БОРИС НЕМЦОВ НЕГЕ РИЗА БОЛДЫ?

БОРИС НЕМЦОВ НЕГЕ РИЗА БОЛДЫ?

БОРИС НЕМЦОВ НЕГЕ РИЗА БОЛДЫ?
ашық дереккөзі
229

Украина демократиясының өмiршеңдiгi

Биыл көктем шыға салысымен-ақ әсем Киевтiң алаңдары мен көшелерiндегi текетiрес күтпеген жерден күрт өрiстегенi мәлiм. Сонау 2004 жылдың қоңыр күзiндегi «қызғылт сары революция» күндерiнен соң Украинада тағы да саяси тартыстың қазаны қайнап, ел азаматтары кезектi рет өз таңдауларын жасауға мәжбүр болған.

Украина президентi Виктор Ющенко Жоғарғы Раданы мезгiлiнен бұрын тарату және кезектен тыс парламенттiк сайлауды 27 мамырға белгiлеу туралы жарлыққа қол қойғаны сол-ақ екен, бейбiт мемлекеттегi жағдай шиеленiсiп, талас-тартыс өршiдi.

Әрине, зерттеушiлер мен сарапшылар елдегi жағдайдың осындай бетбұрыс алуына жаңа Украинаның Жанна д,Аркы – Юлия Тимошенконың айтарлықтай ықпалы болғанын бiрауыздан айтуда. Сарапшылар мен саяси қайраткерлердiң бұл пiкiрi негiзсiз де емес, дегенмен, қарт Днепр жағалауындағы тарихы бай елде қазiр мүлдем жаңа – демократияның принциптерi ғана үстемдiк құратын, адам құқығы басты құндылық саналатын жасампаз тарих жасалу үстiнде. Және екi Виктор (Ющенко мен Янукович) саяси тағдырлары тамырлас Сиам егiздерi сияқты: ылғи тiлтабысып, бiрге әрекет ете де алмайды, мүлдем бөлiнiп кетуге де шамалары жетпейдi…

Украина демократтары мен реформаторлары Батыстың өркениетi мен өмiр сүру дағыдыларын шамшырақ етумен бiрге, өз отандарының Тәуелсiздiгi идеясын, мемлекет заңдарының мызғымастығы мен заң алдында баршаның тең құқықтылығына басымдық берiлетiнiне таңдау жасаған-ды. Елдегi саяси, экономикалық, әлеуметтiк жаңарулар осы негiзде жүзеге асырылуда. Бұл өзгерiстердiң басты кепiлi – ел президентi Виктор Ющенко мырза! Ющенконың Украина президентi құзырлары шектелiп, ел парламентiнiң мiндеттерi мен құзыры анағұрлым арта түсуiне өз еркiмен жол ашқанын кейбiр елдердiң басшылары түсiнiксiз жағдай әрi жiгерсiздiк ретiнде қабылдағанмен, елдiң жарқын болашағы және тәуелсiздiктiң баяндылығы жолында ол осындай қиын таңдау жасағаны құпия емес. Өмiрде мемлекеттiң қуаттылығы мен тұрақтылығы барша билiктiң тiзгiнi бiр адамның қолында жинақталуымен ғана анықталмайды, қайта әрбiр азаматтың ел тағдырына өз жауаптылығын терең сезiнуiнде және жеке басының қауiпсiздiгiне сенiмдiлiгiнде.

Украина премьер-министрi Виктор Янукович көрнектi өкiлi болып табылатын олигархтардың бiрсыпырасы өз келешектерiн, бизнестерiнiң табыстылығын Ресей саясатымен тығыз байланыстырады.

Әйгiлi Ринат Ахметов бастаған Донбастық және өзге де «жаңа украиндар» көктемгi текетiресте Януковичке таңдау жасап, оның жақтастарын шама-шарқынша қолдағаны да мәлiм. Олар елдiң оңтүстiгi мен шығысындағы аймақтардан жастарды, жұмыссыздар мен зейнеткерлердi ұйымдастырып, әрбiр күн сайын ондаған мың адамдарды Киев вокзалдары және алаңдарына жеткiзумен болды. Адамдар тиелген автобустар ел астанасына тоқтаусыз ағылып, тiптi, кейбiр деректер бойынша, темiр жол кестесiне енгiзiлмеген екi-үш поезд күн сайын әлгiндей «наразыларды» Киевке жеткiзген. Киевтiң талшын ағаштары жайқалған әйгiлi орталық көшесi – Крещатик даңғылына провинциядан жеткiзiлгендер осылайша iз тастады.

Қазiргi заманда саясат ақшамен жасалатын болған. Көп ақшамен. Бұл барлық мемлекеттерде қалыптасқан жағдай болып отыр. Осы қасақана наразылықты ұйымдастыру және өрiстету үшiн Януковичтi жақтайтын олигархтар, дәл емес деректер бойынша, тәулiгiне 1,5 млн. доллар шығын жұмсаған көрiнедi. Киевке көк және қызыл ту ұстап келген әлгiндей «белсендiлер» мен коммунистерге, Януковичтiң Аймақтар партиясын («Партия регионов») қолдаушылардың әрбiрiне күнiне 50 доллардан ұстатып, оған қосымша жол шығындарын өтеген әрi жатын орын, тегiн тамақпен қамтамасыз еткенi де аян. Бiр сөзбен айтқанда, елдегi саяси күштердiң сайысынан қарапайым халық та азын-аулақ табыс тапқан сыңайлы.

Қыруар қаржының желге ұшырылғаны қалай? Және мұның бәрi не үшiн жасалуда?

Әрине, мұның бәрi алыс Қазақстандағы көпшiлiк үшiн қисынсыздық әрi түсiнiксiз текетiрес болып табылуы да ықтимал. Бiрақ, ел тағдыры, демократиялық құндылықтар мен принциптер шынымен сынаққа түскен ақиқат сәтi едi бұл Шевченконың отанында.

Қоғамдық күштердiң сабырлығы мен шыдамдылығы расында тамаша қасиет, бiрақ көп, шексiз шыдауға адамның өмiрi қысқа. Украиндар өз болашақтарын байланыстыратын реформалардың табыстары мен оң нәтижелерiн қазiр көргiсi келедi. Олары заңды да. Тiптi, Украинаның ертелi кеш НАТО-ның құрамына кiретiнi және Еуроодаққа мүшелiкке қабылданатыны күмәнсiз жайт. Бұған әрбiр көзi ашық адам, ешбiр салиқалы саясаткер шәк келтiрмейдi. Бұл тек уақыттың еншiсiндегi ғана мәселе.

Дегенмен, Киев көшелерiнде сандаған мың адамдар толқығанда, алаңдар мен көше тұйықтарында қарсы күштер саяси дауды өршiтiп жатқанда елде ешқандай төтенше жағдай жарияланбауы, тiптi, Киевте немесе басқа қалалар мен елдi мекендерде қылмыстың көбеймеуi, елде тәртiпсiздiк жайламауы, ол ол ма, Украина экономикасының өсiмi 8,5 пайызға жетуi қалай? Ал 2007 жылдың бiрiншi тоқсанында Ресей 6 пайыздық өсiмге ғана қол жеткiзе алды. Ал сөйткен Ресей Украинаға берiлетiн газын екi есеге қымбаттатқаны мәлiм. Бензин де қымбат, өйткенi, Ресей мұнайды да қымбат бағаға сатып отыр. Осының бәрiне қарамастан елдiң тұрақты табысқа қол жеткiзуiнiң қандай құпиясы бар? Шекспирдiң мәңгi өлмейтiн Гамлетi: «Өмiрде талай нәрселер бар, достым Горацио, бiздiң кемеңгерлердiң үш ұйқтаса түсiне де енбеген»,– деп айтқанындай украиндардың бiр артықшылығы осы жолы айқын аңғарылды. Украинада демократия бiржола жеңiске қол жеткiзген. Ең бастысы, Қырғызстан текетiресi, тiптi, Еуропаға кiндiгi байланған Эстониядағы «Қола солдаттың» алаңнан алынып тасталғаны тыныш елдi дүрлiктiрген тәртiпсiздiкке ұласқанда, украиндардың ұстамдылық пен салқынқандылық танытуы ерiксiз тәнтi етедi. Ел азаматтарының iшкi мәдениетiнiң жоғарылығы, әрбiр жан өзiнiң ел тағдырына жауаптылығын жете сезiнуiнен шиеленiскен жағдай қантөгiске ұласқан жоқ. Әлгi пiкiрi қайшы саяси қарсыластар алғашқы күннен бастап-ақ ешқандай күш қолдануға жол бермеуге уағдаласты және тараптар бұл мәмiленiң аясынан аттап шыққан жоқ. Оның үстiне, елдегi тұрақтылықтың берiк болуы Украинаның iшкi жағдайына сыртқы күштердiң араласпағандығынан.

Әрине, Ресейдiң кейбiр БАҚ-тары мен Думаның депутаттары алғашқы сәттен бастап-ақ Украинадағы жағдайды: «Жаңа революцияның басталуы, ел екiге бөлiнгелi отыр және азамат соғысы өрiстейдi» – деген мысықтiлеумен терiс бағалағаны, мүмкiндiк болса оқиғалардың осылай өрбуiн тiлегенi рас. Тiптi, Ющенко мен Юлия Тимошенконы әзәзiлге теңегендерi де мәлiм. Көршi елдердегi саяси сiлкiнiстерден ләззат алып, жанжалдың отын үрлей түсудi басты мақсаттары және мiндеттерi ретiнде санайтын шовинист, ұлы империяшыл осындай мырзалар өздерi жығылып жатып, сүрiнгенге күлетiнi ежелден қалыптасқан жағдай. Дегенмен, Украина демократиясы алаңдар мен көшелердегi қызу саяси пiкiрталастарда өз өмiршеңдiгiн кезектi рет танытты. Өйткенi, бұл елдегi басты және ең өмiрлiк мәселе – қылмысқа белшесiнен батқан автократия бола ма, әлде демократия үстемдiк құра ма деген күрделi сұраққа 2004 жылдың қоңыр күзiнде – «қызғылт сары революция» күндерiнде нақты әрi бiржола жауап берiлген болатын. Сонымен қатар соңғы екi жарым жылда елде коррупцияның деңгейi төмендей бастағаны да белгiлi.Халықаралық беделдi «Transparency International» ұйымының деректерi бойынша Украина100-орында, ал Ресей 126 -орында. Мұның бәрi ел азаматтарының бойында сенiм ұялатты. Олар заңдардың әдiлеттiлiгiне, сайлау нәтижелерiнiң бұрмаланбайтындықтарына, өз дауыстары құр ауаға сiңбейтiндiктерiне бiржола иланған жандар.

Ал «қызғылт сары революция» күндерiнен бергi қысқа уақыт – екi жарым жыл iшiндегi мұндай түбегейлi өзгерiс аз жеңiс емес.

Тағы бiр таңданарлық жағдай, елдегi саяси дағдарыстың басты себебiн Ресей бұқаралық ақпараттарының бүгiп қалғанында болып отыр. Ал таяу көршiлерiмiз туралы ақпараттарды көбiне Ресей дерек көздерiнен алатын қазақстандық БАҚ-тар бұған мүлдем назар аударған да жоқ. Ющенконың жоғарғы Раданы тарату туралы жарлығына ең басты түрткi болған мәселе, ел парламентiнде қалыптасқан адам төзгiсiз жағдай болатын. Виктор Янукович бастаған Дағдарысқа қарсы коалиция белсендi оппозиция өкiлдерiн өз қатарларына топтап тарта бастады және Конституцияны өзгерту арқылы президент билiгiн жою жолында әрекет жасауға бел шешiп кiрiскендiгi. Әлгi атышулы жарлыққа қол қойылар тұста олар кейбiр деректерде он бiр, кейбiр деректер бойынша он бес депутатты өз жақтарына тартқан. Олардың әрбiрiнiң дауысын алу үшiн 15 млн.-нан 20 млн. долларға дейiн пара берiлген көрiнедi. Әлбетте, пара алу жалпы арсыз iс, ал коррупция және парақорлық арқасында Конститутцияны өзгертуге ұмтылыс ауыр күнә. Пара беру нәтижесiнде Ата Заңын өзгерткен елде болашақ болмайды. Сондықтан Ющенко Раданы тарату туралы жарлыққа ерiксiз қол қойған болатын.

Бiрнеше жыл бойы Виктор Ющенконың қоғамдық негiздегi кеңесшiсi болған Борис Немцов Украина демократиясының аяғынан тұруының куәгерi ғана емес, сол жаңаруларға қолынан келгенше көмектескен жан. Ол Украинадағы iшкi жағдайды Ресейдiң өзге саясаткерлерiнен гөрi жетiк әрi терең бiледi және Леся Украинка отанының болашағына нық сенiмдi. Ол «Совершенно секретно» газетiне берген сұхбатында: «Мәселенiң мәнiсi мынада, билiктегi шенеунiктер бiр-бiрiмен айқасып жатқанда, олар жұмыс iстейтiн және сол арқылы еңбек ақы табатын адамдарды жайына қалдырды. Тексеру деп аталатын шапқыншылықтар жасаған жоқ, рэкетпен айналыспады, ешкiмге «шатыр» болған жоқ. Украинада иедалды либералдық үлгi жүзеге асырылған көрiнедi – адамдарға тыныш еңбек етуге мүмкiндiк берiлiптi» («Совершенно секретно» газетi, №5, 2007ж),– деп елдегi жағдайды жоғары бағалап, ризалығын танытқан.

Алдағы жексенбi – 27 мамыр күнi Украинада Жоғарғы Радаға кезектен тыс сайлау өткiзiлу көзделген едi әу баста. Бiрақ, бұл саяси науқан кейiнге, күзге қалдырылды. Алдағы аталмыш сайлауда Януковичтiң Аймақтар партиясы, Тимошенконың жақтастары және Ющенконың «Наша Украина» партиясы жеңiске жетедi деп күтiлуде. Рада спикерлiгi үшiн Януковичтiң жағына шығып кеткен Александр Мороздың Социалистiк партиясы үш пайыздық деңгейге жете алмайды делiнуде. Қалай болғанда да, алдағы бiрнеше айда украин халқының қандай таңдау жасағанын толық бiлетiн болады әлем.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары