АВТОРЫ — ХАМИТ БРАЛИЕВ

АВТОРЫ — ХАМИТ БРАЛИЕВ

АВТОРЫ — ХАМИТ БРАЛИЕВ
ашық дереккөзі
254

Жақында жұртшылық Суретшiлер одағының көрме залынан мүсiншi Хамидула Бралиевтiң шығармашылығымен таныстыратын көркемсурет көрмесiн тамашалады. Суретшiнiң жұмыстары көпшiлiк назарына оның алпыс жасқа толған мерейтойына орай ұсынылған екен.

Мен көрменi ерекше әуестiк бiлдiре тамашаладым. Өйткенi онда қойылған туындылардың авторымен бiз көптен рухани дос болып кеткен едiк. Бұдан ширек ғасыр iлгерiде ол — сол шақтағы жас мүсiншi — Хамит Бралиев, бiздi ғарыш тақырыбын арқау еткен композицияларымен баурап алған болатын. Бiз, жас ұрпақ бойына елестете бiлу қасиетiн дарытуға септесемiз, оларды қиялдауға баулып, шығармашылық қабiлеттерiн ашамыз деген мұратты ұстанған «Бiлiм және еңбек» журналының қызметкерлерi, оның алғашқы жұмыстарын сол мақсатқа пайдаланған да едiк.

Редакция жанынан ұйымдастырған «Келешек келбетi» атты ғылыми-фантастикалық туындылар көрмесiне Хамиттiң бiрнеше мүсiндiк композициясын қойдық. Оларды жастар қызыға тамашалады. Журнал бетiнде жарияладық. Оқырмандар оған үлкен қызығушылық бiлдiрген. Сол жылдары редакция поштасы фантастика жанрында бояумен, тушпен, қарындашпен салынған, өзге де материалдармен орындалып, жас өркеннiң ұшқыр қиялын бейнелеген балаң суреттердi жиi әкелетiн.

Бiздiң үлкен досымыздың мүшелтойлық шығармашылық көрмесi көрсеткенiндей, ол бұл тақырыпты бертiнде де тастамай, үлкен серия жасаған екен. Сексенiншi жылдардың басында сомдаған «Жер тұрғындары» атты мүсiндiк композициясы батыл да тосын шешiмiмен ерекше көз тартатын. Ол бiзге: «Ғарыш кеңiстiгiн игеру – адамзат болашағы» деген тұжырымды нұсқайтындай көрiнушi едi. Бүгiнгi үлкен көрмеден көрiп тағы көзiм жеттi: Хамиттiң бұл туындысы адам баласының еркiндiгiн, адамның ақыл-ойының шарықтау өрiсiнiң шексiздiгiн жырлайды.

Осынау алғашқы жұмысына iркес-тiркес дүниеге келiп, ғарыш әлемiн арқау еткен «Жер тартылысы», «Марс бағы» секiлдi композициялары оны мазмұндық жағынан толықтырып тұрғандай әсер етедi. Ал бергi кезең жемiсi болып табылатын «Қосарласқан әлем», «Серпiн», «Түнгi қиял» атты жұмыстары көрерменiн жер-ана үстiндегi фантастикалық дүниемен қауыштырады.

Бұлардың бәрiнен суретшiнiң iшкi иланымын көресiз. Мүсiншi бiзге өз шығармашылығымен «адамның парасаты, ақыл-ойы ғаламат терең, ол өзiнiң дамуы мен ұшқыр шабытын шарықтатуда ешқандай шек-шекараға бағынбайды» деп тұрғанына күмән жоқ. Осындай сенiмi оның мүсiндiк өнерде батыл iзденiстер жасауына мүмкiндiк берiп жүргенiне аталған жұмыстарды мұқият назарлаған сайын көзiмiз жете түстi.

Сөз жоқ, осынау тамаша көрме куә – мүсiншi Хамидула Бралиев портрет жанрында өнiмдi еңбек етiп келедi. Ол балшықтан жасап, қатты материалдарға аударған портреттерге түгелдей дерлiк психологиялық, бейнелiк дәл мiнездеме, көрнекiлiк және мәнерлi айқындық тән. Академик Сақтаған Бәйiшов, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясына барған кеңес делегациясының мүшесi Михаил Есенәлиев, депутат Примов, мұғалiм Ахметов, кинорежиссер Мәжит Бегалин, ақын Мұхтар Шаханов, жазушы Николай Островский, батыр-қыз Мәншүк Мәметова мүсiндерi көрермендi өзiндiк шешiмiмен ойлантады. Тiке ат қойылмай, қорытылып жинақталған бейнелер ретiнде жасалған «Әйел портретi», «Бала портретi» де ешкiмдi бей-жай қалдырмайды. Бұлар бейне психологиясын жасауда суретшiнiң терең де нәзiк ырғақтарды мүсiн тiлiне тели алатындығын көрсетуiмен сәттi шыққан туындылар.

Хамидула Бралиевтiң шығармашылығына өз деңгейiнде жан-жақты талдау жасауды өнертанушылар ғана жүзеге асыра алса керек, дегенмен кiм-кiм де бiрден мойындайтын шындық – оның шығармашылық iзденiсi ауқымының кеңдiгi. Бұған дәлел ретiнде, жоғарыда тiлге тиек болған бағыттарға қосымша, оның шығармашылығында өткен ғасырдың жетпiсiншi жылдарына тән алаулаған жастық жалын да, ғасыр соңына қарай кең өрiс алған өткенге сын көзбен қарау, өзiн өзi жаңаша тану нәтижесi де көрiнiс тапқанын айта кету ләзiм.

Мәселен, оның жас шағында ағаштан ойып сомдаған «Әкелердiң жастығы» деген композициясы романтикалық, революциялық пафосқа толы жiгерiмен көз тартады. Рас, бүгiн бiз бұл жұмыстың сол кезгi идеологиялық ұстанымға сәйкес жасалғанын түсiнемiз, бiрақ соны бiле тұра, албырт жiгiттiң өнердегi көзқарасына сай сәттi сомдалған шығарма екенiн мойындаймыз.

Қызығы, араға жиырма шақты жыл салып, толысқан, кемелденген шағында мыстан соғып жасаған «Ақыл-ес селсоқтығы» деген композициясы оған мүлдем кереғар. Бұл – өткен кезеңдерге ой көзiмен қарау нәтижесiнде туған шығарма. Бас қауашағына құлып салынған, яғни санасы тұтқындалған интеллигент жүздi адамды қақталған мыспен бейнелеген образ – жалпы тоталитарлық кезең деформациясын, әсiресе әйгiлi Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiнгi елде орын алған қорқу, үрку, «кiшi 37» яки «жаңа 37» ахуалын туғызған кезең бейнесiн танытады.

Қысқасы, көрме мүсiншi Хамидула Бралиевтiң өз талтүсiне айтулы шығармашылық табыстармен келгенiн көрсеттi. Бiз оны осы елеулi белесiмен құттықтай отырып, алдағы уақыттарда да өнер сүйер қауымды сүйсiнтетiн жаңа биiктерге шыға беруiне тiлектестiк бiлдiремiз.

Бейбiт ҚОЙШЫБАЕВ

Серіктес жаңалықтары