МӘУЛАНА РУМИДIҢ ЕҢБЕКТЕРI — КҮЛЛI МҰСЫЛМАН ӘЛЕМIНЕ ОРТАҚ

МӘУЛАНА РУМИДIҢ ЕҢБЕКТЕРI — КҮЛЛI МҰСЫЛМАН ӘЛЕМIНЕ ОРТАҚ

МӘУЛАНА РУМИДIҢ ЕҢБЕКТЕРI — КҮЛЛI МҰСЫЛМАН ӘЛЕМIНЕ ОРТАҚ
ашық дереккөзі
415

Iрi философтың 800 жылдығы Юнеско көлемiнде аталып өттi

Iрi дiни қайраткер, суфизм iлiмiн жалғастырған ғалымдардың бiрi Жалаледдин Мәулана Румиге арналған халықаралық симпозиум Стамбұлдан басталып Кониядан жалғасын тапты. Түрiк бауырларымыз аталған мәдени шараға жан-жақты дайындалыпты. Бұл да тектен-тек емес. Парсы тiлiнде дiни бағытта еңбектер жазған Румидi түрiк елi өз ұлындай қабылдайды. Оның үстiне туғанына 800 жыл толған Румидiң мерейтойын ЮНЕСКО көлемiнде атап жатқан елдердiң iшiнде Түркия да бар.

Мәулана Руми өмiрiнiң соңғы күндерiн Түркияның Кония қаласында өткiзген. Содан болар iрi дiни қайраткердiң табаны тиген жерде оның кесенесi мен мұражайы дiн аман сақталған. Түрiктер бұл ғимараттарды қызғыштай қориды. Бүгiнде бұл объектiлер — зиярат етушiлер мен туристерге лық толы. Асыл дiнiмiзде әулие саналатын адамдардың кесенесiне барып, тiлек тiлеу оң қабылданбаса да, мұнда адамдар көп келедi екен. Бiздi түрiк мәдениетiмен таныстырған Мұстафа Мұтлы мұнда келген адамдардың Румидiң рухына Құран бағыштап, тiкелей Алладан тiлек тiлеп жататынын айтады. Батыс елдерiнен келiп жатқан туристер де түрiк елi мен ислам өркениетiне құрмет ретiнде кесенеге кiрмес бұрын аяқ-киiмдерiн шешiп, әйелдерi бастарына орамал тағып кiрiп жатты. Түрiктер өз мәдениетiн сыйлаған соң, елдi жат та сыйламай ма? Симпозиумға қатысқан ғалымдар лаңкестiк әрекеттер өршiген заманда осындай рухани экскурсиялар мен жиындар өткiзудiң маңызы зор дейдi. Әсiресе Еуропадан келген туристер көне кесенелердi аралап шыққан соң мұсылман өркениетiне басқаша көзқараспен қарайтын сияқты.

Жалпы, Түркияның екi бiрдей қаласында өтiп, сегiз күнге жалғасқан халықаралық симпозиумға әлемнiң 35 елiнен ғалымдар мен дiнтанушылар келiптi. Оның iшiнде көршiлес Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстанның ғалымдары да бар. Раззаков атындағы Қырғыз Мемлекеттiк техникалық университетiнiң проректоры Нұр Саралаевтың айтуынша, Руми еңбектерiнiң Орта Азия аймағына тигiзген әсерi де жоқ емес. Бұл орайда Нұр Керiмқұлұлы: "Жалпы Қазақстан мен көршiлес елдерге мол рухани дүние қалдырып, өшпес туындылар жазып кеткен әл-Фараби екенi даусыз. Одан кейiн Махмұт Қашқаридiң еңбектерi тағы бар. Жалпы әл-Фараби, Махмұт Қашқари мен Баласағұнның еңбектерiнде суфизмнiң элементтерi өте көп. Қазақстанда iрi философтар да баршылық. Олар Батыс пен Шығыстың диалогында өзiндiк көпiр қызметiн атқара алады. Руми — классикалық кезеңнiң iрi суфисi. Дегенмен, қазақ-қырғыз елiне Қожа Ахмет Яссауидiң тигiзген әсерi өте зор" — деп, ойын түйiндедi. Ал, Ресей өкiлi, ғалым Андрей Смирнов былай дейдi: "Жалпы, Румидiң қазiргi замандағы орнын өлшеп айту мүмкiн емес. Ресей үшiн маңызды бес-алты ислам ойшылын айтсақ, оның iшiнде Румидiң алғашқылардың бiрi болатынына шүбәңiз келмесiн. Оны кез келген ресейлiк бiледi. Iрi ойшыл күллi әлемде махаббат пен сүйiспеншiлiк, универсализмдi уағыздаған дiни қайраткер ретiнде танымал. Бүгiнгi таңда дәл осы дүниелердiң насихатталуы күллi адамзатқа маңызды емес пе?". Рас, Мәулана Румидiң еңбектерiнде Жаратқан Ие — Алла Тағалаға деген сүйiспеншiлiк пен iзгiлiк барынша айқын көрiнiс тапқан. Түрiк ғалымдарының бiр өкiнiшi, бүгiнгi таңда жастар арасында Румидiң еңбектерiн түсiнiп оқитындар азайыпты. Оның үстiне iрi философтың еңбектерi парсы тiлiнде жазылған соң, қазiргi түрiк жастары ғалымның шығармаларын түпнұсқада оқи алмайды екен. Ал, түрiк тiлiне аударылған ойшылдың еңбектерi кемде-кем. Суфизмдi зерттеп жүрген Түркияға танымал ғалым Махмұт Қылыш: "Өкiнiшке қарай, Батыс жұлдыздарының аяқ-киiмiнiң өлшемiне дейiн бiлетiн жастар өз ата-бабаларының кереметтей еңбектерiн бiле бермейдi. Сондықтан әсiресе жастар арасында Румидiң еңбектерiн насихаттау маңызды" — деп, өкiнiшiн жасырмайды.

КОНИЯ — ТҮРКИЯНЫҢ РУХАНИ АСТАНАСЫ

Конияны түрiк елiнiң дiни һәм рухани орталығы десек артық айтқандық емес. Стамбұл сияқты Кония қаласында да көзге бiрден түсетiн дүние — зәулiм-зәулiм мешiттер. Жалпы, бүгiнгi таңда Түркияда 70 мыңнан астам мешiт бар. Оның 3300-i — Стамбұлда. Кониядағы мешiттер Стамбұлдағы дiни ғибадатханалардан архитектуралық тұрғыдан өзгеше салынған. Жергiлiктi халық та аса дiншiлдiгiмен ерекшелiнедi. Түркияның iшкi заңы бойынша, мешiт пен оқу орындарына 200 метр жерге дейiн iшiмдiк заттарын сатуға тыйым салынған. Ал, Конияда тiптен түнгi клубтар мен сыраханаларды кездестiре алмайсыз. Есесiне көшенiң ар жағы мен бер жағында санқилы мешiттер менмұндалап тұр. Тағы бiр айта кетерлiгi, Түркияда ойынханалар мен казино қызметiне де тыйым салынған. Жұрт бiр Алла деп таңды атырып, түндi батырып баянды өмiр сүрiп жатқандай.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мұхаммедтiң жәдiгерлерiнiң басым бөлiгi Түркия мұражайлары мен мешiттерiнде сақталғаны барша мұсылмандарға белгiлi. Топқапы сарайында Пайғамбарымыздың сақал-шәрiфi мен шапанына дейiн дiн аман сақталған. Бұл жәдiгерлердi Түркия елi шын мәнiнде мақтан тұтады әрi бұл жәдiгерлердiң барша мұсылмандарға ортақ екендiгiн де естен шығармайды.

ДӘРУIШТЕР БИI ШЕТЕЛДIКТЕРДI ТАҢ ҚАЛДЫРДЫ

Мұстафа Мұтлының айтуынша, дәруiштер биi Кония қаласында Мәулана Руми қайтыс болғаннан кейiн оның туған баласының арқасында дүниеге келiптi. Жалпы, бұл бидiң өзiндiк мазмұны да бар. Ол Алла Тағаланың адам денесiне жан бiтiрген сәтiн суреттейдi. Ақ киiмге оранған бишiлер бiраз уақыт бiр шеңбердiң бойында айналып тұрады. Бұл шын мәнiнде әсерлi көрiнiс… Бұл бидiң орындалуы үшiн үш нәрсе қажет екен. Ең алдымен, ұлттық нақыштағы музыка. Екiншiден, шеңбердей домалақ сахна. Үшiншiден, кәсiби дәруiш-бишiлер. Дәруiштер биiн тамашалаған Батыс көрермендерi де, Қазақстаннан келген бiздер де мұндай әсерлi көрiнiске бей-жай қарай алмадық. Биден кейiн мiндеттi түрде Құраннан бiр сүре оқылады екен. Бәрiмiз қолымызды жайып, түрiкше айтылған ниет-дұғаларға әумин дедiк.

СҮЛЕЙМЕН СҰЛТАН МЕШIТI МЕН ҚАСИЕТТI СОФИЯ ШIРКЕУI

Стамбұлдағы Сүлеймен мешiтi мен София шiркеуi бiр-бiрiне қарсы орналасқан. Егерде Сүлеймен мешiтi әрi туристердi қабылдап, әрi ғасырлармен дiни ғибадат орны ретiндегi қызметiн атқарып келе жатса, Қасиеттi София шiркеуi мұражай ғимараты болып қана сақталынған. Ұлттық әрi дiни мүддеге бекем түрiк халқы көпшiлiкке, яғни мұсылмандарға басымдық берген. Түркияда мешiттердiң көп болуы ешкiмге де оғаш көрiнбейдi. Iрi шiркеудiң мұражайға айналғаны да заңды құбылыс болар. Әрине, зайырлы мемлекет ретiнде Түркия дiннiң мемлекеттен бөлек екендiгiн ұмытпайды. Дегенмен, дiн iстерiмен тiкелей билiк айналысатын көрiнедi. Мәселен, әрбiр мешiтке қойылатын имамды мемлекет тағайындайды екен. Оның үстiне дiни қызметкерлерге жалақы мемлекет тарапынан берiледi. Екiншi жағынан, мешiттер мұсылман қоғамдастықтарының қаржысы мен туристердiң садақасының арқасында бапталып отырады. Бiр айта кетерлiгi, егерде Қазақстандағы мешiттерге әркiм өз еркiмен әр көлемде садақа берсе, Түркияда әрбiр садақа берушiнiң қолына квитанция ұстатып, оның атына дейiн тiркетедi екен. Әйтеуiр, осылайша қаржыны мешiт пен дiни қызметкерлерге жұмсау мәселесi барынша жақсы ойластырылған сияқты. Мешiттен тыс жерде дiни ғибадатханаға қарасты базар да бар. Ондағы әрбiр бутиктi саудагерлер жалға алып, әрқилы сувенирлер сата алады. Бутиктi жалға алғаны үшiн мешiтке қомақты қаржы төлеп тұрады. Ал, жыл бойы Сүлеймен Сұлтан мешiтiне келушiлер көп болған соң, мұндағы сауда да саябырсымайды. Түскен қаржы мешiттi жөндеу жұмыстарына жұмсалады екен.

Түркияда Шығыс Православие шiркеуiнiң қызметi барын көпшiлiк бiлер. Патриархаттың ғимараты тура Мәрмәр теңiзiнiң жағалауының бойындағы қыраттарда орналасқан. Дегенмен, көптеген мешiттердiң әсерiнен болар, жалпы архитектуралық ансамбльде мұсылманша дiни ғибадатханалардың басымдығы дереу байқалады. Түркия өткен жылы Ватиканның басшысы Папа Бенедикт XVI-ны қарсы алғаны белгiлi. Бұл жайлы әлемдiк ақпарат құралдарының хабарлағаны ел есiнде. Бiз кейбiр түрiктерден Папаның Түркияға келуiне жергiлiктi халықтың нелiктен қарсы болғандығын сұрастырған едiк, олар: "Бұл сапар екi жыл бойы дайындалды. Ал, Түркия сапарына алты ай қалғанда Рим Папасы: "Ислам қылыштың қанымен тарады" — деп орынсыз мәлiмдеме жасады ғой. Екi жыл дайындалған сапар алдында мұсылмандарға қарсы мәлiмдеме жасау қаншалықты дұрыс? Сондықтан бұл қарсылық орынды болды" — деп, жауап қайырды. Сiрә, түрiктердiң бойында дiни патриотизмнiң өте жоғары деңгейде екенiн осындайда байқайсың. Тiптен, түрiктердiң бойында ұлттық патриотизм басым ба, әлде дiни патриотизм басым да деген сауалға жауап iздеудiң өзi қиын. Олар — ұлтшыл, дiншiл, мемлекетшiл. Бұл — әрбiр мемлекет құрастырушы ұлтқа ауадай қажет қасиеттер.

Түйiн. Бүгiнгi таңда әлемдiк деңгейде Мәулана Руми мен Кония қаласының насихатталуы Түркияның туризм кластерiн дамыта түсу жоспарымен ұштасып тұрғаны анық. Дiни орталықтар мен мешiттер, кесенелер мен көне жәдiгерлер шетелдiк туристердiң үлкен қызығушылығын тудырады. Түркия деген — тек қана теңiз суы мен қыратты жерлер емес. Мұны жоғары билiк те жiтi түсiнедi. Содан болар, Түркияның келесi жоспары — Кония сияқты көне рухани шаһарларды әлемдiк деңгейде насихаттап, түрiк елiндегi мұсылман дiнiнiң iрi тұлғаларын таныстыра түсу болса керек.

Түркия сапарында бiз қазақтар көп шоғырланған Зейтiнбұрны ауданына да ат басын арнайы тiреген едiк. Құдай қаласа, алдағы нөмiрлерде түркиялық қазақтардың тұрмыс-жағдайы жайлы мақалаларды ұсынамыз деген ойдамыз.

Алматы-Стамбұл-Кония-Алматы

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары