ОРЫС ТIЛI РЕСЕЙГЕ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ БОЛҒАН СОҢ ҚАЖЕТ. АЛ, БIЗГЕ НЕ ҮШIН?

ОРЫС ТIЛI РЕСЕЙГЕ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ БОЛҒАН СОҢ ҚАЖЕТ. АЛ, БIЗГЕ НЕ ҮШIН?

ОРЫС ТIЛI РЕСЕЙГЕ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ БОЛҒАН СОҢ ҚАЖЕТ.  АЛ, БIЗГЕ НЕ ҮШIН?
ашық дереккөзі
214

Жақында ғана Мәжiлiсте тағы да үлкен айғай-шумен бiр заң қабылданды. Ол «Халықтың көшi-қоны туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заң. Онда оралмандарды арнайы бейiмдеу орталықтарынан өткiзу туралы бап енгiзiлiп, бұл бап бойынша оралмандарға орыс тiлiн үйрету керек делiнген. Дәл осы бап мәжiлiсмендердiң бiразының шымбайына батып, шамына тиген. Ендi ше, тимей қайтсiн. Мемлекет – қазақтыкi, мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi. Сөйте тұра, оралмандарды мемлекеттiк тiлге бейiмдеудiң орнына, қайдағы бiр Ресейдiң мемлекеттiк тiлi орыс тiлiне бейiмдеу қажет. Құдды оралмандар Қазақстанға емес, Ресейге оралып жатқандай. Бiрақ, Мәжiлiстегi ұлтжанды депутаттардың шыр-пыры аяқасты етiлдi. Аталған бапты қолдаған депутаттардың саны анағұрлым басым болып шықты.

Ресей демекшi, Ресейдiң Мемлекеттiк Думасы керiсiнше, шеттен келiп жатқан жұмыс күшiн орыс тiлiн үйренуге мәжбүрлеу туралы заң жобасы бойынша жұмыс iстеп жатыр. Бұл заң жобасын «Справедливая Россия – Родина» фракциясының депутаты Александр Крутов енгiзген екен. Заң «Ресей Федерациясындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы» деп аталады. Депутат Александр Крутов дәл осы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгiзiп, алыс, жақын шетелден келетiн гастарбайтерларды немесе жұмыс күшiн орыс тiлiн үйренуге мiндеттеу керек деп есептейдi. Егер, шетелдiк жұмыс күшiнiң атқарушы билiктiң аумақтық органдарына орыс тiлiн бiлетiндiгi туралы құжатын көрсете алмаса, мемлекет оларды арнайы мемлекеттiк курстардан өткiзуге мiндеттi. Ал, иммигрант мемлекеттiк тiлдi үйренбесе, онда ол елден кетуi керек. Тiл үйрету курстарының қаржысын иммигрантқа жұмыс берушi немесе мемлекет төлеуi қажет.

Әлемнiң көптеген мемлекеттерiнде еңбек иммигранттары үшiн және сол мемлекеттiң азаматтығын алуға ниет бiлдiрушi басқа шетел азаматтары үшiн мемлекеттiк тiлдi бiлу шартқа айналғалы қашан. Ресей «Азаматтық туралы» заңына дәл осы бапты енгiзiп үлгерген. Талай уақыттан берi Ресей Федерациясының азаматы атанғысы келген өзге елдiң азаматы ең алдымен орыс тiлiнен емтихан тапсыруы қажет. Бұнымен тұрмады, ендi шеттен келетiн жұмыс күшiне ауыз салды. Ал бiз әлi көкке қарап ұлып отырмыз. Өйткенi мемлекеттiң негiзi, ұлтты ұйытар күш жоқ. Тiптi, мәжiлiсмендерде «мемлекеттiк тiл қай тiл болсын бәрiбiр, әйтеуiр қазақ тiлi болмасын» деген пиғыл жатқандай. Әйтпесе, бiз Қазақстан азаматы атанғысы келген шетелдiктен мемлекеттiк тiлдi бiлудi талап етпеймiз, шетелдiк жұмыс күшiнен мемлекеттiк тiлдi бiлудi талап етпеймiз. Өзгесi жетiсiп, осысы қалғандай, ендi оралмандарды орыс тiлiне баулу қажет бола қалыпты. Бұл кiм-кiм үшiн де түсiнiксiз жай.

Жалпы, шетелдiк қандастарын отанына шақырып жатқан бiзден өзге Германия. Израиль, Ресей мемлекеттерiнде өз мемлекеттiк тiлi тұрып өзгенiң тiлiн үйрету мәселесi болып көрген емес. Бейiмдеу орталықтары – Израиль мен Германияда әлi күнге дейiн жұмыс iстейдi. Бұл орталықтарда шеттен келген оралман 6 айдан бiр жылға дейiн тiрлiк етiп, өмiр сүруге, сол елдiң заңдылықтарын үйренуге, қандай бiр кәсiпке бейiмделедi, сонымен қатар сол елдiң мемлекеттiк тiлiн үйренедi. Бiзде келiп жатқан оралмандар дәл мемлекеттiк тiлдi толықтай дерлiк бiледi дегенмен, олардың арасында әлiпбидiң өзгешелiгiнен қиналатындары да, қазақша жазуға шорқақтары да кездеседi. Айталық, Моңғолиядан келетiн қазақтар үшiн тiлдiк бейiмдеудiң (мен қазақ тiлiн айтып отырмын) қажетi жоқ, олар кирилл қарпiмен сауат ашып, Қазақстан оқулықтарымен бiлiмiн шыңдаған. Ал Қытай қазақтары тiлдiң майын тамыза бiлгенiмен, төте араб жазуында сауат ашқандықтан, оларды әлiпбилiк бейiмдеуден өткiзу қажеттiлiгi туады. Ресей қазақтары қазақша мүлдем бiлмейдi, Иран, Ауғанстан, Еуропа сияқты елдерден келген қазақтардың арасында қазақша оқығандары жоқтың қасы. Дәл осы қазақтарды орыс тiлiне емес, мемлекеттiк тiлге бейiмдеудiң қажеттiгi күн тәртiбiнде тұрған мәселе.

Бiрақ, Қазақстанда бейiмдеу орталықтары өткен ғасырдың 90-шы жылдары ашылып, бiраз қаржы бөлiнгенi белгiлi. Алайда, сол қаржының көбi құмға сiңген судай iзiм-қайым. Қазiр оралмандардың санын миллионға жуықтатып жүрмiз ғой, солардың 97%-ы арнайы бейiмдеуден өтпей-ақ, тiрлiгiн жасап, ел iшiне сiңiсiп кеттi. Көбi тiрлiк ағымымен мемлекеттiк тiлмен қоса, лажсыз орыс тiлiн де еркiн меңгерiп алды. Бiз бейiмдеу орталықтары үшiн бөлiнген үйдiң немесе пәтердiң бiреудiң жекеменшiгiне айналып кеткенiнiң талай куәсi болғанбыз. Бейiмдеу орталықтарына арналған обьектiлерiн тек бiрлi-жарым оралман ғана алғашқы уақытта баспана ретiнде пайдаланып келген. Онда кешендi түрде үйретiлiп жатқан сабақ жоқтың қасы. Демек, көз алдау ғана. Бiр айта кетерлiгi, бейiмдеу орталығы өзге облыстардың iшiнде Павлодар қаласында жақсы жұмыс iстедi. Талай оралманның сауатын ашып, үйлi-күйлi болғанша, басына пана болды.

Ал Израиль мен Германияда бұл орталықтар мүлдем басқаша жабдықталған. Кез-келген кәсiпке баулитын, заңдық құқықтан сабақ беретiн және мемлекеттiк тiлдi үйрететiн арнайы дәрiскерлер бар. Бiздiң бейiмдеу орталықтарында мұның бiрде-бiреуi болған емес. Мемлекет осы мақсатта қаржы бөлгенiмен, ол қаржы әлдекiмдердiң қалтасын қампайтуға жұмсалды. Бұл жолғы бейiмдеу орталықтары да соның аяғын құшпасына кiм кепiл. Сондай-ақ, тiл үйрету курстарының тағдыры қазiр мемлекеттiк тiлдi үйретемiз деген желеумен ашылып, құр есеп беру үшiн тұрған әрбiр мекемедегi қазақ тiлi кабинетi сияқты жетiм қыздың күйiн кешiп жүрмесiн. Мiне, сауал көп, бiрақ, жауап табу қиын. Өйткенi бiзде ешқандай iс жүйемен iстелмейдi. Бұрынғы Кеңестiк жүйеден қалған сарын, жалған ақпар бере салу, көз алдау сияқты жүрдiм-бардымға үйренiп қалғанбыз. Демек, бейiмдеу орталықтарын ашу дегеннiң өзi құр көз алдау болып жүрмесе неғылсын.

Осы аптаның соңында эфирге шыққан «31 канал» телеарнасының «Состояниеkz» апталық бағдарламасы, Оңтүстiк Қазақстан облысының Көшi-қон және демография басқармасы басшылары бейiмдеу орталығын ашамыз деген желеумен бiр кездерi сондай мақсатқа бөлiнiп қараусыз қалғандықтан, оралмандарға берiлген, олар өздерi жөндеуден өткiзген ғимаратты босатуды талап етiп жатқандығын көрсеттi. Онда шамамен 40-қа жуық отбасы тұрады екен. Яғни, «шаш ал десе, бас алатын» бiздiң шенеунiктер тағы да науқандық iске жұмылып кеттi. Ал Мәжiлiс осы уақытта тағы бiр заң жобасын қарап жатыр. Ол – бұрын иесiз қалған үйлердi кейiн жөндеп, адам тұратын жағдайға келтiрген тұрғындардың құқығын қорғау туралы. Егер, бұл заң өмiрге келсе, Оңтүстiк Қазақстан облысы Көшi-қон және демография басқармасы аталған отбасыларды қуып-шыға алмайтын болады.

Е.КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары