“ХАЛЫҚ РУХЫ” ПАРТИЯСЫНА КIМ ҚАРСЫ?

“ХАЛЫҚ РУХЫ” ПАРТИЯСЫНА КIМ ҚАРСЫ?

“ХАЛЫҚ РУХЫ” ПАРТИЯСЫНА КIМ ҚАРСЫ?
ашық дереккөзі
257

Тәуелсiздiк алғалы бергi 15 жыл бойы қазаққа басқаша, орыс пен орыс тiлiнiң аясында шоғырланған азды-кемдi диаспораларға басқаша көз қысып, екi түрлi аудитория алдында әрқилы мәселе көтерiп келген билiк елiмiзде қазақ ұлтшылдығының өрiстеп бара жатқанын түсiнiп жатқандай. Бұдан былай қазақпен санаспауға болмайды. Қазақ – көпшiлiк. Қазақ – мемлекетқұраушы ұлт. Қазақ – «Қазақстан» атты мемлекеттiң түп қазығы, тамыры, жүрегi. Келесi президент сайлауында ұлттық мәселенiң басты саяси тақырыпқа айналуы да әбден ықтимал.

ҰЛТТЫҚ ҰЙЫМҒА ОППОНЕНТ – «ҰЛТТЫҚ ҰЙЫМ»…

Қазiрше президент сайлауына ертерек. Әйтсе де кейбiр сарапшылардың пайымына сенсек, бұдан былай ұлттық мәселенi бағдарламасына енгiзбеген президенттiкке үмiткерлер, партиялар мен қозғалыстар басты аудиторияның назарын аулай алмайды. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында елiмiзде таза ұлттық-патриоттық қозғалыстардың көптеп ашылғанын тарихтан бiлемiз. Бұл күндерi 90-шы жылдардың басындағы үрдiс қайталанып жатқандай. Тәуелсiздiкке бiз «Алаш», «Желтоқсан», «Невада-Семей» сияқты ұлттық бағыттағы қозғалыстармен келсек, бүгiнде Қазақстанда бiр емес, 14 ұлттық бағыттағы ұйымдар мен қозғалыстар қызмет етiп келедi. Бiр өкiнiштiсi, олардың қатарында саяси қару ретiнде пайдаланылып, нағыз ұлттық ұйымдардың аяғын шалуға дайын «клон қозғалыстар» да бар секiлдi. 15 жылдан берi мемлекеттiк тiл мәселесi толыққанды шешiлмей келедi, оның үстiне Шелек, Маловодное, Теңiз, КазАтКом ауылдарындағы қазақ пен өзге азды-кемдi диаспора өкiлдерi арасындағы қақтығыстар бар, бұл аздай Ассамблеядан Парламентке 9 ұлт өкiлiнен 9 депутат сайлау мәселесi ұлттық ұйымдардың жандана түсуiне септiгiн тигiзiп жатқаны анық. Парламентте тiл мен дiн, ұлттық қауiпсiздiк мәселесiн шырылдап-ақ көтерiп келе жатқан Мұхтар Шаханов «Халық рухы» партиясын құрмақ ниетiн бiлдiргенде, Шелек оқиғасынан кейiн «Ұлт қалқаны» комитетi ретiнде құрылған ұлттық ұйымдардың қақ жарылғанын қалай түсiнуге болады? Әрине, «бiз Шелек оқиғасынан кейiн уақытша құрылған одақ едiк» дейтiндер де табылар. Бiрақ ұлттық мәселе мен азаматтық позицияның уақытша болуы мүмкiн емес қой. Кезiнде Шаханов көтерiп жүрген тiл мәселесiн қолдап-қолпаштап жүрген кейбiр «патриоттар» бүгiн сол ұлттық мәселенiң арғы шетiнен бiр-ақ шықты. Шаханов – белгiлi саяси тұлға. Ұлт тұлғасы. Шаханов десе – тiл, тiл десе Шахановтың еске түсетiнi – тұлғаның көп жылдардан берi ақындық жолында да, Парламентте те тайсалмай ұлттық мәселенi көтерiп, бiраз мәселенiң шешiлуiне тигiзген еңбегi болса керек. Өзiнiң азаматтық позициясын өзгертiп жүргендер көп-ақ. Бiрақ бұл өмiрде бiр ғана нәрсе өзгермедi – Шахановтың тiлдiк ұстанымы. Ал, ендi позициясын өзгерткендер жайлы айтсақ. Шелек оқиғасынан соң «ойбай, қазағым» деп бас қосқан ұлттық ұйымдардың жиынына қатысып, кейiн «Ұлт қалқаны» комитетiнiң төрағасы ретiнде өзiн ұсынып, кейiн төраға атанған Жақсыбай Бәзiлбаев – Шахановтың «Халық Рухы» деп құрылуы тиiс партиясына қарсы шығып, тiптi Беляковтың «Ресейлiк отандастар» қозғалысынан бiр-ақ шықты. Өткен аптада 31-телеарнаның «Тұжырым» бағдарламасына қатысқан Жақсыбай Бәзiлбаев «Ресейлiк отандастар» қозғалысының құрметтi саяси сарапшысы ретiнде «Халық Рухы» қозғалысына қарсы бiраз ойлар айтты. Қазақ бола тұра тiл мәселесiн көтеретiн ұлттық ұйымға қарсы сөйлеуi сырт көзге оғаш көрiндi. Бiрақ Бәзiлбаев мырзаға қарсылас ретiнде бағдарламаға қатысқан Сабыржан Шүкiрұлының ұпайы жоғары болғаннан ба, президенттiкке экс-үмiткер соңғы ақпараттық шабуылына кiрiсiп: «Құранның 354-шi бетiнде «Ақынның жолы адастырар» – деп бiр-ақ салды. Астапыралла, «Құранның 354-шi бетi» деуге болар ма екен? Қасиеттi Құран сүре, аяттармен сөйлейдi емес пе?! Ал, әлгi сөздiң ақ-қарасын Бәзiлбаев емес, бiлiктi дiнтанушылар айтуы керек. Осындай ойлы Жақсыбай Бәзiлбаев аздай, Гүлбахрам Жүнiс деген тағы бiр кiсi Шахановқа шүйлiгiп, арнайы баспасөз мәслихатын өткiзiп, ақын ағамызға бұдан былай желтоқсандықтар атынан «шапан кигiзбейтiндiгiн» мәлiмдеп үлгердi. Бұл ойын ол орысша жеткiздi. Шахановтың ерлiгiн бiздiң бәрiмiз бiлемiз. Ал, кейбiр көпшiлiкке белгiсiздеу адамдардың арнайы баспасөз мәслихатын өткiзiп, «Халық рухына» шүйлiгуiне не себеп?

Ендi орыс-славян ұйымдары жайлы сөз қозғасақ. Бүгiнде Бәзiлбаевты қатарына алған «Ресейлiк отандастар бiрлестiгi» атты республикалық ұйымның төрағасы Геннадий Беляков: «Халық Рухы» партиясын құру ұлтаралық келiсiм саясатына қайшы» – деп отыр. «Қазақстан тудей» агенттiгiне сенсек, Г.Беляков мырза «Халық Рухы» партиясының құрылуы «Саяси партиялар туралы» заңның «азаматтарға кәсiби, нәсiлдiк, ұлттық, этникалық және дiни тобына қарай саяси партия құруға жол берiлмейдi» – деп мәлiмдеп қоймай: «Бұл партия жеке ұлттың мүддесiн, яғни қазақ ұлтының мүддесiн қорғайды» – деп, дабыра көтерiп отыр. Ең алдымен айтарымыз, Қазақстанда ұлтына қарай 9 депутатты Парламентке сайлап жатса, қазаққа да өз тiлiн қорғауға неге қамданбасқа?! Екiншiден, Беляков мырза Қазақстанда қазақ мүддесiнiң көтерiлуiне қарсы болса, бiз ұлттық мүддемiздi қазақ жерiнен басқа қай жерде көтере аламыз? Егерде Ресейдiң Орынбор, Омбы, Астрахань (Қажытархан), Томбы қалаларында тұратын 1,5 миллионнан астам қазақ Ресейде орыс мәселесiнiң көтерiлуiне қарсы емес, ал Беляков мырза бiзге мiн тағады. Бiрақ, өкiнiшке қарай, Ресейде көптеген қазақ мектептерi жабылған, қазақ баспасөзi мен телевидениесiн көруге мүмкiндiк жоқ. Егерде Ресейдiң бұл тiрлiгi мемлекет мүддесi үшiн жүзеге асып жатса, Қазақстан да мемлекет мүддесiне бекем болуы керек қой. Геннадий Беляковтардың қазақ мәселесiне қарсы болуының өзi ұлтаралық келiсiм саясатына кереғар емес пе?! Қазақ мәселесi – мемлекет мәселесi. Яки, кейбiр орыс-славян ұйымдары мемлекет мүддесiне қарсы шығып отырғаны ма?! Қазақтың өз елiнде ұлттық мәселесiн көтеруге құқы бар. Ал, бұл құқықты қылмысқа балау – ұлтаралық келiсiмдi бұзудың бiрден-бiр жолы.

Бүгiнде «Халық Рухына» қарсы қолдан жасалынған оппоненттер жетiп артылады. Бұл да өзi саяси ойын.

Конституциямызда айқын жазылғандай, билiк – халықтың қолында. Халық ұлттық мүддесiнiң сақталуын қалайды. Түбiнде қазақтың нағыз ұлттық ұйымдарына қарсы «клондық ұлттық қозғалыстар» мен кейбiр орыс-славян бiрлестiктерiн айдап салу жақсылыққа апармайды. Кiмнiң ақ, кiмнiң қара екенiн тарихтың өзi айшықтайды.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары