IРIКТЕЛЕДI, СҰРЫПТАЛАДЫ, СОСЫН...

IРIКТЕЛЕДI, СҰРЫПТАЛАДЫ, СОСЫН...

IРIКТЕЛЕДI, СҰРЫПТАЛАДЫ, СОСЫН...
ашық дереккөзі
228

Керек емес жоғары оқу орындары өздерi-ақ жабылып қалады

Соңғы жылдары елiмiзде жоғары оқу орны санатына жататын «дырдай-дырдай» академия, университеттедiң жауыннан кейiнгi саңырауқұлақтай қаптап кеткенi рас. Тiптi, облыс орталықтары тұрмақ, шағын аудан мен қаладан өзiнiң филиалдарын ашып алғандары да бар. Әйтеуiр, қалтасына ақша түсiп, күмпие бастаған қазақ жекеменшiк оқу орнын ашуды да бизнес көзiне айналдырып алған сияқты. Бәрi ақылы. Қажеттi ақшаны төле де, сайран салып жүре бер. Тек бiр жапырақ қағаз – «диплом» үшiн бар ақшасымен сессияны жауып, өзiнше студент атанып жүргендер оның лицензиясы бар ма, жоқ па дегенге қарап та жатқан жоқ. Бар мақсаты – мықты көкесi тыққан жұмыс орынына «дипломын» көрсету ғана. Ал мүлдем оқығысы келмейтiн жалқаулар болса, әке-шешесiнiң тапқан-таянғанына дайын дипломды сатып алып әуре.

Шыны керек, бұрын академияны былай қойып, институт, университетке түсудiң өзi бiр арман болатын. Әркiм қал-қадiрiнше бағын сынап, жұлдызы жанғаны түсiп, жолы болмағаны қайта дайындалып, келесi жылға сақадай-сай болып келетiн. Қазiр ше?! Бүгiн «Түсе алмаймын-ау…» дейтiн қорқыныш пен үрей әсте байқалмайды. Керiсiнше, қарын қамын ойлаған ректорлар мен директорлар бұл сезiктiң лебiн бiржола басып тастауға оңай мүмкiндiк берген жоқ па?! Оның үстiне осы уақытқа дейiн бiлiм саласын басқарған кейбiр министрлер арқаны кеңге салып, жемқорлық тамырының одан әрi терең бойлауына төте жолды өздерi салып қойды. «Көрмейiн десем көзiм бар» демекшi, әсiресе бiлiм төңiрегiндегi түрпiдей көрiнген өрескел әрекеттер мен заң бұзушылықтар судың бетiне ендi ғана қалқып шыға бастады. Алайда, бiз бен сiздiң шағымданғаныңызды ешкiм естiмейдi де. Қуанарлығы сол, көптен берi айтылуы тиiс мәсәленi Елбасының өзi мемлекеттiк деңгейде көтерiп, жоғары оқу орны ректорларына «дипломды баяғыдай ақшаға сата бересiздер ме?» деген ой тастап, шындықтың ұшығын шығарған сияқты. Iле-шала Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаевқа бiраз мәселе жүктедi. Негiзi бiлiм реформасының нәтижесi маманға деген сұраныспен ғана өлшенетiнi белгiлi. Осыған байланысты жоғары оқу орындарын аттестациялау жүйесiн енгiзудi ұсынып, тез арада ретке келтiрудi айтқан соң, министрлiк дереу iске кiрiсе бастаған сыңайлы. Демек, бұдан былай дырдай атқа ие болып, қойылған бiлiктiлiк талаптарына сәйкес емес жоғары оқу орындарының басына бұлт үйiрiлетiн күн алыс емес. Жоғары оқу орындарының жер-жердегi бөлiмшелерi қысқартылып, университеттердi бiрiктiру қолға алынбақ. Биыл 51 жоғары оқу орын аттестациядан және 22 университет арнайы тексеруден өтедi. Қазiрдiң өзiнде тоғыз оқу орнының 21 бөлiмшесiн жабу туралы шешiм шығарылған. Өйткенi, пәленбай жылдан берi жұрттың ақшасын суша сiмiрiп келген ректорлардың өзi аталмыш мәселе жөнiнде бұрмаланған iс-әрекеттер ашық айтыла бастағаннан-ақ өз ерiктерiмен жабылуға мәжбүр болған. Ендi қайтсiн?! Басқа амалы жоқ. Айналып келгенде, жекеменшiк, лицензиясы жоқ оқу орнын бiтiрген маман қаншама ақшасын желге ұшырып, жалған диплом алып, бармағын тiстеп қалды. Ал бұған әлгi параның дәмiн сезiнгендердiң сағы да сынбайды, түгi де кетпейдi. Құдды «екi түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледiнiң» керi. Дегенмен, әлдебiр ректорлардың «жарылқауына» алданып қалып, оқып жүрген студенттер мемлекеттiк жоғары оқу орнына орналасса, ал филиалына дәу қара құлып салынған «бiлiм ордасының» студенттерi басты орталығында оқитын болады. Бұл да министрлiк тарапынан қарастырылған жағдай. Сондай-ақ, жаныңа бататындығы, мұндай бiлiм ордасында дәрiс берiп жүргеннiң денi кәсiби сауатсыз оқытушылар. Ащы да болса шындық, қазiр лақтырған таяғыңыз профессор мен доктор атағын оңай олжалап алғандарға дөп тиетiнiн ешкiм жасырмайды.

Министр Ж.Түймебаевтың айтуынша, елiмiзде 176 жоғары оқу орнының әр облыс аймағында 76 филиалы бар екен. Ал, оның 121-i жекеменшiк. Әрине, бұл министрлiк тарапынан жiтi бақылау мен тексерудiң дер кезiнде жүргiзiлмегендiгiнен орын алып отыр. Бұған дейiнгi министр тағын иемденгендер өз реформасын тықпыштағанша, осындай көзжұмбайлыққа салынған «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердi неге қадағаламаған дейсiң кейде.

Ал алып Ресей мемлекетi болса, бұл мәселеге барынша назар аударып келедi. Жыл сайын сот мекемелерi бiлiм және ғылым саласын жаппай тексеруден өткiзедi. Соның нәтижесiнде жақында Халықаралық жоғары мектеп басшылығының заңды бiле тұра қасақана бұзғандығы анықталды. Негiзiнде бұл оқу орын Барскова мен оның жұбайына тиесiлi де, мұнда тек «А», «Б» мамандығы бойынша ғана маман дайындауға лицензиясы бар екен. Ал олар бiраз уақыт өткен соң, аяқ астынан оған «С» деген мамандықты оқытуға аккредитация алдық деп жариялайды. «Бұл мүмкiн емес жағдай», – дейдi Бiлiм және ғылым саласын бақылау қызметiнiң басшысы Виктор Болотов. Оның пiкiрiнше, кейбiр ректорлармен тiкелей сот айналысу керек. Өйткенi, бұл жоғары оқу орындары толыққанды, дұрыс бiлiм бермейдi дегенге саяды. Бұл мекеме 2005-2006 жылы 273 жоғары оқу орны мен Ресейдiң 37 нүктесiнен орын тепкен филиалдарының лицензиясын тексерген. Нәтижесiнде 126 бiлiм ордасынан (46 пайыз) заңды бұзушылық әшкерленген, оның 103-i (38 пайызы) әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылды, ал 28-iнiң (11 пайыз) лицензиясы сол күнi-ақ күрт тоқтатылыпты. Сол сияқты өткен жылы бiлiм сапасын бақылау iс-шаралары 156 оқу орны мен филиалдарында өткiзiлдi. Тағы да 103 оқу орнынан өрескел заңсыз әрекеттер анықталған. Яғни, мемлекеттiк бiлiм стандартына сәйкес емес 16 филиал мен 40 жоғары оқу орнының өкiлiне кәдiмгiдей ауыр соққы тидi. Осыдан кейiн арнайы тексерудi қажет етпей-ақ, кейбiр оқу орындарының бөлiмшелерi өздiгiнен жабылып жатқанға ұқсайды. Бұған дәлел, аз уақыттың iшiнде 20 филиал жұмысын үзiлдi-кесiлдi тоқтатқан.

Тағы бiр айта кететiн жайт, жоғары оқу орнында бакалавриат және магистр бiлiктiлiгiне байланысты туындап жүрген дау-дамай. Кейбiр профессор-ғалым бакалавриатты тәмамдаған маманды жартылай, кәсiби бiлiмi жетiлмеген деп есептейдi. Өйткенi, төрт жылда жинақтаған бiлiмi мектепте немесе жоғары оқу орнында ұстаз болуға жеткiлiксiз екен. Сондықтан да осы жүйеге қарсы келетiндер тағы да бiр жылды артығымен оқуды құптап жүргенi жасырын емес. Бұл мәселе Ресейде де көтерiлiп жатқанына бiраз болды. Ресей Үкiметi жоғары оқу орнының тепе-тең екi бағытқа: бакалавриат және магистратура (маман дайындау) жүйесiне көшу жайындағы құжатты құптады. Ендi бакалавриатта бiлiм алу мерзiмi жолдамаға қарай 3 жылдан 4 жылға дейiн, магистратурадағы бакалавриат базасында 2 жыл, ал маман дайындау бағдарламасына сәйкес, кем дегенде 5 жыл оқуы тиiс. «Ресей бұл тепе-тең жүйенi неге таңдады?» деген сұраққа мамандар: «Мұны бiздiң экономикамыз талап еттi» деп қысқаша жауап бередi. Ресей Бiлiм және ғылым министрi Андрей Фурсенко бакалавриатқа байланысты мәселе бүгiнде күннен-күнге дауға айналып бара жатқандығын айта келе, ол бұған «толыққанды жоғары бiлiм жүйесi» деген баға бередi. Айталық, 80 жылдардың басында педагогикалық жоғары оқу орындарында студентке 4 жыл оқығанның өзi жеткiлiктi едi десе, Мәскеу педагогикалық-гуманитарлық институтының ректоры Александр Кутузов: «Әрине, бұған оқытушының жетiспеушiлiгi басты себеп болды. Тiптi, мұндай жағдайға да қарамастан, мәскеулiк кейбiр мықты бiлiм ордалары студенттi 5 жыл оқытып, 4 жылдық бiлiмнiң ұстаз дайындауға қауқары жоқтығын түсiндi. Сондықтан кемiнде төрт жыл iшiнде бiлiм туралы заңға ешқандай өзгерiс енгiзiлмесе, онда бакалаврды жартылай жоғары бiлiмдi адам немесе ең төменгi сатыдағы маман ретiнде қабылдайтын болады» дегендi айтады. Демек, Болондық процеске едәуiр жақындаймыз десек, Ресей де Еуропа таңдаған жүйенi құруы керек деп ой тастайды. Шынында, Еуропада бакалавр – жалпы базалық бiлiмi бар адам деп есептеледi. Ал оған мектепте жұмыс iстеу қажет болса, магистратураның арнайы дәрiсiн оқуы тиiс. Дәл осы жүйенi көшiрiп алатын болсақ, мұғалiм мамандығын таңдағандар тек алты жыл оқығаннан кейiн ғана ұстаз болып қызмет атқара алады екен. Ресейлiк техникалық жоғары оқу орындарында бакалавриат пен магистратура жүйесi бұрыннан қатар келедi. Сондықтан да студенттердiң тек 7-8 пайызы ғана магистратураны оқымаса, қалғанының бәрi мәжбүрлiктен осы жүйенi бiтiруге тырысады. Ал АҚШ-тың бiлiм тәжiрибесiнде магистратурада бакалавриатты бiтiрушiлердiң 30 пайызы ғана бiлiмiн жалғастырса, қалғаны өз қалаған жұмысына орналасады.

Кейiнгi кезде осы бакалаврға қатысты әңгiме елiмiздегi профессор-ғалымдардың арасында да аракiдiк айтылып жүргенмен, министрлiк еуропалық стандартты алға тартады. Ал саны бар, сапасы жоқ жоғары оқу орындарының қоғамға еш қажетi жоқ екендiгi айдан анық. Мұны бiлiм саласының басына келген жаңа министр Ж.Түймебаев тез арада ретке келтiрiп, бiлiм сапасының артуына мән берсе құба-құп. Сонда ғана маманға, жоғары оқу орнына деген сұраныс пайда болмақ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары