БӨТЕН СӨЗБЕН БЫЛҒАНСА

БӨТЕН СӨЗБЕН БЫЛҒАНСА

БӨТЕН СӨЗБЕН БЫЛҒАНСА
ашық дереккөзі
604

"Батырлық, байлық кiмде жоқ,

Ғашықтық жөнi бiр басқа…"

"Жасыл жазира, көш… көш…

Мен не болсам болайын, сен аман бол!"

"Арындаған көк жорғадан озып кеткен дариға-жүрек…"

Керемет! Ана тiлдiң кереметi. Ажарлы да әуендi, құбылмалы, құлпырмалы, толғауы тоқсан қызыл тiл, Ана тiлi. Жазира жалғанның өзiндей, шексiз мұхиттай тұңғиық.

Мамандар айтады: қазақ тiлiнде диалект, өлкелiк тiл бар деп. Дұрыс! Әйтсе де сонау Асанқайғыдан бастап, күллi ауыз әдебиетiн, Алаштың алыптарын тағы бiр сүзiп өтiңiзшi — не деген тұтастық, не деген үндестiк, әппақ болып тiзiлген ақ маржан. Елiмiздiң бiрлiгiнiң, рухани асқарлығының куәсi, жарқын келешегiне куәгер.

Рас, заман өзгердi, алдыңғы толқын ағалар орнын iнiлер басады — жаңа сөз, жаңа ұғым қажет. Несi бар, табиғи құбылыс. Тек ана тiлдiң әуенiн, iшкi қасиетiн, құнарын, қуатын, өресi мен өрiсiн бұзбасақ болды.

Нағашымның ауылы бұрын 4-5 күндiк, қазiр 4-5 сағаттық жер. Бiздiң ауыл бұрыңғы Семей облысы, Шұбартау ауданы, көршiмiз — Абай елi. Нағашымыз Мақаншыда тұратын. Жол түсiп барып қалғанмын. Нағашым Рахаң, Рахымбердi ақсақал — ұлы Ғабеңнiң жолдасы, кейiн менiң Ғабеңмен танысуыма себепкер болған едi.

Мәре-сәре көршiлер…

— Ол бiр албаты сөйлейтiн кiсi. Ол бiр албаты жүретiн адам! — деген сөз қайта-қайта айтыла бердi. "Албаты" айтылған сайын, нұрлы жандар алыстай берген тәрiздi. Естiмеген сөз, түсiне алмадым. Сұрау — ұят.

Кейiн түсiндiм. Бiздiң өңiрде "беталды" деген сөз бар, соның өзгерген түрi болуы керек. Сiз дикторсыз. Басқаша айтқанда, ана тiлдi уағыздаушы, нұрына нұр қосып, ажарландыратын жансыз. Ол сiздiң мамандығыңыз. Сiз тiлдiң өкiлi — уағыздаушысысыз. Бiрақ сiз өмiр бойы: "албаты!"— деп келдiңiз.

"Спорт" газетiнiң редакторы — алтындай асыл азаматпен жастау кезiмiзде жақын едiк. Кей-кейде бiрге шаңғы тебемiз, бiрге жүремiз. Әзiлiмiз жарасқан, көңiлiмiз табысқан. Бiр күнi шарасынан аса қуанышты түрiн көрiп:

— Уа, не болды?! — деппiн.

— Ендi екi мәрте Социалистiк Еңбек Ерi — деп жазатын болдық!

Қандай сөздi естiп өскенi, қай жерден екенi мәлiм едi. Бiрақ онда тұрған не бар. Қазiр оншақты келiнiмнiң қайсысының қайдан екенiн бiлмеймiн!

Жолдасыммен таласпадым. Түсiндiре алмас едiм. Тұлпарға күмiс ер-тұмар салғандай ана тiлiмiз әр ойды нақтап, әр құбылысты қадап айтқанды қалайды.

— Рет-ретiмен… Бiр рет, екi рет… "Мәрте" деген сөзден "Өзағамның" иiсi аңқып тұр едi. Үнi де, үндестiгi де.

Қабдеш Жүмадiлов — көркем сөздiң майталманы, жорғасы. Талас жоқ. Халқымыздың көрiктi сөзi — қордаланыпты — баяғыдан естiген, бiлген сөз, дегенмен Қабдештен оқып, риза болғаным бар. Қазiр бұл сөз тiлiмiзде кеңiнен қолдалынып келедi.

Сол Қабдеш: "есiл-дертi", "көкей-тескен" деп жазады.

Ана тiлде "есiл-дертi", "көкей-тескен" деп қалыптасқан. Әдетте "Есiл ер", "есiл-азамат" — деймiз — қымбатымыз, ардақтымыз — дегенiмiз ғой. "Дерт", "есiл" болар ма? Әрине, есiл-дертiң Алтайды бiр көру, есiл-дертiңнен сол ғазиз жан кетпейдi — сөз бетi осылай.

Тәттiмбет "Көкейкестi" деп әйгiлi күйiн бекер атаған жоқ. Ана тiл үндестiктi, шырайландыра, мақамдай, мақалдай сөйлегендi қалайды.

Жалпы тiл — артық буын,

Екiұшты түсiнiк, Абай айтқандай, бөтен сөзден iргесiн аулақ салғанды, табиғатына, үнiне, үндестiгiне үңiлгендi қалайды — солай қалыптасқан. Мысалы, жүрдi, келдi, туды, өлдi, тасыды… т.т., т.т. Ал, күнде ондаған рет: Ауғанстанда, Иракта соғыс жүрiлiп жатыр, Абай туылды, — деп жатса қалай қарайсыз?

Қазақ әдетте: барды ма, келдi ме? — деп сұрайды, сол радио, теледидарда келедi ме, барады ма? — деп жатса қалай қарайсыз?

Тасымалдау деген сөз кiрiп кеттi, бiрақ атадан қалған асыл сөздi ақтарып көрiңiз: "тасу" дейдi.

Бiрiмiз "кешелi-берi" ендi бiрiмiз "кешеден-берi" деймiз. Қадап айтайын, жырымызда да алыптарымызда тек соңғы тiркес өркен жайған.

Иә, айтып келемiз, оқулықта да жазылған: ана тiлiмiз зат есiмдi көптiк жалғаумен айтуды қаламайды. Жерлер, сулар, хабарлар, жаңалықтар, қойлар, малдар, астықтар, мұражайлар, сатиралар, мақалалар, көкөнiстер демейдi қазақ.

Рас, зат есiмнiң көптiк жалғаумен айтылатын жерлерi де болады. Поэзияда, лептi сөзде т.т. Ал, орыс тiлi керiсiнше, көптiк жалғаумен айтқанды қалайды, табиғаты солай.

Қазақ: тәрiздi, сияқты, секiлдi, сықылды… деп келдi. Соңғы уақытта "сыңайлы" қосылды. Онша үндi сөз емес.

2001 мен 2002 жылы ма "мұғалiмдер" газетiнде ана тiлi маманы ұстаздың мақаласы шықты. "Жады" деген сөзбен қатар осыған түбiрлес сөздер сыналған едiң. "Жады болып кеттi" дейдi халық. Жаңағы мақалада, жынданып кеткен, адалдықтан тайған әйелдi жады, жәдiгөй дейдi. Бiр ақынды осы тәрiздi тiркесi үшiн қатты сынға алады.

Ал, бiз "есiмде мәңгi, ойымда, ұмытылмас" деудiң орнына: "Жадымда менiң!" — деп ән саламыз.Мамандар тұжырымды сөзiн айтса, "өттi-кеттi дүние жалған!" деушi едi. "Күнiмiз өттi деп" — деп мұнаюшы едi қазақ. Тегi "өткен" деген сөз арайлы емес, қараңғылау. Өкiнiшке, өкiнiске толы.

Бiз қазақ радиосының "Өткен жылдар" — деп күнiне екi-үш рет беретiн әнiн қастерлей отырып, кешегi Нұрғиса, бүгiнгi Мыңжасар жазған күнi бүгiнге дейiн шырқалып жүрген әндердi және халқымызбен бiрге жасай беретiн әсем сазды "өткен" деген маңдайшаға кiргiзген жөн емес дер едiк. Ақиқатын айту керек, айтылған сынды қабылдаған радиобекеттерi кәдiмгiдей таралып, әдемiленiп қалыпты. Әттеген-ай, ажарсыз сөз, әсерсiз ән, орынсыз "орысшалау" әлi де кездесе бередi. Тiл мен ән бiр туысқан. Өткен жылдар әнi өткендердiң, өшкендердiң әнi ғой.

Нұрекең өз махаббатын, өз жүрегiн, өз көңiл-күйiн ғана емес, бәрiмiздiң ет-жүрегiмiздi толқытпап па едi!

Бiздiң мақсатымыз — кекету, мұқату емес, ана тiлдi ажарландыра, нәрлендiре, гүлдендiре түсу ғой.

Сауатсыздықтың салтанаты астықты "астықтар" десек, күн сайын беретiн радио-хабарға "өмiр иiрiмi" деудiң орнына "өмiр иiрiмдерi" — деп сан-сан рет қайталау. Үйiнде қалай сөйлесең, солай сөйле, ал ана тiлдi ел алдында қастерлеу — парыз.

Таңқалатын "қызық" осы көптiк жалғауды қалай қолдануды 30-40 жылдан берi ХI кластың оқулығында арнайы талдап, мақаламызда қайталап кетемiз. Демек менiң шәкiрттерiм менi жазалаған жөн шығар.

Қазақ айтады: "Бiр ауыздан шыққан сөз мың құлаққа жетедi!" — деп, ал, радио күнде: "аяушылық танытты, қызығушылық байқатты, пiкiр алмасты, жарылыс, сұраныс, ұстаныс…" тәрiздi ана тiлдiң iшкi құрылысына жат, сөз құрамында мүлде жоқ тiркеспен құлақ сарсыса, тыңдаушының қалi не болмақ? — дейсiз ғой. Тыңдаушы да радио iзiмен ана тiлдiң алтын сөзiн, асылын, киелiсiн сақаулана қайталайды: "қызығушылық танытты, аяушылық байқатты…"

Жазғамыз: ана тiлiмiзде мұндай тiркес, мұндай сөз жоқ, бұлар орыстың "Проявил интерес, обменялись мнениями" дегендi тiкелей аудару — сөзбе сөз аударудан туған қасiрет, ана тiлдiң ажарын, сымбатын, үндестiк, үйлесiм қасиетiн аяқ асты ету — дидарын бұзу деп. Әкең қазақ: "Қызықты, аяды, сұраныс" емес, "мұқтаж, қажет, ел кәдесiне ылайықты мүлiк" — деп келiстiре келтiрсе, ал тапсырыс, сұраныс бердi, немесе пiкiр алмасы дегендi — пiкiрлестi ақылдасты деу керек. Осы тақылеттес мысал да, әңгiме де аз емес, әңгiмелескенiмiз де.

Күнде айтылып жүрген тағы бiр қасiрет, Абай айтқан, бөтен сөзбен былғануымыз. ХХ ғасырдың ортан белiнен ана тiлдi орыс тiлiне жақындату белең алғанын қазiргi жас диктор, әрине, бiлмейдi. Әннiң бiр шумағы ана тiлiнде, келесi шумағы туысқан тiлде — әндететiнбiз. Ең қызығы — ұнайтын. Сол кезде орыстың әр сөзiне балама табу — мода едi, жетiстiк едi, тапқырлықтың белгiсi едi. Сөйтiп, тiлiмiздi бұрып сөйлейтiн, әр тiлдiң синонимi мен омонимiнiң ережесiн бұзды: "оқырман, тыңдарман, көрермен" жезтырнақ желпiлдеп жеттi. Қазiргi дикторлар шашы желпiлдеген жезтырнақты анасының ақ сүтiндей қабылдады.

Орысшадан ұсқынсыз, ажарсыз ақсақ аударуымыз бiр сор болса, орыс сөзiн iркес-тiркес қомағайлана эфирден шұбыртуымызға жол болсын! Тiптi Сталин дәуiрiнде де "проблема" деп көрмеген қазақ, дәл қазiр "Азаттыққа", теледидарға қосылып, әсерлене "проблема" деп шырқайтын болдық.

Шалқар толқынына бiр тiл профессоры: "Қазақ тiлiнiң проблемасы" дегенде екi бетiм оттай жанып, не iстерiмдi бiлмедiм. Неге-неге қазақ тiлiнiң мәселесi, қазақ тiлiнiң жағдайы, қазақ тiлiнiң өркенi демеске?

"Азаттық" сот процесi жүрiп жатыр деп хабарлайды. Неге қазақша сот жүрiп жатыр, сот бiтпей қойды демеске? Сол "Азаттық" Туриндегi олимпиадаға байланысты, оптимизм танытты дейдi. Неге-неге олимпиаданың жақсы да тамаша өтетiнiне сенiм мол демеске?

Келсiн-келмесiн "материал" деп соғады. Неге құрылыс жабдығы, тарихи дерек демеске?

"Сөз түзелдi, тыңдаушым сенде түзел" дейтiн Абай ма, түк емес, өзiмiзде сауаттымыз.

Елiн аңсап, сағынып оралған бауырымызды — отандасымыз, қандасымыз, оралған бауырымыз деудiң орнына оралымсыз "оралманды" ойлап таптық, ең аяныштысы — бәрiмiз көнiп, үйренiп кеттiк.

Ана тiлдi алашұбарландырып сырынан да, сымбатынан да жұрдай етiп жүрген мысалдар тым көп. Қайсiбiрiн айтайын, мәселе бастап беруде ғой. Ана тiлдiң жанашыры аз емес, көптеп көмектесейiк, асылымызды бөтен сөзбен былғамайық!

Қазақ тiлi — сымбатты, әсерлi, ажарлы тiл. Қалай құбылтсаңыз да, қалай құлпыртсаңыз да жарайды — тек құбылта бiлiңiз, құлпырта бiлiңiз.

Қазiргi мәдениетiмiздiң сәт сайын, сағат сайын қалың жұртпен бетпе-бет, қоян-қолтық келiп жататын саласы — тiл, ән. Таңғажайып тiлiмiз бар, таңқаларлық әнiмiз бар. Құдiреттi қазынамызды жарқырата, жайната сүйсiну, сүйiну бар — таза сөйлеп, мәнерлеп айтып, рахатқа бөлеу бар.

Кешегi халық әртiсi Байжанбаев ағамыздың ерге тән ерекше дауысы неге күнi бүгiнге дейiн құлағымыздан кетпейдi? Саңқылдаған сұңқар дауыс азаматымыздың айбынын, жұртымыздың жүректiлiгiн, жерiмiздiң жазиралығын жеткiзiп тұрды. Дем бердi, қажыр-қайратын байқатты. Бүгiнгi Аманжанның барқыт даусыда тiлдiң көркем сөздiң құдiретiн жеткiзiп жатады. Кей диктордың асығыс жыпырлатып жатқаны, сөздiң аяғын жұтып, келесi тiркеспен сүрiндiрiп жатқанына жаның ашиды. Япыр-ау, әсем сазды айшығына тән түзеуге, айтуға болмай ма?!

Ұлы Мұхтар Әуезовтың үйiнде Ахмет деген үй жұмысына көмектесетiн шешен ақсақал бар едi. Көзiмiз көрген. Мұхтар аға жанына отырғызып алып, мән-жәйiн, ел-жұртының қамын сұрастырып отыратын сәттерiн елестету қиын емес. Ахмет кең шаңырақтың бiр мүшесi болып кетсе керек. Жеңгемiз Валентина Николаевнаны, үй шаруасын сұрап аларда, — Валентин! Валентин! — деп шақыратын болса керек.

— Япыр-ау, Ахмет, жеңгемiз үлкен кiсi ғой. Атын түгел атамайсың ба? — десе:

— Сендер, жазушылардың уақыты көп. Сендер Валентина Николаевна! — деп айта берiңдер, ал Ахметтiң уақыты жоқ. Қараңдаршы, әне бақша, мiне бау, әне Мұхаң күтiп отыр, — дейтiн көрiнедi.

Тапсырыс, сұранысқа ендi "жеңiлiс" қосылыпты. Жеңiлдi, қатты жеңiлдi, ойсырай жеңiлдi деушi едi қазақ. Ендi "жеңiлiс тапты" дегендi шығарыппыз. Бұл кәдiмгi "потерпел поражение" деген тiркес қой! Қазақ ақылдасты, пiкiрлестi дейдi. Қазiргi дикторлар: пiкiр алмасты! — деп қоймайды. Бұл кәдiмгi "обменялись мнениями", қазақшасы — пiкiрлестi.

Қазiр кез-келген сөз қолма-қол бүкiл елге жайылады. Соңғы бiр жылдары "құндылықтар" — деген "жаңа" сөз өркен жаюда. Бұл кәдiмгi — ценный, немесе ценности. Әлдекiмге қымбаттымыз, асылымыз, ардақтымыз ұнамай, ценности "құндылықтар" деп қолданғаны сол едi, қағып әкеткендер батылды. Ендi асылымыз, ардақтымыз, қымбаттымыздан жерiп "құндылықтарымыз" — деп көрiңiз, тiлiң шабан аттай ақсай бередi. Екiншiден, мұндай жинақтаушы сөздi қазақ көптiк жалғаумен қолданбайды. Бiрақ моданың аты мода — тiлiмiз келсiн-келмесiн құндылықтар деп шойнаңдап жатқанымыз. Жаңа сөзге әсте қарсы емеспiз. Жаңа сөздiң қаптайтын арнасы — ғылым, техника. Ал, қымбаттымызды құндылықтарға айырбастау — кешiрiңiз, келiспеймiз!

Бiрнеше сөздiң бiр мағына, бiр сөздiң әлденеше мағына беретiн — синоним мен ононим заңына, табиғатына қарамай, мектеп оқушысын кiтап оқитыннан ажырату үшiн, әрi халқымыздың "шәкiрт" деген ұғымын белiнен басып, қолапайсыз "оқырман" дүниеге келген-дi. Орыстың "ученигi" мен "читателiне" балама табу керек қой! Ду қол шапалақтау. Ана тiлдiң заңына қарамай, (домбырашы, күйшi, қойшы) оқырман табылған соң ар жағы оңай емес пе? Ебедейсiз "тыңдарман", көрiксiз "көрермен", жылуаз "оралман" лап қойды. Жас журналистер көрiксiз көрiнiстiң сырын қайдан бiлсiн, көз ашқаннан естiгенi "оқырман" мен көрiнiстiң сырын қайдан бiлсiн, көз ашқаннан естiгенi "оқырман" мен "оралман" болса, Абайдың тыңдаушысын қайтсiн! Ал ендi күшпен кiргiзген бөтен сөздi, қажетсiз тұрпайыны шығарып көр! Ол аз десеңiз, басқа тiлден аударып, ана тiлдiң құдiретiн бұзып, кiрмеге iрге беру осалдық — түсiндiре алмайсыз, дәлелдей алмайсыз! Ендi сүймеймiз де, күймеймiз де, сүюшiлiк байқатып, күюшiлiк көрсетемiз. Жыралмаймыз да, арылмаймыз да, жарылыс тауып, айырушылық сыңай танытып, тасымалдаймыз. Есiмiзде емес, жадымызда болады!

Әңгiменiң бiр парасын түйiндiгiн, радиодағы бауыр-қарындасқа ағалық уәжiмдi қалай қорытындыласам, дұрыс жетер екен деп, әдеттегiдей "Шалқарды" қосып қойып, отырғаным. Айналасы 15-20 минут iшiнде тағы бiр ұзақ сөздiң қатесi қардай борады. Киелi, қасиеттi ұғымды қате айту қиын болса, тыңдау одан да қиын ба деп қалдым. Қараңыз пайғамбардың хадисi, (хадистерi емес), Ұлының ұлағаты (Ұлылардың емес), әдеттегiдей жаңалықты тамаша оқып шыққан Ләззат қарындасым: "Жаңалиқтер!" деп соғып қалды. Келесi хабарлаушы: халық әнiнен концерт беремiз деудiң орнына: Халық әндерiнен! — демесi бар емес пе! Ал, концертте не болды дейсiз ғой? Ойға да, өрге де сүйрелеген, даусы барға да, жоққа да айтқызып, ығыр қылған бiрер ән, әр жаққа тартқылап тоқтасыншы келiп.

Иә, ақиқаттан аттамайық! Жалғыз мақсат: ақ дариямызды сары суланған шалшыққа айналдырып алмайық. Пайғамбардың сол сәрсенбiнiң сәттi күнi айтылған хадисiне тоқталайық: Адал бол! Арамнан без! Адам баласын алалама!

Ендiгi сөз — ағалық мәзiр. Қайткен күнде де тамылжыған әсем әндi, құйқылжыған қоңыр күйдi радиодан естiп жатамыз.

Қазiр қазақ радиосында шын мәнiсiнде бiлiмдi, үлкен сөзден қорықпай-ақ айтайық, дарынды жандар жиналып қалыпты. Тарлан Дүйсенбек туралды айтқанмын. Төрт аяғы тең түскен су шайқалмас жерге. Әрқашан өмiрдiң мәнердi, әсемдi дөп басады. Аманжанның барқыт дауысына шақ келетiн дауысты басқа жандардан ести алмадық. Бұхар жырауды қалай оқып бередi десеңшi. Едiл Уәсiл ұлы, Болатбек Беделханұлы, Жылбек… әрқайсысы бiр-бiр әлем! Ақсұңқар балам таңқалдырды. Рухани әлемiмiздегi ардақтыларымыз туралы сөз қозғайды. Әр сөзi әппақ жүректен, таза көңiлден, ақ пейiлден шығып жатады. Тыңдаушысы ерiксiз ақпейiлдiге рахметiн айтады. Кезiнде бәрiмiз көрген, сыйлаған, әйтсек те жақындауға жүрексiнiп, жағалауын ғана аялаған Бауыржан аға туралы сөз қозғау қандай қиын десеңiзшi! Ақсұңқар әнi қасиеттi, қаһарлы батыр тұлғасын сол тiрi қалпында жеткiздi-ау деймiн. Мұқағалидiң Баукеңе арнаған өлеңi де ерекше жаралған жанның айбынды тұлғасын жеткiзiп тұрды. Ал, Жүсiпбек Аймауытов ағамыздың ар жағында күллi Алаштың асыл азаматтарының қайғылы да, қасiреттi тағдыры тұрған жоқ па?! Ақсұңқар: жала-жорыға тым ылаң, шындықтың ширағы шырғалаң! — дегенде селт еткенiмдi несiне жасырайын. Осы екi жолдың мәнiне, түпкi сырына үңiлiп көрiңiз. "Япыр-ай" — деп таңдандым. Жас жан осыншама ақиқатқа қалай беталды екен? Айтайын дегенiм: аяулы әрiптес бауырларым, қандай абыройлы да ауыр iс тындырып жүргендерiңiздi ұмытпаңыздар! Абай болыңыздар!

Хасен ӘДIБАЕВ

Серіктес жаңалықтары