МӘНI КЕТКЕН МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРI

МӘНI КЕТКЕН МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРI

МӘНI КЕТКЕН МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРI
ашық дереккөзі
311

Бүгiнгi ауыл келбетi қандай? Ондағы мәдениет ошақтарының жай-күйi ше? Концерттер, кештер, кездесулер, думанды мерекелер бүгiнде тек аудан орталығындағы Мәдениет үйлерiнде ғана өтедi десек, қисыннан қиыс кете қоймаймыз. Бұрындары мұндай мәдени шаралар кез келген Мәдениет үйлерiнде өте берушi едi. Сонау бiр жылдары небiр айтулы әншiлер, өнер шеберлерi қатысқан концерт пен кездесулер ауылдың сәнi тұғын. Қазiр ше? Мәдениет үйлерi маужырай бастаған десек, жұмсартқанымыз болар. Тоз-тозы шығып, қараусыз қалғандары да бар, мүлдем қирап ойсыраған орнын ғана сипап, тып-типыл болғандарын да көрдiк.

Ауылдық клубтардан бастау алатын "Жiгiттiң сұлтаны", "Қыз сыны", "Үкiлi үмiт" секiлдi байқаулардың бүгiнде түгi да қалмаған. Жылудың жетiмсiздiгi, қаржының тапшылығы атқарар шараларына қол байлау болып отыр. Музыкалық аспап, құрал-жабдықтармен қамтылмағаны қаншама.

"Ауыл жылында" айқайлап ауызға iлiгер iс тындырылған жоқ. Содан бергi екi жылда не тындырылды? Қандай оң өзгерiстер байқалды? Ешқандай. Клубтар мен Мәдениет үйлерiне оң көзқарас қалыптасып, мемлекет тарапынан қамқорлық жүзеге аспайтын болса, рухани құндылықтардан, мәдени мұралардан түбi бiр айырылып қалған соң сан соғып жүрмейiк.

Қылмыстың көбеюi, ауылдық жерлердегi жұмыссыздықтың белең алуы да рухани құлдырауымыздың басты салдары екенi айқын. Бұрын әр түрлi науқандық жұмыстарға жегiлiп, бұрылуға мұршасы болмай жүретiн тепсе темiр үзетiн жiгiттер бүгiнде құр сенделiп қалды. Саудамен айналысуға бейiмi бар бiрен-сараны ауыл мен қаланың арасында қапшық арқалап жүр. Солар алып-сатардың қолына алған арзан арақтарын түкпiрдегi ауылдарға апарып атасының құнына саудалайтыны да үйреншiктi кәсiпке айналды. Ал, кiтап саудасымен айналысыпты дегендi естiмедiк. Қазiр кiтапханалардың орналасқан жайлары заман талабына сай келмейдi. Мәселен, аудандық орталықтандырылған кiтапхананың орналасқан жайы өте ескi. Бiр қарағанда, жақсы көрiнгенiмен, iшкi жағындағы бөлмелердiң еденi бетондалған, қабырғалары ажырап кеткен.

Оқу залы бар кiре берiстегi фойеде көпшiлiкке арналған iс-шаралар өткiзгенде оқырмандар сыймай қалады.

Клуб, кiтапхана, Мәдениет үйлерiнiң жартымды жұмыс iстемеуi – мәдени-рухани өмiрiмiздiң тамырына балта шабудың бiр себебi десек дұрыс болар едi. Кiтапханалар соғыс кезiнде де жабылмаған деймiз. Қайткенде де рухани азық боларлық орындарды сақтап қалудың бар мүмкiндiктерiн қарастырған жөн.

Рухани жан-дүниесi таяз, халқының мәдени мұраларын қадiрлей алмайтын, ұлтының ұлықты қазыналарын күл-қоқыс жәшiгiне ойланбай тастай салатын безбүйректiк ұрпаққа жұқпасын десек, ауыл әкiмдерi, мемлекет бас болып, шаруашылық басшылары қош көрiп, түбi көрiнiп тұрған тұңғиықтан жол табуы бүгiнгi күннiң басты да өзектi талабы.

Жалпы, қай уақытта да мәдениет ошақтары маңызды шаралармен маздап, мыңдарды жылыта беруi керек. Өйткенi, қисыны кеткен қиын өмiрде адамдардың жан дүниесiн рухани сергiтiп, көңiлiн бiр сәт болса да аулайтын осындай мәдениет ошақтары екенiне ешкiмнiң де дауы болмас.

Бұндайда көре бiлетiн көз, түйе бiлетiн түйсiк қана керек.

Нұркен ТОҚАЕВ, ҚазҰУ-дiң студентi

Серіктес жаңалықтары