АВТОРЫ – ... ПРЕЗИДЕНТ

АВТОРЫ – ... ПРЕЗИДЕНТ

АВТОРЫ – ... ПРЕЗИДЕНТ
ашық дереккөзі
241

Нұрсұлтан Назарбаевтың төрт телеарна журналистерiне берген сұхбатын тыңдап отырып, ойға қалдым. Елбасы «Қандай кiтап оқисыз?» деген сұраққа жауап берiп отырғанда, Бальзактан бастап бес-алты авторды атады. Тәулiгiнiң әр минутына дейiн есептелiнiп, жазылып қойған адам кiтап оқуға қалай уақыт табар дерсiз? Шын мәнiнде, кiтапты жедел оқудың арнайы тәсiлi бар. Бұрын жоғарғы партия мектебiнде бұл өнердi арнайы курс есебiнде үйрететiн болған.

Ал кiтап жазуға қанша уақыт керек? Кәнiгi саясаткердiң көпшiлiгi саясат сахнасынан кеткен соң, тыныш өмiрдiң тiршiлiгiне бейiмделе жүрiп, өткен күндер туралы естелiк жазады. Ол естелiктер денi, оқиғасы тартымды, оқуға қызықты болады. Өйткенi, автор өз өмiрiн басынан өткен қызық-қуанышымен сабақтастыра отырып жазады. Бiр адамның өмiрi, сенiмi, сезiмi, қызметтiк өрлеуi, ол дос болған адамдар – бәрi-бәрi Сiздiң көз алдыңызда. Ал кiтап авторы кезiнде аты әлемге жайылған қайраткер немесе тiсқаққан саясаткер болса, естелiктiң құндылығы одан да арта түсерi сөзсiз. Тiптi Черчильдiң өзi зейнетке шыққан соң, естелiк жазуға отырған. Қазiр оның естелiктерi саясаттанушылар үшiн пайдалы әдебиеттiң өзi.

Кейде ат үстiнен түспей тұрып та кiтап жазатын саясаткерлер бар. Әсiресе, кешегi Кеңес одағы құрамында болған елдер үшiн бұл таңсық жағдай емес. Салыстыру үшiн Америка президентi Джордж Буш кiтап жазды дегендi естiген жоқпыз. Әрине, әлемдегi кейбiр мемлекеттердiң аты түгiлi, сондай ел барын бiлмейтiн адам үшiн кiтап жазу мүмкiн емес жайт шығар. Бұл тұрғыдан келгенде, кiтап жазу, әрине, белгiлi бiр интеллектуалдық даярлықты қажет етедi.

Сонымен, егер қай президент көп кiтап жазды деген байқау өтсе, бiрiншi орынды кiм алар едi?

Сiз қалай ойлайсыз?

Мұны анықтау үшiн, қолда бар деректердi сараптап көрелiк.

Өзбекстанның президентi Ислам Каримов саясаттану саласы бойынша бiрнеше кiтаптың авторы. Әрине, бұл кiтаптардың бәрi Каримов президент болғаннан бергi уақытта жазылып, жарық көрген, денi Өзбекстанның тәуелсiздiк алғаннан бергi әлеуметтiк-экономикалық ахуалы туралы. Соның бiрi – «Өзбекстан ұлы болашаққа барар жолда» кiтабы араб тiлiне аударылған. Бұл кiтап бұған дейiн шыққан кiтаптардың жинақ нұсқасы iспеттес. 2006 жылы Каримовтың «Өзбек халқы ешқашан ешкiмге кiрiптар болмайды» деген кiтабы жарық көрген. Келесi жылы өзбек президентiнiң авторлығымен «Өзбекстан ХХI ғасыр табалдырығында: қауiпсiздiк, дамудың шарты мен кепiлдерi» атты кiтабы шықты. Ал 1998 жылы «Идеология – ұлтты, қоғамды, мемлекеттi бiрiктiрушi ту» деген кiтап Ташкент баспаларының бiрiнен басылып шықты.

Путин туралы кiтаптар көп. Ресейде Путиннiң билiкке келу жолы мен оның билеу ерекшелiктерiн зерттеген кiтаптар «путиниада» деген жаңа iлiм қалыптастырды.

Ал Путиннiң өзi кiтап жазды деген деректi естiгенiмiз болмаса, ондай кiтап бiздiң қолымызға түспедi.

Түркiменстанның тұңғыш президентi Сапармұрат Ниязовтың «Рухнамасы» — аты аңызға айналған кiтап. Аты аңызға айналатын себебi, оның жарыққа шыға салысымен әлемнiң көптеген халықтарының тiлдерiне аударыла бастады. Бұл кiтаптың қазақша нұсқасының өзi алтын түстес бояумен көмкерiлген, әсем безендiрiлген қалың екi томдық. Iшкi байлағымен мақтанатын түркiмен елiнде «Рухнаманың» қандай мұқабамен жарық көргенiн елестету қиын емес. Шын мәнiнде, бұл кiтаптың мазмұнымен танысып шыққан оқырмандар кiтап туралы өте жоғары пiкiрде. Ал түркiменбашының өз елiнде бүкiл түркiмен халқы өмiрiн осы кiтап арқылы жоспарлайтын көрiнедi. Бұл кiтап түркiмен халқы ХХI ғасырға қалай аяқ басады деген сұраққа жауап iздейдi.

«Рухнаманың» құрметiне Түркiменбашы қолжазбаны жазып бiтiрген айы – қыркүйек айының аты «Рухнама» деп, аптаның сенбi күнi кiтап атына орай «рухгюн» деп өзгертiлдi. Осы күнi Түркiменстанның барлық халқы «Рухнаманы» оқып, кино, театрға барып, рухани өсе түсулерi керек.

«Рухнама» жиырма шақты тiлге аударылған: ағылшын, орыс, француз, жапон, урду, араб, украин, литва, белорусь, қытай, парсы, польша, қазақ, түрiк, чех, қырғыз, зулус.

Бұл марқұм Сапармұрат Ниязовтың соңғы кiтабы емес екен. Түркiменстанның жаңа президентi таққа отырған күнi Ниязовтың авторлығымен «Менiң өсиеттерiм» атты кiтабы жарық көрдi. Кiтап бес мың тиражбен шықты. Онда Түркiменбашының сөйлеген сөздерi, мақалаларынан үзiндiлер, сондай-ақ оның тарихи-философиялық еңбектерiнен, өлең жинақтарынан қанатты сөздер жинақталған. Бұл кiтаптан көп мысал келтiрiлген сөздердiң бiрi «Түркiмендер әрқашан да электр энергиясын, газды, суды, тұзды тегiн пайдаланады» деген сөзi. Оның үстiне, түркiменбашы өзiнiң рамазан айындағы қасиеттi түнде өлiм жазасына кесiлгендерге кешiрiм жасау туралы жарлығы әркез өз күшiнде болсын деп өсиет етiптi.

Ниязовтың тағы бiр өсиетi — әр түркiмен «Рухнаманы» оқуы керек дейдi. «Адам кедейшiлiкте де жiгерi жасымауы керек. Рухнама оған көмектеседi, көңiлiн көтередi» дейдi.

Ендi батыстық елбасыларға келсек, АҚШ-тың бұрынғы президентi Билл Клинтон президентiк тақты тастағаннан кейiн көп ойланбай «Кулинарлық рецептер кiтабын» жазып шыққан. Оның аты да қарапайым: «Клинтонның президенттiк орталығының кулинарлық кiтабы: отбасы мен достарға арналған рецептер коллекциясы». Оған Мұхаммед Әли, Боно, Вупи Голдберг, Дон Хенли, Куинси Джонс, Брюс Ли, Софи Лорен, Барбара Стрейзанд, Элизабет Тейлор секiлдi көптеген белгiлi адамдардың кеңесiмен 250 рецепт жинақталған. Биллдiң өзi «энчилада» деген мексикандық тағам түрiнiң, ал Хиллари шоколадты печеньенiң рецептiн ұсынады.

Қырғыздың бiрiншi президентi Асқар Ақаев та кiтап жазудан құралақан емес. Асқар Ақаевтың өзi ғалым адам екенiн ескерсек, оның кiтап жазуы кездейсоқтық немесе қажеттiлiк емес, заңдылық болуы керек. Бiрақ оның кiтабы не туралы екендiгiне байланысты ғой? Ал Ақаев әлi тұғырдан таймаған 2001 жылы жарыққа шыққан «Есте елеулi он жыл» деген кiтабы аты айтып тұрғандай, қырғыз елiнiң тәуелсiз ел ретiнде алғашқы қадамдары, өткеннен алған сабақтары жайлы толғаныс. «Бiзден авторитаризмнен бiрден демократияға секiрудi талап етедi, сөйтiп бiздi демократиялық жарысқа қастыстырмақ, ал қоғам оған әлi дайын емес» дейдi Асқар Ақаев.

«Ақорда» сайтынан Қазақстан Президентiнiң кiтаптарының тiзiмiн алдық. Бiрақ бiзге бұл тiзiм толық емес болып көрiндi. Өзiңiз байқаңыз:

1. Еуразия жүрегiнде (бiрiншi бөлiм)

2. Еуразия жүрегiнде (екiншi бөлiм)

3. ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдауы

4. Ғасырға татыр он жыл

5. Сындарлы он жыл

6. Тәуелсiздiк стратегиясы

Биыл Варшавада Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның жолы» атты кiтабының польша тiлiндегi нұсқасының тұсаукесерi болып өттi. Кiтап туралы өте жоғары пiкiрлер айтылды.

Аты аталған кiтаптардың iшiнде «Сындарлы он жыл» кiтабы 2003 жылы немiс тiлiне аударылған.

Десе де, кiтап жазудан Финляндияның бұрынғы президентi Мауно Койвистоға жететiн президент жоқ-ау, сiрә. Оның ұзын саны он екi кiтабы жарық көрген екен. Койвисто Финляндияны 1982-1994 жылдары басқарған. Оның кiтаптарының кейбiрiн атасақ: «Саясат және саясатсымақ», «География және тарихи тәжiрибе», «Президентiктiң екi кезеңi», «Тарих авторлары», «Мектепте және соғыста», «Қозғалыс бағыты», «Тарих куәгерi», «Орыс идеясы».

Сонымен, президенттер де пенде емес пе, кiтап жазып, тарихта қалуға олар да кет әрi емес сияқты. Қазақша айтқанда, «сөзi мен iсi қабысып» жатса, оның не айыбы бар?

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары