ӨНЕР МАЙТАЛМАНДАРЫНЫҢ ШЕЖIРЕСI

ӨНЕР МАЙТАЛМАНДАРЫНЫҢ ШЕЖIРЕСI

ӨНЕР МАЙТАЛМАНДАРЫНЫҢ ШЕЖIРЕСI
ашық дереккөзі
351

«Қазақ музыкасының қысқаша тарихы» атты музыкалы оқулық-монографияларының үш томдығы хақында

Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Пернебек Момынұлының жарық көрген «Музыкалы – эстетикалық тәрбие» атты еңбегiнiң қажеттiлiгi, елiмiздiң жағдайында жас ұрпақты тәрбиелеу ұлттық сипат алатыны, өмiр сұранысынан туындап отырғаны қоғамдық мәселе. Сондықтан осы мәселенi жүзеге асыру үшiн өскелең жастарға өз халқының тарихи және рухани қазынасын, ұлттық мәдениет пен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрлерiн жан-жақты насихаттайды.

Автор жеткiншiктердi музыкалы-эстетикалы тәрбиелеу идеяларын талдай отырып, бұл тақырыпта зерттелмеген проблемаларды анықтап, оларға нақты түсiнiктер берген. Осыған байланысты оның мақсаты, мiндеттерi, теориялық және практикалық жаңалығы айқындалады.

Еңбекте әдiстемелiк тәсiлдер ноталармен көрсетiлiп, оларды тiкелей пайдалануға болатын жолдары көрсетiлiптi.

Пiкiр жазылып отырған еңбекте халық дарындары шығарған әндер мен күйлердi зерттеудiң, оларды бiр жүйеге келтiрiп,нотаға түсiрудiң пайдасы болашақ жастар үшiн үлкен тарихи, мәдени маңызы бар екендiгiн айтқан жөн.

Халық композиторларынан Қорқыт ата, әл-Фарабиден бастау алып, Құрманғазы, Дәулеткерей, Ықылас, Тәттiмбет, Мұхит, Дина, Жамбыл, Кенен туғызған әндердi, күйлердi, жырларды ерекше атап, бүгiнгi дәуiрде олардың әндерi мен күйлерi А.Затаевич пен А.Жұбанов, Е.Брусиловский, М.Төлебаев пен С.Мұхамеджанов, Е.Рахмадиевтiң операларына арқау болып хорға, музыка аспаптары, өнер ұжымынан құрылған үлкен оркестрге ұласады. Автор жеке ән салу мен орындаушылық өнер туралы және оркестр мен орган аспаптарына тоқталып, әрқайсысының сипаты мен мазмұнына жекелеген мысал арқылы музыкалы-эстетикалық, тәрбиелiк маңызға көңiл аударған.

Қазақтың музыка мәдениетiнде халықтың ән-күй, композиторлық пен өнер, мәдениет қайраткерлерiнiң өмiрi мен шығармашылығын зерттеп, тұңғыш рет монографияларды 1950-1960 жылдары жарыққа шығарған музыка зерттеушi, композитор, қайраткер, академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов десек, 1990-2007 жылдары өзiнiң ұстазы болған Ахмет Жұбановтың музыка зерттеу саласын кеңейтiп, тұңғыш рет музыкалы-эстетикалық тәрбие мен педагого-психологиялық оқу-методикалық құралдарды дүниеге келтiрiп жүрген тұлға профессор Пернебек Момынұлы, – деп бiлемiз.

Руханият саласындағы жылдар бойы қордаланып қалған зәрiлiктердi бiрiнен соң бiрiн туындатып ортақ ойдың талқысына салып жатудың дер кезi ендi келдi. Расында да, алдымызда тұрған жауапты болашаққа бiздiң қазақ халқы өз руханиятынан не алып, немен баруы керек? Ғасырлар бойы сұрыпталып, екшелеп, қазiргi заманға бiрге жеткен қазына-байлықтан, мол-мол мұра мүлiктерден, мәдениет пен өнерден жас ұрпаққа ненi қалдырамыз, ненi үйретемiз?

Салмағы ауыр бұл мәселенi бiраз жеңiлдетiп, көңiлiмiздi толғататын бiр жәйт қазiргi кезде «Мәдени мұра» атты ауқымды бағдарлама түзелiп, сәтiмен iске асырылып жатқан шаруа. Бұл бағытта қазiрдiң өзiнде бiрсыпыра iстiң басы қайырылып қалғанын да көрiп отырмыз. Мәселен, П.Момынұлының «Қазақ музыкасының қысқаша тарихы» (III томдық атты еңбегiн айтуға болады).

Еңбек жетi тараудан тұрады. Бiрiншi тарауда «Өткен ғасырлардағы ел мәдениетi және өнер қайраткерлерi» деп аталады. Мұнда қазақ топырағынан шыққан данышпан Әбу-Насыр әл-Фарабидiң, Сегiз серi Мұхамедханапия Бахрамұлының, Дина Кенжеқызы Нұрпейiскелiнiнiң, олар: Махамбет Өтемiсұлы, Қали Байжанұлы, Қасымжан Бабақұлы, Тұрар Рұсқұлов және қазақ мәдениетi, Манарбек Ержанұлы, Нұртаз Оңдасыновпен төрт рет кездесу т.б. өмiрлерi мен музыка өнерiнiң өсiп дамуына қосқан үлестерi қысқаша баяндалады.

Екiншi «Қазақстан Республикасының композиторлары мен музыка зерттеушiлерi» тарауда: Д.Мацуцин, Р.Елебаев, С.Кәрiмбайұлы, Г.Шомбалов, Б.Жүсiбалиев, Ғ.Бейсенова, Х.Тастанов, Д.Ботбаев, Б.Жамақаев, Ө.Бәйдiлдәұлы, З.Қоспақов, Т.Базарбаев, Б.Жұманиязов, С.Күзембаева, М.Маңғытаев, М.Сағатов, Е.Хасанғалиев, С.Байтереков, Ж.Тұрсынбаев, А.Қоразбай, Ж.Сеилов, Б.Қыдырбек Балғабекқызы, М.Илясов, С.Еркiнбек Жексенбекұлы т.б. өнер қайраткерлерiнiң өмiрi мен музыка саласына еткен еңбектерi сөз етiледi.

Үшiншi «Қазақ халқының дарынды әншiлерi мен сахна шеберлерi» атты тарауда С.Әбжанов, Р.Есiмжанов, Р.Омаров, К.Ошлаков, М.Ешекеұлы, Д.Рақышұлы «Досмұқасан» (сахналық әндi аспаптар ансамбль бiрлестiгi) т.б. туған елдiң топырағында түлеген сахна майталмандары сөз етiледi.

Төртiншi «Қазақстан Республикасының дарынды кәсiби әншi солистерi мен сахна шеберлерi» атты тарауда Б.Жылысбаев, А.Байтоғалұлы, С.Әбусеитов, Ж.Әубакiрова, Б.Аюханов, Н.Нүсiпжанов, Р.Жұбатұрова, Қ.Қалиламбекова, Қ.Ақмедияров, Ғ.Есимов, Г.Қадырбекова, К.Мыржықбай, М.Бисенғалиев, Эльвира, Эленора, Альфия – Нақыпбековалар, Ж.Әбубәкiрова, Г.Мырзабекова, А.Мұсақожаева, М.Мұхамедқызы, Ғазиза Жұбанова, ат шектi аспаптар квартетi, А.Бөрiбаев т.б. өнер шеберлерi жайында сыр шертедi.

Бесiншi тарауда автордың жастарды музыкалық-эстетикалық тәрбие беру жайында жазған тартымды да ғибраты мол мақалалары берiлген.

Алтыншы тарауда профессор П.Момынұлының өмiр жолы мен атқарған қызметтерi жайында жазылған мақалалар келтiрiлген.

Жетiншi тарауда қысқаша музыкалық сөздiк пен музыка сауатына арналған көрнекi құралдар келтiрiлген.

Сөз жоқ аталмыш еңбектердiң жас ұрпаққа музыка өнерiнде еңбек еткен, қазақ ән-күйiн зерттеп, нотаға түсiрген, бар өмiрiн сахнаға арнаған өнер майталмандарының өмiрi мен шығармашылығы жайында, тарихы мен сiңiрген еңбегi жайында берерi мол жеткiншектер үйренер, тәлiм-тәрбие алар тарихи тұлғалардың өнерiндегi қызметiн әсерлi жеткiзiлген.

Қорыта келе, аталған үш томдық музыкалық оқулықтар қазақ музыка мәдениетiнiң қайраткерлерiнiң қысқаша өмiрлерi мен шығармашылықтарына сипаттама жасалып, Қарақожаұлы Қорқыттан, Әбу-Насыр әл-Фарабидiң музыкалық мұралары қамтылып, соңғы үш ғасырлардағы қазақтың өнер, мәдениет, музыка қайраткерлерiнiң, дәлдеп айтсақ: I томда-34, II томда-93, III томда-105, барлығы -232 тұлғалардың өмiрi мен шығармашылығы баяндалыпты.

Ұсыныс: Музыка зерттеушiсi, профессор П.Момынұлының 75 өмiр жолы мен, 50 жылдық еңбекпен даярланған «Қазақ музыкасының қысқаша тарихының» үш томдық монография, оқу-методикалық құралдың жоғары, мәдени құндылығын ескере келе, автордың жинақталған адамтану-лабораториясының нәтижесi ретiнде бағалап, халқымыздың рухани байлығына қосылған автордың үлесi деп қазақ мектебi мен колледждердiң, әрi университеттердiң де оқу методикалық құралы ретiнде Бiлiм және ғылым министiрлiгiнде бекiтiлiп, мемлекетiмiздiң қолдауымен көп тиражбен екiншi басылым баспадан басылып шығып, халқымыздың «Мәдени мұра» бағдарламасының бiр саласының орындалуына өз үлесiн қоса беретiнiне кәмiл сенемiн.

Үш томдық музыкалық оқулық – монографиясының авторы профессор Пернебек Момынұлы Қазақстан Республикасының 2007 жылдың мемлекеттiк сыйлығына ұсынуға әбден болады деп бiлемiн.

Садуақас ТЕМIРБЕКОВ, әл-Фараби атындағы Ұлттық

университеттiң профессоры

Серіктес жаңалықтары