АЙРАН IШКЕНДЕР ҚҰТЫЛЫП КЕТЕ МЕ?

АЙРАН IШКЕНДЕР ҚҰТЫЛЫП КЕТЕ МЕ?

АЙРАН IШКЕНДЕР ҚҰТЫЛЫП КЕТЕ МЕ?
ашық дереккөзі
302

Тағы да Шымкенттегi ВИЧ/СПИД нәубетi хақында

Шымкенттен шыққан шудың Астанаға жетiп, Қауiпсiздiк Кеңесiнiң отырысында қаралып, бұрынғы Денсаулық сақтау министрi мен облыс әкiмi қызметiнен аластатылады. Елбасы Қауiпсiздiк Кеңестiң отырысында Жылқышиевқа қарап:…» мiз бақпады-ау..» деп қатты ренжiгенi ел есiнде. «ВИЧ-тiң ылаңы» деп айдарлағаннан кейiн ғана осы мәселенi жан-жақты тергей бастады, кейде науқаншылықты еске салғаны да жасырын емес.

ВИЧ инфекциясына бейкүнә сәбилердiң душар болуы Оңтүстiк Қазақстан облысының емес, бүкiл Қазақстан елiнiң имиджiне нұқсан келтiрдi. Елбасының өзi шелек жалағандарды емес, айран iшкендердi жазалаған соң, бұл iндеттiң тарауына жол бергендер қатаң жазаға тартылатын шығар деп халық әлi де үмiттенiп отыр. Өйткенi, шет елдерде ВИЧ/СПИД ауруының жұғуына себепкер болған дәрiгерлер ең әдiл жазасын алып жатыр.

ВИЧ инфекциясы қатерлi iндет. Ол Қазақстанды да айналып өтпедi. Елiмiздегi ВИЧ инфекциясы ең алғаш 1987 жылы тiркелдi. Бүгiнгi таңда қатерлi iндет елiмiздiң барлық облыстарында тiркелiп, әрi жыл сайын оның қарқынды таралып келе жатқаны байқалады. 2003 жылдың желтоқсанындағы мәлiмет бойынша елiмiзде 16500 адам ВИЧ инфекциясын жұқтырған. Соның iшiнде АҚТ-мен ауыратын адамдардың жалпы санының 65,7 пайызын 15-29 жасқа дейiн жастар құрайды екен.

Облыстық СПИД орталығының мәлiметiне қарағанда, 1993 жылдан бермен қарай облыста ВИЧ/СПИД инфекциясымен сырқаттанған 793 адамның 83-i қайтыс болыпты. Соның iшiнде СПИД-пен ауырған 28 адамның 27-i көз жұмған. Ендi осы iндеттi жұқтырғандарды одан әрi сараптасақ, олардың 539-ы — Шымкент, 71-i — Сайрам, 50-i — Төлеби, 36-ы — Кентау, 17-i — Сарыағаш, 16-ы — Түркiстан аудандары мен қалаларынан, ал 25-i шетелдiктер. Яғни, аталмыш кеселмен сырқаттанғандардың көбiсi кафе мейрамханалары, ойынханалары мен сауналары, сақал-шаш алатын, тырнақ түзейтiн мекемелер күндiз-түнi жұмыс iстейтiн облыс орталығынан, қалалық жерлерден болып шықты.

АҚТҚ/ЖҚТБ-мен сырқаттанғандардың 641-i, яғни 80,8 пайызы ер азаматтар болса, 152-i, 19,2 пайызы әйелдер. Соның iшiнде 21 ер адам мен 6 әйел СПИД-пен ауырған.

Егер 793 адамды жасына қарай сараптайтын болсақ, қатерлi iндетпен жастардың көп ауырғаны, олардың жеңiл жүрiске әуестiгi бiрден көзге ұрады. Мысалы, әлгi 793 адамның 309-ы — 20-29 жас, 289-ы — 30-39 жас, 111-i — 40-49 жас аралығындағылар болып шықты. Ал сырқаттанғандарды әлеуметтiк топқа жiктесек, 694-i — жұмыссыздар, 43-i — жұмысшылар, 36-ы — оқуы не тұрағы жоқ балалар екен.

Ендi, осы 793 адамды тiркелген орнына қарай бөлетiн болсақ 259 адам түрмеде жазасын өтеушiлер, 177-сi — нашақорлар, 90-ы — клиникалық көрсетумен тексерiлген ересектер, 88-i — АҚТҚ тасымалдаушылармен қатынаста болғандар, 42-сi — жасырын тексерiлушiлер, 31-i — донорлар, 27-сi — клиникалық көрсетумен тексерiлген балалар екенi анықталды.

Сонымен, бiз әңгiме етiп отырған 793 адам ВИЧ/СПИД инфекциясына қалай тап болған? Мәлiметтер олардың басым бөлiгiнiң, яғни 574-нiң есiрткiнi инемен егу кезiнде жұқтырғанын дәлелдейдi, ал 118-i жыныстық қарым-қатынас кезiнде қатерлi дертке душар болса, 98-нiң iндеттi неден жұқтырғаны белгiсiз екен.

Дегенмен, тиiстi құзырлы органдар ВИЧ инфекциясының таралуының себеп-салдарын iздеп тапқанымен, нақты кiнәлiлердi тауып, жазалауда дәрменсiздiк танытып отырғандай. Кiнәлiлер анықталғанымен оларды қатаң жазалау оңайға соқпайтын секiлдi. Себебi, олардың жоғарыдағы қорғаушылары мен қолдаушылары заң түгiлi, қоғамдық пiкiрдi бұрмалауға шындап кiрiскен сыңайлы. Оңтүстiкте екiнiң бiрi «iстi» әлдеқашан жұмсақ жауып қойған деседi.

2006 жылдың қаңтар айының өзiнде оңтүстiкте балалардың ВИЧ инфекциясын жұқтырғаны жөнiнде дабыл түскен. Дегенмен, облыстың Денсаулық сақтау департаментiндегiлер шұғыл шаралар көрудiң орнына орын алған фактiнi бұқарадан жасырып, шен-шекпеннiң мүддесiн қорғаумен айналысады.

Прокуратура органдары қылмыстық iс қозғап, кемшiлiктiң себеп-салдарын iздестiре бастаған соң ғана сең қозғала бастайды.

Алайда, облыстық Денсаулық сақтау департаментiнiң басшылары ВИЧ iндетiмен күрестi тым кеш бастады. Бұл кезде айықпас дерттiң құрығы талай баланы шырмап алғандығы туралы БАҚ дабыл қағып, 2006 жылдың шiлде айында облыстық прокуратура қылмыстық iс қозғап үлгерген едi.

Тек облыстық прокуратураның жасаған ұсынысынан кейiн ғана қан құю тоқтап, катетер инелерiнiң көп рет пайдаланылуына шек қойылды. Күмәндi донорларды iздестiру жұмысы қолға алынды.

ВИЧ iндетiнiң таралу ошағын анықтап, оны залалсыздандыру жұмыстарымен айналыспаудың кесiрiнен ем қабылдап жатқан балалар мен олардың жанындағы ата-аналарының, сондай-ақ олармен қарым қатынаста болып жүрген адамдар мен дәрiгерлердiң өмiрлерiне де ұзақ уақыт қауiп төнiп тұрды.

Облыстық емдеу мекемелерiнде ем алған және солармен қарым-қатынаста болған балалардың ВИЧ iндетiн жұқтыруы толастамады.

Бұл әрекетсiздiктiң соңы үлкен тауқыметке әкелiп соқты. Бүгiнгi күнi облыста ВИЧ iндетiн 108 бала жұқтырған, оған қоса 13 ана да осы дертке шалдыққан. Олардың барлығы да бiрнеше баланың (денi сау) анасы. Облыс бойынша Шымкент қаласынан бөлек бұл iндеттiң тағы екi шығу ошағы анықталып отыр. Бiреуi Қазығұртта, екiншiсi Түркiстан қаласында. ВИЧ iндетiн жұқтырған балалар барлық дерлiк аудандарда бар.

Денсаулық сақтау саласындағы басшылардың қырсыздығының дәрежесiн анықтау үшiн ВИЧ iндетiн жұқтырғандардың санының аз немесе көптiгi басты нәрсе емес, осы аты жаман iндеттiң шығып отырғанының өзi көп жайтты аңғартады, олардың өз мiндеттерiне немқұрайлы қарағанның бұлтартпас айғағы. Соңғы жылдары миллиардтап бөлiнген қаржы қайда жұмсалған деген сұрақ та көлденеңдей бередi.

Облыстың денсаулық сақтау саласындағы жұмыстың нашар ұйымдастырылуына қадағалаудың жоқтығына кiм жауап бередi? Қан құю үшiн қажеттi катетерлер, дәрi-дәрмектер жетiспеушiлiгi бойынша неге кезiнде дабыл көтерiлмеген?

Айталық, ВИЧ iндетi тiркелген негiзгi аймақтар болып табылатын облыстық балалар ауруханасы мен Қалалық №1 және №2 балалар ауруханаларында күнiне 5-6 катетерден, жылына 1,5 катетер қолданылған. Тексерудiң нәтижесiнде анықталғандай, осы катетердi қолдануға ең қажет аспап—катетерлiк ине ауруханалардың есебiнде болмай шықты.

Тергеу барысында ВИЧ iндетiнiң балалар арасында жаппай таралуының басты себебi мынадай жағдайларда туындағаны анықталды:

— залалсыздандырылмаған медициналық аспаптарды пайдаланудың нәтижесiнде аурухана iшiнде инфекцияның таралуы;

— балалар ауруханаларындағы тазалықтың қарапайым ережелерiнiң сақталмауы;

— медицина қызметкерлерiнiң өз мiндеттерiне деген салғырттығы. Балалардың күре тамырына дұрыс залалсыздандырылмаған катетер инелерiн пайдалану;

— қан құю кезiнде «бiр донор — бiр рецепиент» деген қағиданы ұстанбай, бiр құтыдағы қан және оның құрамдас компоненттерiн бiрнеше балаға құю, медициналық құрал-жабдықтарды пайдалану ережесiн сақтамау;

— құюға жарамсыз қанды және қанның құрамдас компоненттерiн пайдалану;

— тиiстi ведомстволық бақылаудың болмауы, облыстық денсаулық сақтау мекемелерiнiң басшыларының өз мiндеттерiне қырсыздығы, олардың өз қызметтерiн адал атқармауы дер кезiнде әрекет етiп, осы iндеттiң шыққан ошағын анықтап, оны жою мақсатында шара қолданбауына әкеп соқты.

Медициналық мекемелердiң қызметкерлерi жауапкершiлiктi сезiнудiң орнына жоғарыда айтылған кемшiлiктерге орын берген.

Жоғарыда келтiрiлген шешiмдердiң дұрыстығын ВИЧ iндетiн жұқтырған балалардың жартысына қан құйылмағандығы дәлелдей түседi.

Уақыт өте бәрi де басылар, кiнәлi деп табылған басшыларға сот әдiл үкiм шығарар, бiрақ осы iндеттi жұқтырған балалар мен аналар, олардың туыстары, ата-аналары тағдырдың жазғанына көнiп, өз қайғыларын өздерi ғана арқалап өтпек пе? Мұндайда қазақ «ешкiмнiң басына салмасын» деп өздi-өзiн жұбатады. Алайда, мұндай қайғының орнын миллиардтаған ақша да, тамыр-таныс та жаба алмайтынына кiнәсiн мойнына алмайтын айыптылар неге түсiнбейдi.

Ойлап көрiңiзшi, алақандай ауылда, аспан ашық, ай жарықта қасiретке душар болған жандар қандай күй кешпек? Туыстарының, ауылдастарының оларға деген көзқарасы қалай болмақ? Баласының болашағын ойлаған ата-ананың орнына өзiңiздi қойып көрiңiзшi! Баласының айықпас дертке шалдығуына тiкелей кiнәлi дәрiгерге соттың шығарған үкiмi олардың басына түскен қайғының қайтарымы бола алар ма?

Қоғам үшiн, қоғам мүшесi — адам үшiн ең маңыздысы — дәл осы проблема кез келгенiмiздiң басымызда болуы мүмкiн екендiгiн түсiну. Кiнәлi адамдарға мемлекеттiк, құқықтық тұрғыдан тиiстi баға беру мемлекет үшiн маңызды. Өйткенi, әрбiр азамат өзiнiң құқығы тапталып, бiлегi жуандардың өктемдiгi өтiп жатқанын кешiре алмайды, ертеңгi күнге сенiмiн жоғалтады. Бұл қоғам үшiн аса қауiптi дертке айналуы мүмкiн.

Бүгiн бiздiң басымызға түсiп отырған тауқымет «Уақыт — үлкен емшi» деген халықтың нақыл сөзiне тура келмейдi. «Тас түскен жерiне ауыр» дегендей, бұл тауқыметтiң жазылмас жара екенiн перзентi осы дертке шалдыққан ата-ана ғана анық сезе алары хақ. Ал, қоғам ше?

Балтабек ТYЙЕТАЕВ

Серіктес жаңалықтары