде тауып келген орыстiлдiлер күтпеген жерден "қысымға ұшыраған" болып шыға келдi. Кремльдiң айтақтауымен, әсiреұлтшылдар бар қаһарын Мәскеудегi эстондық дипломаттарға төктi. Осыған байланысты Солтүстiк атлантикалық альянс эстондық елшiлiктер мен дипломаттар өмiрiне төнген қауiпке алаңдаушылық бiлдiрдi. "Қола әскер" мәселесi екi ел арасындағы дипломатиялық жолдармен бейбiт түрде шешiлуi керектiгiн ескерткен НАТО Ресейдi Вена конвенциясында бекiтiлген дипломатиялық қарым-қатынастарға қатысты мiндеттердi орындауға шақырды. Бұған дейiн дәл осындай ескертудi Еуропалық Одақ жасаған болатын. Эстонияның Ресейдегi төтенше және өкiлеттi елшiсi Марина Кальюранд журналистермен баспасөз мәслихатын өткiзiп жатқанда Кремльдiң айтқанымен жүрiп, тұратын жастар ұйымының бiр топ өкiлi елшiлiк ғимаратына басып кiрген. Онысымен қоймай, мiнберге шығып алып, эстондық билiкке деген наразылықтарын айқай-шумен бiлдiруге тырысқан. Екi ел арасындағы онсыз да ушығып тұрған қатынасқа мұндай есерсоқтықтың керi әсер еткенi анық.

Әлемдiк саясаттағы ықпалын күшейту жолында энергоқорын пайдалануды әдетке айналдырған Мәскеу темiр жолдарды жөндеуден өткiзудi желеу етiп, Эстонияға тасымалданатын мұнайды тоқтатып тастады. Таллин ресейлiк ресми құрылымдар мен кремльдiк әкiмшiлiктiң мүддесiне қызмет ететiн компьютерлiк бұзақылардың эстондық үкiметке тиесiлi вебсайттарды бұзғанын мәлiмдедi. Ресей эстондар тарапынан айтылған бұл айыпқа селт еткен жоқ. Керiсiнше, "Таллин шеруге шыққандарға бейбiт жандарға қарсы күш қолданды" деп аттандады. РФ Сыртқы iстер министрi Сергей Лавров эстондық билiктен тұтқынға түскен этникалық орыстар туралы мәлiметтер алуға жағдай жасауды талап еттi. Ал қашан да Мәскеуге қарап "ұлуды" әдетке айналдырғандар орыстарға тағы да бiр рет жағынып қалуға жанталасты. Алыстан айбат шегiп, эстондарға қарсы түрлi ресми және бейресми мәлiмдемелер жасаған жағымпаздар ненi көздеуi мүмкiн? Отарлық және құлдық психологияның әсерi ғой баяғы… Жұрт осылайша улап-шулап жатқанда Қазақ елiнiң Парламентi де өздерiнiң "саяси белсендiлiгiн" көрсетiп қалуға бекiнiптi. Серiк Әбдiрахманов пен Ерасыл Әбiлқасымов бастаған барлығы 54 мәжiлiсмен "Қола әскердi" орнынан қозғауға қарсы екендiктерiн бiлдiрiп Эстонияға дұғай сәлем жолдады. Амангелдi Айталы, Әлихан Байменов пен Тоқтар Әубәкiров әрiптестерiнiң бұл әрекетiне қарсы шыққан. Өкiнiшке қарай, желiккен топқа тоқтау бола алмады. Эстония президентi Тоомас Хендрик Ильвес өткен сәрсенбiде арнайы мәлiмдеме жасай отырып, жұртты сабырға шақырған: "Қола әскерге" қатысты мәселе шешiлдi. Ескерткiш пен оның жанына жерленген әскерлердiң сүйектерi лайықты жерге салынған жаңа қабiрлерден орын алды. Соғыста қаза тапқандарды саяси және басқа да мақсатта пайдалануды доғаратын кез жеттi". Алайда, Мәскеудегi қарсылық шараларын ұйымдастырушылар Эстония өз әрекетi үшiн кешiрiм сұрамайынша, наразылық шараларын тоқтатпайтынын айтты. Сол күнi жазғы демалысқа шығуды жоспарлап қойған эстондық елшi Мәскеуден өз елiне ұшып кеттi.

ҰЛТ ҮШIН ТУҒАН ҰЛАНДАР

Тынисмягидегi ескерткiш төңiрегiнде болған даудың түпкi себебi неде? Елеуреп алған орыстар бұл мәселенiң астарынан саяси сарын iздеп әлекке түскенi анық. Арандатушылықтар мен бүкiл бiр елдiң билiгiне қарсы шыққан шаралар да соның кесiрiнен. Эстондар жерiнде тұратын орыстiлдiлер "Эстондар Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды неге құрметтемейдi?" деп өкпелерi қара қазандай. Кейбiреулер тiптi, "олар фашизмдi жақтайды" деп отандастарының сыртынан сәуегейсiп жүр. Ал эстондар болса, керiсiнше, соғыста қаза тапқандардың ескерткiшке қандай қатысы барын түсiне алмай дал. Өйткенi, Таллиннен аулаққа көшiруге шешiм шығарылған монумент соғыста қаза тапқандарға емес, 1944 жылдың қыркүйегiнде Эстониядағы заңды түрде билiк басына келген үкiметтi күшпен тартып алған күресте қаза болғандардың құрметiне қойылған. Эстондардың ұлттық намысына тиген де — осы жайт. Орыстар қола әскерге қатысты наразылықтарын "Мүрделердi мазақ етуге қарсы шықтық" деп ақталса, эстондар "Егер 1941 жылы осғыста көз жұмған фашистерге арнап немiстер Киевтен, Минск, Псков пен Новгородтан ескерткiш орнатып, жыл сайын сол монументтер алдында улап-шулап, шеру өткiзсе қайтер едiңдер?" деп қарсы сұрақ қояды. Шынында да, эстондар бойындағы жеккөрушiлiк сезiм Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қызыл әскерлерге қатысты емес. 1940 жылы Қызыл әскерлер Эстонияны басып алып, елдi КСРО-ның бiр бөлшегiне айналдырды. Бұл қадамды әсiреұлтшыл бағыттағы фашистiк Германия мен Швециядан басқа бiрде-бiр мемлекет мойындаған да, қолдаған да жоқ. Темiрдей тәртiпке бағынуды мiндеттейтiн Сталин мен Гитлердiң еңбегi зор екендiгi сөзсiз. Қазiргi таңда бүкiл әлем бойынша жалғыз ел – Ресей ғана кеңестiк әскердiң эстондар жерiне күшпен басып кiргенiн мойындағысы келмейдi. Күлкiлi жағдай, әрине. Өйткенi, тарих қойнауына сүңгiген деректi тiптi, орыс тарихшылардың өзi жасырған емес, ал Кремль қағазға түсiп, хаттама жасалған деректi жоққа шығарғысы келедi. Басқыншылық кезеңде халықтың 20 пайызы қызыл әскердiң құрбандығына шалынып, көптеген адам репрессияға ұшыраған. Сөз жоқ, эстондар орыс халқының да коммунистердiң лаңкестiк әрекеттерiнiң құрбаны болғанын бiледi. Сондықтан орыс халқын емес, коммунистiк кезеңдi, сол жылдардағы саяси жүйенi сынға алады. Жек көредi. Лағнет айтады. Олар орыстардың сол кезде өздерi аяусыз қырылса да, әлi күнге Сталиндi нелiктен шексiз сүйетiнiн, оның атына шаң жуытқысы келмейтiнiн түсiне алмайды.

НЕМIСТЕРДЕН ДЕ ҚАЙРАН БОЛМАДЫ

Ел басына күн туған сол бiр зұлмат жылдары әдiлдiк орнатуды армандаған эстондық партизандар Қызыл армияның әскерлерiмен аяусыз күрестi. Балтық жағалауындағы өзге елдер сияқты немiстердi гүлмен, шат-шадыман көңiлмен қуана қарсы алулары да сол себептi. Көп ұзамай, немiс әскерлерiнiң Эстонияға тәуелсiздiк алып беруге мүдделi еместiгiне көз жеткiзгеннен кейiн кеңестiк режиммен күрескендер жасырын түрде немiс басқыншыларына қарсы күресе бастады. 1944 жылы олар парламенттiң қызметiн атқарған Эстония республикасының Ұлттық кеңесiмен бiрiктi. 1944 жылы Қызыл армия Эстония шекарасын қайта аттағанда билiк басындағы премьер-министр Юри Улуотс қандастарын қайтадан немiс әскерлерiмен бiрiгуге шақырады. Премьер немiстермен тiзе қоса отырып, қызылдардың қырғынына төтеп беруге, осының нәтижесiнде Эстония тәуелсiздiгiн қайта орнатуға талпынған едi. Бұл мүмкiндiк 1944 жылдың қыркүйегiнде туады. Немiс әскерлерiнiң керi шегiнген ұрымтал тұсын ұтымды пайдалана бiлген ұлттың ұланы — Юри Улуотс билiк басына Отто Тифаның үкiметiн әкеледi. Немiс әскерiнiң қатарында қызмет еткен, сол мезетте Таллинде жүрген эстондар көп ойланып жатпастан, Оттоның ұлттық үкiметiн қолдайды. Қаладағы барлық маңызды мемлекеттiк құрылымдарды өз қолдарына алған олар жанкештiлердiң ерен еңбегiмен келген егемендiктi қасық қандары қалғанша қорғауға белдi бекем буады. Алайда фашистер де оңайлықпен берiсе қоймайды. Эстондар мен немiстер арасындағы қарулы қақтығыстар елдiң батыс бөлiгiн түгел қамтыған. Айнала қызыл-ала қан, ысқыра келiп, құлақ түбiнен жарылған снарядтар, топыраққа көмiлген бейкүнә жандардың мүрделерi, тәуелсiздiк жолында жан қиған қыршындар. Қаншама адам iз-түзсiз кеткен соғысты басыңнан өткеруден қиын не бар бұл дүниеде… Ұрпақ пен ұлттың тәуелсiздiгi үшiн жанқиярлықпен күрескен эстондардың екпiнiне шыдай алмаған фашистер ақыры шегiне бастайды. Тарихшылар Таллиндегi күрестi 1944 жылғы Француздық қарсылық пен Прагалық көтерiлiспен тең көредi. Айтпақшы, Тифа үкiметi немiстердi де, қызылдарды да қолдамайтындықтарын, бейтараптық бағытты ұстанатындықтарын ашық мәлiмдегенмен, 22 қыркүйекте Қызыл әскер Таллинге шабуыл жасайды. Фашистер қаланы тастап кеткендiктен, қарулы қақтығыс эстондар мен қызыл әскерлер арасында жүредi. Кескiлескен соғыс соңы қызылдардың жеңiсiмен аяқталады. Сондықтан эстондар үшiн 22 қыркүйек Таллиннiң немiстерден азат етiлген күн ретiнде емес, кеңестiк басқыншылардың эстондық заңды үкiметтi тақтан тайдырған қаралы күн ретiнде қабылданды. Отто Тифа үкiметiнiң құрамындағылардың көпшiлiгi тұтқынға алынып, сiбiрлiк түрмелер мен лагерлерде көптеген жылдар бойы жазаларын өтедi. Ұлы Отан соғысында жеткен жеңiстi есте сақтау үшiн жаңа билiк өкiлдерi Таллиндегi Тынисмяги көшесiнен Жеңiс алаңын салып, күнi кеше дау болған Қола әскердiң мүсiнiн тастан қашайды. Ескерткiштiң жергiлiктi тұрғындарға көзге шыққан сүйелдей әсер етуi ұлттық үкiметтi құрдымға жiберiп, билiк басына қантөгiспен келген кеңестiктердiң басқыншылық әрекетi едi. Айтқандай, монументтiң алғашқы нұсқасын мектеп жасындағы қыз балалар жарып жiбередi. Олар құрдастарымен бiрiге отырып құрған наразы топтың құрамында болатын. Қызылдар қыздарды ұзақ жылға Сiбiрге жер аударады. Бүршiк жармай жатып көктей солған балғындар да ұлт үшiн құрбан болды. Одан басқа да айтпай, айтылмай қыршынынан қиылғандар қаншама. Таллин орталығында қасқиып тұрған басқыншы әскер ескерткiшiнiң эстондар көңiлiне қаяу салғаны сондықтан. Қазақ елiнiң депутаттары айқайға аттан қосқыш әсiреұлтшыл топтың жетегiнде кеткенi өкiнiштi, әрине. Есесiне, грузиндiк әрiптестерi эстондарды қолдайтындықтарын бiлдiрiп, ресми түрде мәлiмдеме жасады: "Ресей тарапынан эстондарға жасалып отырған қысым мен қоқан-лоққылыққа қарсылық ретiнде Грузия ресми түрде Эстонияны қолдайтындығын бiлдiредi" (Грузия Парламентiнiң iшкi қатынас жөнiндегi комитетiнiң төрағасы К.Габашвили).

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары