СИЗИФТIҢ МИХНАТЫ НЕМЕСЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС

СИЗИФТIҢ МИХНАТЫ НЕМЕСЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС

СИЗИФТIҢ МИХНАТЫ НЕМЕСЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС
ашық дереккөзі
270

Елiмiз жыл сайын сыбайлас жемқорлық және мемлекеттiк қызметкерлердiң заң бұзушылығымен күрестi өрiстетiп, оны жоюға орасан күш жұмсап, түрлi бағдарламалар түзуден кенде емес. Бiрақ, ескi әннiң қайталанатыны сияқты көп күш-қуат, орасан зор қаржы шығындалып отырған бұл ұмтылыстың өзi әзiрге ешбiр нақты нәтижесi көрiнбей отырған жемiссiз күрес секiлдi.

Ежелгi гректердiң аянышты аңызында құдiреттi Құдай Зевстiң қаһарына ұшыраған байғұс Сизиф тамұқта ауыр қойтасты биiк шыңның басына итерiп шығаратын едi. Күндiз-түнi бiр тынбай, маңдайдан терi моншақтап тырбыңдайды. Әлгi тасты шың басына шығарса осы бiр мәңгiлiк азаптан құтылатынына үмiттенедi. Зевстiң үкiмi солай. Бiрақ, межелi жерге ендi жете бергенiнде қатыгез Зевс әлгi қойтасты қасақана керi, етекке дейiн домалатып, бейшара Сизифтiң михнаты қайтадан басталады. Бұл осылай мәңгiлiкке жалғаса беретiн еш нәтижесiз күрес. Сыбайлас жемқорлықпен Қазақстан да осындай күрес үстiнде. Жанқиярлық күрес. Жылма-жыл түрлi деңгейдегi ондаған сыбайлас жемқорлар әрқилы қылмыстары үшiн темiр тордың тасасына аттандырылады. Дегенмен, iзiнше өзге сыбайлас жемқорлар қоғамда арам шөп сияқты қаулап шыға келедi.

Соның нәтижесiнде халықаралық беделдi Transperensi International ұйымы өткен жылы елiмiздегi сыбайлас жемқорлық жөнiндегi көрсеткiштi тағы да екi пунктке төмендеттi. Аталмыш ұйымның белгiлейтiн әр пунктi елдегi коррупцияның бұрынғыдан көбейе әрi қоғамда жаппай жайлай түскенiн аңғартатын сатылар.

Жақында Мемлекеттiк қызметтер жөнiндегi агенттiк арнайы зерттеу жүргiзiп, елiмiзде кез келген құжат алу үшiн нақты кезекте тұрғаннан гөрi мемлекеттiк қызметкерлерге пара беру арқылы алу анағұрлым оңтайлы екенiн анықтапты. Әрине, мұның бәрi қарапайым адамдар үшiн жазылмаған заң сияқты бұрыннан белгiлi жайт қой. Бiр ғажабы, жоғары лауазымды шенеунiктерiмiздiң осындай басы ашық мәселелердi алғаш рет естiгендей болатыны. Олар өмiрдiң ащы шындығынан мүлдем аулақ, ғұмырын тек бақилық терең ойларға арнайтын пiрәдарлар сияқты көрiнедi кейде.

– 2006 жылы түрлi дәрежедегi кезектерге тұрудан елiмiздегi шағын бизнес өкiлдерi 156 млрд. теңге жоғалтқан көрiнедi,– деп жағасын ұстағандай болды Парламент мiнбесiне шығып сөз сөйлеген агенттiк төрағасы Зауытбек Тұрысбеков мырза. – Кәсiпорындардың бiр бөлiгi мен азаматтардың 62 пайызы өз мәселелерiн шешудiң бейресми жолдарын таңдайды.

Мемлекеттiк қызметтер жөнiндегi агенттiк төрағасының мәлiмдемесiне қарағанда, сыбайлас жемқорлықтың нәтижесiнде елiмiз жылма-жыл 156 млрд. теңгеге, яғни бiр млрд. 200 млн. долларға жуық зиян шегетiн көрiнедi. Сөйткенмен мұның өзi дәл емес дерек болып шығуы ықтимал, өйткенi елiмiздегi сыбайлас жемқорлықтың шын деңгейiн айқындау үшiн әлгiндей ресми мәлiметтi екi-үш еселеу керек екенi мәлiм.

Бұл аз ба, көп пе дейтiн мәселеге келсек, Қазақстан әйгiлi «Ауылды қолдау» мемлекеттiк бағдарламасы бойынша ел тұрғындарының 40 пайызы өмiр сүрiп, еңбек ететiн ауылдарды жақсартып, ауылшаруашылығын қолдауға үш жылда небары 150 млрд. теңге көлемiнде шығып жұмсағанын ескеру керек. Мiне, сыбайлас жемқорлықтың обырлығы ел экономикасының тұтас салаларына тең шығындарды көмейiнен өткiзсе де арандары толмауда.

Анықталған алаңдатарлық жағдайға қарағанда, елiмiздегi кедендер нағыз парақорлықтың притонына айналған, мұнда 17 млрд. теңге пара ретiнде берiлiп, жең ұшынан алынады. Ал соттарда 13 млрд. теңге айналымда. Одан соң әртүрлi әкiмшiлiктер мен әдiлет органдары екен. Қанша дегенмен, мұндай билiк орындарында «гуманистер» көбiрек қызмет атқаратын шығар, әйтеуiр олар 7-10 млрд. теңге көлемiмен қанағаттанатын көрiнедi.

– Бiздiң зерттеулерiмiз көптеген мемлекеттiк қызметкерлер өз орындарына тұрғындарға қызмет көрсету үшiн емес, қайта оларды басқаруға тағайындалады деп есептейтiн боп шықты,– деп қынжылыс танытты Зауытбек Тұрысбеков.

Одан әрi шенеунiктердiң кәсiби мәдениетiн көтеру, бiлiмдерiн жетiлдiру әрi тұрғындармен байланысын неғұрлым азайту арқылы жағдайды оңдауға болатынына сенiм бiлдiрдi.

Әрине, құзырлы мекеме басшысының бұл сенiмi мен үмiтi орынды да шығар, дегенмен адам факторы ешқашан жойылмайды. Шенеунiктердiң бiразы жазаға тартылар, бiрақ орнына басқалар келедi. Олардың бұрынғылардан да обыр болып шықпасына еш кепiлдiк жоқ. Қоғам үмiтпен ұзақ күн кеше алмайтыны бесенден белгiлi. Үмiтсiздiк пен торығудан, шарасыздықтан асқан қасiрет болмаса керек.

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрi Маргарет Тетчер ханымның: «Мен қашан шаршағанымша елдi басқарып қала беремiн. Ал мен әзiрге Ұлыбританияға қажетпiн, сондықтан ешқашан шаршамаймын»,– деген сөзi бар-ды. Қазақстан шенеунiктерiнiң бiрсыпырасы да өздерiн елiмiзге аса қажеттi тұлғалар, сондықтан пара беру мен пара алудан ешқашан шаршамайтын адамдар деп санайтын болса керек. Оның үстiне, елiмiзде жүргiзiлуi қолға алынып отырған әкiмшiлiк реформасы оларға жаңа мүмкiндiктер ашқалы отырғаны сөзсiз. Таяуда шенеунiктер тұрғындарға сапалы түрде көрсетуге тиiс мемлекеттiк қызмет түрлерiнiң тiзiмi анықталмақшы. Бұл тiзiм бойынша халыққа көрсетiлетiн 511 қызмет нақтылап көрсетiлмек: 279 қызмет түрiн жергiлiктi атқару органдары, ал 232 түрiн орталық органдар мен олардың аймақтық бөлiмшелерi жүзеге асырмақшы. Мұның өзi ел шенеунiктерiнiң қылмыс құмарлығын бұрынғыдан әрмен асқындата түспей ме екен деген қауiп пен алаңдаушылық әлден-ақ қоғамды қатты ойландыруда. Елiмiздегi әкiмшiлiк реформалар 2009 жылдан бастап енгiзiлгелi отырғаны мәлiм. Бұл Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықты одан әрi асқындыра түспес пе екен?!

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары