«ДИДАРДАН» БАСТАЛҒАН КИНОЖОЛ

«ДИДАРДАН» БАСТАЛҒАН КИНОЖОЛ

«ДИДАРДАН» БАСТАЛҒАН КИНОЖОЛ
ашық дереккөзі
235

Әуелде кинофестиваль қалалық болып басталған. Алматы қаласындағы өнерлi студенттердiң тырнақалды туындыларын сарапқа салып, бағалау, үлкен өнерге жол ашу ниетiмен басталған едi. Әрi кинофестиваль студенттердiкi болған соң, жалғасын таппайтын да шығар деген ой болған. Сөйтсек, фестиваль бiр ғана жылмен шектелiп қалмапты, өрiсiн ары қарай кеңейте түскен сыңайлы. Оған екi күн бойы «Байқоңыр» кинотеатрында өткен кинофестиваль барысында көзiмiз жеттi.

Рас, «Дидардың» былтырғыға қарағанда, аясы кеңейе түскен. Былтырғы жылы фестиваль бiр ғана оңтүстiк астана студенттерiнiң дайындаған көркем және деректi фильмдерi мен музыкалық бейнеклиптерiне арналған болатын. Биылғы жылы бұл фестивальге елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен бiрнеше жоғары оқу орындары да тапсырыс берiптi. «Менiң Қазақстаным» ұраны аясында өткiзiлген фестивальдiң мақсаты – жас киногерлердiң өнерге деген құлшынысын арттыру, олардың отансүйгiштiк сезiмiн ояту, патриоттыққа тәрбиелеу. Ал фестивальдiң өтуiне ұйытқы болған топ Алматы қалалық Жастар саясатын дамыту мемлекеттiк қоры мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық «Өнер» академиясының ұжымы. Биылғы жылы жас киногерлердiң алғашқы тырнақалды дүниелерiн қолдауға «Отау синема» компаниясы да қатысыпты.

«БҰЛАҚ КӨРСЕҢ КӨЗIН АШ»

Үлкен өнерге басқан алғашқы қадамдары болған соң ба, көп дүниелерге сын айтып, сына қағудан аулақпыз. Рас, кемшiлiктер жоқ емес. Жас таланттардың әлi де тәжiрибесiнiң жоқтығы, фильмдердегi кейбiр ұқсастықтар, ұлттық нышандағы фильмдерден гөрi елiктеушiлiк, анамастикалық фильмдердегi батыстың көшiрмесi байқалып-ақ тұр. Бар-жоғы он-он бес минуттан аспайтын, ары кеткенде жарты сағатқа жететiн студенттердiң фильмi болған соң, оны да байқамауға тырыстық. Ең бастысы, бiз екi күн бойы жастардың бойындағы кино өнерiне деген талапты, өнерге деген ыстық ықыласты, «болсам, жасасам» деген арманды байқадық, соған қуандық, соған үмiт арттық. Бiздiң бұл пiкiрiмiздi қорытынды кеште сөз алған, қазылар алқасының төрағасы Сламбек Тәуекел мырза да дәлелдеп кеттi. «Бiз екi күн бойы фестивальдi тамашаладық, – деп бастады Сламбек аға әңгiмесiн. – Қазылар алқасы фестивальге өз бағасын әдiл бердi деп ойлаймын. Жалпы, әдiлқазының шешiмi бiр ауыздан болды десем, мен қате айтпаған болар едiм. Кинолардың барлығын жiк-жiгiмен, ұзын-қысқалығымен, терең ойлылығымен саралай отырып, өздерiнiң әдiл бағаларын бердi деген ойым бар. Екi күн бойы көрiп шыққан фильмдер қазақ киносының ертеңгi бағыт-бағдарын бередi деп ойлаймын. Себебi, қазақ киносының ертеңгi болашағы сендерсiңдер», –дедi. Жалпы, «Дидар» кинофестивалiн ұйымдастырушылардың басты мақсаты да, кино өнерiн жетiлдiру, жастардың ынтасын арттыру, жүлде алғандарға шабыт беру, жүлдесiз қалғандарды жiгерлендiру. Мақсат – жүлде алып, жеңiске жету емес, шыңдалу, үлкен өнерге қадам басу. Осы тұрғыдан келгенде фестивальдi ұйымдастыруға ұйытқы болған топ көздеген межеден шыққан сыңайлы.

«113-ТIҢ» БАҒЫ ЖАНДЫ

Былтыр жас дарын Мақсат Оспановтың бағы жанса, биылғы жылы қазылар алқасы бас жүлденi «113-шi» фильмiне берудi ұйғарыпты. Фестивальдiң бас жүлдесi статуэтканы қанжығасына байлаған Талғат Бектұрсыновтың жалғыз кемшiлiгi, қазақ тiлiнде емес, ресми тiлде сөйлегенi болды. Жалпы, Қазақстанда бүгiнге дейiн өткiзiлiп жүрген фестивальдердiң көбi ресми тiлге құмарлау келетiн. Қазақшасынан гөрi, ресмилiгi басым болатын «Шәкен жұлдыздары», «Еуразия» кинофестивальдерiне қарағанда, «Дидардың» ресми тiлдi қоспай, тек қана мемлекеттiк тiлде сөйлегенiне сүйсiндiк, соған қуандық. Жалпы, тiлге деген құрмет ұлтқа деген құрметтi байқататыны рас. Тiлiн сүйген ұлан өзiнiң ұлттық өнерiн де бағалай бiледi. Ұлттық нақыш демекшi, кинофестивальде «Ұлттық нақыштағы жұмысы үшiн» деген арнайы номинация болатын. Сол номинацияны беру кезiнде қазылар алқасының қиналғаны байқалды. Оның себебi, жастардың бойында кино өнерiне деген құлшыныс болғанымен, ұлттық нақыштағы өнерге, ұлттық бояуға деген талпыныс жетпей жатқандай көрiндi бiзге. Кино өнерi, оның iшiнде, қазақтың ұлттық кино өнерiн жасауда киногерге қажеттi басты қасиет ұлттық рухта тәрбиелену. Сонда ғана ұлттық бояуы аңқыған кино өнерiн жасай аламыз. Үлкен өнерге қарай қадам басқан жас киногерлерге ендiгi қажетi де осы. Ұлттық намыс, ұлттық рух, ұлттың салт-дәстүрiнен алыс кетпеу. Жаңашыл көзқараспен, ұлттық дүниенi қабыстыра бiлу.

Кинофестиваль барысында, көзiмiз жеткен тағы бiр нәрсе, анимация саласының әлi де ақсап жатқаны. Бiр кездерi, Әмен Тұяқовтар сияқты көздiң майын тауысып, сурет салатын заман келмеске кетсе де, компьютерленген бүгiнгi қоғамда анимацияның тiлiн меңгеру қазаққа қиын болып тұр. Кинофестивальге қатысқан анимациялық фильмдердi түсiрушiлердiң арасында қазақтардың аттары бiрен-саран. Есесiне, Регина Шепетяның анимациясы қазақтарды шаң қаптырып кеттi.

Сонымен, «Көрермендер көзайымы» жүлдесiн «Алтын рух» фильмiнiң режиссерi Айнұр Жарбекова иемденсе, Үздiк әйел бейнесiн «Сафура» фильмiнiң кейiпкерiн сомдаған актер иемдендi. Үздiк көркем фильм номинациясы «Алтын балықты» түсiрген Артем Ганцевке бұйырды. Ал үздiк музыкалық бейнеклиптi түсiргенi үшiн «Арман Ару» әнiне түсiрiлген бейнеклиптiң иесi Берiк Сембаефф ие болды.

Екi күн бойы жас студенттердiң шығармаларын көрсетудi қолға алған, «Дидарға» демеушiлiк танытқан «Отау синема» компаниясы бiздi таң қалдырды. «Көбiне-көп, Қазақстанда шет елдiң өнiмдерiн әкелiп көрсетуде алдарына жан салмайды, неге қазақтың киноларын көрсетпеске?» – деп жазғырып, кiнә артып жүрген «отау синемалықтар» қазақы рухтан кенде емес екен. Қайта өзiмiздi жазғырды. Сөйтсек, бiздiң киностудия ұсынатын фильмдердiң көбi кинотеатрларда көрсетуге жарамайтын көрiнедi. Ол үшiн арнайы Мәскеуге барып, жаздырып қайту керек екен. Орта Азияда жоқ техникалық базаға ие «Қазақфильм» киностудиясы бұл жағынан көштен қалып отырған сыңайлы. «Бiзге жуырда Еркiн Рақышев деген продюсер жiгiт келiп өтiнiш жасады. «Жаралы сезiм» атты фильмiн көрдiм. Ұнады. Сосын «Қазақстан» кинотеатрында ғана көрсетуге мүмкiндiгi болған соң, кинотеатрды бердiм. Көрермен өте көп жиналды. Өзiн-өзi ақтаған фильм сол. Егер осындай қазақтың фильмдерi түсiрiлiп жатса, неге көрсетпеске?» – дейдi Ибраимов мырза. – Бiз екi күн бойы жастардың фильмдерiн тамашаладық. Осындай талантты жастар барда, қазақтың киносының болашағы зор» – деп, сенiм бiлдiрдi «Отау синеманың» директоры. Кiнә, «отау синемалықтарда» емес, өзiмiзде, яғни, кинотүсiрушiлерде болып отыр. Мүмкiн, мұның бәрi қаржыға келiп тiрелетiн шығар. Бiрақ, көзiн тауып жақсы фильм түсiрсе, одан қаржы табуға болатынын «Жаралы сезiм» дәлелдеген жоқ па?

«ЖҰЛДЫЗДЫ АЯЛДАМА» – ЖАСТАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖҰЛДЫЗДЫ ЖОБАСЫ

Күнi кеше Республика сарайына көрерменiн жинаған «Жұлдызды аялдама» Берiк Жақашбаевтың алғашқы жобасы. Концерт алғаш рет өткiзiлiп отырғанымен, бұл жоба осыдан бiр-екi жыл бұрын «Авто радиода» тұсауын кесiптi. Күнде кешкiлiк тыңдарманымен «Жұлдызды аялдамада» жолыққан Берiк Қажымқанұлы бағдарлама аясында түрлi қызықты кештер ұйымдастырып келген екен. Идея радиода жүзеге асқанымен, оны ары қарай жетiлдiру ойынан шықпай қойған соң, осы ұсынысын Алматы қалалық жастар саясатын дамыту мемлекеттiк қорына айтып көрген екен, аталмыш қордың басшылығы Нұрбол Баймақанов пен Дәурен Мұхамеджанов бiрден қолдау көрсетiптi. Соның арқасында, тұңғыш рет өткiзiлген жоба сәтсiз болмаған сыңайлы. Оған кеше кешкiлiк сарайға жиналған қауым куә. Жалпы, кеш туралы толық әңгiменi газетiмiздiң алдағы нөмiрлерiнiң бiрiнен оқисыздар.

Түйiн. «Дидар» жалғасын табатын жоба. Ол қазақтың үлкен кино өнерiне жасалған алғашқы баспалдақ. Алғашқы қадамнан басталған сәттiлiк үлкен өнерге, ұлттық өнерге жетелейтiн дүние. Жас дарындардың шабыттарын шыңдап, рухтандырып, жаңа идея мен жаңа көзқарас қалыптастыруда «Дидардың» рөлi зор болмақ. Ендiгi бағыт, тұсауы кесiлген жас киногерлердiң үлкен өнерде жаңылыспай, ұлттық рухта қалыптасып, ұлттық өнердi дамытуында. Бiздiң тiлек те осы.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары