“СYЙЕР ҰЛЫҢ БОЛСА, СЕН СYЙ”

“СYЙЕР ҰЛЫҢ БОЛСА, СЕН СYЙ”

“СYЙЕР ҰЛЫҢ БОЛСА, СЕН СYЙ”
ашық дереккөзі
310

Қайран АБАЙ!..

"Қазақ әдебиетi" гәзетiнiң редакциясында қызмет iстеп жүрген кезiмде Сыр-ағаңның – Бас редакторымыз Сырбай Мәуленовтiң бiр қызық қылығын көргенiм бар. Шаруаның етек-жеңi жиылған қоңыр күзде аудан атаулының жетiстiгi облыс орталықтарында, облыстардың табысы Алматыда қорытындыланатын ұлы жиындар болатын едi ғой. Бiрде сондай жақсы науқанға бiздiң әдеби гәзет те үлес қосу үшiн еңбек адамдарын қошеметтеуге арнаулы бет беру ұйғарылды. Бөлiмдерiмiз әзiрлеген әралуан материалдар Бас редактордың алдында екшелдi. "Шолып шығып едiм, тақырыптарында елең еттiрер ештеңе жоқ екен", – дедi Сыр-ағаң, молақтау оң қолының мұқыр басбармағымен добалдай мұрынын бiрер үйкеп қоятын әдетiнен жаңылмай. Бiз дереу тың тақырып iздей бастадық. Беттiң шапкасын да (ортақ тақырыбын), рубрикаларды да (өлең, очерк, мақала айдарларын) жаңартуға кiрiстiк. Бiрақ қапияда тапқырлық таныта алмадық. Бiздiң ұсыныстарымызды тыңдап болған Сыр-ағаң: "Абекеңнен алмайсыңдар ма? Абекеңнiң әрбiр жолы шапка, әрбiр жолы рубрика емес пе?" – дедi, мұрынын тағы бiр қозғап қойып. Ақын ағаның "Абекеңi" Абай едi.

Расында солай. Абайдың шумақтары… Ғажап шәкiрттерiнiң бiрi — Мағжан Жұмабаев жазғандай:

"…Шын хакiм, сөзiң асыл – баға жетпес,

Бiр сөзiң мың жыл жүрсе – дәмi кетпес.

…………………………………………………….

Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,

Хакiм ата, тыныш бол, қадiрiң артар!.."

Абекеңнiң "дәмi кетпес" сөздерiн тақырып етiп мақала жазбаған жан жоқ шығармыз. Тым ерте, небары 44 жасында бақилыққа бет түзеп, арамыздан аттанып кете барған аяулы iнiм Сағат Әшiмбаевтың туғанына 60 жыл толуына арнап бiрер сөз айту парызым деп қолыма қалам алған сәтiмде оның кезiнде Абай хақында ерекше толғанғаны, тек өзiне тән танымпаздық қуатпен құнды пiкiр түйгенi, ол пiкiрi өзiне дейiнгi үлкен-кiшi әдебиетшi-сыншылардың ешқайсысының ойына ортақтаспаған тың тұжырым екендiгi есiме түстi де, мақаламның тақырыбын Абекеңнен әдейi алдым. Бұл сөзi, бұрын қаншама қайталанса да, халқының сүйген ұлы болған Сағаттың тарихи тұлғасын сипаттауға сай деп бiлдiм. Ал ойы сергек, қаламы жүрдек сыншы iнiм 1988 жылы жазған "Абай тағылымы — азаматтық тағылым" атты мақаласында былай деп едi:

"…Абай тағылымын тұту дегенiмiз – Абай тағылымынан шындап үлгi-өнеге алу, тәлiм-тәрбие көру. Абай айтқан: жаныңа жара салар жамандықтардан, яғни кеселдi кесапат мiнездерден бойыңды да, ойыңды да көш бойы аулақ ұстау, оларға жол бермеу, жол бергенге "сенiкi жөн" дегендi айтпау деп бiлемiз… Абай тағылымынан үйрену деген сөз – өмiрiңе және өзгелерге де Абайдың көзiмен әдiл баға берудi үйрену, барыңды да, жоғыңды да Абай таразысына салып өлшеп көру. Абай көрсеткен кемшiлiктерге кеңшiлiк бермеу дегендi баса айтқымыз келедi. Абайдың бiзге беретiнi сол, бiздiң одан тек батпандап ала бiлуiмiз ғана. Абай – бiздiң еркiмiзден тыс құпиясы мол құбылыс… Абайсыз өмiр сүру – рухани бейшаралық пен адамдық ақыл-ой мешеулiгiнен, сезiм жұтаңдығынан, айналып келгенде осыдан тұратын жазылмас жан жарасының қасiретiнен арыла алмау деген сөз. Барлық гәп осында жатыр… Бiр сөзбен айтқанда, Абай тағылымы – өте ауыр тағылым. Сондықтан да оны ерiксiз мойындауға тура келедi, өйткенi ол бәрiбiр мойындатпай қоймайды".

Бұдан артық не деуге болады? "Абай тағылымы – өте ауыр тағылым" дегенi бұрын естiмеген құлаққа тым тосын болса да, нақты жақсы мәндегi түсiнiктi емес пе? Менiңше, солай.

Сағат мәнсiз сөйлеген де, жазған да емес. Қай мақаласында болсын өмiр мен әдебиеттiң бiрлiгi мүддесiн көздеуден туған шындық шырайлы ойы менмұндалайтын. Шығармадан авторының атақ-мансап көлеңкесiн iздеп көрген жоқ, өмiр келбетi мен қаламгер танымын iздедi. Оның осы бiр таза ұстанымын алғаш анық аңғарғаным әдебиет сыншыларының 1974 жылы Грузияның Тбилиси қаласында өткiзiлген Бүкiлодақтық кеңесi күндерiнде болған. Аптаға созылмақ кеңестiң екiншi күнiнде Сағат жары – Шәрбәну Бейсенова (жазушы) шығысқазақстандық, менiмен жерлес болған соң, көңiлi көктем кезде еркелене сөйлейтiн әдетiнен айнымай, маған жантайыңқырап:

– Қайнаға, мыналардың кеше бес-алтауы сөйледi, бүгiн, мiне, екеуi сөйлеп тастады, жаттанды сөзден жалығып барамын, не iстеу керек? – деп ақырын ғана сылқ-сылқ күлдi.

– Менiң де құйрығымның мазасы кеттi, қазiр үзiлiстен кейiн зытайық! – дедiм. Екi иығы селкiлдеп булыға күлдi.

Екеумiз кезектi үзiлiстен кейiн шынында тайып тұрдық.

– Ай, күйеу бала, сыншы сен керегiңдi терiп алмасаң, сыншы емес қайнағаң ештеңе қармап қарық болатын емес. Мәскеу мен Ленинградтан келген дөйлерiң де ескi өсиеттерiн боратып мәз. Бiз былай iстейiк: таңертең келгенiмiздi көрсетiп тiркелейiк те, бiрiншi үзiлiстен соң зытып кетiп, қаланың көрiктi жерлерiн аралайық, дұрыс па? – дедiм.

– Бұдан артық ақылдың керегi жоқ! – деп мәз болды.

Бiз қаланы армансыз араладық. "Көне Тбилиси", "Жаңа Тбилиси" деп аталатын екi бөлiгiн де. Тарихи, әдеби орындарда, мұражайларда болдық. Қай-қайсысында да түсiнiк берушiм – Сағат. Көне елдiң тарихына жетiк екен. "Бұл кiнәз пәлен ғасырдың түглен жылдарында өмiр сүрген, оның мынадай бiр қызық iстерi болған" дейдi де, мұрағатжайдың құжаттарын оқи бастаған кiсiше мағлұматты ағылтады.

– Мұны қайдан бiлесiң? – деп бiрде шын таңдандым.

– Қайнаға-ау, атақты саяхатшы-тарихшы пәленбайдың кiтәбiн оқымап па едiңiз? – деп ол да таңданды.

– Қажет еместi iздеп, оқып әуре болмаймын, – дедiм, өзiмше маңызды хабарлама жасап. Сағат сылқ-сылқ күлдi де:

– Тарихтың қажетсiзi болмайды ғой? – дедi.

– Болғанда қандай!

– Қойыңызшы! – деп күле түседi. Бала көңiлдi күлегеш едi ғой!

Тарихтың қажетсiзi болмайтынына сол күндерi көзiм жеттi. Сыншы-әдебиетшiлер қауымы мәжiлiстен соң республиканың тұс-тұсына бөлiнiп баратын болды. "Жiгiттер, мен бiздiң делегацияны Гориге, Боржомиге баратын етiп жоспарлаттым, зәуде жол түскенде жақсылып аралап қайтайық, ә?", – дедi жолбасшымыз, Ғылым академиямыздың Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, партизан-жазушы Шәрiпов Әди ағамыз. Сол сапарда танысқан жерлерiмiздiң де тарихынан маған "дәрiс оқушы" Сағат болды. Бiзбен бiрге жүрген әдебиетшi-сыншы грузин жiгiт Асатианимен (есiмi жадымда қалмапты) Грузияның тарихы, әдебиетi туралы пiкiр таластырып та қояды. Асатианиға көбiнесе мойындатып тынады.

Боржомиге тақала бергенiмiзде ғой деймiн, Асатиани iркес-тiркес тау сiлемiндегi биiк төбе басындағы тас қорғанды нұсқап, ол пәлен ғасырда өзара жауласқан екi кiнәздiктiң жеңiлген кiнәзi бекiнiс еткен қорған екенiн, ол кiнәздiң онда үш ай қоршауда тұрып атысып, жауына ақыры берiлмей құтылып кеткенiн айтып:

– Ол – бiздiң бабамыз! – деп желпiнiп қойды. Бабасының аты-жөнiн де айтқан, бiрақ есiмнен шығып кетiптi.

– Олар үш ай қоршауда тұрғанда аштықтың да азабын тартқан шығар? – дедi Сағат.

– Жоқ, ашыққан жоқ!

– Қалайша?

– Таудың арғы етегiнде үлкен, терең көл бар, олар төбенi қазып, көлге дейiн жерасты жол салып, көлден балық әкелiп тұрған, ақыры өздерi де сол жол арқылы шығып кеткен!

– Бабаңның ол жолын барып көрдiң бе?

– Жоқ.

– Көргендер бар ма?

– Бiлмеймiн.

– Көрмегендi көргендей айта бiлу де – өнер! – деп Сағат құрдасын иығынан құшақтап, шашбаулап қойды. Ал оңашада маған:

– Қайнаға, Асатианидың анау жеңiлiп, қашып, тығылып жүрген кiнәз бабасының қолында, құдай бiледi, кездiк пен қылыш қана болды, ал сонымен тоннель жасаулары "ғажап" емес пе? – деп қулана күлгенi ғой.

Айтпақшы, жиналыстан жылыстап кетудi бастаған күннiң ертеңiнде, түстен кейiн, Тбилисидiң батысындағы Мтацминда тауына шықтық. Оның қала жақ бетiнде, орта тұсында, пантеон (зиялылар зираты) барын естiгенбiз. Соған жеткенiмiзде Сағат:

– Грузиндердiң классик ақыны Илья Чавчавадзенiң күйеу баласы, орыстың атақты ақыны Александр Грибоедовтiң қабiрi осында, – деп бастап, тағы бiраз тарихты айтып үлгiрдi. Қабiрдiң қасында тұрғанымызда: – Ғаб-аға, кешiрiңiз, анау шәкiрттерге барып келе қояйын, – деп бұрыла жөнелдi. Ол бет алған жаққа қарасам: бiзден отыз метр шамасында әлде мұғалiм, әлде жетекшi келiншектi ортаға алған бiр топ бала, сiрә, төртiншi-бесiншi сынып шәкiрттерi болар, мектеп үлгiсiнде киiнген, мойындарында – пионердiң қызыл галстуктерi, дауыстап әлдене деседi. Мен iргелес басқа бiр қабiрдiң құлпытасын көрiп тұрғанымда Сағат қайтып оралып: – Ғаб-аға, анау балалар Тбилисидiң төңiрегiндегi бiр деревнядан келген шәкiрттер екен. Жалпы бұл грузиндерде осында жерленген ақын-жазушылардың туған, қайтыс болған күндерiнде келiп, олардың шығармаларынан кезектесiп үзiндi оқитын дәстүр бар көрiнедi, қандай керемет, а?! Шiркiн-ай, атақтыларымыздың аруақтарын бұлайша құрметтеу бiзде де болса ғой! Осыны ойластырайықшы! – деп ерекше құштарланып сөйледi. Таудың Сололак жотасына орнатылған "Ана-Грузия" ескерткiшiне барғанымызда да: – Шiркiн-ай, Алатаудың биiк жоталарының бiрiне бiз де: "Алматыға хош келдiң!" – деп тұрғандай осылайша ғаламат скульптура орнатсақ қой! -деп тебiрендi.

Сағаттың жаны жақсылыққа ынтық едi. Ертеңiнде қаланың көрнектi жерлерiндегi Шота Руставели, Александр Грибоедов және басқалардың ескерткiштерiн тамашалағанда да өмiршең өнер туындыларына шынайы сүйiнiп жүрiп: – Бiздiң Хакiмжан Наурызбаев та ғажап шебер ғой, Абай ескерткiшi қандай құдiреттi, а, Ғаб-аға?!. Хакең Абайдың ұлылығын қалай нақыштаған десеңiзшi! Ал бiздiң Абай шын мәнiндегi ұлы ақын! Ол әлемдегi атақты ақындардың ешқайсысынан пәс емес, қайта солардың көбiнен ойшылдығымен артық. Кiммен болсын бәс тiге аламын, бiздiң Абай ешкiмнен кем емес! Мәңгi-бақи жасайтын тұлға! Өлеңдерiн айтсаңызшы, қанша оқысаң да жалықпайсың, оқи бергiң келедi және, құдiреттi емей немене, оқыған сайын жаңа ой туындайды! – деп қалың жұрттың алдында ұлы ақынымыз хақында қара сөзбен жыр өргендей ерекше қызына, шабыттана сөйлегенi менi де қуаттандырып, мақтаныш сезiмiне бөлеп едi. Сағаттың сол пiкiрiн бертiнде қаламгер ағамыз Тахауи Ақтановтың аузынан естiдiм. Абайдың ақындығы жайында қалайда бiр әңгiмелесе қалғанымызда Тахаңның: "Мен Абайды ендi-ендi түсiнiп жүрмiн. Өлеңдерiн оқыған сайын бiр жаңалық ашқандай боламын" дегенi ғой!

Екеуiмiз Тбилисидiң "Сакартвело" деген байырғы да еңселi мейманханасының бiр бөлмесiнде жаттық. Сағат грузин әдебиетiнiң кесек туындыларының жазылу тарихын, авторларының өмiрбаяндарын әңгiмелеп, шамымыз түн ортасынан ауғанша сөнбейдi. Алғашқыда:

– Мұның бәрiн қайда жүрiп оқып алдың? – дегенiмде, әдетiнше сылқ-сылқ күлiп:

– Қайнаға-ау, менiң кiтәпханамды көрдiңiз ғой? Кiсi, менiңше, кiтәптi сән үшiн емес, оқу үшiн жинауға тиiс, – деген. Иә, оның үй кiтәпханасы бай едi, сол жылы-ақ екi мың шамалы кiтәбi бар-ды және, қайсы кiтәбiн алып көрсең де, "менi оқыды" дегендей болып, арасынан қағаз қиындысы қылтиып тұрғаны.

Келесi түндердiң бiрiнде:

– Тбилисидiң негiзi қаланғанына неше ғасыр болғанын, қала атының қандай мағына беретiнiн бiлесiз бе? – дедi қуақылана сөйлеп.

– Бiлмеймiн, – деп шындықты мойындадым.

– "Тбили" – "жылы" деген сөз, ал қаланың iргетасы қаланғалы он алты ғасыр болды.

– Құр қол келмейiн деп, оны да оқып алған екенсiң ғой?

– Бағана сатып алған көк кiтәпша қайда?

– Сөмкеме салып қойдым.

– Түуһ, қайнаға-ай, оны, тым болмаса, шолып шықпадыңыз ба? Мен жаңағы фактiлердi содан алдым.

– Үйге барған соң оқымаймын ба, несiне асығамын?

– Асығу керек. Николай Островский: "Өмiр адамға бiр-ақ рет берiледi" демедi ме?

– Өй, ол да менiң күйеу балам сияқты айтқыш болған екен-ау! — дегенiмде Сағат сылқылдап ұзақ күлдi.

Осы тұста "Өмiр адамға бiр-ақ рет берiледiге" байланысты мына бiр жәйттi айта отырайын: мемлекетiмiздiң, қоғамымыздың көрнектi қайраткерi, әйгiлi "Азат" қозғалысымызды ұйымдастырушылардың бiрi болған iрi саясаткер, көсемсөздiң шеберi, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының биiк мiнберiнен сөйлеген алғашқы қазақ Хакiм Тiлегенұлы (Михаил Иванович) Есенәлиевпен ол кiсi ортамызда жүргенде аға мен iнiдей қарым-қатнаста болдым. "Ұлық болсаң – кiшiк бол" сол Хакеңе қаратыла айтылғандай. Ол аса бiлiмдар едi. Үйiндегi кiтәпханасында әлемдiк мәдениет пен өнердiң, көркем әдебиет пен саясаттың, ғылым мен архитектураның… небiр құнды да сирек жинақ-еңбектерi болатын. Ұзақ жылдардағы тым қарбалас күндерiнде соның бәрiн оқуға, әрқайсысынан қажетiн алып жүруге уақытты қалай табатынына таңдана сұрақ қойғанымда қадiрлi аға жылы жымиып: "Бәйбiшем мен бала-немерелерiмнен кейiнгi серiктерiм, сырластарым – осы мүлкiм", – дегенi бар. Бiрде, 1987 жылдың жазы болар, маған телефонмен: "Ничто человеческое мне не чуждо" дегендi кiм айтып едi?" дедi. Үнiнен қуақылық нышаны сезiлдi. "Е, баяғыдан бiлемiз ғой, Карл Маркс айтқан!" дедiм. Ол күлiп: "Оқу керек, жолдас, оқу керек. Оны көне Римнiң драматургы Терренцидiң бiр кейiпкерi айтыпты, онда Карлды қойып, Маркстың да бабасы тумаған!" дедi. Ендi бiрде әлдебiр бұйымтайым болып хабарласқанымда: "Мен бiр кiтәп оқып отырмын, осы әлгi "Өмiр адамға бiр-ақ рет берiледi" деп басталатын өсиеттi кiм айтып едi, есiңде ме?" дегенi. Тағы бiр "қақпан құрғанын" сездiм де, қалай құрсаң да тұтылмаспын деген сенiммен: "Николай Островскийдiң "Құрыш қалай шынықтысын" мен де жаттап өскенмiн, Хаке!" дедiм. Ол тағы күлiп жiберiп: "Островский оны орыстың мықты сыншысы Писаревтен алыпты, оқу керек қой!" дедi.

Хакiм ағаның кiтап байлығы, бiлiмдарлығы Сағаттың қасиеттi тiрлiгiн есiме түсiретiн.

Тбилиси сапарынан кейiн де Сағаттың сын мақалаларын үнемi оқып жүретiн болдым. Теледидар арқылы жүрiзген "Парыз бен қарыз" әңгiмесi қандай едi! Ойының шалқарлығы мен сергектiгi, қай мәселенi болсын пайымдау, тану, бағалау қабiлетi менi де қызықтыратын. Бiрде "Парыз бен қарызға" қатысуға шақырды. "Сенiң жаныңда бойжеткеннiң қасындағы шалдай қауқарсыз болып отырғым келмейдi" деп қалжыңдап құтылдым. Телеәңгiмесiне пiкiрiмдi сұраған жолы: "Айналайын күйеу бала, алып-қосарым жоқ, тек "өзiң көбiрек сөйлейсiң" десем, бұртиып қаласың ба, қайдан бiлейiн" дегенiмде, ол сүйкiмдi күлкiсiне басып: "Мұхтар Әуезов солай дегенде Әлкей Марғұлан: – Көп бiлген соң көп сөйлеймiз де, – дептi", – деген-дi.

Қоғамның, әдебиеттiң мүддесiн аса қадiрлейтiндiктен орнықты деп бiлген ойын ашық жазатын да, тiк айтып та жiберетiн Сағаттың турашыл мiнезi кейбiр ағайындарға жақпай қалатын. "Лениншiл жас" гәзетiнiң редакциясындағы (редактор Сейдахмет Бердiқұловтың тұсында) жұмысынан сондай себептен шығарылды. Жазушылар одағы басқармасының хатшылар алқасы мүшелiгiнен де (хатшы Олжас Сүлейменовтiң "арқасында") солайша шеттетiлдi. Ол жәйттердi: "Сын түзелмей мiн түзелмейдiнi" бiле тұра шын сынға төзе алмайтын ағаларымыз да бар", деп қынжылғаны әлi есiмде.

Ендi бiреулер оның сын мақаларынан жоқ астарды iздеп әурелендi. Көзi тiрiсiнде жолына көлденең тұруға тырысқандарды былай қойғанда, атағынан аттан бұрын түйе үркетiн ақын ағаларының бiрi осыдан төрт-бес жыл бұрын естелiгiнде: "Сағаттың солақай сыны Мұқағалидың (Мақатаевтың) өлiмiн тездеттi" деп те жазды. Ой мен сөз "бостандығы" саудаға айналған заман-ай!

Ақиқат сынды түсiну, таза қабылдау, одан сабақ алу – кiмнiң де болсын адамгершiлiгiне сын. Азамат Сағат қастерлеген қағиданың негiзi осы болатын.

Өмiрiнiң соңғы кезеңдерiнде Сағаттың санасына салмақ көп түстi. Әсiресе 1986 жылдың желтоқсанындағы Жастар көтерiлiсiнен бастап.

Бiр күнi iңiрде кiрiп келдi. Қашанда телефонмен хабарласып келетiн күйеу баламызды ол қылығын қуана құптай қарсы алдық. Бiрақ әдетiнше ашық-жарқын емес. Төрге оздырып, хал-ахуалын сұрадым.

– Ғаб-аға, жұмыстан жаңа шықтық, оңаша сөйлесуге келдiм, подло, Ғаб-аға, подло! – дейдi. Өңi – сұп-сұр, даусы – дiр-дiр.

– Сабыр еткейсiң, күйiнбегейсiң. Халқымыздың жүйкесiн шабақтайтын шаққа тап болдық қой, бұдан арыда не күй кешерiмiздi кiм бiледi, қылар қайран жоқ, аяғымызды аңдап басып, артын бағамыз да, – деп өзiмше жұбата сөйледiм.

– Анау үлкен цэканың қаулысы бар ғой, сондағы "казахский махровый национализм" деген формулировканың "махровый" деген сөзiн мына бiздiң цэканың идеология бөлiмiнiң меңгерушiсi Альберт Устинов қосыпты!

– Қой?! Оны кiм айтты?

– Менiң цэкадағы жолдастарым айтты. Қаулының текстiн осындағылар дайындаған екен, ал оның соңғы вариантына бұрынғыларында болмаған "махровый" деген сөздi Устинов автоқаламмен жазып апарып бастырыпты, машинисткалар соның жазуы дептi, таниды ғой.

– Жазу сонiкi болса болар, бiрақ ол өз төтесiнен жаза алмас. Менiңше, ол сөздi Мәскеуден келген "көсемдердiң" бiрi қосты, немесе бiздiң жағымпаз "көсеулердiң" бiрi айта қойды. Устинов бейшара писарь болып отырғанда, "қос, жаз!" деген соң машбюроға ала жөнелген шығар. Солай, күйеу бала! – дедiм, Сағаттың көңiлiн желпiгiм келiп.

– Логично, қайнаға, логично, бiрақ күйеубалаңыз сол Устиновқа бәрiбiр сенбейдi, – деп Сағат ақырын ғана салқын жымиды. Үнi сәл-пәл жеңiлдеген сияқтанды.

– Жеңгеңнiң қышқылданған арпа көжесi бар, екеуiмiз содан бiр-бiр шараны тастап алайық, содан кейiн әңгiмемiздiң арғы жағы, Оспанхан ағаң айтқандай, "мидай жазық дала" болады, – деп едiм,ол тағы жымиды.

Бiздi көңiлдендiруге көженiң күшi жетпедi. Сағат сәлден соң қайтадан тұнжыраңқырап, қабағын түйiңкiреп, көзәйнегiн сұқсаусағымен көтерiп қойып:

– Ғаб-аға, әңгiмемнiң секретi бар, соны айтуға келдiм… бiр сұмдықтың боларын iшiм сездi де, он алтысы күнгi iңiрде бiр сенiмдi қызметкерiмдi оңашалап алып: "Ертеңдер алаңда не болса да видеокассетаға түгел түсiрiп жазып ал. Тiрi жан көрмейтiн, бiлмейтiн болсын, ыңғайлы жасырын жер тауып ал да, түсiр де отыр" дедiм. Ол екi күн бойғы сұмдықты түп-түгел жазып алды. Кассетаны менiң сейфiме салып тастадық та, бiрде түн бойы оңашада көрдiк… Сұмдық, Ғаб-аға, сұмдық!.. Шерудiң қашан, қалай басталғаны, кiмдердiң жастарды қорқытып-үркiтпек болып мiнберге шығып, не деп көкiгендерi, милиция мен әскер офицерлерiнiң шовинистiк былапыт боқтықпен барқырап бұйрық бергендерi, жазықсыз жастардың қандай қорлық-зорлық көргендерi дейсiз бе… бәрi-бәрi бар… Неткен сұмдық! Неткен жауыздық! – деген Сағат тұтығып, қалшылдай бастады. Тiксiнiп тыңдап отырған менiң де бар қаным басыма тепкен. Әйтсе де, кiршiксiз жүрегiнiң бұрыннан ақауы бар iнiме жаным қатты ашып, иығынан құшақтай алып:

– Айналайын Сағат-жан, сабыр сақташы, қайратты едiң ғой, ашуыңды алға түсiрмеушi едiң ғой, қамықпашы, мүжiлмешi, қайратты едiң ғой! – дей бердiм.

Екеуiмiз бiраз үнсiз отырдық. Сағаттың көңiл күйi сабасына түскендей болды. Құшағымды жазып, арқасынан ақырын ғана қағып:

– Ата-бабаларымыз: "Сабыр түбi – сары алтын" демедi ме. Ғажап нақыл ғой, ә?! Күйеубала, сендер мықтап бiр ерлiк жасаған екенсiңдер, шынында нағыз ерлiк! Ал ендi сол кассетадан бiрнеше көшiрме жасат та, бiреуiн маған бер. Жалғыз дана болса, ол, өзiң бiлесiң, "жаман айтпай жақсы жоқ", тiмiскi сатқындардың бiреуi сезiп қалса, құрып кетедi ғой, сондықтан көп кешiктiрмей көбейтiңдер. Ондай құнды дүние бағаланатын күн туар, сонда керек болады. Не өзiң, не жаңағы сенiмдi дос-жолдастарыңның бiрi соның негiзiнде кiтап жазарсыңдар, хабар жасарсыңдар. Мен де қарап жатпаспын. Қалай, күйеубала, қайнағаң дұрыс айтты ма? – дедiм. Сағат жымия басын изедi де:

– Оны достарымның бiрiнiң үйiне тығып қойдық, жоғалмайды. Сiз бiздiң радиодағы Рабат Жәнiбековтi бiлесiз бе? – дедi.

– Ал сен Тоқтарбек Қызықбаевты бiлесiң бе? – деп жорта қағыттым.

– Ақын Тоқаң ба? Неге бiлмеймiн, ол кiсi де қайнағам емес пе? — деп көңiлдене түстi.

– Ендеше мен де Рабатты бiлемiн, сенiң ағаң, ал ол – сол қайнағаңның, менiң iнiмнiң туған құдасы!

– Түуһ, қайнаға, шидей тоқылған туыс болып шықтық қой! Шығыстан келiншек алғаным мұндай жақсы болар ма?! – деп Сағат сылқ-сылқ күлдi де: – Ғаб-аға, Рахаң бiздiң жаңағы шаруамызды бiледi, егер iздегенiңiзде болмай қалсам, сол ағаммен хабарласарсыз, – дедi.

…Бейнетаспадан көшiрме жасалар деп әне-мiнемен жүргенiмде уақыт шiркiн зымырап, бiр күнi Сағатымыздан кенет айырылып қалдық… "Егер iздегенiңiзде болмай қалсамды" аузына құдай салған екен… Iздедiм… Рабатқа телефон шалып, бейнетаспа жайын сұрап едiм, ол оны бiлгенiмен, сақтауға Сағаттың дәл кiмге бергенiн бiлмейтiнiн айтты.

Тарихи құнды ол бейнетаспа кейiнде Желтоқсан көтерiлiсiне арналған деректi хабарларға пайдаланылған тәрiздi. Толық қалпында ма, әлде жарым-жартылап па, ол жағы маған мәлiм емес.

Асылынан айырылу кiмге болсын ауыр. Сағаттың қазасы, әрине, жары мен балаларына тым қиын тидi. Дос-жолдастары да: "Не болды?" күйге ұшырады. Сондай зiл-батпанмен арада бiр жыл өткенде қоластымдағы қызметкерлер Талғат Айтпайұлы мен Тойболды Зейнәбiн келiп:

– Аға, Сағат Әшiмбаев туралы естелiк кiтәп шығарсақ деген ойымыз бар, – дедi Талғат.

– Сағаттың жолдастары сондай тiлек бiлдiрiп жүр, – дедi Тойболды.

Ол жылдары Жазушылар одағы құзырындағы Көркем аударма және әдеби байланыс Бас редакциясының алқасындамыз (мен төрағамын). Ұсыныс оңды, бiрақ кiм шығарып бере қояды?.. Өзiмiзде қаржы тапшы. Алайда тәуекел етiп:

– Құрастырыңдар, шығарайық. Бiрақ көлемi 3-4 баспатабақтан аспас, жыл аяғы, қаптың түбi көрiнiп қалды ғой, – дедiм.

Тоғыз автордың естелiгi тоқайластырылған, менiң жолжазбамның тақырыбын еншiлеген "Күлкiңдi жүрмiз сағынып" солай шықты. 1993 жылдың қыркүйек айында.

Талантты да парасатты әдебиетшi-сыншы, танымал қоғам қайраткерi болған Сағатын сағынған көпшiлiк одан кейiн де екi мәрте естелiктер жинағын шығарды. Туғанына 50 жыл толуына арналған "Жалындап өттi жас ғұмыр" ("Алатау-"Ана тiлi" баспасы, Алматы, 1997 жыл) және қайтыс болғанының 10 жылдығына орайластырылған "Сағат" ("Елорда" баспасы, Астана, 2002 жыл).

Тағдыры тарынбағанда ерен жарқын емпiлдеп күлiп арамызда асығыс жүретiн едi. Жайдары жазға иек артқан көктемгi мамыр айының алғашқы күнiнде жасының алпысқа толуын мұрны тершiп отырып тойлайтын едi.

Қайран САҒАТ!

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы

Серіктес жаңалықтары