РАХАТ ӘЛИЕВТIҢ ҮСТIНЕН ҚЫЛМЫСТЫҚ IС ҚОЗҒАЛДЫ

РАХАТ ӘЛИЕВТIҢ ҮСТIНЕН ҚЫЛМЫСТЫҚ IС ҚОЗҒАЛДЫ

РАХАТ ӘЛИЕВТIҢ ҮСТIНЕН ҚЫЛМЫСТЫҚ IС ҚОЗҒАЛДЫ
ашық дереккөзі
243

Қазақстандағы саяси реформаның соңы «саяси лаңға» айналмаса неғылсын. Конституциялық реформаларды қабылдап үлгермей жатып, жоғары элитаның арасынан жiк шықты. Гу-гу көп. Бiрақ, ақиқат жалғыз. Ол – Австриядағы Қазақстанның Төтенше және өкiлеттi елшiсi қызметiн атқарып жүрген Рахат Әлиевтiң үстiнен қылмыстық iстiң қозғалғаны.

ШАТАҚ «НҰРБАНКТЕН» ШЫҚТЫ

Рахат Әлиев акционерлерiнiң бiрi болып келетiн «Нұрбанкке» қатысты әңгiме осыдан 4 ай бұрын шыққан болатын. 31-қаңтарда банктiң бұрынғы басшыларының жұбайлары баспасөз-мәслихатын өткiзiп, күйеулерiнiң жоғалып кеткенiн, олардың жоғалуына Рахат Әлиевтiң қатысы бар екенiн айтқан. Алайда, бұрынғы елшi бұл жайындағы ақпараттарды таратқан «Свобода слова», «Время», «Тасжарған», «Қазақстан» және «zonakz.net» интернет газеттерiн айыптап, бұл мақалаларда «Нұрбанкiнiң» репутациясына кiр келтiретiн жалған мәлiмдемелер мен жала жабушылық көрiнiс тапқан дегендi көлденең тарта отырып, аталған басылымдарға бiр айдың iшiнде «жоққа шығару» мақаласын жариялауды ұсынған. Егер, олай болмаған жағдайда бұл басылымдарды сотқа беретiндiгi ескертiлген. Сондай-ақ, күйеулерiнiң жоғалып кеткендiгiн мәлiм еткен әйелдердi де сотқа беретiндiгiн айтып, қоқан-лоқы жасаған.

Онымен тынған жоқ. Рахат Әлиев осыдан бiр жарым апта бұрын Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов пен Iшкi iстер министрi Бауыржан Мұхамеджановты қаралайтын мәлiмдеме таратады. Бiрақ, жоғары жақтан бұған қатысты реакция байқалмады. Бауыржан Мұхамеджанов өз кезегiнде ол мәлiмдемеге жауап берiп үлгердi.

Тағы бiр апта бұрын «Свобода слова» газетi «Нұрбанк» басқармасының бұрынғы төрағасының орынбасары Жолдас Тимрәлиевтiң мәйiтi табылғаны туралы ақпаратты таратты. Бiрақ, Iшкi iстер органдары ол ақпараттың шындыққа жанаса қоймайтындығын мәлiмдедi.

Дегенмен, көп кешiккен жоқ, 23-мамырда ресми Астана Рахат Әлиевтi «адам ұрлау» фактiсi бойынша айыптап үлгердi. Дәл осы күнi Р. Әлиев ұрлап әкеттi деген екi адамның бiрi, «Нұрбанкiден» қаржы қымқырды деген айыппен сотқа тартылып, тергеу изоляторында отырған Әбiлмәжiн Ғылымов өзi мен орынбасары Жолдас Темiрәлиевтi Р.Әлиевтiң әмiрiмен оның адамдары ұрлап әкетiп, өз еркiнен тыс қамауда ұстағаны жайлы «Астана» телеарнасынан мәлiмдеме жасады. Күнi бүгiнге дейiн 18-19 қаңтар кезiнде үйiнен шығып кеткен Ж. Темiрәлиевтен әлi хабар жоқ. Ресми билiк те, басқа да қоғамдық ұйымдар оның өлi-тiрiсiнен бейхабар. Тек, оның мәйiтi табылыпты деген алып-қашпа өсек елесi ғана кезiп жүр. Дәл осы күнi «Халық қаһарманы» Мұхтар Әлиевтiң үйiне тiнту жүргiзiлген «Халық қаһарманының» үйi тiнту нысанасына айналса, бұл iстiң маңызы да ерекше болғаны.

Ал, 26-мамыр күнi Президенттiң жарлығымен Рахат Әлиев Австриядағы Қазақстанның Төтенше және өкiлеттi елшiсi, ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастық мәселесi бойынша Қазақстан Республикасының Тұрақты өкiлi қызметiнен босатылды. 28-мамырда Iшкi iстер министрiнiң баспасөз-хатшысы Бағдат Қожахметов Рахат Әлиевтi тұтқындауға елiмiздiң прокуроры санкция бергендiгiн және оған халықаралық iздеу жариялағандығын мәлiм еттi. Дәл осы күнi Австрияның астанасы Вена қаласына Қазақстанның Бас прокурорының орынбасары Даубаев бастаған топ ұшып кеттi. Мақсаттары – Рахат Әлиевтi қамауға алу. Бұл топтың арасында, сондай-ақ, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң сыртта тыңшылық ететiн «Барлау» қызметi мен Iшкi iстер министрлiгiнiң қызметкерлерi және интерпол барлаушылары да бар. Рахат Әлиевтiң қашып кетуiн алдын-ала болжаған Iшкi iстер министрлiгi оның ешқайда жүрiп-тұра алмауын қамтамасыз етiп «қызыл карточка» жариялап үлгердi. 28-мамырда Iшкi iстер министрлiгiнiң баспасөз қызметi таратқан мәлiмдемеге қарағанда экс-елшi тек адам ұрлау фактiсi бойынша қуғындалып жатқан жоқ, сондай-ақ, адамдардың мал-мүлкiн үркiтiп-қорқытып тартып алатын қылмыстық топқа да басшылық еткен көрiнедi.

ТУРА БИДЕ ТУҒАН ЖОҚ…

Немесе бұл оқиғаның астарында саяси мән бар ма?

Қазақстанның Iшкi iстер министрлiгi, «Бұл оқиға тек қылмыстық iс қозғалғанына орай орын алып отыр. Мәселенiң астарында ешқандай саяси мән жоқ» деген болатын. Дегенмен, соған қарамастан президенттiң үлкен күйеу баласының «Kazakhstan today» агенттiгiндегi мәлiмдемесiне назар аударсақ, бұл мәселенiң саяси астары болуы да ғажап емес секiлдi. Р. Әлиевтiң өз сөзiне қарағанда «2012 жылы өтетiн президент сайлауына түсетiндiгiн айтқан едiм. Бұл оқиғаның бәрi осы мәлiмдемемнен кейiн өрiс алып жатыр. «Нұрбанкiге» полицейлердiң басып кiруi, маған қарсы қылмыстық iстiң қолдан жасалуының бәрi осыдан» деген мәлiмдеме жасапты. Сондай-ақ, осы уақыт аралығында бұрынғы елшi әлемнiң атышулы ақпарат құралдарына да мәлiмдеме таратып үлгердi. Айталық, Британияның «BBC» телеарнасына берген сұхбатында саясиэмигрант, «Саясаттан кетпейтiндiгiн, шет елде, қуғында жүрсе де iсiн жалғастыра беретiндiгiн, ол ендiгi саяси мәнсабын Қазақстанның қазiргi билiгiне оппозиция ретiнде жалғастыратындығын» айтты. Әрi, Қазақстанда қазiр оппозицияның жоқтығын тiлге тиек еттi. Оның айтуынша, «Қазақстанның бұрынғы билiгiнде болған, министр орынтағынан айрылып қалғаннан кейiн, билiкке өкпелеп оппозициялық бағытты таңдағандар оппозиционер атанып жүр. Егер, мүмкiндiк болса билiк бұтағына қайта оралудан дәмелiлер. Демек, Қазақстанда шын мәнiсiнде оппозиция жоқ» деген екен.

Бiрақ, Рахат Әлиевтi оппозиционерлер қабылдай қоюға да құлықты емес. 28-мамырдағы «31 канал» телеарнасына оның оппозиция қатарына өткiсi келетiндiгi жайындағы мәлiмдемесiне орай, қазiргi оппозицонерлер өз көзқарасын танытты. Коммунистердiң серкесi Серiкболсын Әбдiлдин: «Оппозиция арасында оған орын жоқ» десе, Социал-демократтардың жетекшiсi Жармахан Тұяқбай: «Оппозицияның қатарын толықтырам десе, оның өз еркi. Бiрақ, өкiнiштiсi, ол өзiнiң қылмысын жабу үшiн бұл оқиғаға саяси астар берiп отырған сияқты» дегендi айтты. Дәл, осы ойды «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Ораз Жандосов та қайталайды: «Маған Рахат Әлиев осы адам ұрлау оқиғасына байланысты күрделi жағдайға тап болып, қазiр оған саяси реңк беруге тырысып жатқандай көрiнедi. Себебi, ол осы уақытқа дейiн не сөз бостандығы үшiн, не әдiл сайлау үшiн, не Президенттiң өкiлеттiгiн шектеу туралы, не басқа да қоғамды нақты демократияландыру бағытындағы бастамаларды қолдап ауыз ашқан емес. Оның қол астындағы барлық ақпарат көздерi – теледидар болсын, газет болсын – оппозиция өкiлдерiне күйе жағумен боп, бiр рет те оппозиция өкiлдерiне сөз берген емес» дейдi ол.

Бiрқатар саясаткерлер осы оқиғаның соңы қалай аяқталады, Рахат Әлиев ауыздықтала ма, жоқ па, бұның барлығы Президент Назарбаевтың әдiл шешiм қабылдауына қатысты деген ой айтты. «Тура биде туған жоқ» деген. Президент жолдан тайса, елiнiң мүддесi үшiн туғанын да тиып тастайтындығын көрсетiп отыр.

ТIЛ – САЯСАТ ҚҰРАЛЫНА АЙНАЛДЫ МА?

Қоғамда алыпқашты сөз болып жатқан тағы бiр мәселе – «КТК» телеарнасы мен «Караван» газетiнiң жабылуы. Бұл ақпарат құралдары Р.Әлиевтiң бақылауында көрiнедi. Аталған телеарна мен газет өз жұмысын үш айға тоқтата тұрмақ. Оларды не үшiн жапқандығы туралы ақпарат өте сараң. Тек мемлекеттiк арналардан аңғарғанымыз «Тiлдер туралы» Заң мен «БАҚ туралы» Заңдардағы «Мемлекеттiк тiлдiң үлес салмағы өзге тiлдердiң жиынтық үлес салмағынан кем болмауы тиiс» деген баптың орындалмауы себептi делiнген.

Бiр қызығы, бұған дейiн «КТК» телеарнасын жекелеген тұлғалар сотқа берiп, «заңды орындамай жатыр» деген айып таққан болатын. Дәлiрек айтсақ, Алматы қаласының тұрғыны Кенесары Қаптағаев «31 канал», «КТК» телеарналарын дәл осы бапты орындамай отырғаны үшiн айыптағаны есiмiзде. Алматы қалалық прокуратура осы шағымға орай, сол кездегi Ақпарат және мәдениет министрлiгiне хат жолдап, аталған телеарналардың заңды қаншалықты деңгейде орындап отырғандығын анықтап берулерiн өтiнген. Сол кездегi Ақпарат және мәдениет министрi Есетжан Қосыбаев «КТК»-ның заңды өз дәргейiнде орындап отырғанын айтып, оң баға берген едi. Алайда, бұл лауазымға тағайындалған қазiргi министр Ермұхамет Ертiсбаев «КТК»-мен кезектi бiр айтыста аталған арнаның тiл заңын орындамай отырғандығын бетiне басқандығы бар. Бұдан кейiн КТК арнасы қазақ тiлiндегi бағдарламаларын күрт көбейтiп, күндiзгi уақытта, кешкi сағатта орыс тiлiнде шығатын телесериалдарды аударып бере бастаған-ды. Соған қарамастан, КТК-ның бұл жолғы жұмысын тоқтатуға себеп – жоғарыдағы баптың өз деңгейiнде орындалмай отырғандығы болып отыр. Жарайды, КТК мемлекеттiк тiлдегi бағдарламаларын жеткiлiктi деңгейде көрсете алмай отыр делiк, ал «Караван» газетi не үшiн жабылды? Жұмбақ, оған да тiл заңын таңып қоя салдық. Ал, басқа телеарналардың мемлекеттiк тiлдегi хабарлары эфирдiң 50%-дық үлес салмағын иелене алмай отырғандығы қаперiмiзге енбедi. Онда олардың жұмысы да неге тоқтатылмайды? Демек, тiл саясат құралына айналды? Сөйтiп, екi өкпесi тесiлген, төрден орын алмай отырған қайран тiлiмiз тек саяси қолшоқпардың мiндетiн атқара бастады.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары