ҮКIМЕТ БҰЛ ЖОЛЫ ДА ҮНСIЗ

ҮКIМЕТ БҰЛ ЖОЛЫ ДА ҮНСIЗ

ҮКIМЕТ БҰЛ ЖОЛЫ ДА ҮНСIЗ
ашық дереккөзі
254

«Асымызды iшiп, аяғымызды тепкен» жатжұрттық кәсiпкердiң басынғаны соншалық, қазақтарға Қазақ топырағында АНА ТIЛIНДЕ сөйлеуге тыйым салды! Қазақстанға заңсыз жүргенiмен қоймай. Ал әлеуметтiк әдiлетсiздiктерге еш шiмiрiкпестен баратын шетелдiк инвесторлардың көпшiлiгi Қазақстан Республикасының Ата Заңын сыйлауға құлықсыз. Есесiне, Қазақ жерiнiң ас та төк байлығының арқасында ақшаны күреп тауып жатыр. Айдың, Күннiң аманында құрылыс алаңдарында қыршынынан қиылып жатқан боздақтардың жоғын жоқтауға туған Үкiметi мүдделiлiк танытпай отыр. Ең сорақысы сол, өз елiнде өгейдiң күнiн кешкен қайран қазақтың тiлi бөлектерден көрген құқайы бiр бұл емес…

ҚОР БОЛҒАН ҚАЙРАН ҒҰМЫРЛАР

Жақында «Хайвил Астана» құрылыс компаниясында қазақ құрылысшылардың құқығы аяққа тапталып жатқанын, жұмыс орындарында ешқандай санитарлық нормалардың сақталмайтынын, тәулiгiне 12-14 сағаттан тер төгетiн олардың жалақысы кореялық әрiптестерiне қарағанда, 2-3 есеге аз екендiгiн және техникалық қауiпсiздiк ережелерi сақталмайтынын айтып, дабыл қаққан сенатор Қуаныш Айтаханов Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмовтен ҚР Атазаңына қайшы келетiн әрекеттерге барып отырған шетелдiктерге тиiстi шаралар қолдануды сұрады. Сенатор сөзi бекер емес. Өйткенi, өткен аптада «Хайвил Астанаға» тиесiлi 12 қабаттық ғимараттан құлаған 22 жастағы бiр қазақ сол жерде тiл тартпай кеттi. Содан бiр күн бұрын ғана Алматыдағы құрылыс нысандарының бiрiнде қатарласа салынған екi ғимараттың ортасына құлап түскен қос қандасымыз имандарын үйiруге үлгермей, жан тапсырған болатын. «Жедел жәрдем» ажалға араша түсе алмады. Бұл кейiнгi кезде орын алған келеңсiздiктердiң ресми түрде қағазға түскенi ғана. Ал құрылыс орындарында хаттама жасалмаған қайғылы қазалар қаншама! Демек, өкiнiшке қарай, заң бұзушылықтар тек «Хайвил Астанаға» ғана тән емес. Шетелдiктер тiзгiнiн ұстаған көптеген компанияларда жергiлiктi ұлт – қазақтардың құқығын аяққа таптау жиiлеген: «Еңбектi қорғау және қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге келсек, заңбұзушылықтар бар екенiн де айта кету керек. Мысалы, «Қаражанбастағы» жұмысшылар желдеткiштерi жоқ газды ғимараттарда жұмыс iстеуге мәжбүр болған. Қарағанды облысының жер асты шахталарында қондырғылардың бәрi тозған. Ақтөбе облысында жұмыс берушiлер адам өмiрiне қауiп төндiретiн құралдар қолданады. Осындай талаптарды орындамаған кәсiпорындарға жұмысын уақытша тоқтата тұруға тапсырма жолданды» (Сапарбек Нұрпейiсов, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкiлi).

«ҚАЗАҚТАР, ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕҢДЕР!»

«Жығылған үстiне жұдырық», ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметiнiң деректерiне сүйенсек, кейiнгi кездерi елiмiздегi еңбек заңдарының орындалуын қадағалайтын мемлекеттiк органдар мен министрлiктер атқарған iстерде нәтиже жоқ. Яғни, бiздiң тиiстi органдар тарапынан түсетiн ескертулерге шетелдiктер «ит үредi, керуен көшедi» қағидасын ұстанады. Олардың арасында түрлi сылтауларды желеу етiп, қазақтарды жұмыстан шығарып жiберудi жиiлеткендерi де көп. Мысалы, «Сенiмдi құрылыс» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң басшылығы 15,18,23 секундқа кешiккен қазақтарды жұмыстан шығарып жiберген. Ал дәл осындай себеппен айыпты болған 11 шетелдiкке, анығында, өз қандастарына жай ғана ескерту берумен шектелген. Айтпақшы, нәпақасын Қазақ жерiнен тауып жүргендердiң жалақысы осы елдiң иесi болып табылатын қазақтардан 3-4 есе жоғары. Мекеме басшылары (әрине, қазаққа үш қайнаса, сорпасы қосылмайтындар) жат жұрттан келген жұмысшылардың еңбек ақысына виза, жатын орын, жұмыс күшiн алыстан тарту секiлдi басқа да шығындар қоса есептелiнетiнiн айтып, ақталып баққанмен, бiздiң құқық қорғау органдарымыз олардың сөздерiн терiске шығарады.

«Қайда барсам, Қорқыттың көрi» деп пұшайман болған қазақтар саяси құрылым өкiлдерiнен сауға сұрауға мәжбүр. Алайда, олардан келген пайда тағы жоқ. Жуырда «Нұр-Отан» партиясының өкiлдерiмен кездескен ақтөбелiк жұмысшылар шетелдiк басшылық тарапынан көретiн құқайларын айтып, мұң шаққан. «Нұротаншылдар» оларға сотқа шағымдануға кеңес берумен шектелдi. Ал Бас прокуратура қызметкерлерi болса, қазақстандық сот шығарған әрбiр екiншi шешiмнiң орындалмайтындығын сынға алуда. Сот қызметкерлерi прокуратура тарапынан айтылған бұл сынға жауап ретiнде сот орындаушысы қызметiнiң беделдi еместiгiн, айлықтарының аздығын және осының кесiрiнен аталған сала қызметкерлерi жұмыстарын өз ерiктерiмен тастауға мәжбүр болатынын айтып ақталды. Күлкiлi жағдай, әрине. Айтпақшы, С.Нұрпейiсов мырзаның айтуынша, «Теңiз» кен орнында болған қақтығыс әлеуметтiк теңсiздiк салдарынан. Мысалы, сол жердегi алты айлық курстан өткен түрiк ұстасы ай сайын 168 мың теңге көлемiнде айлық алса, орта бiлiмдi қазақ ұстасы небары 55 мың теңгенi қанағат тұтуға мәжбүр болған. «ҚР Конституциясының 24-бабына сәйкес, кез келген азаматқа қауiпсiздiк пен санитарлық талаптарға сай еңбек етуге жағдай жасау туралы кепiлдiк бар». Оның үстiне, ҚР Еңбек туралы заңының 4-бабында еңбек саласында ешқандай бұрмалаушылыққа қатаң тыйым салынған. Яғни, Қазақстан аумағында еңбек ететiн әрбiр азаматтың құқығы заңмен қорғалған. Бiрақ соған қарамастан, мекеме басшылығы жалақы мәселесiн өз бетiнше шешуге құқылы. Қазақстан мемлекетi тек экономиканың бюджеттiк саласындағы жалақыны ғана жүйелеп отырады. Бас прокуратура өкiлдерi бiрнеше айдан берi кәсiпорындарда түрлi заң бұзушылықтарға жол берiлмес үшiн мемлекеттiк және коммерциялық мекемелердегi еңбек ақы көлемiн заң жүзiнде бекiту керектiгiн айтып келедi. Өкiнiштiсi сол, селт еткен бiздiң билiк жоқ. Есесiне, қазақтарды қойша қырған, оларға туған топырағында қорлық көрсетiп, құқықтарын аяққа таптаған шетелдiк кәсiпкерлер айылдарын жияр емес. Тiптi, түркиялық бiр кәсiпкер қол астында жұмыс iстейтiн қазақтардың қазақша сөйлеуiне қатаң тыйым салыпты… «Бақсам, бақа екен» демекшi, прокуратура қызметкерлерiнiң тексерулерi нәтижесiнде әлгi көргенсiздiң Қазақстан жерiнде заңсыз жүргенi анықталған. Сот тарапынан салынған 50 мың теңге көлемiндегi айыппұлға әлгi түрiктiң мұрты да қисаймағаны анық!

БАР ҮМIТ – ТАҒЫ ДА БИЛIКТЕ…

Прокуратура саласындағы халық игiлiгi, ұлт мүддесi үшiн қызмет ететiн азаматтардың еңбектерiн жоққа шығаруға болмас, әсте. 2005 жылы Ақтөбе облысының әкiмi сот арқылы қытайлардың «Ұлы қорған» ЖШС қабылдаған жалақыға қатысты уақытша ережесiн жоққа шығаруға қол жеткiзген. Өйткенi, аталған құжатқа сәйкес, қытайлық мамандар жылына 2 рет 30 күндiк еңбек демалысына шығуға құқылы болса, мұндай «батпан құйрықтан» қазақтар құр қалыпты. Қарағанды шахталарындағы құрал-жабдықтардың тозығы әбден жеткен. Ақтөбе облысындағы кәсiпорындарда қолданылатын құралдардың ескiргенi соншалық, жұмысшылар өмiрiне қауiп төндiредi. Осыған байланысты, Бас прокуратура облыстық прокурорларға орын алған келеңсiздiктердi жоюға пәрмен берген.

Жатжұрттықтардың өз компанияларына Қазақстан азаматтарын емес, өздерiнiң қандастарын көптеп тартуға мүдделi болуы да заңға томпақ. Осының салдарынан, жұмыс күшiн «алыстан арбалаған» әрбiр екiншi шетелдiк компания елiмiзде заңмен бекiтiлген жергiлiктi мамандарды жұмыспен қамтамасыз етуге қатысты талапты орындамай отыр. Әйтпесе, жұмыс берушiлердiң тапсырысымен жаңа мамандықты меңгерген 13 600 қазақстандықтың 311-i ғана шетелдiктермен терезесi тең жұмыс iстемес едi. Сондықтан билiк Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейiнiң төмендеуiне ықпал етуге қауқарлы шетелдiктердi тез арада тезге салуы қажет. Заң жүзiнде, әрине. Ол үшiн кезiнде қазақтарға таңсық болған мамандықтарды меңгеруде отандастарымыз нарық талабына жауап бере алатындай дәрежеге жетуi тиiс. Сонда ғана осы мақсатқа бөлiнген бюджеттiк қаржы желге ұшпасы анық. ҚР Бас прокуратурасының қызметкерлерi Үкiметке елiмiздегi үкiметтiк емес ұйымдардың өкiлдерiн тарта отырып, жұмыс берушiлердiң жұмысын жақсартудың тиiмдi жолдарын қарастыруға, осы мәселенi мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыстар шеңберiнде шешуге және халықты жұмыспен қамтамасыз етуге қатысты жүйенi жақсарту жөнiндегi заңдық құжаттарды дайындауға ұсыныс жасады. Бұған билiктiң не айтатыны белгiсiз. Бiрақ прокуратура қызметкерлерiнiң тексеру жүргiзуi нәтижесiнде 250-ге жуық тұлға тәртiптiк және әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылған. Екi қылмыстық iс қозғалып, прокуратура органы қызметкерлерiнiң араласуымен шетелдiк кәсiпорындарда еңбек ететiн 2 мыңнан астам қазақстандық жұмысшының құқығы заң жүзiнде қорғалған. Отандық прокурорлар ҚР азаматтарының еңбек ету құқықтарын қорғауға бағытталған тексеру жұмыстарын үздiксiз жалғастырмақ ниетте. Лайым, ұзағынан сүйiндiргей деймiз де. Алайда, «жалғыздың үнi шықпас» деп атам қазақ бекер айтпаған ғой, Атазаңды сыйлауға Үкiмет тарапынан қатаң бақылауға алынбайынша, атқарылып жатқан игi iстердiң құмға сiңген судай ысырап болары анық.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары