425
ТҰҢҒЫШ IШКI IСТЕР ХАЛЫҚ КОМИССАРЫ ӘБДIРАХМАН ӘЙТИЕВ
ТҰҢҒЫШ IШКI IСТЕР ХАЛЫҚ КОМИССАРЫ ӘБДIРАХМАН ӘЙТИЕВ
Орал қаласында Әбдiрахман Әйтиев атындағы көше бар. Ескерткiш бюстi де қойылған. Қала тұрғындары сол бюстке әрдайым гүл шоқтарын қойып, оны құрметпен еске алады.
Ә.Әйтиев революция және Азамат соғысына белсене қатысқан жан. Қазақ мемлекеттiгiн орнатуда үлкен күрескерлiк танытқан. Республикада тұңғыш iшкi iстер органын өз қолымен құрып, қалыптастырған. 1925 жылы республика басшысы Ф.Голощекин Кеңестердiң V съезiнде оны Iшкi iстер Халық коммиссары қызметiнен босатып, «Сидельниковтың тобына қолдау көрсеттi» деген айып тағып, Өлкелiк партия комитетiнiң бюросында Президиум мүшелiгiнен шығарып қуғындайды. Кейiндеу Жамбыл қаласына қоныс аудартты. Сол жерде де денсаулығы нашарлап хал үстiнде жатқан оны бiрнеше рет тұтқындатпақшы болды. Алып кетуге жарамайтынын көрген iшкi iстер бөлiмiнiң қызметкерлерi үйдiң астаң-кестеңiн шығарып қайта-қайта тiнтуден жалықпады. Голощекин солай өз жолында кесекөлденең тұрған тағы бiр ұлтжанды азаматтың тағдырын тәлкекке салды. Ендiгi әңгiме сол Әбдiрахман Әйтиевтiң Қазақ мемлекеттiгiн құру жолындағы жанкештi күрескерлiк iсi жайында. Әбдiрахман Әйтиев 1886 жылы 2 қарашада Орал губерниясы Теректi болысының Сүгiрбай ауылында туған. Он жетi жасына дейiн байдың малын бақты. Он сегiзiнде бiр жылдық Қараоба орыс-қазақ мектебiнде оқып сауатын ашады. Орал қаласындағы мировой судьяға аудармашы, содан кейiн аға iс жүргiзушiнiң жұмысын атқартыпты. Сол қызметтерде жүрiп, елдегi әлеуметтiк теңсiздiктердiң тамырын тереңiнен түсiнедi. 1905 жылғы Ресейдегi ереуiлдердiң шалығы Орал қаласына да жетiп, шерулерге Әйтиев те қатысады. Жұмысшылардың астыртын ұйымдарына кiрiп, жасырын өткiзген жиындарының ортасында жүредi. Н.А.Покотилов, И.И.Ульянов, И.Н.Савин секiлдi большевиктермен пiкiр алысып, саяси дүниетанымын кеңейткен. С.Д.Арганчеев: «Қарапайым, байсалды мұғалiм Ғұбайдулла Әлiбеков пен жас аудармашы Әбдiрахман Әйтиев жасырын большевиктер үндеулерiн ауыл-ауылға таратты»,– деп жазады. Сол кезден бастап ол Орал губерниясы полициясының назарына iлiндi. Артынан тыңшы iлеседi.Сонда да ол алған бетiнен қайтпай 1911 жылы Ғ.Тоқай, Н.Смуров, Н.Ульяновпен бiрiгiп «За свободу» газетiн шығарады. 1912 жылғы Лена қырғынын оралдықтарға осы газет арқылы жеткiзедi. Патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы түркi халықтарынан майданның қара жұмысына әскер алу туралы жарлығы ел iшiн дүрлiктiрiп жiбередi. Бұл жарлық ұлт-азаттық қозғалыстың өрбуiне себепшi болды. Әйтиев халықты импералистiк соғысқа қарсы үгiттеп, патшаға қарсы көтерiлiске шақырады. Өзi соның алдыңғы қатарында жүрдi. Патша үкiметiнiң әскери соты Әйтиевтiң бұл iсiн сыртынан қарап, 1918 жылдың маусымында ату жазасына кесiп қойған. «Әйтиев тұтқынға түссе болды, үкiм қолма-қол орындалсын» деген бұйрық Орал губерниясына таратылады. Оның үстiне алашордалық әскери-далалық соты құрамында Ескендiр Көпжасаров, Алжан Кенжалиев, Қуат Төтебаев он бiр большевикке сырттай ату жазасын берiп, үкiм шығарған. Солардың iшiнде Меңдiгерей Епмағамбетов, Әбдiрахман Әйтиев, Бақытжан Қаратаев, Сақыпкерей Арғыншиев секiлдi ел серкелерi де бар (Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнология институтының Қолжазба қоры. №126 пәпкi, 72-121 бб). Әбдiрахман Әйтиев 1919 жылы Орал губерниялық ревкомның үгiт-насихат жұмысын ұйымдастыру және әскери қатарына ерiктiлердi жинау жөнiндегi бөлiмдi басқарды. Орал губерниясы және Бөкей ордасында жергiлiктi жастардан қызыл гвардия жасақтарын құрды. Бұл нағыз халық армиясы болды. Оның құрамында қазақтардан басқа орыс, украйн ұлттарының өкiлдерi де бар едi. Сол жылдың 3 маусымында Бөкей ордасы Кеңестерi съезi салтанатты түрде Бiрiншi қазақ үлгiлi кавалерия полкiне РСФСР-дың Қызыл туы тапсырылды. Полктi ұйымдастырушылардың бiрi, Орал губерниялық әскери-революциялық комитеттiң мүшесi Әбдiрахман Әйтиевтiң «Яицкая правда» газетiнiң сол күнгi санына арнайы мақаласы жарияланды. «… Бiрiншi қазақ кавалерия полкi Iшкi Орда қазақтарынан құрылды. «Алғашқы» полкке бүгiн салтанатты түрде Қызыл ту тапсырылды. Қазақ халқы бүгiн өз көздерiмен өздерiнiң төл тұрақты армиясын көрдi. Iшкi Орда қазақтары бүгiн өз тарихында бұл айтулы күндi ұмытылмастай етiп мерекеледi…» Бiрiншi қазақ үлгiлi атты әскер полкiн құруда Азамат соғысына белсене қатысушылар Ә.Әйтиев, Б.Қаратаев, Ә.Жангелдин, А.Әлiбеков, М.Епмағамбетов, С.Арғыншиев, Н.Ғұмаров, М.Тұнғаншин, Б.Әлжанов және Б.Жаныкешов көп еңбек сiңiрдi. Ақ әскерлерiмен соғыста полк сарбаздары талай ерлiктер жасады. Кейiн олардың қатарынан Шәкiр Жексенбаев генерал-майор, Рамазан Құрманғалиев генерал-лейтенант шенiне дейiн көтерiлдi. 1919 жылы 10 қаңтарда Қызыл Армия Орал қаласын ақтардан босатып, Гурьевке қарай бет алды. Қызыл Армияның 25-шi двизиясы Бұзылық маңында Колчак армиясына бүйiрден соққы беру үшiн Шығыс майданға аттандырылды. Осы сәттi Орал казак-орыстары пайдаланып қалу үшiн жанталасты. Ә.Әйтиевтiң естелiгiнен: «… Таңдаулы әскери бөлiмдер мен командирлердiң Колчак майданына кетуi (Шығыс майданға) бiздiң әскерлердiң жағдайына қатты әсер еттi. Ақ гвардияшылар өздерiнiң барлық күштерiн жинап алып, сәуiрдiң басында Iлбiшiнде тұрған бiздiң негiзгi күшiмiзге шабуыл жасап ойсыратты. Бұл теңсiз ұрыста көптеген қызыл әскерлер, бұлардың iшiнде ревком төрағасы Яковлев жолдас та бар, қаза тапты. Ойсыраған әскери бөлiмдер дереу Орал қаласына қарай шегiндi, жеткiлiктi резерв болмады…» Орал майданындағы құрамында қазақтың атты бригадасы бар IV армияның 22-шi атқыштар дивизиясы мен 221-шi атқыштар полкiне қарағанда жаудың күшi сан жағынан басым едi. Бiрақ Орал, Орынбор қалаларын жауға бермей қорғап қалу Қызыл Армия үшiн аса маңызды болды. Шетел импералистерi қалайда Кеңес мемлекетiн жөргегiнде тұншықтырып, жоқ қылып жiберу үшiн ақ әскерлерiне барлық жағынан көмек бердi. Сондай қолдауға сүйенген Колчак Шығыс майданды ашты. Генерал Толстов әскерлерi Оралға, ал Дутовтың қалың қолы Орынборға шабуыл жасады. Толстовтың әскер саны Орал гарнизонының санынан он есе көп. Олар Орал қаласын қоршауға алған кезде Кеңес үкiметiнiң әскери қолбасшысы М.В.Фрунзе оралдық қорғаушыларға жеделхат жiбердi. «Жолдастар! Сiздерге бүкiл еңбекшiл Ресей қарап тұр. Орал қаласын жаудың қолына беру, әскери тәртiптiң бұзылуы деп қаралады». Сол күннен бастап қала көшелерiне: «Бәрi де қаланы қорғау үшiн!», «Барлығың қолдарыңа қару алыңдар!» деген ұрандар iлiндi. Өйткенi қаланың стратегиялық маңызы зор. Батыс Қазақстанды Ресейдiң Самара, Саратов, Царицын және басқа да пролетарлар шоғырланған орталықтармен байланыстырып тұрған буын болатын. Дутовтың армиясы мамырда Толстовтың әскерiмен байланыс орнатты. Бұл жағдайды бұрынғыдан да шиеленiстiрiн жiбердi. Iс қиынға айналған соң Қызыл Армияның қолбасшылары Оралға В.И.Чапаевтың әскерiн аттандырды. Олар төрт күнге созылған шайқаста генерал Толстовтың қоршауын бұзып, қала гарнизонына қосылды. М.Ф.Фрунзе 1919 жылдың 11 шiлдесiнде В.И.Лениннiң атына жеделхат жөнелттi. «Бүгiн сағат 12 кезiнде Орал қаласының қоршауы жойылды. Бiздiң әскери бөлiмдер қалаға кiрдi». В.И.Чапаевты Орал қаласының басшылары П.Г.Петровский, И.И.Андреев, С.М.Штыб, Ә.Әйтиев, Б.Қаратаев, С.Арғыншиев қарсы алды. В.И. Чапаев жиналған халық алдында: «Қала гарнизоны екi жарым ай уақыт ақ гвардия шабуылын тойтара бiлдi. Осы қоршаудың тәжiрибесi күштiң санында емес, сапасында екенiн дәлелдедi. Нәтижесiнде кiшкентай ғана гарнизон генерал Толстовтың күштi қаруланған армиясына қарсы тұра алды. Сiздер – нағыз батырсыздар! Орал қаласын қорғау – революцияға шын жүректен берiлген адамдардың батырлығы мен ерлiгiнiң тамаша мысалы болды…» (Е.С.Лапин. «Чекисты Приуралья». Алматы. 1989 г. с.213). Орал қаласының қорғанысын ұйымдастыруда Әбдiрахман Әйтиевтiң еңбегi ерекше. Ол сол кезде облыстық коммунарлар жасағының атты барлаушыларының бастығы да болды. Кейiндеу губерниялық Төтенше комиссияда бөлiм бастығы қызметiне ауыстырылды. Әйтиевтiң басшылығымен бiрнеше солшыл эсерлердiң астыртын әрекеттерi ашылып, жауапқа тартылды. Орал гарнизоны iшкiсатқын жаулардан тазартылды. Әйтиевтiң iскерлiгiн жоғары бағалаған губком оны Төтенше комиссияның Құпия-оперативтiк бөлiмiн басқаруды сенiп тапсырды. Сол ауыр кезеңде әйелi Құлшан Әйтиева да оған жан-тәнiмен көмектестi. Бертiнде Құлшан Әйтиева сол ауыр күндердi былай деп еске алған. «… Ол кезде мен жастау едiм. Тұңғыш балам Кәмиланың үш-төрт жастағы кезi. Баланы өзiммен бiрге алып жүретiн жағдай болған жоқ. Сондықтан оны Сүгiрбай ауылындағы енемнiң қолына қалдырып кеттiм. Бала алып жүретiн уақыт емес-тi. Ал өзiм Әбдiрахманнан қалмай қалаға кеттiм. Себебi ауылда қалғанда да жаулар маған большевиктiң әйелiсiң деп күн көрсетпейтiн едi. Орал қорғанысы кезiнде барлық азаматтармен бiрге мен де қиын күндердi басымнан кештiм. Күндiз-түнi бiрдей тыным таппай, мезгiлiмен бел шешiп, ас iшудi бiлмеген, үнемi арпалыс арасында жүрген ерiме серiк болып, қолымнан келгенше көмек көрсетуге тырыстым…» Әйтиев қаладағы Разумов пен Любарскийдiң астыртын ұйымын сол Құлшанның тiкелей көмегi арқасында қолға түсiрдi. Әйтиев өзiнiң бiр естелiгiнде: «Құпия-оперативтiк бөлiм күндiз-түнi бiрдей тынымсыз жұмыс iстедi. Адам үшiн ең қажеттi нәрсе-ас iшудiң өзiне уақыт болмады. Өйткенi бұл өте қиын кезең болды. Не жаудың барлық әрекеттерiн, құпия дайындап жатқан заговорды әшкерелеп, зиянсыздандыру керек, гарнизонды төнген қауiптен аман алып қалу керек, не жау iштен де, сырттан да бас көтерiп, жүздеген, мыңдаған күрескерлердi құрбан етедi. Бейкүнә адамдарды атып-асып, ойран салады»,– деп жазған. Контрреволюциялық қастандық жасаушыларды дер кезiнде әшкерелеп, тұтқындағаны үшiн Орал губерниясындағы РСФСР-дiң Төтенше комиссиясы 1919 жылы 6 тамызда №70 бұйрығымен Әбiрахман Әйтиевке алғыс жариялады. Төтенше комиссияның төрағасы С.М.Штыб қол қойған сол бұйрықтың қысқартылған үзiндiсi мынау. «… Әйтиев жолдас қала қоршауда болған кезде коммунист, революционер ретiнде шаршап-шалдығу, қажу дегендi бiлмей, қажет болған жағдайда тәулiк бойы бүкiл 24 сағат дерлiк қызмет атқарды. Мiне, осы еңбегi үшiн Әйтиев жолдасқа тағы да алғыс жариялаймын және революцияның сынынан өткен қызметкерi ретiнде Әйтиев жолдасқа берiлiп отырған жаңа қызметте де ол бұрынғы атқарған комитетiндегi сияқты еңбекшiлердiң жеңiп алған құқықтарын көздейдi, еңбекшi халықтың жалпы бақыты үшiн көп еңбек сiңiрдi деп мен сенемiн». Оралдағы жау қоршауы бұзылған кезде В.И.Ленин қол қойған Қорғаныс кеңесiнiң қаулысымен танысайық. «Жұмысшы-шаруа үкiметi үшiн болған табан тiрескен күресте барлық жағынан ызалы жау қоршаған IV армияның ержүрек әскери бөлiмдерi Орал қаласында екi айлық қоршауға төтеп бердi. Жоқшылыққа төзе отырып, өз өмiрiн үнемi төнген қауiп-қатерде ұстай отырып, Оралдың қорғаушылары революция iсiне нағыз берiлгендiктiң үлгiсiн көрсеттi. … Мұнымен қоса жан-жағының барлығы қоршауда болған Оралды қорғаушылар екi ай бойы белгiленген еңбекақы мен азық-түлiктi, сондай-ақ жабдықты ала-алмай, қиын жағдайда болғанын еске алып, Қорғаныс кеңесi қаулы етедi: Орал қаласында екi айлық қоршауға төтеп берген IV армияның қызыл әскерлерi мен командалық құрамына қоршаудың әр айы үшiн үш айдың еңбекақысы берiлсiн» Қорғаныс кеңесiнiң төрағасы В.Ульянов (Ленин). 1919 жылы тамызда Iлбiшiн уезi жаудан қайта азат етiлдi. Партия уездiк ревкомның төрағасы етiп Әбдiрахман Әйтиевтi тағайындады. Әйтиев уездiң бұзылып қираған тiршiлiгiн қайта қалыбына келтiрiп жатқанда жау негiзгi Қызыл Армияның Гурьев бағытында алыстап кеткенiн бiлiп, күтпеген уақытта тосыннан шабуыл жасады. Олар 1919 жылдың қыркүйегiнде қаланы қоршап алды. Сол айдың 4-5 күндерi В.М.Чапаев әскерi құрамында жаумен кескiлескен шайқастың бел ортасында жүрген Ә.Әйтиев кейiндеу сол оқиғаны қағазға түсiрген. «… Қалада қарулы күштер аз едi. Коменданттық роталарға дейiн майданға аттанып, бұл кеш күзетте курсанттар тұрған-ды. Ал бiзге Оралдан келмек болған қосымша күш бұл күнi Iлбiшiннен 35 шақырым жердегi Кожеқаров елдi- мекенiне түнеген едi. Осыны пайдаланып қашықтан орағытып жасырын Iлбiшiн түбiне келген ақтардың полковник Бородин бастаған атты әскер бригадасы күзеттегiлердiң бәрiн бiлдiрмей құртып, қолайлы деген жерлердiң бәрiне өздерiнiң пулеметтерiн орнатып, түнгi сағат бiрдiң кезiнде қалаға тұс-тұстан оқ жаудырды. Ұйқыда жатқан қала әбiгер болып, абыржыды да қалды. Атылған пулеметтiң тарсылы бiздi де оятты. Мен дивизияның информациялық бөлiмiнiң бастығы екеумiз қаланың шетiндегi үйлердiң бiрiнде жатқан едiк. Көмекшiлерiмiздi ертiп далаға шықтық. Қараңғы, ештеңе де көрiнбейдi. Тек қана борап тұрған оқ ешқайда баруға мұрша бермедi. Бораған оққа қарамастан штабқа жүгiрдiк. Ештеңе бiлiп болмайтын, түнi бойы көше ұрысы болып жатты. Ал таң ата қаланы айнала қоршап алған екi қатар атты әскер тiзбегiн көрдiк. Ендi соңғы мүмкiндiк қалғанша жаумен атысқаннан басқа ештеңенiң қалмағанын түсiндiк. Қаланың жер-жерiндегi өзiмiздiң адамдарды жинастырып, ұрысқа дайындалдық. Қолында револьверi бар Василий Иванович Чапаев жолдас әрлi-берлi жүгiрiп, жауға қарсы әскери сапты түзеп, тыным таппай жүрдi. Күндiзгi сағат екi-үштiң кезi. Жаудың атты әскерi шабуылға дайындалып жатқан кезде В.И.Чапаев жолдас бiзге жетiп келдi. Оның келiсi бiздi жiгерлендiре бастады. Одан-бұдан құралған қаруланған жүз шамалы адамды көшеге көлденең орналастырып, атты әскер шабулын тойтаруға әзiрлендiк. Бiрақ жау пулеметiнен қарша борап атылған оқ шегiнуге мәжбүр еттi. … Кiшкене толас бола қалды да, артынан iле-шала зеңбiрек снаряды Оралдың аржағына түстi. Екiншi снаряд келiп жау мен бiздiң екi арамызға, бiрақ жауға жақынырақ жерге түсiп, жарылды. Жаудың екi артиллериясы бiздi бастырмалата атқылай бастады. Бiрнеше минуттан кейiн ақтардың атты әскерi жан-жақтан лап қойды. Осы кезде сенер ештеңе қалмағанын бiлген чапаевшылар асау толқынды Оралға бет қойды…». Олар Жайықтың жар қабағына келiп, ат-матымен өзенге қойып кетедi. Әйтиевтiң астындағы ат болдырғаны соншалық, өзеннен жүзiп өту мүмкiн болмайды. Әйтиев қайта жағаға шығып, шаңның арасымен қалаға қайтып келедi. Шеткi үйге жете бергенде атына жау оғы тиiп омақаса құлайды. Өзi үйдiң биiк дуалынан iшке қарғып түседi де жинаулы тұрған отынның арасына кiрiп жасырынады. Ол: «Қара тер болып жүрген кезде түскен күзгi өзен суынан етiксiз бас киiмсiз шығып, су қалпыммен жатқанымда суық түн басталды. Тоңып, дiрiлдей-қалтырай бердiм. Оның үстiне тұмау қысып, кенезем кебе бердi. Түнеп шықтым. Келесi күнi күн бата қалаға бiрiншi болып келiп жеткен дивизияның Пугачев атындағы полкi болды. Комбриг Кутяковтың айтуы бойынша, дабыл белгiсi тым кеш келдi. Қанша атты қамшылап, көмекке асықса да бәрiбiр үлгермедiк деп қынжылды. Кутяков ендi В.И.Чапаевтың орнына келген iзбасары болды. Әрине, Кутяков – тамаша командир. Бiрақ… Чапаев емес қой. Чапаев ендi қайталанбайды» (Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының Қолжазба қоры. №1652 пәпкi 360-368 бб). 1919 жылы 10 шiлдеде В.И. Лениннiң қолы қойылған «Қырғыз өлкесiн басқару жөнiндегi Революциялық комитет туралы» деген РСФСР Халық Комиссариаты Кеңесiнiң декретi жарияланды. Қазақ революциялық комитет құрамына әуелi 7 адам кiрдi. Оның төрағасы болып Кеңес үкiметi Наркомнацтың орынбасары С.С.Пестковский тағайындалды. Мүшелерiне Ә.Т.Жангелдин, С.Меңдешов бастаған топ ендiрiлдi. Кейiндеу бұларға Авдеев, Әйтиев, Қаратаев, Арғыншиевтi қосты. Солардың бәрiне В.И.Лениннiң қол қойған Революция комитетi мүшесiнiң мандаты тапсырылды. Қазақ ревкомның он бөлiмi жұмыс iстедi. 1. Басқару. 2. Азық-түлiк. 3. Әскер. 4. Жер. 5. Халыққа бiлiм беру. 6. Денсаулық сақтау. 7. Әдiлет. 8. Әлеуметтiк қамту. 9.Пошта және телеграф. 10.Жұмысшы-шаруа инспекциясы. Сондай-ақ өлкенiң Халық шаруашылығы кеңесi құрылды. Казревкомның алдында тұрған үлкен мiндеттердiң бiрi Алашорданың Батыс бөлiмiнiң басшысы Досмұхамедовпен жеке келiссөз жүргiзiп, оны жасақтарымен бiрге Кеңес билiгiне өтуге көндiру тұрды. Ревком осы мәселенi құпия жағдайда атқаруға шешiм қабылдады. Онымен келiссөзге IV-шi армияның Реввоенсовет өкiлетi В.И.Лежава-Мюрат, ревком мүшелерi Б.Қаратаев пен Ғ.Әлiбеков барды. Казревком Қазақстан Кеңестерiнiң Құрылтайын шақырып келелi мәселе қарауды қолға алды. Құрылтай делегаттары Патша үкiметiнiң бөлшектеп тастаған ежелгi қазақ жерiн қайта бiрiктiру негiзiнде Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республика орнатуды мақсат еттi. Бүкiлқазақтық Құрылтай шақыруға арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында Ә.Әйтиев, С.Меңдешев, В.Лукашов, Б.Қаралдин болды. Комиссияға Құрылтайды шақыру жайында нұсқаулар жасауды жүктедi. Нұсқаудың қазақ халқына арналатын бөлiгiн Ә.Әйтиев, А.Байтұрсынов, Б.Қаралдин және В.Мұқашевқа тапсырылды. Ал орыс халқына арналатын бөлiгiн В.Лукашовке, С.Меңдешевке және А.Петровқа жасауға сенiм артты. Сол нұсқауларды 1920 жылы 5 мамырда Қазақ Әскери-революциялық комитетi бекiттi. Нұсқаудың негiзiне РСФСР Конституциясының қағидалары енгiзiлдi. 1919 жылдың 15-16 желтоқсан күндерi Мәскеуде М.И.Калинин, В.А.Аванесов, М.Ф.Владимирскийдiң басшылығымен Қазақ, Башқұрт және Татар кеңестiк республикалар туралы үлкен мәселелер қаралды. Қазақстаннан кеңеске С.С.Пестковский, Ә.Әйтиев, Н.Бекетов, Х.Чурин қатысты. Онда қаралған мәселелер: 1.Қазақстан, Башқұртстан және Орынбор губерниясының шекаралары. 2.Қазақстан және Башқұртстан, Татарстан және Башқұртстан республикаларын қосу. 3.Республикалар және Орталық сондай-ақ жергiлiктi Кеңестер органдары арасындағы өзара қатынастары. 4.Казревкомның дербес құрамы. Кеңес Башқұртстан және Қазақстанның, Татарстан және Башқұртстанның қосылып бiртұтас ел болуларына қарсы болды. Түркi халықтары бiрiксе, үлкен күшке айналатындарын сездi. Сондықтан оған жол бермедi. Содан төрт ай бұрын Казревком, губком партия және губерниялық атқару комитетi бiрлескен мәжiлiсiнде Орынбор қаласын Қазақстанға қосу жөнiнде сөз қозғалған едi. Кеңес осы мәселенi қайта қарап, оң шештi. ВЦИК Төрағасы М.И.Калинин Орынбордың Қазақстанға қосылуының экономикалық тиiмдi жақтарын айта келiп, қолдау көрсеттi. 1920 жылы 7 шiлдеде Орынбор Қазақстан аймағының құрамына кiрдi. Қазақстан Кеңестерiнiң Құрылтайынан кейiн Орынбор ел астанасы болды. «1920 жылы тамыз айында Мәскеуде Казревком, Түркiстан, Сiбревком және басқа ұйымдардың өкiлдерi қатысқан Қазақ АССР құрылуы туралы бiрнеше рет кеңестер өткiзiлдi. ВЦИК Президиумының жанынан В.И.Лениннiң төрағалығымен 9-10 тамыз күндерi өткiзiлген кеңес ел тарихынан аса маңызды орын алды. Онда Казревкомның ҚАССР территориясы туралы ұсынысы мақұлданды». (Т.Көлбаев, Р.Әйтиева «Әбдiрахман Әйтиев – ерлiк пен қасiретке толы өмiр». «Арыс» 2006ж). Әбдiрахман Әйтиев Казревком төрағасының орынбасары ретiнде денсаулық сақтау қызметiне зор көңiл бөлдi. Ондағы қордаланған түйiндi мәселелердi шешуде iскерлiк танытты. Сол жылдың желтоқсан айында «Қазақ-түрiкпен шекаралық қатынастарын реттеу жөнiндегi республикааралық комиссияны» басқарды. Екi елдiң шекарасын талассыз, тартыссыз шешуде де Әйтиев атқарған iс аз емес. 1920 жылдың 13 пен 24 тамыз аралығында Кремльде Қазақ Кеңестiк автономиясы туралы жауапты қызметкерлердiң арнайы мәжiлiсi өттi. Оған В.И.Лениннiң өзi төрағалық еттi. Сондай-ақ Халық Комиссариаты Кеңесi (Совнарком) Қазақ өлкесiн басқару мәселесiмен 17 және 24 тамызда өз мәжiлiсiн өткiздi. Қазақ мемлекеттiлiгiнiң тағдыры шешiлiп жатқан осы бiр мәжiлiстерде Қазақ Әскери-революциялық комитетi төрағасының орынбасары Әбдiрахман Әйтиев ел мүддесiн қорғауда оянып қалған жоқ. Ал қазан айында Орынборда Қазақстан Кеңестерiнiң бiрiншi Құрылтайы республиканың жоғары билiк орындарына қызметкерлер тағайындады. Қазақ АССР-нiң бiрiншi Iшкi iстер халық комиссары болып Әбдiрахман Әйтиев сайланды. Ол төрт жылдан астам уақыт iшiнде комиссариатты толық қалыптастырып, жұмысын жолға қойды. Халық комиссары Әбдiрахман Әйтиевтiң 1922 жылы 28 маусымда бұйрығы жарияланады. «Милиционер, поставленный блюсти общественную нравственность, прежде всего, должен быть сам безупречным. Понятие и представление о милиционере у населения должны быть связаны только с честью, справедливостью, законностью, вежливостью, культурностью и прочими лучшими качествами безупречных людей» (ҚР ОММ, 44-қ, 9-т, 219-iс, 321 б). Ол бұйрық берiп қана қойған жоқ, барлық милиция қызметкерлерiнен оны орындауды талап еттi. Милиция қатарын арам пиғылдағылардан тазартты. Партияның ХII съезi қарарында ұлттық мәселе де назардан тыс қалмапты. «… Ұлттық республика және облыс органдары артықшылықтары бойынша жергiлiктi ұлттың тiлiн, тұрмысын, халықтың қасиетiн және әдет-ғұрпын бiлетiн адамдардан құрылған; барлық мемлекеттiк органдарда, барлық мекемелерде ана тiлдi қолдануды қамтамасыз ететiн, жергiлiктi және ұлттық тұрғындарға, ұлттық азшылықтарға қызмет ететiн арнайы заңдар – ұлттық құқықты, әсiресе, ұлттық азшылықтар құқығын бұзушыларды революциялық қатаңдықпен қудалау және жазалау заңдары шығарылды».Әбдiрахман Әйтиев съездiң осы қаулысын жедел әрi бұлжытпай iске асыруды ұсынады. Ол өзiнiң мақалаларында ұлттандырудың мәнiн атап көрсеткен. Сондай мақалаларының бiрi «Қазан революциясы және ұлттық мәселе». Онда автор негiзгi кедергiлердiң бiрi – ұлттық сенiмсiздiк екенiн айта келiп: «Бiрiншiден, орталықта және кеңседе отырған орыс жолдастардың басқа ұлттарды басқару әдетiн қойғысы келмейтiндiгi, екiншiден, шаруашылықта және тұрмыста жергiлiктi ұлттар теңсiздiгiнiң әлi де болуында» – деп ашып жазған. Осындай батыл пiкiрлерi арқылы ол ескi құрылыстан қалған үстемдiк сарқыншақтарды жеңудi, ол үшiн кеңестiк аппаратты ұлттандыру туралы мәселенi жедел түрде шешiп, оны ауылдың еңбекшi бұқарасымен жақындастыруды қадап айтқан. 1921 жылы елдiң бiрнеше басшылары В.И.Лениннiң қабылдауында болған. Сонда Ленин Әйтиевтен: «Түркiстан қалай? Кеңсенi өз тiлдерiңе аудардыңдар ма?»– деп сұрағанда ол бұл мәселеге ұлттық қана емес, әлеуметтiк мән беру керектiгiн, басқару аппаратын жергiлiктi тұрғындар өкiлдерiнен құрып, барынша жақындастырғанда ғана аудармашылардың, болыстық басқармалар және т.б. тәуелдiлiктерден құтылуға болатынын, әсiресе қазақ халқы тығыз орналасқан жерлерде кеңестiк басқаруды ұлттандыру қажеттiгiн баса айтқан. Қырғыз (Қазақ) Революциялық комитетi төрағасы С.С.Пестковский 1930 жылы «Кеңестiк өлке» басылымының 4 қазанда жарық көрген санында: «Қазақстанды кеңестендiрудiң бiрiншi кезеңi» атты мақаласында былай деген: «… Второй раз мы поехали в Москву весной 1921 года на IХ съезд партии. Кроме меня в качестве делегатов поехали Арганчеев и Айтиев. В этот раз мы тоже после съезда зашли к Ильичу и поставили перед Ильичом вопросы о байском засилье. Ильич внимательно слушал и задал товарищам -казахам целый ряд вопросов с целью выяснения экономических и социальных корней господства баев и манапов. Наконец он сказал: «Очевидно, вам придется раньше или позже поставить вопрос о перераспределении скота в Казахстане. …Насколько помню, все предложения с мест не отличались особой конкретностью. Видно было что все, в том числе и я, слабо понимали еще тогда сущность казахского вопроса». Иә, олардың ең басты қателiгi осында болды. Кеңес үкiметi алғашқы жылдары ұлттық мәселеге көңiл қойғанымен, кейiн орыстық шовинизм үстемдiк алды. Әбдiрахман Әйтиевтiң бұдан кейiнгi өмiр жолдары, қызметi, публицистикалық әрi ғылыми еңбектерi,тағдыр-талайы өз алдына бөлек әңгiме.Көлбай Адырбекұлы