«АЙ МЕН АРУ»

«АЙ МЕН АРУ»

«АЙ МЕН АРУ»
ашық дереккөзі
289

«Сұлу мен суретшiнiң» тұсауы кесiлдi

«Сұлу мен суретшi» көркем фильмге сұранып-ақ тұрған дүние. Әттең, оны қоятын режиссер болса… Дәл осы ой маған шығарманы оқыған кезде туындап едi. Одан берi де бiраз уақыт өткен. Дәл менiң көкейiмдi мазалаған ой белгiлi режиссер Нұрқанат Жақыпбайдан алыс кетпеген-ау деймiн. Оған куәгер жуырда ғана Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың сахнасында тұсауын кескен «Сұлу мен суретшi» спектаклi. Режиссер көркем фильм болмаса да, фильмге бергiсiз дүниенi өмiрге әкелiптi. Спектакльдi көргеннен кейiн, бiз осындай ой түйдiк.

«Сұлу мен суретшi» драмасы – махаббат тақырыбына жазылған шығарма. Автор бұл драмасы арқылы ғашықтар арасындағы таза сүйiспеншiлiктi, адалдықты, ессiз құштар сезiмдi асқақ биiкке көтерудi, екi жастың жан әлемiндегi iнжу-маржандай жарқыраған асыл қасиеттерiн шынайы ашып көрсете отырып, көрермендi өмiрге сүюге, өнердi бағалауға ынтықтыра түсудi мақсат еткен» деп жазылыпты анонста. Рас, жазушы Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретшi» повесi сүйiспеншiлiкке, адалдыққа, өмiрдi сүюге тәрбиелейтiн шығарма. Бiрақ, дәл осылай, тек екi ғашықтың арасындағы жүрек қылын шертетiн асыл сезiмдi суреттеумен шектелер ме екен. Сiз повестi оқысаңыз да, спектакльдi тамашаласаңыз да, дәл осындай ой түйер ме екенсiз. Жоқ, ол тек махаббат тақырыбына ғана арналып жазылған шығарма емес. Ол бүгiнгiдей өнердi қадiрлемейтiн, өнердi бағаламайтын заманның ащы шындығын бейнелейтiн туынды. «Таза мiнсiз» өнердiң әлдебiреулердiң қолында, әлдебiреулердiң табанының астында қалғандығын масқаралайтын туынды дер едiк мұны бiз. Өнердi өнерге ғашық жандар ғана мойындайды. Өнерге ғашық жандар өнердi сүйетiн жанды да бағалайды. Бұл жердегi «сұлу» да, «суретшi» де – нағыз хас өнердiң протатиптерi.

Әлқисса, повесть бiр бөлек те, спектакльдiң жыры бiр бөлек. Повесть оқыған кезде жүрегiңнiң түбiндегi нәзiк бiр бояуды шертiп қойса, спектакль соны көз алдыңа алып келедi. Кейде күрделi шығарманы бейнелеу де қиын, әрi ауыр. Соған қарағанда, спектакльдiң соншалықты тартымды, әрi көңiлден шыға бiлгендiгi жазушының стилiнде жатса керек. Әрi оған режиссердiң шеберлiгiн қосыңыз. Спектакльдiң алғашқы бөлiмi екi ғашық жардың арасында ғана өрбитiндiктен, көрермен үшiн қабылдау қиын болар едi. Тек, режиссер бұл жерде пластикалық қимыл-қозғалысты өте шебер пайдаланған. Тiлмен айтып жеткiзе алмайтын ньюанстар қимылмен, iс-әрекетпен ұтымды шыққан. Бұған композитордың жүрек қылын шертетiн сазын қосыңыз. Спектакль барлық жағынан бiр-бiрiмен үйлесiп жатыр. Жазушы көптiң көңiл түкпiрiнде жүрген сәттi суреттесе, режиссер оны қимыл-қозғалыспен бейнелеп, композитор оны өзiнiң көңiл сазымен әрлеп отыр. Мұндағы сұлу саздың да үйлесiмдi шығуы композитордың бiлiктiлiгiнде жатса керек. Бiр қызығы, ең алғаш рет театрда, онда да М.Әуезов театрында музыкалық әрлеудi қолға алған Кеңес Дүйсекеев режиссермен жолықпай жатып-ақ, шығарманың ауанына қарай, музыкасын жазып шығыпты. Демек, шығарма шын таланттың да көңiлiнен шықты деген сөз. Оның үстiне, композитордың сөзiмен айтқанда, өнердiң биiгiнде жүрген жанның биiктен аласармағаны жөн. Жаман жазылған жалғыз дүние, жақсы туған жүз дүниеңдi шайып кетуi мүмкiн.

Нұрқанат ағаның қолынан шыққан дүниелердiң көбi бұған дейiн жастар театрында көбiрек көрсетiлiп келдi. Ол кiсiнiң спектакльдерiн тамашаласаңыз, режиссердiң қолтаңбасын бiрден байқайсыз. Режиссер көбiне дерлiк, сөзден гөрi, пластикалық қимыл-қозғалысты көбiрек көрсеткендi қалайды. Әрi онысы көбiнде жақсы әсер қалдырады. Бiрақ кейде режиссер қалаған дүниенi актер орындай бермейтiнi тағы бар. «Спектакль сахнаға шыққанда режиссер де, автор да сахнаның сыртында қалады. Ал, оны ары қарай актер алып шығады. Яғни, спектакльдiң ендiгi тағдыры актердiң қолында», – деген едi театр танушы ағаларымыздың бiрi. Расында да, спектакльдiң мықтылығы, оны сомдайтын актерлердiң мықтылығында. Жүз жерден керемет дүние жазсаңыз да, оны актерлер сәттi сомдай алмаса, мықты дүниеңiздiң құны көк тиын. «Сұлу мен суретшiнiң» де тағдырын алып шыққан актерлер қауымы. Оның iшiнде, Сұлу – Әйгерiм мен суретшi – Берiктiң, суретшi – Құманның арқасы. Әйгерiм мен Берiктiң ойынында кемшiн тұстар байқалып жатады. Бiрақ, олардың өнерге басқан алғашқы қадамдары, алғашқы баспалдақтары болған соң ба, кешiрiммен қарауға тырыстық. Әрине, спектакльге ә дегеннен-ақ, сын айту қиын. Ол үшiн оны бiр емес, бiрнеше рет тамашалауыңыз қажет. Рас, спектакльдiң шешiмiн тапқан сәтi — суретшi Құманның сахнаға шыққан тұсы. Әрi спектакльдiң шешушi сәтi сол кезде басталады. Өмiрден түңiлген, өнердiң жолында бәрiн тәрк еткен, «жалт еттi де жоқ болған» арумен өткен бiр сәттiк махаббаттың ұмытылмас туындысын өзге бiреудiң қанжығасында байлаған тағдыр иесiнiң кейпiн дәл сол күйiнде бейнелеген Құман-суретшi образы көкейiңiзге бiраз ой салады. Расында да, хас шебердiң — аты хас шебер. Сахнаның майын iшкен майталманның ойыны сәттi шықпағанда қайтсiн?!

Театр сахнасына шығып, көрерменiн таба алмаған шығармалар да жоқ емес. Соған қарағанда, «Сұлу мен суретшiнiң» өмiрi ғұмырлық болары даусыз. «Ай мен аруды» көрудi аңсаған талай көрермен театрға асығары да анық.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары