ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ҚАРЖЫГЕР ӘЙЕЛ

ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ҚАРЖЫГЕР ӘЙЕЛ

ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ҚАРЖЫГЕР ӘЙЕЛ
ашық дереккөзі
240

Үмiт Айтбаеваны еске алу шарасы өттi

Банк iсiнде өз қолтаңбасын қалдырған жан, тәжiрбие мен теорияны да қатар алып жүруiмен есте қалған, Қазақстанда алғаш банк академиясының негiзiн қалаған банкир Үмiт Айтбаеваны еске түсiру үшiн Алматыдағы банк академиясы Халықаралық ғылыми конференция өткiздi. Конференцияға Үмiт Бекжанқызының әрiптестерi, шәкiрттерi қатысты. Ресейдiң "Россельхозбанкi" халықаралық конференцияға қатысу үшiн Мәскеуден өз өкiлiн жiберiптi.

Шындығында, Үмiт Айтбаева негiзiн қалаған академия елдегi банкирлердi дайындайтын мамандандырылған бiрден бiр орын. Әрине, өзге жоғарғы оқу орындарында да "қаржы", "банк iсi" деген факультеттер бар. Бiрақ, банк академиясы оқытушыларының өз шәкiрттерiн бақайшығына дейiн банкир етiп шығаруға ден қойғандығына шүбәмiз жоқ. Әрiптестерiнiң айтуынша, Үмiт Бекжанқызы отыз жылдай банкир болып iстеген. Кейiннен шәкiрт тәрбиелеуге ықыласы ауған Үмiт Бекжанқызы бұл iстi де абыройлы түрде атқарған. Ол басқарған банк колледжi 2003 жылы академияға айналған. Қаржыгер Ғалым Байназаров: "Бұл мектептi бiтiрген қаржыгерлер өзге университеттердiң түлектерiне қарағанда оқ бойы озық тұратын" дейдi. Үмiт Айтбаева басқарған академия шет елдердiң банк саласы бойынша жоғарғы оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста болған. Ол сол жоғарғы оқу орындармен академия арасында оқытушылардың тәжiрбие алмасу мәселесiн жолға қойған екен. 2005 жылы Францияның Жоғарғы Оқу орындары Қауымдастығының медалiн де иеленген.

Қазақтан шыққан әйел банкирлердiң шоқжұлдызындағы Үмiт Айтбаева өзiнiң сүйiктi iсiн балаларына да мұраға қалдырыпты. Яғни, ана жолын қуып, қаржыгер атанған қызы Ләзиза қазiргi күнi Үмiт Айтбаева құрған банк академиясын басқарып отыр.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары