САҒЫНДЫМ, ӘКЕ, МЕН СЕНI...

САҒЫНДЫМ, ӘКЕ, МЕН СЕНI...

САҒЫНДЫМ, ӘКЕ, МЕН СЕНI...
ашық дереккөзі
1121

(Әке рухымен сырласу)

Әсем Алматының да көз жасы құрғамай қойды. Бiр сәт Күннiң көзi көрiнедi де, артынша-ақ аспан қара бұлттанып, айнала алай-дүлей күйге енедi. Үнемi осы. Көктемi жаңбырлы. Әсiресе, соңғы бiр кездерi жел пайда болыпты. Табиғатының лезде айнымалығына қарамай-ақ, Алматының сұлулығында шек жоқ ендi. Түндерi де, күндерi де керемет. Сонау бала жастан бауыр басқан осынау әдемi қаланы керемет сүйемiн. Әсiресе, көктем сайын, мамыржыған мамыр айының осы бiр күнi үшiн шексiз жақсы көрем. Ол — сенiң туған күнiң, ӘКЕ! Қалың қастарыңның астындағы мейiрiмдi көздерiң, сақал-мұртыңды әдемi сипай отырып айтатын әдемi қалжыңдарың… туған күнiң ғана емес, күнделiктi есiмде жүредi. Аруағыңнан айналайын, жан Әке, өзiңсiз өткен жылдарым менi қатты есейтiп жiбердi десем, сезерсiң бе?!

Өзiң кеткелi жиырма үш көктем… Егер тiрi болғаныңда бүгiн 95-ке толар едiң. Уақыт не деген жылдам едi. Одан берi қаншама қайғы-қасiрет, қаншама той-думан болды десеңшi?! Өзiңнiң iзiңнен көп ұзамай асыл Анам кеттi… Араға жылдар салып, кенже ұлың, одан кейiн әке орнында әке болып, осы бiр әулеттiң басын құрап, береке-бiрлiгiн келтiрiп отырған Ед-ағаң да бүгiнде рухы өзiңмен бiрге шығар, бәлкiм. Кiм бiлсiн, солай дейдi ғой, шариғат заңы бойынша а-анау көк аспанда қалықтап жүрген құстардың, бәлкiм бұлттардың бiрiнде қол ұстасып бiрге жүр ме екенсiңдер…

Бүгiн алакеуiмнен тұрып алдым. Жылда солай, Өзiңнiң туған күнiңде шелпек пiсiрiп, дұға жасап, бала-шағаммен бiрге бет сипасамыз. Өзiңнiң қуақылығыңа салып, әдейi «Мұныр» деп атап кеткен Қоңыр қозыңның тұңғышы – бүгiнде ана, дүниеге сүп-сүйкiмдi ұл әкелiп, бiздi ата-әже дегiздi. Құдайға тәубә, немерелерiңнiң алды ержетiп, шөберелерiң өсiп келедi. Пендесiң ғой, сексен-тоқсанға келiп, үйiрiлiп отбасында отырған кейбiр қарияларды көргенде, «неге ғана анам екеуiң қол ұстасып жүре тұрмадыңдар екен» деген өкiнiш өзегiмдi өртейтiнiн несiне жасырайын. Бiрақ бәрiне тәубәшiл, қанағатшыл етiп тәрбиелеген Өзiң едiң ғой.

Егер Өзiңдi анамнан да ерекше жақсы көрдiм десем, Жаратқанның алдында күнәһар болар ма екенмiн. Бiрақ, шынтуайтында екеумiздiң сыйластығымыз ерекше едi ғой. Бәлкiм, ылғи ұлдардың арасында өскендiкi ме, Қоңыр қозым деп қатты еркелететiнсiң. «Осы мен сен үшiн соғысқа қатыстым, аман келгенiм де сен үшiн, тiптi өмiрдi де сен үшiн сүретiн сияқтымын» дейтiнсiң. Ал мен болсам, айналамдағыларға қораздана қарап, көтерiлiңкiреп қоятынмын. Ұлдарың менi «мақтаншақсың» деп мазақтайтын-ды.

О, ол кезде олар қайдан бiлсiң, әкеден ондай сөз есту деген бақыттың бақыты екен ғой, Екеумiз көп сырласатынбыз, ең аяғы қай жiгiттен қандай хат келдi, не деп жазғанына дейiн талқылаушы едiк, Бiрде түсiмде, Өзiң өлiп қалыпсың да, мен бейiтiңнiң аяқ жағында төмен қарап отыр екенмiн. Түн екен, бiрақ Ай сондай жап-жарық. Осы түсiмдi айтқанымда, бiраз ойланып барып: «Қоңыр қозым-ау, менiң, өзiң журналист болам дейсiң, мiне, түсiң айна-қатесiз келiп тұр ғой, әлi-ақ менiң атымды Аспанға шығаратын сен боласың» деп жорыдың…

Аруағыңнан айналайын, жан-ӘКЕ, бүгiнде сұмдық болып кетпесем де, азды-көптi ел танитын дәрежедегi тiлшi-сымақпын. Әрине, атамның емес, Өзiңнiң атыңмен жазамын мақалаларымды…

Бұл менiң замандастарымның да ата-анасына деген махаббаты, сағынышы ғой, оқырман. Бүгiн — Жеңiс күнi, әкелер рухы желеп-жебеп жүрсiн!

Таңсұлу Алдабергенқызы

Серіктес жаңалықтары