МОЦАРТ ЕЛIНДЕ

МОЦАРТ ЕЛIНДЕ

МОЦАРТ ЕЛIНДЕ
ашық дереккөзі
239

Австрия… Кезiнде ұлы империяның ұйытқысы болған Австрияның орналасқан аумағы Қазақстанның ең шағын облысы Солтүстiк Қазақстан облысынан да кiшi.

Ал астанасы Вена Венгрия, Словакия, Чехия мемлекеттерiнен 60 шақырымдық жерде тұр. Дунайдың жағасын алып жатқан Вена туристерге толы.

ВЕНА — ЕУРОПАНЫҢ МУЗЫКА АСТАНАСЫ

Австрия дегенде құлағыңызға Моцарттың музыкасының естiлерiне шүбә келтiрмеймiз. Өйткенi, австриялықтар Моцартымен мақтанады. Ұлы композитордың әуендерi Венаның қай бұрышында жүрсеңiз де сiздiң құлағыңыздан кетпейдi. Қонақүйде, дүкендерде, музейлерде… Тiптi, қаланың орталығындағы жұрт демалатын парктерде Моцарттың заманындағы дирижердiң киiмiндегi кiсiлердi көзiмiз шалды. Сөйтсек, Моцарттың әуендерi орындалатын концерттерге билет сатып жүр екен. Моцарт Австрияның брэндiне айналған. Оның Венадағы ескерткiшi Австрияға жолы түсетiн туристiң мiндеттi түрде келiп-кететiн жерi. Өйткенi, Моцарттың сүйегi табылмағандығы себептi, моласының жоқ екенi белгiлi. Ескерткiш моланың функциясын атқарады. Базарлық кәмпитерден қаланың картасына дейiн Моцарттың бейнесiн иеленген. Моцартты көкке көтеретiн австриялықтарды көргенде, «бiздiң Құрманғазы неге осылайша ұлықталмайды екен» деген өкiнiштi ой келедi.

Айтпақшы, Моцарттан басқа да ұлы композиторлардың есiмдерi осы Австрия, Венамен тығыз байланысты. Венада И.Гайдн, Л.Бетховен, Ф. Шуберт, И.Штраустың үй-музейлерi бар. Венаны Австрияның мәдени орталығы деуге де, Еуропаның музыка астанасы деуге де болады. Вена әлемге жыл сайын өткiзiп тұратын балымен белгiлi.

Венада ОБСЕ, ОПЕК, МАГАТЭ-нiң штаб-пәтерлерi орналасқан. Мұнай дегенде аста-төк ақша, жылтыр дүниенi көзiмiзге елестетуге үйренiп қалған басымыз ОПЕК-тiң орналасқан жерiн көруге асықтық. Алайда, ОБСЕ-нiң ғимаратына қарағанда, мұнайшылар картелiнiң штаб-пәтерi өте жұпыны көрiндi. Ал ОБСЕ-нiң ғимаратының тарихи құны жоғары. Кезiнде Австрия императоры Францисконың қамалы болған. Тағы бiр құндылығы бар: осы ғимараттан Адольф Гитлер өзiнiң саяси карьерасын бастаған.

Австриялықтар тарихи жәдiгерлерiн көздiң қарашығындай қастерлейдi екен. Қорған-қамалдарының, сарайларының асқақтаған қалпына қарап, жаның сүйiнедi. Қаланың 12- ғасырда салынып басталған ең негiзгi шiркеуi, Қасиеттi Стефан соборының биiктiгi Астанадағы ең биiк ғимарат «оттықтың» биiктiгiнен де жоғары. Бiрақ, соңғысының 20 ғасырдың соңында салынғандығын ескерсек, алғашқысының архитектурасы, салыну стилi соңғы ғасырлардағы кез келген ғимаратты басып озады. Айтпақшы, оттық демекшi, Дунайдың жағасынан «оттықтың» «егiзiн» көрiп, бiздiкiлердiң көшiрiп алуға аса бейiмдiлiгiне кезектi рет таңдай қақтық. Абырой болғанда, Дунайдағы «оттықтың» түсi басқа екен.

Австрия императорларының ордасы Хофбург сарайының жөнi бөлек. Жоғарғы мәртебелi ресми делегацияларды австриялықтар осы Хофбург сарайына апарады екен.

2 миллионға жуық халқы бар Вена бiр қарағанда өте шағын болып көрiнедi. Көшелерi тар болғанымен, кептелiп жатқан көлiктi көзiмiз шалмады. Тағы бiр ерекшелiгi, Венада джип тектес көлiктер мүлде жоқ па деген ойға келдiк. Қала толы шағын, экологиялық таза көлiктер. Мұны жұрттың экологиялық сауатының жоғарылығымен байланыстырдық. Өйткенi, орташа айлық табысы 2500 еуроны құрайтын веналықтардың үлкен көлiктер сатып алуға жағдайы жетпейдi дегенге сенгiмiз келмедi. Ал орташа айлық табысы 650 АҚШ долларына жетер- жетпес алматылықтардың тек ғана үлкен көлiктерге иек артатыны белгiлi. Австриялықтар ендi көлiктi ысырып қойып, велосипедтерге көңiл қоя бастапты. Велосипед мiнген адам жеткiлiктi. Тағы бiр ерекшелiгi, көше-көшенiң қиылысында жалға берiлетiн велосипедтерден көп дүние жоқ. Visa секiлдi электронды карточкеңiз болса, ақшасын төлеп, жалға алып кете беруiңiзге болады. Қалалықтар трамвайдың қызметiн көп пайдаланады екен. Трамвай Венаның «венасы» секiлдi қызмет атқарады.

«АВСТРИЯДА КЕНГУРУ ЖОҚ»

Бұл тектес жазуды көргенде абдырап қалғанымыз рас. «Австрияға кенгурудың не қатысы бар?» деймiз. Сөйтсек, Австрияны Австралиямен шатыстыратын туристер жиi кездеседi екен. Жоғарыда жазғанымыздай, Австрия, Вена туриске лық толы. Көше-көшеде картаны қолға алған бiреу. Еуропаға келетiн туристiң Австрияны, Венаны көрмей кетпейтiнi белгiлi.

Австрия федерациялық мемлекет. 9 жерден (аймақтан) тұрады. 8.75 млн.халқы бар Австрияның 60 пайызы қалалықтар. Халқының 98 пайызы немiстiлдi австриялықтар. Бiрақ, хорват, словен ұлтының өкiлдерi азшылық ұлтты құрайды. Халқының 84 пайызы католиктер, 6 пайызы протестанттар екен. Ара-тұра хиджаб киген түрiк әйелдерi көзге шалынады. Қызмет көрсететiн персоналдар негiзiнен иммигранттар. Австрия Парламентi елдi толық түрде нейтралитет сақтайтын ел ретiнде заңдық тұрғыдан бекiткен. Бұл 1938 жылы орын алған оқиға екен. Осы нейтралитет жариялауының арқасында болуы керек, Австрия Гитлердiң бағытымен кеткен Германияға қосылғанға дейiнгi жерлерiн қайтарып алып, бiртұтастығын сақтап қалған. «Ешуақытта, ешқашанда әскери блоктарға қосылмайтындығын, өз елiнiң аумағында шет мемлекеттердiң әскери бөлiмдерiн ашпайтындығын, бiр сөзбен нейтралитет жариялаған» Австрия соңғы кезде райынан қайта бастады дейдi сарапшылары. Бұған көршi елдерi Венгрия, Словакия, Словения, Чехияның НАТО-ға өтуi себеп болғанға ұқсайды. НАТО-ға мүше елдердiң арасында қалған Австрияның Үкiметi ендi елдiң болашақта әскери альянсқа мүше болуы мүмкiндiгiн қарастырып жатыр екен.

Бүкiл Еуропа елдерi бiр тудың астына жиналып жатқанда, Австрияда ұлтшылдық та бой көрсетiп қалады екен. «Австрияның Еркiндiк партиясының» лидерi Йорг Хайдер былтыр «Австрияның Болашағы үшiн» Одағын құрып, еркiндiк партиясынан шығып кеткен. Бұл саясаткер ультраұлтшылдардың басын қосып отыр екен. «Австрияның бүкiл бақытсыздығына иммигранттар кiнәлi. Оларды өзiм қуып шығамын» деген Хайдер Гитлер мен Кальтенбруннердi «ұлы отандастарым» деп атап мақтан тұтқан. Оның мұнысы үшiн Еуропа Одағы ресми Венаға бойкот жариялап, «Австрияны саяси оқшаулау мүмкiндiгiн» ескерткен.

Дегенмен, Австрияда шетел жұмысшыларының көптеп келуiне қарсы шаралар қолданылып жатыр екен. Көршi мемлекеттерi мен Шығыс Еуропа елдерiнiң ЕуроОдаққа ұмтылуы Австрияның басына бәле болып жабысқанға ұқсайды. Ел ЕуроОдақ құрамына кiрген көршi мемлекеттермен арада «иммиграцияны бақылауда ұстайтын» уақытша келiсiмдер жасаумен әлек. «Тiптi, алдағы жетi жылда Австрияда ЕуроОдақтың жаңа елдерi үшiн бос еңбек рыногi қалмайды» деген ескертулер де естiлiп қалады екен.

Ал Австрияның экономикасындағы инфляцияның көрсеткiшiне қарап таңдай қақтық. 2.6 пайыз! Мұның өзiн рекордтық көрсеткiш деп атаған австриялықтарға қарап, өзiмiздiң елдегi инфляцияның 8.5-9 пайыздан төмен түспейтiнi еске келдi.

Гүлнәр МҰҚАНОВА

Астана-Вена-Астана

Серіктес жаңалықтары