ҰЛТТЫҚ ТIРЕГIМIЗДIҢ ҰСТЫНЫ НЕ?

ҰЛТТЫҚ ТIРЕГIМIЗДIҢ ҰСТЫНЫ НЕ?

ҰЛТТЫҚ ТIРЕГIМIЗДIҢ ҰСТЫНЫ НЕ?
ашық дереккөзі
285

Жаңа ғасыр өзiнiң мол жаңалығымен есеңгiретiп қойғанымен, етек-жеңiн жиып та үлгермеген ауыл қазағына жаһанданудың желi тие қойған жоқ. Тиген жағдайда да қойын қоздатып қорасындағы малының санын ғана уайымдай алатын деңгейде. Қазақ баласы ауылдан қалаға келгенде жас жүрегi елпiлдеп асау армандарының жалынан жармасқандай жарқын леппен келедi де, екi жыл өтпей өзгермелi алмағайып кезеңнiң жүрдек желiсiне iлесе алмай қала ма… томаға-тұйық мiнезбен қайдасың ауыл деп тартып отырады.

Мәдени ошақ Алматының жоғары оқу орындарында көбiнесе бiлiм алып жатқан да сол ауыл қазағы. Байырғы таза даланың саумалын жұтып, әжесiнiң ақ қаймағын татып, өрiсiндегi қозысын түгендеп өскен жастарымыз қалаға келген бетте "жаңа қазақтың" иiс майлы суынан бастап, қылмиған жүрiсiне дейiн киiну тәсiлi мен сөйлеу мәнерiн де судай сапырып жаттап алып, елiгiп кетерiн қайтерсiң?! Технологиялық процестiң жедел қарқында өсiп келе жатқан қаланың қабырға-қуысын жамайтын, еуропаланған үлгiге қазақи нақыш қосатын жастар ғана екенiн қазiрге өздерi пайымдай қойған жоқ. Таза нигилист жастарымыздың көбеюi осы жаһанданудың көшiне үлгере алмай қаламын ба деген үрейден туады. Қай бағыттың ұстынында бара жатқанын аңдамас "стандарт" қалыптағы жаңа қазақтар пайда болды. Стандарт дейтiнiмiз — қазақи болмысын жоғалтқан, рухани жан-жүйесiнiң көзi бiтелген, кеше қазақ болып туылып, бүгiн сол қазақтығын даттаған, яғни "мәмбет" деген тұрпайы атпен өздiгiн жерлеген, өз ұлтын сүймейтiн, ұлттың құнарлы мәдени негiз көзiне бейтарап, немқұрайлы аралықтағы ұрпақ. Айталық, мектеп табалдырығынан шетел, шығыс тiлдерiн жетiк меңгерген жастарымыз жоғары оқу орнын үздiк бiтiрiп шыққан соң, қалталы бизнесмендердiң фирмаларына жалданып, қаржы көзi мол ортаға жұмыс iстеп кетедi. Әрине, бұл экономикалық тапшылық тар заманның нәтижесi екенiне дау жоқ, алайда бойында ұлттық намысы сөнiп қалған жастар шетел асып ақша табудың мың түрлi жолдарына салынып бара жатыр. Сол елге барып бiржола сiңiп, үштi-күйлi жоғалып бара жатқандары қаншама. Бұл ұлттың жоғалып құрып бара жатқанынан дерек бермей ме? Бiздiң айтарымыз мүлдем басқа, сол ауылдан ат арытып ата-ананың үкiлi үмiтiн желпiлдетiп бiлiм iздеп келген жастарымыз "Студенттiк алтын дәуренiн" дұрыс пайдаланбай, көше торып, ойын-сауық құрып өткiзсе, әлi де қалың ұйқыдағы халықтың жүрек көзi мүлгiп-қалғып отыр деген сөз. Көбiне педагогикалық бiлiм жүйесiнде бiлiм алушылардың қаптаған санын көрiп, бiрақ солардың жарым пайызы ғана сабақта отыратындығын бiлiп таңданбасқа шара жоқ. Кей жастарымыз қалта тарлығын айтып жан бақса, кейбiрi көше кезiп құр далақтаумен жүргенi жанға батады. "Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық" дейдi мұның атын. Мiне, осылар не ұлтқа не болашақ ұрпақтың зейiнiне бiр серпiн бере алады деп айта аласыз ба? Бұл ұлттық рухани күш-жiгерiмiздiң тым бәсең, аяңдап бара жатқанын бiлдiредi. Әлем әр сағат сайын тынымсыз жаңалықтармен толысып отырса, қазақ баласы мұның бiрiнен де хабарсыз. Тiптi сол хабарыңыз да оны түршiктiре қоймайды. Қазақтың бiр баласын кеше бiреулер соғып кеткен болса, оны естiген жастарымыз өзiнiң қорғанын ғана ойлаудан ары аспайды. Жаны түршiгiп, қабырғасы қайысып намыс шақырған жастардың өзi саяси билiктегi ықпал күштерге шыбықтай майысып, қоғамның зұлым заңдылығына төтеп бере алмай, қалай келген болса солай мәдени ортаның нәрiнен рухани сауатын жетiлдiрмей ауылына аттанады. Өкiнiштi-ақ. Алғашқы оқуға келгендегi армандары бос қиялдай көрiнiп қараңғылықтың өзiне қайта шөгедi. Иә, қазiр бiзде стандарт қалыптағы қазақтың саны артып барады. Өз басым аман, өз қалтама түссе болды деген пиғылдың шеңберiнде. Ал сауатты, бiлiгi бар зерек жастар керiсiнше, осынау алапат апаттың алдына кеуде тосу орнына ақшалы банктердiң маңайынан шықпайды. Сонда бiзде болашақта кiмдер зиялы қауым атанбақ? Қаладағы қазақтан гөрi, ауылдан келген қазақтың жүрегiнде ұлттық рухтың жалыны лапылдап тұрмай ма, сол оттың көзiн неге оңай өшiре қоямыз? Егер ұлттың болмысын тiктеп, өркениеттi өрiсi кең мемлекет құру керек болса, алдымен ел басына қазақ десе жаны қоса шырқырай алатын көзi ашық зиялы қауым қажет. Ал ол қауым қайдан шығады? Даланың сары уызынан жарыған, Сарыарқа десе бүкiл қазақтың дарқандығын сезiне алатын ұлттың жанашыр ұландары ғана бола алады. Ал қазiр жан-жағыңызға тағы алаңдап бақсаңыз, сол ауылдан келген жасқа iшiң ашиды. Олар шет елдiң дүпiлдеген әуенiне елiгiп, болмысымызға сай келмейтiн киiмдердi iлiп алып еш алаңсыз ғұмыр кешуде. Оның басына ұлттың тiлi, дiлi, дiнi сияқты сөздер кiрiп те шықпайды. Өйткенi олардың жүрегiнде байлау, тұрақтылық пен мығым мiнез жоқ. Ол өзiнiң баласына әлiпби танымай жатып ағылшынша сауатын ашқызуды армандайды. Бiрiншiден, қазақ боп туылу қасiрет болса, екiншiден, сол қасiреттiң кесiрiнен әлемдiк қозғалысқа ере алмай қалып қойғысы жоқ. Ада-күде көштен қалып қойғандай жүрегiнiң тыныштығы тағы жоқ.

Бiздiң болашағымыз жастар деп бөсудiң орнына, қазiр сол жастарға iзгiлiк бiлiм алудың жолдарын көрсету қажет-ақ. Өзiнiң таза мәдени құнарын танытуға жаңаша принциппен келу керек сияқты. Жастардың ұлттық "менiн" оятатын, санасын меңдеп алған жершiлдiк, рушылдық атты аурулардың арылтудың да жолдарын қолға алу қажеттiлiгi туып отыр. Өйткенi онсыз бiз өркениеттi қазақ қоғамын да құра алмаймыз, өз жерiнiң ғана өз руының ғана мүддесiн көздейтiн ұрпақ жалпы ұлтқа не бере алады? Бар қазақтың жаны бiр шүберекке түйiлгендей жұмыр, тұтас болу қажет. Бұл жерде тек құрғақ ақылмен ғана шектелгiмiз келмейдi, жас буынды жаңаша, өркениеттiң тоқтаусыз арпалысын жiтi көзбен бағдарлай алатын, жаһанданудың өзiне қажетiн ғана алып, қажетсiзiне тыйым сала алатын толыққанды ұлттық болмысты қалыптастырудың бiр ғана жолы бар деп бiлемiз. Ол — дiни сауаттылық. Жоғары оқу орындарына, мектеп жасындағы жеткiншiктерге арнайы курс бөлiмiн ашып, оқулықтар жазылуы тиiс. Онда имандылық шарттары, ислами дүниетаным дiңгектерi насихатталып, дiн әлемiнен кеңiнен мағлұмат бере алатын мазмұнда болуы қажет. Дiнтаным сабақтары барлық саладағы маман иелерiне жүргiзiлiп, аса қатты қадағалау шарттарымен оқытылуы тиiс. Әрбiр мұсылман баласы ислами шарттарды бiлiп, жан-жүрегiмен қабылдаса бұл қазiргi азғын ұрпақты жолдан қайтарудың тың жолы болар едi. Өз негiз болмысыңды, ұлттық жан-жүйеңнiң тынысын өз-өзiңдi тану арқылы ғана ұғынамыз. Қазақ өз дiнiн, өз салтын, өз мәдениетiн тану үшiн алдымен индивидуалды тұлғаның өзiн тануынан басталды.

Жаһанданудың зардабы елiмiздегi ушыққан тiлдiң, дiлдiң, дiннiң сөнуге айналған алапат кезеңiнде, ұлттық құндылықтардың жаңа көзiн ашып, iргесi беки қоймаған балаң тәуелсiздiк дәуiрiне тап келгендiктен қаймана халық қайда, қалай бет түзерiн аңдай алмай қалды. Ол үшiн бiзге жан қозғалысын реттейтiн амалдағы исламның имани шуақ нұрымен рухани дүниемiздiң бұлақ көзiн ашатын — өркениеттi дiни сауаттылық қажет. Ал дiни сауаттылық — рухани сауатты толысқан тұлға қалыптастырудың төте жолы.

Сағадат ОРДАШЕВА

Серіктес жаңалықтары