ТҮЙМЕБАЕВ ТIЗГIНДI ҚАТАЙТА ТҮСТI

ТҮЙМЕБАЕВ ТIЗГIНДI ҚАТАЙТА ТҮСТI

ТҮЙМЕБАЕВ ТIЗГIНДI ҚАТАЙТА ТҮСТI
ашық дереккөзі
250

Уақыт шiркiн судай аға жөнеледi. Тiптi, әр нәрсеге төрешi бұл сын сағаттың өзi қас пен көздiң арасында ғайып болады. Құдды тоқтаусыз зымырап жөңкiген жүйрiк пойыздай дерсiң. Қайтып оралмайтын, артына еш қайырылып қарамайтын мектептегi қайран шақтар да дәл солай. Күнi кеше ғана тарыдай болып кiрген бүлдiршiн, ендi мiне, таудай болып жаңа өмiр баспалдағына қадам басқалы тұр. Бұдан былай қатар-қатар тiзiлген парталар, қабырғаға iлiнген сынып бұрышындағы ақыл-кеңестер, шимай-шатпаққа толы тақтадағы есептер, бәрi, бәрi ұмытылмас естелiкке айналады. Қалай болғанда да, соңғы қоңырау әрбiр мектеп бiтiрушi түлектiң жанына әсер беретiн ерекше толқынысқа толы сәт. Өйткенi, бұл күнi түлек балаң шақпен бiржола қоштасып, жаңа өмiрге еркiн қанат қаққандарын сезiнедi. Бiрақ алтын ұя – мектебiнен, ұлағатты ұстаздарынан, тiптi, бiрге жүрiп, бiрге күлген достарынан қол үзiп қалуды ойлағанда, ерекше бiр қимастық күшi бойды билеп алатыны рас. Мұндай ыстық жасқа толы тебiренiстi сәттер қай-қайсымыздың да басымыздан өткен.

Сонымен, елiмiздiң барлық бiлiм ұяларында соңғы қоңырау соңғы рет сыңғырлады. Биыл елiмiз бойынша алтын ұядан 175 мың түлек түлеп ұшса, оның 3 мыңы «Алтын белгiден» үмiткерлер. Ал қарлығаштардың 144 мың 117-сi ғана ұлттық бiрыңғай тестiлеуге (ҰБТ) қатысуға өтiнiш бiлдiрген екен. Бiр айта кетерлiгi, 175 мың түлектiң 10 мың 426-сы Алматы қаласынан. Олар қала әкiмiнiң ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлi түрде өтетiн «Жас талап» мектеп бiтiрушiлердiң фестивалiне қатысып, жүрекжарды қуанышы мен қимастық сезiмiн бiрге бөлiсу бақытына ие болды. Орталық алаң алаулаған жастардың ықыласына бөлендi. Аяқ алып жүретiн жер жоқ. Айтпақшы, бұл күн Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк нышандары күнiмен дөп келiптi. Соған байланысты, шараның басы елдiгiмiздi бiлдiретiн туды асқақтата көтерумен және Әнұранды қалықтата шырқаумен ерекшелендi. Мектеп түлектерiнiң қоштасу кешiн салтанантты түрде ашқан қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов оқушылардың 237-сi «Алтын белгi», ал 226-сы үздiк аттестат алуға үмiткер екендiгiн айта келе, Қазақстанның болашақта жаңа тарихи әлемге енуi сiздерге тiкелей қатысты деген лебiзiн жеткiзiп, сендер елiмiз әлемнiң бәсекеге қабiлеттi 50 елi қатарына енуге ниет бiлдiрген аса үлкен тарихи баспалдақ кезеңiнде тұрған сәтте үлкен өмiрге бет бұрып тұрсыңдар. Халқымыз үшiн аса маңызды жауапкершiлiктiң бiр бөлiгi сендердiң иықтарыңа да түседi. Болашақ – сендердiкi, сондықтан да жастардан терең бiлiм мен ақыл-ой, озық көзқарас пен бiлiктiлiк талап етiледi», – дедi ол өз сөзiнде. Шынында да, елiмiздiң келешегi осы жастардың қолында. Мұндай жауапкершiлiктi кез-келгенi сезiнiп санаға түйе бiлсе жақсы. Қалай десек те, бүгiнгi ұрпақ ертеңгi күнге аманат. Сол үшiн олар тек бiлiм қуып, еңбек етуi абзал-ақ.

Ұлттық бiрыңғай тестiлеу әдiлетсiз бе, әлде…

Кейiнгi кезде ҰБТ жөнiнде әр түрлi пiкiр көп. Бiрi – тестiлеу бiлiм сапасының көсегесiн көгертпедi десе, ендiгi бiрi – балақ ұшынан жармасқан жемқорлыққа тосқауыл болмай жатқандығын айтады. Қайда барсаң да, «Қорқыттың көрi» деген осы. Бұл жемқорлық күнi бүгiн ғана емес, бұрыннан көлеңкемiзбен бiрге iлесiп келедi. Одан құтылудың жолын жан-жақты қарастырудың орнына керiсiнше төте жол салып беретiндер де өз арамызда. Оның жүзден бiрi ғана ұсталса, қалғаны iзiм-ғайым болады да, артынша судан ақ, сүттен таза боп шыға келедi. Екi ортада мән-жайға қанықпаған ата-ана зар еңiреп, баласының бiлiмдi екенiн дәлелдеп бағады. Бiрақ алдын-ала есеп бойынша, ол баланың орнын басқа дөкейдiң баласы иемденген. Әрине, өте қымбат бағамен. Кейбiр орта буын ағалар оқуға түсу өте қиын кезеңнiң өзiнде де жоғары оқу орнында бiлiмi төмен, сауатсыз студенттердiң жүретiнiн таңданыспен айтқан-ды. Сол уақытта да небiр дарынды, талантты талапкер ауылда сенделiп жүргенде, «студент» атына ақшасы бар қалталы немесе атақты азаматтардың үрiм-бұтағы лайық деп танылғаны жасырын емес. Өйткенi, ақша қайда да болсын кез келген мәселенi шешедi деп ойлайтындар бәрiн, соның iшiнде бiлiмдi де сол құдiреттi қағазбен алмастырып алған сияқты. Осыдан кейiн қазақ баласына бiлiмнен гөрi, диплом қымбатырақ па дейсiң. Жақында ЖОО-ның бiр профессорымен сұхбаттасқанда, осы тектес бiраз жайтқа қаныққаным бар. – Былтырғы жылы Абай атындағы педагогикалық университеттiң химия факультетiне түсемiн деген талапкерлердiң жинаған балын көрiп, өз көзiме өзiм сенбедiм. Қарасам, көбiсiнiң балы ең жоғары көрсеткiш. Әлбетте, әуелгiде үмiткерлердiң тасы өрге домалағына iштей қуандым. Бiрақ бәрiбiр бiр күдiк көңiлiмнен шықпай қойды. Қалайша? Мүмкiн емес ең жоғары көрсеткiшке бiрден жаңылыспай қол жеткiзу. Сосын «Жарайды, онда тұрған не айып бар?» деп өзiмдi өзiм жұбаттым. Жетсе, өз бiлiмiмен жеткен шығар. Ақыры соңында көңiлiм су сепкендей басылды. Кейiннен дәрiс үстiнде әдейi бiлiмiн тексерейiн деп, тура сол биiк шыңдағы әркiм жете бермейтiн баллды еншiлеген бiрнеше студенттi тұрғызып, қиын емес, оңай деген сұрақтарды төпелеттiм. Масқара болғанда, бiлмейтiн боп шықты. Тiптi, кейбiр формулалардан хабары жоқ. Оларға қарағанда, орташа балл жинаған студенттер әлдеқайда бiлiмдi екен. Мiне, мұндай сорақы көрiнiстерге жыл сайын куәгер болып келемiз. Соған қарағанда бiзде бiлiм қусын, бiлдей бiр ғалым болсын деген ниеттен гөрi, әйтеуiр қолына диплом алсын деген пасық пиғыл басым секiлдi, – деп ағынан жарылды. Қысқасы, оның ойынша, қандай бiр дарынды талапкер болсын, ә дегеннен-ақ 120 баллды жинауы мүмкiн емес. «Ол түгiлi бiлгiштердiң өзi бiлiп тұрып қателеседi».

Не десек те, ҰБТ өткеннен кейiн көптеген заң бұзушылықтар әсiресе, ата-аналар тарапынан айтыла бастайды. Баласының жолына қарайлап, есiк алдында зарығып күткен олар сол екi сағаттың өзiнде талай келеңсiз жайттарды көздерi шалып, куә болғанын ашына айтады. Былтыр Әл-Фараби атындағы ұлттық университетте болған ҰБТ-ны сырттай бақыладық. Баласын даладағы экраннан көрiп тұрған туғандары жандарын шүберекке түйiп тұрды. Әр жерде топыр-топыр, күбiр-сыбыр әңгiме. Кейбiр ата-ана баласы тестiнi тапсырмай жатып, өз-өзiне сенiмдi. Сөздерiне қарағанда, бәрiн жайғастырып қойғандай көрiндi. Ал бiз жақындаған қапталдағы бiрнеше ата-ананың қабағы түсiп кеткен, қатты алаңдаулы. – Әйтеуiр, баламыз мектепте жақсы оқыды. Жолы оң боп, жоғары балл жинаса деп тiлеп тұрмын. Көрдiңiз бе, мына ата-ана бағанадан берi осы тұрған бәрiмiзге менiң балам оқуға түсiп қойған деп бөскенiн қоймады. Демек, олар тест жауаптарын сатып алған. Әдiлетсiздiктiң нақ өзi! Сонда барлығы қатаң қадағалауда болады, қауiпсiздiк мекемелерi жұмыс iстейдi, заң бұзушылыққа жол берiлмейдi дегендерi қайда министрлiктiң?!

Жүре берсең, көре бересiң. Мұндай ауандағы әңгiменiң бiр емес, талайын құлағың естидi. Әрине, көргендiктен iштерi ашиды. Ендi қайтсiн. Бiрақ қолынан жетектеп ұстап алмағандықтан, дәлелiң қайсы? Өткен жылы осы сынды сорақы мысалдар тiптi көбейiп, БАҚ-да да жарияланды. Мәселен, Аягөз қаласындағы ата-ана тестiдегi кейбiр сұрақтардың күлкiнi келтiргендiгiн айтса, ал Оңтүстiк Қазақстан облысында тест жауаптарын беремiн деп, әр талапкерден 1000 доллардан жинап алған алаяқ қашып кеткен. Ал басқа облыс пен қалаларда ҰБТ-ға өзi емес, басқа адамның кiруi, ұялы телефондарды пайдалану және тест болатын жерге кешiгiп келу сияқты фактiлер де орын алды. Негiзiнде, экс-министр Әйтiмова сол күнi: «Бәрi сақадай-сай. Тест жауаптары құпия түрде сақталады. Демек, әдiлеттi өтедi» деп нық айтқан болатын. Бiрақ iс жүзiнде керiсiнше, сол нақты жауаптарды сыртқа шығарған министрлiктiң маңайындағылардың өзi емес пе? Биыл ҰБТ төртiншi рет өткiзгелi жатыр. Ж.Түймебаев келе салысымен Бiлiм туралы заң жобасын қайта қарап, бiраз өзгертулер мен түзетулер ензiзуге кiрiсiп кеттi. Ендi талап жылдағыдан әлдеқайда жоғары. Қабылдау емтихандарын бiрiктiретiн ҰБТ 50-ден 60-баллға көтерiлдi. Оған бюджеттен 521 млн. теңге қарастырылып қойған. ҰБТ өткiзiлетiн жерде қауiпсiздiк қызметкерлерi қызу жұмыс iстеп, әлгiндегiдей заңсыз әрекеттерге жол берiлмейдi. Ал тест жауаптары құпия ретiнде сақталмақ. Министрдiң сөзiне сенсек, биыл жылдағыдай емес ҰБТ тек бiлiмдiнiң бiлiмдiсiн ғана таңдауға мүмкiндiк бередi. Шынында да, айтылған шаралар iс жүзiнде жүзеге асса, тесттен әдiлеттi қабылдау емтиханы жоқ дейдi сарапшылар. «Бәрiн де өзiмiз құртамыз. Бiлiм төңiрегiндегiлер өзiне қатысты жауапкершiлiктi мойындамайды». Рас, баяғы ауызша сұрақ-жауаптан гөрi тестiлеудiң тиiмдi екендiгiн көп адам айтып жүр. Өйткенi, бiр мезетте бiрнеше пәннен дайындалып, жан-жақты iзденiп, бiраз нәрседен хабардар боласың. Бұл бiр жағынан еуропалық стандартқа бiр табан жақын, сол себептен кейбiр ел осы жүйенi таңдауға белсене кiрiстi. Несiн жасырайық, ҰБТ-да қазақ тiлi мiндеттi пәндердiң тiзiмiне қашан енгiзiледi екен деп ұзақ күттiк. Бұған дейiнгi министрлер әркiмге жалтақтаумен қауқарсыздығын танытса, Ж.Түймебаев 2008 жылдан бастап қазақ тiлi ҰБТ-да мiндеттi пән ретiнде қамтылатынын айтып бiр қуантты. «Көп күткенге бiр тосқан». Айтпақшы, заңға енгiзiлген өзгертулерге келсек, мұғалiм мәртебесiн көтеруге байланысты арнайы баптың кiруi, жоғары кәсiптiк мектептердi жандандыру және техникалық жоғары оқу орындарын көбейтiп, оған бөлiнетiн гранттың санын арттыру, ЖОО орындарының қаптаған филиалдарын қысқартып, бiрiктiру (176 ЖОО-нан келесi жылы 146-сы ғана қалады) шаралары қызу қолға алынды. Соның iшiнде, көптен бiтпес жырға айналған – мектепте оқушылардан ақша жинауға үзiлдi-кесiлдi тыйым салды.

Оқушыдан ақша жинау тыйылсын!

Елiмiзде мектеп пен балабақшаның жетiспеушiлiгi күн сайын бiлiнуде. Соған байланысты, Қазақстан өңiрлерiнде 100 мектеп салыну көзделiп отыр. Оған бөлiнiп жатқан қаржының саны жылдан-жылға көбеймек. «Алматы ақшамы» газетiне сұхбат берген Алматы қалалық Бiлiм департаментiнiң директоры Г.Есiмбаева: «Былтыр бюджет бiлiм саласына 15 млрд. теңге бөлсе, биыл 17 млрд. 559 млн. теңге бөлдi. Бiрiншi рет әрбiр мектептiң спорттық құрал-жабдықтары үшiн 50 мың теңге бөлiндi. Жалпы, қала мектептерiне шаққанда 28 млн. теңгенi құрайды. Ендiгi жерде мектептердегi сенбiлiктер үшiн ата-аналарға қол жаймау үшiн түрлi қажеттi құрал-жабдықтарға арнап 26 млн. теңге бөлiндi. Сондықтан «мектептер ақша жинауын әлi қоймады деп айтуға негiз жоқ», — дейдi. Есептесеңiз, мектептiң бар қажеттiсiне жетерлiктей ақша. Дегенмен, ата-ана әлi күнге жаз кезiнде мектептiң күрделi жөндеу жұмыстарына, мереке кездерiнде шайлыққа ақша жинауы толастар емес деп зар илейдi. Соның өзiнде күрделi жөндеу емес, сылап-сипау жұмысы ғана жасалынатынын айтады. Әлбетте, әлеуметтiк тұрмысы төмен отбасынан екi-үш бала мектепке баратын болса, жыламағанда қайтсiн. Ата-ананың көпшiлiгi бүгiнге дейiн министрлiктiң жаңағыдай қомақты қаржы бөлiп жатқандығынан мүлдем хабарсыз. Естiген құлақта жазық жоқ. Естуiмiзше, қаладағы кейбiр мектепте бiрiншi сыныпқа қабылдау кезiнде әр баладан белгiлi бiр мөлшерде ақша талап етедi екен. Бұл да заңсыз айла-әрекет. Қарасаңыз, кез-келген мектепте жоғары бiлiктi ұстаз бар. Әрине, ата-ана баласын жақсы, бiлiмдi мұғалiмнiң қоластында тәрбиеленгенiн қалайды. Бiрақ осының өзiн кейбiр мектеп басшыларының өз пайдасына ептiлiк жасайтынын ата-аналар айтып та жүр. Сонда жағдайы нашар отбасы баласы бiлiктi ұстаздың сыныбына түспейтiнi осыдан-ақ белгiлi емес пе? Сондықтан ата-ананың ұсынысы мынадай. Алдымен министрлiк жыл сайын бiлiм ұяларының құрал-жабдығына, күрделi жөндеу жұмыстарына, тағы басқа шараларына бөлiнген қаржыны паш етсе, ал қалалық, облыстық Бiлiм департаменттерi өз қарамағына тиесiлi мектептерге көзделген ақшаны алдын-ала теледидар мен баспасөз беттерiнде жариялап, тұрғындарды құлақтандырып отырса, көптеген кемшiлiктiң орын алмасы анық. Алайда, бұл қиын шаруа емес. Оның үстiне, оқушыдан беталды ақша жинау да күрт тоқтап, директор бұдан былай бiлiмнiң сапасына көңiл бөлер ме едi. Тәртiп бар жерде бiлiм бар. Үстiмiздегi жылы Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев бұл мәселеге қатаң түрде нүкте қойған сияқты. Шынында да, осы уақытқа дейiн келеңсiз жайлар орын алып келмесе, министр осындай бұйрық берер ме едi?

Сол сияқты кейбiр елдер сонау кеңестiк кезеңнен қанымызға сiңiп кеткен соңғы қоңырау, әлiппемен қоштасу сынды мерекелердiң кәдуiлгi той ретiнде атап өтiлетiнiне ашынып, тыйым салуға кiрiсiп жатыр. Мәселен, Тәжiкстан президентi бұған қарсы екендiгiн аңғартып, үндеу жариялады. Бiздiң де мұны дүркiретiп тойлайтынымыз күнi бүгiн емес. Тiптi, қазiр түлектер мектептi бiтiргендiгiн анау-мынау емес, қымбат мейрамханаларда атап өтетiн болды. Бұл әуелi ата-ананы қып-қызыл шығынға батыру. Ж.Түймебаев мұны да қаперiнде ұстап, келешекте бiрте-бiрте бұл ас та төк дарақы тойлардан арылуымыз керек дегендi айтып, оны тыю жөнiнде де бұйрық бердi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары