АРАШАШЫ БОЛЫҢДАР, ИЕГОВАДАН САҚТАҢДАР!

АРАШАШЫ БОЛЫҢДАР, ИЕГОВАДАН САҚТАҢДАР!

АРАШАШЫ БОЛЫҢДАР,  ИЕГОВАДАН САҚТАҢДАР!
ашық дереккөзі
321

Таяуда Шымкенттен 22 жасар Александр (Айболат) Оглаблинов атты бала келiп, бiрқатар дiнтанушылар мен ақпарат құралдары өкiлдерiнен араша сұраған едi. Әкесi – орыс, анасы – қазақ екен. Жастайынан анасынан айрылған бала көп ұзамай әкесiнен де қол үзедi. Жападан-жалғыз қалған бала Атыраудағы «Иегова куәгерлерiнiң» мүшелерiне оңай арбалады. Кейiн Шымкенттегi «Иегова куәгерлерiнiң» орталығына табаны тисе де, көп ұзамай хақ дiннiң – ислам, «Алланың – хақ, Мұхаммедтiң – Оның елшiсi» екенiне көзi жетедi. Бiрақ иеговистер Айболатты пастор деңгейiне дейiн жеткiзген соң, оның шiркеуiшiлiк көп сырды бiлетiнiн ескерiп, оны қудалаумен келедi. Бұл жайында ол төмендегi әңгiмесiнде өрбiттi.

СЕКТАҒА КIРУ – ОҢАЙ, ШЫҒУ – ҚИЫН…

– Мен «Иегова куәгерi» сектасына 2001 жылы 11 сыныпты бiтiрiп жатқан кезiмде келдiм. Түркiстанға барып қайтқан жолда шешем емханаға ауыр халде түстi. Сонда маған кейбiреулер: «Сен Меккеге барып кел, Меккеге барсаң анаң жазылады» – дедi. Мен Түркiстанға барып келдiм. Бiрақ одан келсем, анам екi сағаттан кейiн қайтыс болды. Әкем екеуiмiз жалғыз қалдық. Анамның қырқын әкеммен өткiздiк. Ал, жүзiн жалғыз өзiм өткiздiм. Өйткенi әкем безiп кетiп қалды. Басымнан қиын күндер өттi. Тося дейтiн көршiм бар едi. Сол Тося маған «Сторожевая башня» деген кiтапшаны бердi. Одан бұрын 4-шi класта оқып жүргенiмде, Библия мен «Сторожевая башня» қолыма тиген едi. Бiрақ менiң анам бұл кiтаптарды лақтырып тастап: «Бұларды Құранмен теңестiрме» – деген. Бiрақ 2001 жылы мен осылардың сенiмiн қабылдадым. Өздерi менi көп дайындап оқытқызды. «Иегова куәгерлерiне» өзiмнiң дос баламды, көршiлерiмдi түгел кiргiздiм. Мирас деген дос балам болатын. Ол бала көп шыдамай ислам дiнiне қайта келдi. Мұны естiген иеговистердiң iшiндегi Абай мен Тося: «Мирастың көзiн құртыңдар» – деп тапсырма бердi. Менiң жүрегiм тiтiркендi. Бiрақ сыр бiлдiрмедiм.

Мен онда екi жыл бойы лидер оқуын, үш жыл пастор оқуын бiтiрiп шықтым. Екi жыл iшiнде иеговаларға 25 адамды әкелдiм, үш жыл iшiнде 30 адамды кiргiздiм. Бес жыл iшiнде Иегова сенiмiне 55 адамды тартқан едiм.

Мирасты айтсам, оны бiр күнi №26 мектептiң спорт залының алдында пышақтап кетiптi. Бет-аузы көкпеңбек, iштен соққан, екi жерiнен пышақтаған. Бiр ай реанимацияда жатты. Бiр айдан кейiн анасы облыстық прокуратураға, әкiмшiлiкке дейiн барып, шағым түсiрдi. Осылайша Атырау қаласындағы иеговистердiң ұяшығы арнайы тексерулерден кейiн қызметiн тоқтатты. Сосын Абай қалған иеговистердi жан-жаққа жiбердi. Мен өзiм Шымкентке кеттiм.

– Шымкент қаласында «Иегова куәгерлерi» шiркеуiне кiретiн адамдар саны қанша?

– Шымкент қаласындағы Ремзона деген жерде бiр орталығы бар. Мен оған өткен жылы бардым. 2007 жылдың қаңтар айына дейiн Библия оқып, адамдар арасында уағыз жүргiздiм. Бiр күнi Сырлыбек және Мұхит деген балалармен таныстым. Олар маған: «Сен Қазақстанда тұрасың, елiң – қазақ, өзiң мұсылмансың ғой» – дедi. Мен бұрын-соңды Қазақстанды мұсылман елi деп ойламаппын, бiздер христианбыз деп жүргенмiн. Олар менi арнайы пiкiр-сайысқа шақырды. Пасторлар да келуi керек едi, бiрақ олардың бiр де бiрi келмедi. Мұсылман балалары көп жиналды. Өзiм де болдым. Олар маған Библияға сүйенген қателiктерiмдi тауып бердi. Оншақты қате шықты. Мен бұл қателiктердi өзiм де мойындадым. Сөйтiп, ислам дiнiн қабылдадым. Жергiлiктi телевидение арқылы шығып: «Иеговаға кiрген қазақтарды керi қайтарамын» – дедiм. Мұны иеговистер естiп, 8 наурыз күнi Шымкент қаласындағы көшелердiң бiрiнде менi машинамен қағып кеттi. Алла сақтап, одан аман қалдым.

Бiраз күннен кейiн тағы да қастандық жасады. Үйдiң подъезiнен шыға бергенiмде артымнан бiр дыбыстар естiлдi. Мен мұны қаңғып жүрген ит шығар деп ойладым. Жайлап шыға берген кезiмде басымнан қапшық кигiзiп, орап, машинаға салып алып кеттi. Олар маған: «Бiз сенi жазалаймыз. Бiрiншiден, ислам дiнiн қабылдағаның үшiн, екiншiден, Иегова – шын Құдайға қарсы шыққаның үшiн. Үшiншiден, телевидение арқылы бiздiң осал тұстарымызды айтқаның үшiн» – дедi. Қол-аяғымды байлап, аузымды жауып, Жастар сарайының бұрышына лақтырып кеттi. Бұл наурыз айының суық күндерi болатын. Алла Тағаланың сақтағаны болар, Жастар сарайына дейiн домаланып бардым. Екi иықтан иық қалмады, қатты ауырды. Адамдар көрiп, менi босатты. Жастар сарайында талып құладым. Өз-өзiме келсем, Шымкент қаласындағы №2 ауруханада жатыр екенмiн. Полиция келiп, бәрiн түсiрiп кеттi. Мен шағым түсiрдiм. Иеговистердiң ең үлкенi – Мәулен Аузи деген кiсi. Сол кiсi келiп, Абай аудандық IIД-нiң басшысына, Абай деген тергеушi жiгiтке дейiн кiрiп-шығыпты. Сөйтсем, олардың алдында Библия тұр. Мен бiрден iштей сезiктендiм. Олар маған кiрген бойда: «Иеговадан неге шықтың? Өз дiнiңде жүре бермедiң бе?» – деп бас салды. Олардың алдында Библия тұрды. Кiм бiледi, қалталарына ақша да салған шығар. Сөйтiп, Абай аудандық Iшкi iстер басқармасынан менi арнайы қабылдау орнына жапты. Жалған анықтамалар жасап, абақтыға қамады.

– Сонда құқық қорғау қызметкерлерi де осы шiркеуде болғаны ма?

– Ол да мүмкiн. Олар менi бiр ай қамауда ұстады. Атырау қаласына өмiр-дерек мәлiметтерiн жiбердiм. 17 күннiң iшiнде құжаттар қайта келдi. Ал, сол 17 күннiң iшiнде неше түрлi жағдайға көзiм жеттi. Мәселен, сол арнайы қабылдау орнында отбасы, туған-туыстары жоқ жалғызбасты адамдарды құлдыққа сатып жатты. Адам басы – 5 мың теңге. Мен сияқты онда Бауыржан деген бала болды. «Ислам дiнiн қабылдағаным үшiн менiң не жазығым бар?» – деп жылады. Ол баламен бiраз әңгiмелескен едiм, сөйтсем, Ремзондағы иеговистердiң басшылары бұл балаға жалған жылқыны iлген. Ал, онда ешқандай да жылқы малы жоқ. Әл-Фараби аудандық IIД-де ол талай қиындық көрген. Тырнағына ине тығып қорлаған. Бүйрегiне дейiн теуiп тастаған. Бүйрегiне қатты зақым тиген. Оны күнде келiп ұрып жүрдi. Бұған шыдамаған бала өз-өзiне қол жұмсамақ болып мойнындағы тамырын кесiп, облыстық ауруханаға түстi. Оны кейiн iздедiк. Бiрақ таба алмадық.

Мен арнайы орыннан шыққан соң, барар жерiм болмады. Шымкенттегi облыстық мешiтке барып, жатуға тура келдi. Сол мешiттiң заңгерлерi Ермек, Сырлыбекпен ақылдасып, шағым жазып, облыстық прокуратураға жiбердiк. Онда иеговистер мен Абай аудандық Iшкi iстер басқармасының мәселесiн жаздым. Заң бойынша, мәселе он күннiң iшiнде қаралуы керек. Бiрақ олар мұны бiр айға дейiн созып жiбердi. Былайша қарасақ, Оңтүстiк Қазақстан облысында бiздi қорғайтын адамдар да жоқ. Иеговистердiң ҰҚК, Абай аудандық және Әл-Фараби аудандық IIД-де, прокуратурада өз адамдары бар сияқты. Иеговистерден шыққан адамдарды құзырлы орындар қолына алып, қорлайтын болған. Мен мұның ақиқатын айтқым келедi.

Шындық мынада: Иеговистерде үш ай сайын жыныстық қатынас болып тұрады. Бiр күйеудiң 5 әйелi болуы керек, бiр әйелдiң 2 күйеуi болуы керек. Өздерiнiң iшкi заңдары мен қағидалары бар. Жас қыздарды үш айға создырмай зорлайды. Шымкенттiң солтүстiк жағында бiр монша бар. Моншада екi бөлме бар. Әйел адамдар жуынып аппақ орамалға киiнiп кiредi, жаңадан келген көп қыздар мұны бiлмейдi. Сол жерде шамды өшiрiп, нағыз жынұрған ойын басталады. Кiмнiң қолына кiмнiң әйелi түссе, бәрiбiр, көнбегенiн ұрып-соғып көндiредi. Ереже бойынша, олар стресс жағдайында жүрген адамдарды пайдаланып, ақша берiп, өз сенiмдерiне тартады. «Армагеддон күнi жақын» – деп, адамдарды қорқытып, дүниеден бездiрiп, үйлерiн тартып алады. Биыл Қазақстандағы Иегова сектасының қызметiне 18 миллион доллар бөлiндi.

– Бұл қаржы қай жақтан бөлiнедi?

– Нью-Йорктан Кореяға, Кореядан Жапонияға, Жапониядан Қазақстанға түседi. Шымкент қаласында Тахикиро атты жапон жiгiтi бар. Қаржыны сол жiгiт әкелiп отыр. Мен бұны қағаздардың көшiрмесiн жасап жүрген кезде көрдiм. Онда Iнжiлдiң түпнұсқасы да бар. Сол түпнұсқада Иса пайғамбар: «Менен кейiн Ахмад деген пайғамбар келедi» – деген. Яғни, иеговистер Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды өздерiнiң туған ұлдарынан да жақсы бiледi. Бiрақ жасап жатқан тiрлiгi мынандай.

– Қолыңызға тiлгiлеп «Иегова» деп жазып кетiптi. Бұл қашан болды?

– Бұл телевидениеден шыққаннан кейiн болған оқиға. «Мен Иеговаға кiргiзген адамдарды керi қайтарамын» – деген соң, қолымды тiлгiлеп, «иегова» деп жазып кеттi. Бұл сектаның басшысы – Мәулен Мұсабеков.

– Интернет деректерiне сенсек, әлемнiң 40 елiнде «Иегова куәгерлерiне» тыйым салынған сияқты. Ресейде бұл шiркеу «тоталитарлық секталар» санатында. Тек қана Қазақстанда бұл ағым дәстүрлi емес шiркеулердiң бiрi ретiнде қабылданады…

– Олар Ресейден ағылып, мұнда неге келдi дегенге келсек, олардың басты мақсаты – он жыл iшiнде Қазақстандағы ислам дiнiнiң өркендеуiне нұқсан келтiрiп, ары қарай дамуын тежеп, тiптi, жойылуына алғышарт жасау. «Сыздауық пiскенде жарылады» демей ме? Олар да пiсiп-жетiлген соң, бүкiл Қазақстанға қауiп төндiрудi мақсат етедi. «Балық басынан шiридi» – демекшi, Шымкентте бәрi бастан шiрiп жатыр.

– Қазiр сiз ата-баба дiнi – исламға қайта келiпсiз. Сiзге арашашы болып жүрген кiмдер?

– Өзiмiздiң мұсылман бауырларымыз. Оларға мың да бiр алғыс. Маған жанашырлық танытып, көмек көрсетiп отыр. Мешiттен пана таптым. Алматыға келген себебiм, Гүлжан деген иеговалардан қашқан қызды iздеп келдiк. Ол қызды зорлап кеткен. Ол содан қорқып, Алматыға қашып келдi. Бiз ол қызды тауып, бұл мәселенi жанашыр депутаттарға дейiн жеткiзейiн деп отырмыз.

– Жалпы, отандық және шетелдiк ақпарат көздерiне арқа сүйесек, Иегова куәгерлерiне жергiлiктi Әнұранды жаттауға, Отанды соғыс кезiнде қорғауға тыйым салынған екен. Бiрақ сiз пастор болып, ондағы iшкi заңдардың бұдан да қиын екенiн көрген сияқтысыз…

– Бұл мәселелердi бiз шiркеудiң үлкендерi болған соң бiлемiз. Бiзден кiшiлер көп нәрсенi бiлмейдi. Бiрiншiден, мылтық ұстамайды, әскердiң қажетi жоқ, Президенттiң қажетi жоқ деп санайды. Мәселен, Америка Қазақстанға қарсы шабуыл жасады делiк, сонда иегованы қабылдағандар қарсылық танытуды емес, көнiп, берiле салуды көздейдi.

– Пастор ретiндегi жұмысыңыз жайлы айтып берсеңiз…

– Лидер оқуын оқыған кезiмде маған 15 мың теңгеден төлеп тұрды, 25 адам әкелдiм ғой. Ал, пастор оқуын оқығанымда, 30 мың теңге төледi. Екi оқуды қосқанда, олар маған ай сайын 45 мың теңгеден төлеп тұрды. Бiр айта кетерлiгi, Атырау мен Шымкенттегi иегова орталықтары бiр-бiрiне өте ұқсас. Қызметi де бiрдей. Жалпы, Атыраудан гөрi Шымкентте иегова куәгерлерi өте көп.

– Жалпы протестанттық шiркеулердiң, ол дәстүрлi болсын, дәстүрлi емес болсын, басын бiрiктiретiн бiр ғана жоспар – Қазақстанды евангелизациялау сияқты. Қазақстан бойынша олардың 1000-нан аса шiркеу саламыз деген жоспары бар дейдi…

– Бұл рас. Бұл мәселе жеке шiркеу ретiнде Иегова куәгерлерiне де жүктелген. Иегова куәгерлерi мешiттен қатты қорқады. Мешiтке шақырсаңыз, бармайды. Себебi Алла Тағаладан қорқады. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың Оның елшiсi екенiн бiледi. Бiрақ мешiтке бармайды. Азан шақырса, жан-жаққа бытырап қашады. Олар республикамыздың түкпiр-түкпiрiнде бұл сенiмнен шығып жатқан адамдардың көзiн құртуды ғана ойлайтын сияқты. Қудалайды, қоқан-лоққы көрсетедi. Iшкi құпияның сыртқа шықпауын қадағалайды. Гипноз жасайды, түрлi дұғалар оқиды. Жылы сөйлеп, адамның көңiлiн аударады.

Мәселен, әрбiр университетке 20 адамнан бөлiнедi. 14 адам университеттiң iшiнде жүредi, ал 6 адам оқу ордасының сыртында студенттердi дұғалап жүредi. Осылайша дұғаның арқасында бiр күннiң iшiнде Иегова куәгерiне 10 адам түсiп кетедi. Бiр айта кетерлiгi, Астана қаласында алдағы мамыр айының 15-нен маусымның 15-не дейiн Бидай фестивалi өтедi. Бұл өзi жай бидай ғана. «Бұл бидай сендердi қорғайды» – деп алдайды. 4 қапшық бидайды бiр айдың iшiнде сатып құрту керек. Әрбiр бидай – 1 доллардан. Осындай мәселелер Қазақстанда көтерiлiп жатыр.

Әңгiмелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Түйiн. Гүлжан деген қызды Алматыдағы жұмыс орнынан iздеп барғандар да болды, бiрақ ол жайлы ешқандай да мәлiмет ала алмапты. Кейбiр куәгерлердiң айтуынша, Гүлжанды бейтаныс адамдар алып кеткен. Оны iздеп жүргендер: «Бұл Иегова куәгерлерi болуы мүмкiн» – дейдi. Бiз де қаршадай қыздың тағдырына бей-жай қарай алмаймыз. Оның Айболат сияқты кейбiр Иегова куәгерлерi тарапынан қудалануына жол берiлмеуi керек. Дiни наным-сенiм еркiндiгi Конституциямен белгiленген. Сондықтан ешбiр жатжерлiк ағымдар мұсылманға – мұсылман болуға кедергi келтiрмеуi керек.

Серіктес жаңалықтары